ПАРЫЗ
ПАРЫЗ
Мына жалпақ дүниенi жайлаған мемлекеттердiң iшiнде "ең әдiлеттiсi, қуатты да құдiреттiсi — социалистiк жүйе" деген жалаң ұранды күн сайын құлағына құйса да, санасына сiңiре алмай өскендердiң бiрi — Дәулет Тоғайұлы. Санасына сiңiре алмаса да сол қоғамға қызмет еткендердiң бiрi де — Дәулет. Бiрақ оның кеңестiк қоғам ашық жүргiзген атеизмнiң боданында болғанын да ешкiм жоққа шығара алмайды.
Бiз мына шындықты да есте ұстағанымыз жөн: әу бастан-ақ ол ең әуелi туған халқына адал қызмет атқаруды басты мұрат санады. Жүрегiнде өз ұлтына деген сүйiспеншiлiк тулаған, санасында қазақ жұртының тағдырына алаңдаушылық атойлаған адал азаматтардың бiрi ретiнде еңсесiн тiк ұстап еркiн жүрдi. Сондықтан да ол Коммунистiк партия құлап, Кеңес үкiметi ыдырағанда, кейбiр замандастары секiлдi абдыраған да, тосылған да жоқ. Азат елдiң ертеңiне қызмет етуге бiлек сыбана кiрiсiп кеттi.
Алматы қаласындағы Иассауи көшесi мен Төле би көшесiнiң қиылысында орналасқан тұрпаты ерекше көз тартатын алып ғимаратқа кiрiп шығушылар бiр минутқа да толастаған емес. Бұл — қаладағы ең үлкен автобөлшектер сауда орталығы. Осы сауда орталығының алғашқы жобасын және бизнес жоспарын жасап, ұсынған Дәулет Тоғайұлы болатын. Мұраттас, қанаттас әрiптестерi қолдап, мемлекет тарапынан келiсiм берiлiп, аз жылдың iшiнде заманға лайық төрт қабатты автобөлшектер базарының ғимараты өмiрге келдi де есiгiн ашты. Бұл сауда орталығы "Кар-Сити" деп аталады.
Қазақстандағы бүгiнгi күннiң өркениеттiк талабына жауап беретiн әрi материалдық-техникалық сұраныстарға сай жабдықталған, әлемнiң көптеген елдерiнiң автосаудагерлерiмен байланыс жасап келе жатқан осы "Кар-Сити" автобөлшектер орталығында мыңдаған адам жұмыс iстейдi. Басым бөлiгi — мұсылмандар. Көпшiлiгi имандылық жолына түскендер. Мұсылмандық шарттарын орындау ойында болса да, күнделiктi әдеп пен әдетке айландыра қоймағандар да бар. Ендi бұларға күн сайын толассыз келiп-кетiп жататын сатып алушылар мен сауда орталығын қызықтауға келетiндердi қосыңыз. Мiне, осылардың бәрiнiң дiни наным-сенiм сұраныстарын қанағаттандыру қажеттiгiн уақыттың өзi мiндет етiп қойды. Бұл мiндеттi орындау арқылы Дәукең сауда орталығының халыққа қызмет көрсету ауқымын кеңейтетiнiн, деңгейiн көтеретiнiн, сөйтiп, көпшiлiктiң сенiмiне ие болатындығын түсiндi. Түсiндi де, сауда орталығы ғимаратының iшiндегi кең екi бөлменi шығыс сәулет өнерi стилiмен безендiрiп, қажеттi жасау, керектi бұйымдармен жабдықтады. Кiре берiсте аяқ киiмiңiздi шешiп қоятын, сырт киiмiңiздi iлетiн жаңа жиһаз. Есiктен төрге дейiн төселген жасыл ала кiлем. Төрде имамға жасалған орын. Керегеде бес уақ намаздың уақытын көрсетiп тұрған бес сағат. Бiр бөлме ерлердiң, ендi бiр бөлме әйелдердiң намаз оқуына арналған. Қабырғаларда мұсылмандар өмiрiнде ерекше орын алатын, киелi де қастерлi саналатын тарихи ғимараттар бейнеленген картиналар көз тартып, көңiл сүйсiндiредi. Сөйтiп, кең де еңселi әрi имандылық шуағы шашылған бұл бөлмелер мұсылмандардың аяғы үзiлмейтiн қасиеттi мешiтке айналып шыға келдi.
Қазiр "Кар-Сити"-ге келген саудагерлер де, сатушылар да, сатып алушылар да, жәй қызықтаушылар да, сол аумақтағы қала тұрғындары да мұсылмандық шарттарын орындау үшiн алысқа сабылмайды, осы мешiтке жиналады.
— Сен мына өлеңдi бiлесiң бе? — дейдi Дәулет. Артынан жауабын күтпей ашық даусымен өлеңдете жөнелдi:
“Мұхаммедтiң үмбетi — мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын тағалам, ант етем, ант етемiн,
Алла есiмiн кеудемнен ұшырған күн!..”
— Бiлемiн — деймiн.— Бұл Мұқағали Мақатаевтың өлеңi ғой…
— Иә. Мұқағали менiң бүгiн айтайын дегенiмдi осыдан 42 жыл бұрын 34 жасында айтып қойыпты…
Дәулет — ақынжанды адам. Ақынжандылық деп өз жанынан өлең шығаруды ғана айтпайды, өмiрдi ақын секiлдi түсiнiп, табиғатқа ақынша назар аударып, қоғамдық болмысқа ақынша баға бере алатын және соған сәйкес әрекет ете алатын, жаны ақынның жанындай нәзiк, ары ақынның арындай таза адамды айтады. Мұқаңның Жаратқан Ие туралы айтқандарының Дәулет санасы мен сезiмiнен үндестiк табуы сондықтан. Расында, Дәукең — Алланың разылығы үшiн әрекет етудi өмiрiнiң мәнi деп түсiнетiн азаматтардың бiрi. Ұлт тұтастығы, иман бiрлiгi, сенiм тоғысы үшiн қолынан келгенше әрекет етуге әзiр. Қажыға сапар шегушiлердi алдын ала оқыту орталығын ашу мәселесi көтерiлгенде игiлiктi iске белсене кiрiсiп, оны жоғары деңгейде орындап шығуы да соның бiр дәлелi. Өз көзiңiзбен көргiңiз келсе, Алматының Орталық мешiтi жанындағы Қажылық оқу орталығына бас сұғыңыз. Қақпаны ашып кiре қалғанда оң жағыңызда Мина тауының макет-нобайы. Оның жанында Кiшi жамарат, одан кейiн Орта жамарат, сонан соң Үлкен жамарат. Керегеде Мина аймағының картасы. Оны көрiп өте берсеңiз алдыңызда ас-Сафа (сағи) тұрады. Бұған назар аударып болып қабырғаға көз тастасаңыз Сауд Арабиясының географиялық картасы, Нұр тауының суретi, әл-Харам аймағының спутник арқылы түсiрiлген фотосы, оның жанына қажылық рәсiмдерiн атқару орындарының сурет-сызбасы және Миқат аймағының картасы iлiнген. Бұрышта әл-Мәруа (сағи). Оған да ой тоқтата қарап болып бұрылсаңыз, алдыңызда — Мақам Ибраһим. Мұнда Ибрахим пайғамбар табаны таңбасының үлгiсi. Әлем мұсылмандары бас иетiн қасиеттi Қағбаның макетiн көргенде, сiздiң қиялыңызға қанат бiтедi. Бойыңызды ерекше сезiм билеп, "шын Қағбаны көрсем" деген арманыңыз асқақтай түседi. Қағбаның әр тұсының киелi атауларын көкейiңiзге тоқи бастайсыз. Қағбадан кейiн сiз Мұдалифа қасына тоқтайсыз. Бұл — тас жинайтын жер. Жоғарыда Арафат аймағының схемалық картасы iлулi. Одан кейiн Рахмет тауының нобайының қасына тоқтайсыз. Сөйтiп сiз қажылық сапарының бағдарын алғандай боласыз. Бұл сiзге аздық етедi. Ендi Сiз арнайы қойылған теледидардан қажылық сапарларынан түсiрiлген көрiнiстер көресiз. Көкейiңiзге оралған сан сұраққа Қазақстан қажылары қауымдастығының Алматы қаласы бойынша филиалынан бiр өкiл жауап бередi.
Сөйтiп сiз қажылыққа осы орталықтан сауатыңызды ашып аттанасыз.
Мiнеки, Дәулеттiң Алланың разылығына мұсылмандар үшiн атқарған сауапты iсiнiң бiрi — осы қажылық сауат ашу орталығына қажеттi көмек жасауы болатын. Оны басы-аяғында өзi жүрiп абыроймен атқарып шықты. Қазiр бұл орталық барша қазақстандық мұсылмандардың игiлiгiне қызмет етiп жатыр.
"Алматының жерiнде атам жатыр
Жалғыз бейiт құлазып жапанда тұр
Қайтсем сенi қоршаймын қыш дуалмен,
Аруағыңнан айналдым, атам батыр!"
— деген Мұқағали сынды ақиық ақын арманы — халықтың арманы едi. Орындалды. Орындалуына ел, жұрт жұмыла жүрiп атсалысты. Халық мойындап қойған тұлғаны билiк мойындамай кешеуiлдеткен кез де болған. Мойындату үшiн бiлектiң күшi емес жүрекке бағынған бiрлiктiң қуаты керек-тiн. Бiрлiк сөзi ұлтжанды азаматтардың ауызбiрлiгiнен бастау алып, ақпарат құралдарында жалғасты. Сейдахмет Бердiқұлов басқарып отырған "Лениншiл жас" газетiнде тарихшы-ғалымдар Кеңес Нұрпейiсов пен Халел Арғынбаевтар алғысөзiмен Мұқағали Мақатаевтың "Райымбек! Райымбек!" тарихи поэмасының жариялануы ақынның:
“Батыр атам, сен менiң жүрегiмде,
Асыр салып аруағың жүр өмiрде.
Аруағыңды жырыммен бiр нақыштау —
Арманым да, ойым да, тiлегiм де…”, — деген арманының жүзеге асқанын дәлелдесе, ел аузында жүрген тарихи аңыздар мен мұрағат қорларындағы деректер негiзiнде жазылған жазушы Жолдасбай Тұрлыбаевтың Райымбек батыр туралы романы жарыққа шыққанда шенеунiктiк санадағы тоң жiбiп, халық көкейiндегi сең қозғалып жүре берген…
Күре жолдың бойында, Жер-ананың төсiне сыймай алып бейiт жатушы едi, дөмпиiп. Жолда кетiп бара жатқан иiсi мұсылман жолаушы сол алып бейiт астында жатқан әрi әулие, әрi батыр әруағына бас иiп, бет сипамай өтпейдi. Күн өткен сайын киесi артып, жұмыр басты пенденiң жүрегiне жылылық ұялатқан қасиеттi зиратқа жер-жерден келiп зиярат етушiлер бiр сәт толастаған емес. Қара халықтың Райымбек бабаға деген осындай құрметi батыр ұрпағын нақты iстердi бастауға жетеледi. "Райымбек" қоғамы құрылды. Қоғам жұмысына кезiнде ел басқарған, iс басында отырған қайраткер ағалар атағынан ат үркетiн әруақты жерге белгi орнату мәселесiнiң жүзеге асуына жұмыла күш салды. Зәулiм кесене тұрғызылды. Ол кесене айналасы күн сайын Аллаға сыйынып медет тiлеушiлерге, аруаққа бағыштап құран оқушыларға толы.
Осыдан бiр жыл бұрын Райымбек батырдың 300 жылдығы мемлекеттiк деңгейде аталып өткен. Соның қарсаңында кесене кеңейтiлдi, күмбез мәңгiлiк мәрмәрмен қапталды. Бұл iске iскер азамат Болсынбек Рысбайұлы демеушi болды. Жер-жерде ғылыми конференциялар, семинарлар, жүздесулер, басқа да мерекелiк шаралар ұйымдастырылды. Батыр елiнде алты алаштың басын қосқан ас берiлдi. Оған мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзi барып қатысты.
Осы тойға Дәулет Тоғайұлы да өзiнiң перзенттiк-азаматтық үлесiн қосқан. Талдықорғанда, Кегенде өткен ғылыми-теориялық конференциялар материалдарын кiтап етiп шығаруға өзi демеушi болды да мыңға тарта данасын сол тойға апарып, жиналған жұртқа тегiн таратты. Кiтапқа деген сұраныс көбейген соң тағы да мың данасын шығарып, Райымбек батырға қатысты жиындарда көпшiлiкке сыйға тартып келедi. Дәукеңнiң Батыр бабаға деген құрметi бұл игiлiктi iсiмен шектелген жоқ. "Райымбек батыр" қорының төрағасы Жолдасбай Тұрлыбаев бiрде батыр баба кесенесiнiң жанына онымен үзеңгiлес, қарулас ел қорғаған хан, сұлтан, би, батырлардың да елес-бейнесiн қойса, ел ардақтаған ескерткiштiң тарихи танымдық әрi тәлiмдiк мәнi арта түсетiндiгiн айтқан едi. Дәукең бұл идеяны бiрден қолдап әкеттi. Қолынан iс келетiн көзiқарақты, дiни һәм тарихи сауаты бар жiгiттердi жыйып, айтылған идеяны жүзеге асыруға жұмылдырды. Қазақ елiн жоңғар шапқыншылығынан азат етуге жан аямай күрескен тұлғалардың халық қиялындағы келбетiн сомдау және оны көрген жұрттың көңiлiнен шығатындай етiп бейнелеу оңайға түспегенi анық. Талай жазбалар, сан деректер салыстырылды, сараланды. Көптеген пiкiрлер ортаға салынды. Бұл шығармашылық жұмысты суретшi Алтынбек Өмiрзақов үлкен жауапкершiлiкпен орындады. Нәтижесiнде Райымбек батыр кесенесiнiң шығыс жағына Әйтеке би (1644-1709), Төле би (1663-1756), Қазыбек би (1607/65/ — 1764/65/), Абылай хан (1711/9/-1781), Тәуке хан (1680-1718), Есiм хан (1598-1645), Райымбек батыр (1705-1785), Қарасай батыр (1589-1671), Қабанбай батыр (1691-1769), Бөгембай батыр (1690-1775), Саурық батыр (1814-1854), Сырым батыр (1712-1802), Наурызбай батыр (1706-1781), Малайсары батыр (1700-1756), Баян батыр (1710/15/-1752) секiлдi қазақ хандарының, билерiнiң, батырларының елес-портреттерi iлiндi. (Елеспортреттер қатары келешекте әлi де толықтырылмақ). Арнайы қашалған мәрмәр тасқа: "ХVII-ХVIII ғасырларда ел басқарған хандарымыз бен данышпан билерiмiздiң, жоңғар империясы секiлдi қатыгез жаудан елiн, жерiн жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыздың даңқты есiмдерi кейiнгi ұрпақтар құрметiне мәңгi бөлене бермек" деген ұлағатты сөздi ойып жаздырып, тастұғырға орнаттырған Дәулет күмбез жанына Хантәңiрi баурайынан әкелiнген шыршалар отырғызды. Кесенеге келiп тәу етушiлерге арналған бөлменiң iшiн де жаңғыртып, қазақ даласындағы қасиеттi саналатын тарихи ескерткiштер картиналарымен безендiрдi..
Сөйтiп, халық азаттығы үшiн "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың" ерен үлгiсiн танытқан тарихи тұлғалардың бейнелерi арқылы Райымбек батыр кесенесi бүгiнгi ұрпақты да бiрлiк пен ынтымаққа шақырар, келген жанның рухын асқақтатар тарихи таным кешенiне айнала бастады.
Тегiнде мұсылмандық қағидалар мен шарттар берiк орындалғанда ғана дiннiң дiңгегi беки бермек. Осы тұрғыдан келгенде, кейбiр дiн уағыздаушылар: "Құран оқылатын жерде ешқандай сурет тұрмауы керек" дейдi. Жөн. Дәулет оны бiлмей жасап отырған жоқ, бiледi, түсiнедi, сөйте тұра Райымбек ата басына келушiлер тек шариғаттық наным мен сенiмнiң құшағында қалмай, дiни таным мен тарихи тағылымын да кеңейтiп қайтса, сол арқылы рухы бiрлiкке, ындыны ынтымаққа ұйыса деп әрекет еттi. Оның бұл iсi болашақта осы кесене жанынан елдiң еңсесiн биiктетер, бiрлiкке шақырар ерлiк пен өрлiктiң жаршысы боларлық тарихи таным кешенiнiң бой көтеруiне мұрындық болары сөзсiз…
Жақында ғана Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданы аумағындағы Торайғыр тауының бөктерiндегi Райымбек бастауының көшiрме сұлбасын осы кесене жанына арнайы орнатты. Ашылу салтанатын ұйымдастырды. Жиналған халыққа құрбандық таратты. Ендi жұрт сонау қияндағы Торайғыр тауына сабылмайды. Сол бастаудың суымен бiрдей суды осы жерден-ақ iшiп қайтады.
Иә, Дәулет қазiргi заман дәулеттiлерiнiң қатарында. Бiрақ ол жиған дәулетiн әулетiнен әрi асырғысы келмейтiндер қатарынан емес. Ол — ел алдында ұрпаққа ұлағат боларлық азаматтық парызын өтеп жүрген көп мұсылманның бiрi…
Сағат САБЫРБЕК