ЭМОМАЛИ ТIЛДI ҚОЛҒА АЛДЫ
ЭМОМАЛИ ТIЛДI ҚОЛҒА АЛДЫ
2007 жыл да тарих қойнауына енiп барады. Өйткенi, ағымдағы жылға елiмiз «Қазақ тiлi жылы» деп айдар тақты. Бұдан алты жыл бұрын 2001-2010 жылдарға арналған тiлдердi дамыту бағдарламасы қабылданғаны белгiлi. Бiрақ та, айтулы жылдың аяқталуына екi-үш ай, ал аталмыш бағдарламаның тәмамдалуына бар-жоғы екi-үш жыл қалса да, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң күйi мәз емес.
Ресми деректер облыс пен аймақтың 75 пайызы, мемлекеттiк мекемелердiң 61 пайызы мемлекеттiк тiлге бiржола көштi деген ақпарат таратты. Алайда, бұл шындықтың сырт жағында, яғни, тасада қалған көзбояу көрсеткiш. Негiзiнде, мемлекеттiк тiлдiң қал-ахуалының жай-жапсарын билiктегiлердiң өздерi-ақ iштей бiледi, сезедi. Әуелгi мысалды өздерiнiң арасынан iздейтiн де болар, кiм бiлсiн?! Айта кететiн жайт – билiк қазақша сөйлемей, Қазақстан халқы қазақ тiлiне мойын бұра қоятыны әзiрге жәй арман.
Қайсыбiр ел болсын нақты бiр жылды бiр салаға арнауды әдетке айналдырған. Бiрақ басқа мемлекеттердiң тәжiрибесiне көз жүгiртсек, жасап жатқандары көңiлге қонымды. «Көз қорқақ, қол батыр». Естерiңiзге сала кетсек, Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон әуелi «ов», «ев» жалғауынан құтылуға шұғыл тапсырма бердi. Оны өзi бастама ретiнде көтердi де, отандастарына үлгi көрсетiп артынша «Рахмон» болып шыға келдi. Ендi мiне, жақында ол 2008 жылды «тәжiк тiлi жылы» деп жариялау жөнiндегi жарлыққа қол қойды. Бiр айта кетерлiгi, бұл жарлық бiздегi секiлдi «Осы жылы нендей шаралар өтiлуi керек?», «Ол қандай аймақта жүзеге асуы қажет?» деген ұзын-сонар мiндеттi тапсырмалардан тұрмайды. Керiсiнше, бар ниет – мемлекеттiк тiлдiң аясын дамытуға үлес қосу, жастардың бойында патриоттық сезiм мен намыс рухын ояту әрi әрбiр азаматтың өз тiлiне деген махабаттын арттыру талабы негiзге алынды. Әрине, Тәжiкстан кешегi күнге дейiн өз мемлекетiнiң санын басқа ұлт өкiлдерiмен, әсiресе, орыстардың үлесi арқылы толықтырып отырды. Айталық, 1989 жылғы санақ бойынша Тәжiкстанда 500 мың орыстiлдi тұрғындар тұрса, соңғы 2000 жылғы жүргiзiлген санақтың қорытындысы нәтижесiнде шамамен 60 мың ғана орыс қалған. Сонда бүгiнгi 7 миллион Тәжiкстан халқының бар болғаны жарты пайызын орыстар құрайтын көрiнедi. Бұған Ресейдiң соңғы кезде жан-жақтан отандастарын шақыруға мықтап кiрiскенi едәуiр септiгiн тигiзсе керек. Дегенмен, Тәжiкстандағы жылы орнын суытқысы келмейтiн орыс ағайындар да баршылық екен. Көпшiлiгi «Әзiрге Ресейге оралу ойымда жоқ» десе, ал саясаттанушы Парвиз Муллоджанов: «Тәжiкке қарағанда орыстарға кез келген жерге баруға мүмкiндiк көп» дегендi айтыпты. Оның айтуынша, 90-жылдары дүрбелеңге соқтырған азаматтық соғыс кезiнде басталған орыс миграциясының алғашқы легi әлi тоқтаған жоқ. Сол тоқсаныншы жылдары орыстардың кетуiне әскери ахуал себепкер болса, ендi экономикалық жағдайды алға тартудамыз. «Өйткенi, Ресейдiң экономикалық жағдайы көңiлге қонымды. Қайсыбiр салада iлгерiлеушiлiк басым. Мемлекет жедел түрде даму үстiнде. Жұмыс күшiне орын көп. Қысқасы, болашақта қапысыз өмiр сүруiңе мүмкiндiк баршылық», – дейдi, Тәжiкстандағы ресейлiк отандастар кеңесiнiң төрағасы Виктор Дубовицкий. Демек, орыстар тәжiктiң Отанын осы себеппен ғана тастап кетiп отырса, тәжiк ұлтының көпшiлiк дерлiгi шетелге үнемi еңбек көзiн iздеп барады. Ал, Тәжiкстанға оралып жатқан қандастардың өзi сол тоқсаныншы жылдардан кейiн ғана қыбырлай бастады. Мұнда бiржола қалып, түтiнiн түтетiп жатқанның денi негiзiнен орыстың кәрi кемпiр-шалдары. Олардың iшiнде «Қартайғанда қайда барамын?», «Өзiмнiң этникалық жерлестерiме баяғысынша бөтен болып қала бермекпiн де». Оның үстiне, «Кәрi-құртаңды Ресейде кiм күтiп жатыр?» деген алып-қашпа әңгiмелердiң де шетi құлағыма тидi» дейтiндер де көп. Әрине, бұдан кейiн, «Ертеңгi күнi бүгiнгi күнiме зар болмаймын ба?» деген үрейдiң бойды билеп алатыны жасырын емес. Бiр қарағанда, бұл пiкiр көбiнесе Кеңестер одағының ыдырағанын өз көзiмен көрiп, мойнымен көтере бiлгендердiң сөзi. Әрине, «Тас түскен жерiне ауыр». «Бiз не iстемекпiз? Балалар болса, орыс мектебiнде тәлiм алды. Ол тұста бiрдеңеге қол жеткiзу үшiн мiндеттi түрде орыс тiлiн бiлуiң басты едi. Содан ба, ендi қазiр орысшаға жетiк тәжiк балалары ауылды жерден қалаға орнығып жатқандарға үйренiсе алмай келедi. Құдды басқа әлемнен келгендей күйде қалады екенсiң» дейдi жергiлiктi ата-ана.
Қалай дегенмен, тәжiкстандық билiк миграция нөпiрiн тоқтатуға күшiн салмақшы. Өйткенi, ұлттың бөлшегiн қорғайтын азшыл топтың басын бiрiктiру мiндетi тағы бар. Тәжiкстандағы орыс диспорасының басшысы Виктор Дубовицкий орыс көшi-қон саясатын шешуге байланысты мынадай жолды атап кетедi. Мәселен, елдiң парламентiнен басқа ұлт өкiлдерiне арнайы квота берiп, орыс тiлiне тәжiк тiлi сияқты мемлекеттiк мәртебе беру керектiгiн алға тартады. «Егер жағдай осылай бет бұрса, тек қана орыстардың ғана емес, орыс тiлiнде сөйлейтiн тұрғындардың өмiр сүруiн жеңiлдетер ме едiк?! Бүгiнде тәжiк ұлтының басым бөлiгiне, орыс тiлi — туған тiлiмен пара-пар. Яғни, орыс тiлi баяғы ұлтаралық қатынас тiлi мәртебесiнен еш түскен жоқ» деп тағы бiр ұсынысын айтып қалуға тырысады. Алайда, билiк төрiне басқа ұлт өкiлiн тарту, «Орыс тiлi туралы» заң жөнiнде әзiрге Парламентте әңгiме қозғалмаса да, орыс диаспорасы өкiлдерi жоғары билiкке он бес жыл бойы сан мәрте хат жазудан еш жалықпай келетiнi мүлдем түсiнiксiз. Ал, тәжiкстандық парламентте квота мәселесi болған емес. Соған байланысты депуттаттар «Тәжiкстан Конституциясында барлық азамат тең құқықты деп жазылған. Бiз неге әр азаматты ұлтына қарап бөлуiмiз керек?» дегендi айтады. Ал, «Тәжiкстан Парламентiнде орыстiлдi өкiлден неге екi-ақ адам бар?» деген сұраққа төменгi палатаның депутаты Галия Рабиева: «Iс-қағаздары тәжiк тiлiнде жүргiзiледi. Ресми мекемелерде қызмет еткiң келсе, тәжiк тiлiн бiлуге мәжбүрсiң. Мүмкiн, мемлекеттiк тiл – тәжiк тiлiнiң қоғамға дендеп сiңiсуiнiң де әсерi бар шығар» деп жауап бередi. Қарасаңыз, орыс тiлiнiң мәртебесiн түсiрмеуге жанын салып жатқандар да сол баяғы орыстан қалған тұяқтар. Олар соңғы кезде Тәжiкстанда орыстiлдi мектептердiң күрт қысқарып кеткендiгiне қатты алаңдаушылық бiлдiредi. Бiлiм жөнiндегi министрлiктiң мәлiметi бойынша, Тәжiкстандағы 3800 орта бiлiм беретiн мекемелердiң 28-i ғана орыс тiлiнде. Себебi, Ресейге лек-легiмен ағылған көшi-қонға байланысты мектеп те бейпiлден тыс қысқарып жатқанға ұқсайды.
Шынында, тәжiк тiлiн бiлуге негiзделген талап күштi. Мемлекеттiк тiлдiң жырын бiржола шешуге арналған қатаң тапсырма бұл. Шiркiн-ай, бiздiң Үкiметте де қазақ тiлiн бiлмейтiн мәнсапқұмарларды осындай жолмен қызметке алса ғой деп аңсайды екенсiң кейде. Бiрақ, «Балық басынан шiридi». Сол билiк тiзгiнiн ұстағандардың өзi шетелден келген меймандардың алдында орысша ойлап, орысша сайрап қоя бергенде iшiң қан жылап, қынжылып кетесiң. Қызық, 2001-2010 жылдарға бағдарламаны да, 2007 жыл – «Қазақ тiлi жылы» деп өздерi бекiтiп, өздерi қабылдайды, ал көздi бақырайтып қойып, iстеп жатқандары анау.
Қысқасы, Тәжiкстанда тiл проблемасы жоқ. Қазiрдiң өзiнде жергiлiктi орыстардың сөзi көбiне тәжiк тiлiне ұқсап кеткен. Нәтижесiнде, мемлекеттiк тiл –тәжiк тiлiнiң қолданыстағы аясы кеңейiп, мәртебесi биiктеп барады. Өзi жаңадан аяғынан тiк тұрып, тiлiн, ұлтын, халқын түгендеп жатқан Тәжiкстан билiгi тiл құрметтеу жағынан осал еместiгiн осыдан аңғартатын сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ