БҮГIНГI “ХАНТАЛАПАЙ” ЖАЙЫНДА...

БҮГIНГI “ХАНТАЛАПАЙ” ЖАЙЫНДА...

БҮГIНГI “ХАНТАЛАПАЙ” ЖАЙЫНДА...
ашық дереккөзі
648

Елiмiзде бүгiнгi таңда кинематография саласы өркендеу үстiнде. Жаңа фильмдердiң қатары көбейiп, жеке кинокомпаниялар ашылып жатыр. Мысалы, биылғы жылдың өзiнде жиырмаға жуық туындылар пайда болса, олардың бiраз бөлiгiн жеке студиялар құрайды. Атап айтқанда, «ASU PICTURES» («Жаным садаға», «Үйректiң жүрегi»), «Жебе» («Алтын балық туралы», «Қанатты барыс туралы аңыз»), «Жас ұлан» («Жаралы сезiм», «Менiң де атым Қожа»). Сонымен қатар қыркүйек айының жиырма екiншi жұлдызынан «Қазақстан» кинотеатрында көрермен назарына ұсынылып келе жатқан «Қазығұртфильм» киностудиясының «Ханталапай» көркем фильмi де солардың қатарынан табылады.

Қоғамдағы жастар мәселесiн тақырыпқа арқау еткен бұл фильмнiң сюжеттiк құрылымы қандай? Қарапайым ауыл баласының бiлiм қуып қалаға келуi, ондағы қызуқанды тiршiлiкке үйренiсе алмай, әртүрлi кедергiлерге тап болуы оқиға шиелiнiсiнiң негiзгi себебiне айналады. Басты кейiпкер Қаршыға, алғаш қала өмiрiнiң есiгiн ашып, онда күтпеген жерден Мэлсбек есiмдi жолдасты жолықтырады. Осы тұстан бастап, жiгiттер тағдыры бiр арнаға тоғысады. Екеуiнiң бiрдей Мағфуза есiмдi қала қызына ғашық болуы да қазiргi кезде жиi кездесетiн жағдай сияқты. Негiзгi оқиға жай фабулаға құрылған. Соған қарамастан, туынды кино тiлiнiң заңдылықтарын өз бойына қалыптастыра бiлген.

Режиссер Оңдасын Жұмағұлұлы сценарий авторы Бахыт Беделханұлы ұстанған көркемдiк мақсатын дұрыс ұғына отырып, шығарманың табиғатына терең тоқталып, кейiпкерлердiң жан дүниесiн кеңiнен аша бiлген. Мәселен, Қаршыға бойындағы патриоттық және iшкi алау сезiмдердiң пейзаждық элементтермен қатар ұтымды әуенмен көркемделуi қандай да бiр iзденiстi талап етсе керек. Сондай-ақ, бас кейiпкердiң жан қиналысын, шалғайдағы туған жер төсiнде еркiн ойнақтаған жануардың өлiм үстiндегi халiмен тұспа-тұс суреттеуi де атап өтуге тұрарлықтай. Егер, режиссердiң басты мiндетi автор идеясын, көркемдiк нысанасын ашу деп алсақ, Оңдасын Жұмағұлұлы бұл мiндеттi өз дәрежесiнде орындай алған сыңайлы. Дегенмен, фильмдегi басты кейiпкерлердi сомдаған Талғат Жорабаев (Қаршыға) пен Тахмина Ысқақовалардың (Мағфуза) рөлi профессионалдық деңгейде емес. Яғни, олар кейiпкерлер бейнесiн көрсете алмаған. Демек, жас актерлерге әлi де болса актерлiк шеберлiктерiн шыңдап, тәжiрибе алмасу керек секiлдi. Ал екiншi пландағы актерлердiң (Мэлсбек – Қайрат Қайырғали, Зина – Алма Қалмұқанова) жұмысы жоғарыда аталған актерлермен салыстырғанда нанымдырақ шыққан. Алма Қалмұқанова (Зина) дәл бүгiнгi жастардың өмiрге деген шынайы көзқарасын айқын бейнелей бiлдi. Бұл екi қыз арасындағы диалогтан байқалады.

«Ханталапай» – қазақ халқының ежелден берi келе жатқан ұлттық асық ойындарының бiрi. Бiрақ, фильмде бұл атау басқа қырынан қолданылады. Бұл — асық ойыны емес, өмiр ханталапайы. Режиссер да мұны фильмдегi символикалық белгi ретiнде көрсетудi ұмытпаған.

Айнұр БАТЫРХАНОВА,Гүлзат МАМЫТОВА,

Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттерi

Серіктес жаңалықтары