БАС ЖҮЛДЕ — ИРАНДЫҚТА!

БАС ЖҮЛДЕ — ИРАНДЫҚТА!

БАС ЖҮЛДЕ — ИРАНДЫҚТА!
ашық дереккөзі
457

Қыркүйектiң соңғы аптасын ұлан-асыр мерекеге айналдырған "Еуразия" да мәресiне жеттi. Соңғы төрт жылдың iшiнде, "Еуразияның" аясында Алматыға кiм келмедi дейсiң?! Сонау мұхит асып Жан Клод Вандамың да, Стивен Сигалың да, Керри Тагаваң да, француздық жұлдыздар Софи Марсо, Жерар Депардиең де "Еуразияның" арқасында Алматының әсемдiгiне таңдай қағып, тамсанып кеттi.

Кинофестивальдiң мақсаты да әлемнiң мықты-мықты кино шеберлерiне Қазақстанды таныту болғандықтан, осы тұрғыдан келгенде фестиваль көздеген межеден шыққан сыңайлы. Оның себебi, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың көбiнiң Қазақстанға тұңғыш аяқ басуы екен. Олардың арасында Қазақстан туралы, оның iшiнде қазақ кинолары туралы мүлдем хабарсыздары да кездестi. Бiр аптаға созылған кино мерекесiнде осыған бiздiң көзiмiз жеттi.

ЕКIГЕ БӨЛIНГЕН ҚАЗЫЛАР

Биылғы жылы байқау екi бағытта өрбiдi. Оның бiрi -халықаралық негiзде болса, екiншiсi — Орталық Азия және түркi елдерiнiң фильмдерi арасында өттi. Екi байқауда қазақстандық режиссерлердiң фильмдерiн кездестiрiп қалдық. Бүгiнге дейiн аттары белгiлi болған фильмдермен көрермен әлi толыққанды таныса қойған жоқ. Соған қарағанда, "Қазақфильм" түсiретiн фильмдердiң көбi байқаулар үшiн дайындала ма деген ой туды бiзде. Әлде халықаралық байқаулардың басты мақсаты да осы ма дейсiң. Өйткенi, қазақ режиссерлерi әзiрлеген "Ұшқыр құс"("Стриж") та, "Шұға" да, "Құрақ көрпе" де көрермен үшiн беймәлiм туындылар. Оларды дайындаған режиссерлердiң есiмi газет-журналдар арқылы көпшiлiкке жақсы таныс болуы мүмкiн, бiрақ фильмдерi туралы бүкiл республика жұртшылығы таниды десек, өтiрiк айтқандық болар едi. Мүмкiн, "Ұшқыр құсты" дайындаған Абай Құлбайдың да, "Құрақ көрпенi" түсiрген Рүстем Әбдiрашевтiң алғашқы дүниелерi деп кешiрiммен қарауға да болар. Бiрақ, фильмдi тамашалаған көрерменнiң пiкiрiне құлақ түрсек, бұл фильмдердi озық туындылардың қатарына жатқыза қою мүмкiн емес. Ал, алыс-жақын шет елдерден жиналып, әдiлқазылық жасаған кино шеберлерiнiң сөзiне қарсаң, "Ұшқыр құс" фильмi жаман емес сыңайлы. Оның себебi, Орта Азия және түркi тiлдi мемлекеттердiң фильмдерiне арналған байқауда жүлдегер атанғандығында жатса керек. Жалпы, Орта Азия халықтарынан бұл байқауға 12 фильм ұсынылған болатын. Олардың арасында үшеуi қазақстандық та, қалғандары көршi өзбек елiнен, Қырғызстаннан, Әзiрбайжаннан, Татарстаннан келiптi. Бас-аяғы он екi фильмнiң арасынан оза шауып бәйге алған екi фильмнiң қатарында "Стриждiң" аты аталуы қуанышты-ақ жағдай. Бiрақ… "Алматылық жеткiншек қыздың өмiрiн баяндайтын фильмде не жоқ дейсiң. Мектеп, ұнайтын-ұнамайтын ұлдар, алқаш өгей әкесi, нашақор досы, екiқабат анасы, шешiмiн таппайтын проблемалар, өзiнiң жеке ойы…" Бiздiң режиссерлердiң көзiмен қарасаң, қазақтың бүкiл дүниесi құрып-бiтiп, қираудың аз-ақ алдында тұр. Шым-шытырық, психологиялық драмалардан аса алмайтын болдық. Кино атты өнерден қазақтың сұлу табиғатын, қазақтың озық ұлттық дәстүрiн, қазақтың қонақжай шаңырағын, қазақтың мейiрiмiн iздесең де таппайтын болдық бүгiнде… Жабайы тiрлiк, жасанды қимыл, ажарсыз қоғам…Қазақтың бүгiнгi фильмi осыған негiзделедi. Ал, ол фильмнiң қалай жүлде алатынына таң қаласың?!

"ҰЯТТАН ШАШЫЛЫП ҚАЛҒАН БУДДА"

"Еуразия" кинофестивалi негiзiнде әзiрленген "Кино" журналы ирандық режиссер Хана Махбальбафтың "Будда, разрушившийся от стыда" атты фильмiн осылай аударыпты. Будда мүсiндерiнiң арасында мыңдаған отбасы өмiр сүредi. Солардың бiрi — ауған қызы кiшкентай Бақтай. Бақтай қыздың өмiрге деген көзқарасы өзгеше. Оның бiлiм алып, оқу оқығысы келедi. Кiшкентай қызды оқуға жiбергiсi келмеген бұзықтар талибтер жарып жiберген будда сияқты атып тастамақшы. Соғыстан көз ашпаған елдiң ауыр-тұрмысын бейнелейтiн фильм қазылардың көңiлiнен шығып, "Еуразияның" бас жүлдесiн иемдендi. "Менiң мақсатым — соғыстан көз ашпаған елдiң ауыр тұрмысын, бүгiнгi ұрпақтың тәрбиесi бүгiннен басталатынын көрсету. Егер олар қиындыққа бүгiннен бастап көз үйрететiн болса, онда әлемнiң келешегi қандай болмақ дегендi көрсеткiм келдi",-дептi Хана Махбальбаф өз сұхбаттарының бiрiнде.

Халықаралық жүлде болған соң, әлемнiң бiрқатар елдерiнен байқауға он беске жуық фильм қатысып, бақ сынап көрдi. Оның арасында өзiмiздiң де фильмдер бар. Дәрiжан Өмiрбаевтың "Шұға" атты фильмi мен Рүстем Әбдiрашевтiң "Құрақ көрпесi" халықаралық қазылардың арасында сарапқа түстi. "Құрақ көрпенi" қайдам, "Шұға" көңiлден шыққан сыңайлы. Ол халықаралық әдiл-қазылардың арнайы жүлдесiне ие болды. "Еуразияға" қатысқан фильмдердiң арасында "Калифорниялық арман" фильмiнiң орны ерекше. 27 жасар Кристиан Немескудiң бұл тырнақалды туындысы әрi соңғысы. "Еуразия" кинофестивалiне бас демеушi болған "Атамекен холдингi" ҚӨТ АҚ-тың Басқарма төрағасы Ұзақбай Айтжанов аталмыш фильмге арнайы сый-сияпат әзiрлептi. "Румыниялық режиссердiң арманы да үлкен едi. Ол былтыр жол апатынан қайтыс болыпты. Өзi Қазақстанға жетпесе де, арманшыл режиссердiң озық фильмi "Калифорниялық арман" қазақ көрермендерiне ұсынылды",- дедi марапаттау рәсiмiнде сөз алған Ұзақбай аға. Сонымен, биылғы жылы ең үздiк әйел бейнесi "Пекинде жоғалғандар" атты фильмнiң бас кейiпкерiне бұйырды. Ал, ең үздiк режиссерлiк жұмыс "Қарапайым заттар" ("Простые вещи") фильмiн түсiрген ресейлiк режиссер Алексей Попогребскийге бұйырды.

Биылғы "Еуразияның" тағы бiр ерекшелiгi қазақ кино өнерiнiң майталманы Нұрмұхан Жантөринге арнайы сыйлықтың тағайындалуы. Бұл сыйлықты "Әлем Айтматовы" атанған Шыңғыс Айтматов пен Наталья Орынбасарованың қолынан Нұрмұхан Жөнтөриннiң жұбайы Маргарита Жантөрина қабылдап алды. Бұл сыйлық қазақ кино өнерiне қосқан үлесi үшiн марапатталып отыр.

СЦЕНАРИЙДЕН АУЫТҚУҒА БОЛМАЙДЫ

Сценарий демекшi, осы бiздi сценарийге құрылған дүниелер шаршатып бiтетiн болды. Өнерге сценарий жасаудың қаншалықты қажетi барын бiлмеймiн, бұл фестиваль де сценарий бойынша жүзеге асырылды. Барлығы сценарий бойынша, ресми тiлде және сценарийден ауытқуға болмайды. Рэп пен рок қазақтың дәстүрлi музыкасы болып санала ма қайдам, әйтеуiр сырттан келген қонақтарға ұлттық музыка есебiнде роктi ұсынды. Соған қарағанда, қазақтың термесi мен күйiн өзгелер қабылдай алмайды деп ойлаған болуы керек ұйымдастырушылар. Сосын, бiздi таңдандырған бiр мәселе, көршi Ресейден келген киногерлердiң қазақ фильмдерiнен хабарсыз болып шыққандығы. Қазiргi фильмдердi айтпағанның өзiнде, Кеңестер Одағы кезiнде түсiрiлген фильмдердi естiмеу мүмкiн емес қой, әлде ресейлiк көршiлер естiсе де, естiмегенсiдi ме, қайдам?!

Сонымен, "Еуразия" бiттi. Бiрақ, бұл соңы емес. Дақпырты басым кинофестивальдiң жалғасқаны қазақ киносына пайдасы тиер болса, онда құба-құп. Әй, соның пайдасының тиiп жатқаны да шамалы-ау…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Әлбетте, кино саласын кино сыншысыз елестету қиын. Кез-келген туынды өз бағасын әуелгi кезекте осы киносыншылар тарапынан алады. Апта соңында әр елден келген киносыншылар дөңгелек үстел басында бас қосып, фестиваль аясында көрсетiлген фильмдерге талқылау жасады. Кемшiлiгiн де, ұтымды жерiн де баса айтып, ұйымдастырушыларға да талай ұсыныс түсiп жатты. Бiз де киносыншыларды бiр-екi ауыз әңгiмеге тартқанбыз.

Гүлбара ТОЛОМУШОВА, Қырғызстаннан келген киносыншы:

– «Еуразия» кинофестивалiне 2005 жылдан берi қатысып келемiн. Осы уақыт iшiнде фестиваль сапа жағынан халықаралық деңгейге көтерiлдi. Биыл байқауға Р.Әбдiрашовтың «Құрақ көрпесi» мен Дәрежан Өмiрбаевтың «Шұғасы» қазақ киносының дамып келе жатқандығын аңғартты. Дәрiжан Өмiрбаевтың режиссерлық шығармашылығын бiржақты түсiнетiндер бар екен. Басқаны қайдам, өзiме оның барлық фильмi ұнайды. Көңiлiмнен шығады. Өйткенi, оның өмiрге деген көзқарасы өте терең. Ол жәй адам көрмейтiн дүниенi байқап қалады. Үнемi тосыннан тың, басқа жан елемеген жаңалықты тауып, сомдап жатады. Сондықтан оның киносында да осы үрдiс ерекше көзге бiлiнiп тұрады. Ал режиссер Фолькер Шлендорфтың «Ұлжан» фильмiнде режиссер қазақтың салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын ескермегенi байқалады. Әрине, француздық режиссер қазақтың тұрмыс-салтын қайдан бiлсiн?!

– Ал қырғызстандық кино саласының беталысы қалай?

– Шыны керек, бұл фестивальдiң көршi жатқан бiз секiлдi елдерге де қосып жатқан үлесi мол. Құдайға шүкiр, қазiр кино түсiруде, оны дамытуда ақша жағы басты проблема емес. Әуелi кезекте талантты режиссерлар мен олардың қайталанбас идеясы болса болғаны. Негiзi қырғыз киносы екi бағытта дамып келедi. Бiрiншi – мемлекеттiк. Оған бюджеттен азын-аулақ ақша бөледi. Келер жылдан бастап қаржыны көтеремiз деп жатыр. Екiншi – тәуелсiз, жекеменшiк киноөндiрiсi. Әр режиссер өз жобасын жүзеге асыру үшiн қаражатты өзi табады.

Байқауға түскен «Боз салқын» фильмi осы жекеменшiк кинематографияның жемiсi. Жалпы, бiздiң мемлекетте алдын-ала жоспар бередi. Сонымен жұмыс iстейдi. 2005-2010 жылдарға арналған бағдарлама бойынша осы аралықта он «шедевр» түсiру керек болатын. Былтырғы жылдың қорытындысына талдау жасаған кезiмде, 2005-2006 жылдары осы жобаның елу пайызын орындап қойыппыз. 1 мың доллар (40мың сом) жұмсалған халықтық «Любовь дочери министра» фильмiнен он күн iшiнде прокаттан бiр миллион сом пайда келдi. Ал бюджетi миллион долларды құраған «Сундук предков» фильмi үш аптада 650 мың сом пайда берiптi. Былай қарағанда, аз ғана ақшаға түсiрiлген фильмнiң осыншама табыс әкелгенi бiздi қуантты. Фильм 2005 жылы түсiрiлгенмен, Қырғызстан кино айналымына 2006 жылы шықты. «Любовь дочери министра» фильмi француздық, ресейлiк, қырғызстандықтарға ортақ фильм.

– Фестивальге қатысқан фильмдер жөнiнде айта кетсеңiз?

– Байқауға «Боз салқын», «Метаморфоза» атты фильм қатысты.

– Қазiргi Қырғызстандағы аумалы-төкпелi жағдай мәдениетке әсер етiп жатыр ма?

– Әрине, ықпалы бар. Президент Бакиев кинематография министрiн аяқ астынан ауыстырып жiбердi. Тiптi, министрiн ауыстырмақ түгiлi, «Қырғыз кино» ұлттық концернiнде жұмыс iстеп жатқан топты түбiмен жаңалады. Қырғызстан халқы Бакиевтiң саясатына қарсылық танытып, дүрлiксе, қырғызстандық кинематография да дәл сондай жағдайды басынан кештi. Алайда, мемлекеттiк және жекеменшiк бағытта жұмыс iстеп жатқан қырғыз кинематографиясы осы уақытқа дейiн бiр-бiрiмен ырылдасып келдi. Тек соңғы жылдары ғана бұл сала iлгерi басқанын айту керек.

– Ал мемлекеттiк бюджеттен кино саласына қанша қаржы бөлiнедi?

– Мен нақты айта алмаймын. Шамамен 12 миллион сом шығар. Бұл қаржы кино саласын дамытуға ғана арналды. Дегенмен, қаржы ақталып, аяқтан тұрдық. Ал келер жылға, яғни, 2008 жылға Президент Бакиев 120 млн. сом бөлiнедi деген жарлық шығарды. Қазiр бiзде мынадай ағым бар. Кино түсiргенде алдымен бейне таспаға жазылады да, содан кейiн ғана кинопленкаға көшiрiледi. Неге десеңiз, ә дегеннен-ақ кинопленкаға жазу қыруар ақшаны талап етедi. Талантты режиссерлар Актан Әбдiхалықов пен Марат Сарулы бар еңбегiмен сол ақшаны жинап, кинопленкаға түсiрдi. Ал қалған режиссерлар кино саласында 10 жыл iстесе де, бұл деңгейге әлi жеткен жоқ. Мәселен, кез-келген бейнетаспаға түсiрiлген фильмге қарадүрсiн монтаж жасап, шетелдегi арнайы қорларға жiберуге болады. Оларға ұнаса, шамамен 100 мың доллар ақша бөледi.

Елена СТИШОВА, Ресей киносыншысы: – «Еуразия» кинофестивалiне осымен үшiншi жыл қатысып отырмын. Бұл фестивальдiң Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Қысқасы, ортаазиялық кинематоргафиясында болып жатқан үлкен жаңалық. Қазақстандық режиссерлармен тығыз қарым-қатынастамын. Айта кетерлiк нәрсе – бүгiнгi қазақ киносы сенiмдi түрде алға жылжып келедi. Әрине, Қазақстан да бiраз дәуiрдi бастан кешiрдi, ендi ғана аяқтан тiк тұрып келедi. Менiңше, қазақ киносына қаржыны көптеп бөлу қажет. Бiзде түсiрiлген киноны талқылау үшiн жыл сайын форумдар болып тұрады. Қазақстан да осындай форум ұйымдастырып, кино майталмандарының басын жиi қосу керек. Бiр қуаныштысы сол, сiздерде өз саласын жетiк бiлетiн режиссер мен актерлар жеткiлiктi. Маған бәрiнен бұрын «Стриж» фильмi өте ұнады. Бұл өте құдiреттi жұмыс. Фильмге әлi де талай биiктен көрiнуiне тiлек бiлдiремiн. Сондай-ақ өзбекстандық «Юрта» фильмi де көрерменнiң iлтиаптына бөлендi.

Шухрат МАХМҰДОВ, Өзбекстаннан келген киносыншы:

– «Еуразия» кинофестивалiне осымен екiншi рет келдiм. Жыл сайын өзгерiс, жыл сайын тың жаңалық көп. Бiрақ жалпы байқауды ортаазиялық немесе жалпы шетелдiк деп бөлу керек пе едi?! Негiзi бұл фестивальдiң мақсаты – Орта Азияда кино саласын дамыта отырып, оның iшiнде Қазақстан киноөндiрiсiне қан жүгiрту. Мұндай фестиваль алдымен режиссерлардың жұмысының жанғанын айғақтайды. Сондықтан да, ортаазиялық байқау өте қажет. Бұл әлi де кеңейе түсу керек. Сондай-ақ, әдiлқазылар алқасын бiр кезде Орта Азияда режиссер болғандардан құру керек емес те шығар. Неге десеңiз, ортаазиялық режиссерлар өз жерiнде өзiнiң шәкiрттерiн ғана сынауы керек. Менiңше, бұл дұрыс емес. Ортаазиялық байқауды кәсiби бiлiктiлiгi жоғары еуропалық режиссерлар бағалауы керек сияқты.

– Сiздi мына фестивальде бағын сынап жатқан фильмдердiң сапасы қанағаттандыра ма?

– Техникалық сапа жағына келсек, әрине еуропалық киноның тасы өрге домалайды. Ал көркемдiк пен адамгершiлiк қатынастың орын алуына келсек, ортаазиялық кино да қалыспайды. Тiптi, кей жерде ұтымды боп көрiнетiнi қуантады. Қалай дегенмен, техникалық, қаржылық жағынан көбiнесе америкалық, еуропалық фильм ұтып жатады. Фестивальдiң де мақсаты – бiр-бiрiнен үйрену ғой. Жылда жаңа фильм күтемiн. Бүгiн, мiне қазақстандық әрiптестердiң қолынан туған киноларды көрiп, тәнтi болдым. Салыстырсаңыз, былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда өсу бар. Кез-келген фестиваль уақыт өте келе өз маңыздылығын сақтап қалады.

– Осымен төртiншi мәрте жалауын көтерiп жатқан фестивальдiң қазаққа берер пайдасы бар ма?

– Әлбетте бар.

– «Еуразия» фестивальi қазақ тiлiн керек қылмады. Егер дәл осындай фестиваль Өзбекстанда орыс тiлiнде өткiзiлсе, қалай қарар едiңiз? Намысыңызға тимес пе едi?!

– Өзбекстанда болса да, дәл осылай өтер едi. Өйткенi, мен өзбекше сөйлесем, қалғаны түсiнбейдi. Қиындатудың керегi жоқ. Ең бастысы, адам қандай тiлде сөйлесiн, жаны таза болса болғаны.

– Сонда шетелдiктер Қазақстанға емес, Ресейге келдiк деп ойлап қалмай ма?

– Мен олай ойламаймын. Мәселен, Жапонияда кез келген фестиваль жапон тiлiнде емес, халықаралық тiл – ағылшын тiлiнде өтедi. Бұл қалыпты жағдай. Қысқасы, қай тiлде сөйлеген ыңғайлы, ұғынықты, сол тiлде сөйлеген дұрыс. Халықтың көпшiлiгi ағылшын тiлiнде сөйлесе, ағылшынша, орыс тiлiнде сөйлесе орысша, қазақша сөйлесе, қазақша өткiзу керек. Қалай болғанда да, басқа ұлттың тiлiне нұқсан келмеуi тиiс.

Серіктес жаңалықтары