ТIЛ МЕРЕКЕСI МӘРЕГЕ ЖЕТТI

ТIЛ МЕРЕКЕСI МӘРЕГЕ ЖЕТТI

ТIЛ МЕРЕКЕСI МӘРЕГЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
284

Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тiлдерi күнi мерекесiне орай 12-29 қыркүйек аралығында қала көлемiнде жергiлiктi мекемелерде, кәсiпорындарда, бiлiм беру орындарында тiл мерекесi күндерi өткiзiлiп, мерекелiк шаралар ұйымдастырылған болатын. Сол мерекелiк шаралардың қорытындысы ретiнде өткен сенбiде Астана алаңында «Ана тiлiм — ардағым» атты фестиваль болып өттi.

Негiзгi мақсат — Қазақстан халқының тiлдiк татулығы мен мәдени ынтымақтастығын нығайту, бiртұтас мемлекеттiк саясатын тиiмдi жүзеге асыруға қоғамның барлық күшiн жұмылдыру. Е.Әбiшевтiң орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңiне жазылған әнмен ашылған мерекелiк шара Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдумановтың құттықтау сөзiмен жалғасып, «Мемлекеттiк тiл» қозғалысы төрағасының орынбасары, жазушы Смағұл Елубай және «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм» атты қалалық байқаудың әдiлқазылар алқасының құрамында болған, Қазақстан мәдениетiне еңбегi сiңген қайраткер Татьяна Бурмистрованың ыстық лебiзiмен өрбiдi.

Фестиваль аясында тiл мерекесi күндерi өткiзiлген «Оралхан Бөкей атындағы дәстүрлi көркемсөз оқу шеберлерiнiң байқауы», «Мемлекеттiк тiл — менiң тiлiм» атты өзге ұлт өкiлдерi арасында өткен және «Көрiктi жарнама – көркем тiл» байқауларының жеңiмпаздары марапатталды. Жүлдегерлерге тағайындалған арнайы сыйлықты тапсыру үшiн Тiлдердi дамыту басқармасының директоры Кенжехан Матыжанов сахна төрiне шақырылды.

Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң қалалық байқауында бiрiншi орынды 154 мектеп оқушысы Болатбек Ұлан иеленсе, екiншi орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi журналистика факультетiнiң студентi Омаш Саламат, үшiншi орынды Абай атындағы қазақ тiлi мен әдебиетiн тереңдетiп оқытатын мектеп-интернаттың оқушысы Рахметова Айгүл еншiледi.

Ынталандыру сыйлығы 12 мектеп-интернаттың оқушысы Баймағанбетов Мұхтар және 31 мектеп оқушысы Қуатбекұлы Ерқанатқа берiлдi. «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм» байқауы бойынша бiрiншi орын Әскери институтының жоғары санатты бас маманы Ким Виктория Афанасьевна, екiншi орын 6 лицейдiң мұғалiмi Бадартинова Надежда Петровна, үшiншi орын қалалық емхананың мәдени секторының қызметкерi Хан Лилияға бұйырды. Ынталандыру сыйлығын 172 мектептiң мұғалiмi Ахметова Гүлмира және 13 қалалық емхана қызметкерi Ахметова Гүлнәр иемдендi.

Балжан ҮСЕЕВА

Серіктес жаңалықтары