МҰҒАЛIМНIҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?

МҰҒАЛIМНIҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?

МҰҒАЛIМНIҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
274

Ұлы Мұхтар Әуезовтың: «Ел болам десең, бесiгiңдi түзе», – деген ұлағаты дүниеге жаңа келген сәбидiң жайлы төсегiне емес, елiмiздегi оқу-бiлiм саласына қарата айтылған деу дұрыс. Баланы қалай тәрбиелесең – елдiң болашағы да сондай болады. Бұл тұрғыдан алғанда, бала бастауыш сыныптарда қандай және қай тiлде бiлiм алса, келешегiнiң, оның дүние-танымы, ой-өресi, адамдықтың iргетасы солай қаланатынын оқу саласының бiлгiрлерi мен бiлiктi мамандары да жоққа шығармайды.

Амал не, Қазақстанда осынау маңызды мәселенiң елеусiз, назардан тыс қалғаны сонша, қазiр елiмiздегi мектептерде не болып, қандай жағдай қалыптасқанын осы салаға жауапты шенеунiктердiң өздерi де бiле бермейтiн сыңайлы. Немесе өздерi жауапкершiлiктен мүлдем тысқары қалғандай.

Оның айтарлықтай себебi де бар, елiмiздегi бiлiм саласында ұзақ жылдардан берi үздiксiз жүргiзiлген түрлi реформалар мен жаңартулар жұртшылықты абдыратқаны соншалық, бүгiнде қоғам сырттан бей-жай бақылаушының күйiн кешуде. Мектептердiң жетiспеушiлiгi, елiмiздегi көптеген елдiмекендерде балалар мектепке сай емес ғимараттарда бiлiм алып жүргендiгi, мұғалiмдердiң мектепке барғысы келмейтiнi, бiрқатар оқулықтардың қазiргi заман талаптарына сай еместiгi айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе.

Бiрақ, бiлiм мәселесiнде ұсақ-түйектiң болмайтынын ескерсек, оған бiржола қол сiлтеп қоя салудың өзi қылмыспен пара-пар. Ұзаққа созылған реформалар, ең бастысы, мұғалiмдердiң де жауапкершiлiгiн азайтып, босаңсыта бастағанын байқатуда.

Өткен аптаның соңында елiмiзде мұғалiмдер күнi аталып өтiлiп, бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлiгi осы айтулы мерекеге жер-жерден арнайы материалдар жариялады.

Солардың бiрi «Начнем с понедельника» апталығы. Аталмыш газет 39 санында «О плюсах и минусах нашего образования» атты сұхбат жариялады. Сұхбатта 35 жылдық өтiлi бар, Шымкент қалалық, облыстық, республикалық түрлi байқауларда марапатталған Татьяна Герасимовна Лупорева елiмiздегi бiлiм беру саласында қалыптасқан түйткiлдер мен бастауыш сыныптардың оқу процесiн терең әңгiмелеген екен. Әлгi Татьяна Лупорева өзiнiң авторлық бағдарламасы бойынша балаларға дәрiс жүргiзетiн болып шықты. Мектептердегi кезектi бiр эксперимент шығар, сiрә?! «Сiзге «Атамұра» несiмен жақпады?» деген сұраққа Т.Г.Лупорева: «Онда жүйелiлiк жоқ. Мен өз жұмысымда жүйелiлiктi жақтаймын. Жаңаның жүйесi, қайталау жүйесi… Ал «Атамұраның» оқулықтары балаға өз бетiнше жұмыс iстеуге әркез мүмкiндiк бере қоймайды… Сондықтан мен «Атамұрадан» бас тартып, көбiне ресейлiк ғалымдардың оқулықтарын пайдаланамын», – деп жауап берiптi. Және мұнысын мектеп директоры Нұрзия Шералиевна қолдайтынын да мәлiмдеген.

Сонда қалай, әр мектепте әрбiр мұғалiм өз бетiнше әлгi айтылғандай авторлық бағдарламасымен жұмыс iстеуге көшкенi ме? Авторлық бағдарлама дегенiмiз журналиске, әншiге, бишiге, жеке өнер иелерiне жарасатын шығар, ал ресми мектепте әркiм өз бетiнше оқытса бiлiм саласы шоңқиып тынар түбiнде. Тiптi, «ресейлiк ғалымдардың оқулықтарын» тәуелсiз Қазақстанда пайдалану неге әкелiп соқпақшы? Олай болса Жапония мамандарының кiтаптарын неге пайдаланбасқа? Қанша айтқанмен олар техника, ғылым саласында, баланы тәрбиелеуде алдыңғы қатарда тұр ғой.

Ал, Ресей мәселесiне келсек, оларда шовинизм, ксенофобия, скинхедтер қозғалысы өршiп тұрған қазiргi кезеңде олардағы бiлiм беру саласы, жастарды тәрбиелеу соншалықты биiк деңгейде деп айта қою қиын.

Жалпы, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс өкiлдерi тұрады делiнедi. Әр ұлттың мұғалiмi өздерiнiң тарихи отандарында шыққан оқулықтар мен кiтаптарды пайдалана берсе, қазақ балалары қандай тәрбие алып шықпақшы. Түрлi реформалар туралы Қазақстанда көп айтылатынына және жаңа үрдiстердiң тоқтаусыз енгiзiлуiне қарамастан, бiзде бiлiм берудiң ортақ талаптары әлi күнге жасалмаған ба?!

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары