ДЕПУТАТТАР «ҚАЗМҰНАЙГАЗҒА» КЕЛДI
ДЕПУТАТТАР «ҚАЗМҰНАЙГАЗҒА» КЕЛДI
Жуырда Парламент Мәжiлiсiнiң Экономикалық реформалар және аймақтық даму жөнiндегi комитетiнiң депутаттары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тұсында тiзгiн iркiп, көшпелi отырысын өткiздi. Мәжiлiстiң төртiншi шақырылымындағы депутаттары өздерi мен сайлаушыларын толғандырған cан түрлi сауалдарын қойып, Ұлттық компанияның президентi Ұзақбай Қарабалиннiң өз аузынан толыққанды жауапқа қанықты.
Жалпы, Мәжiлiстiң өткен үшiншi шақырылымында «ҚазМұнайГаз» басшысының атына мазмұны қатқылдау депутаттық сауалдар жолданғаны белгiлi. Осы орайда, бұл отырыс қос тараптың көкейiнде қалған ескi сызды тарқатуға ықпал еттi деуге болады. Депутаттар мен компания басшылығы арасындағы мамыражай мәмiле мен оқта-текте қойылған қатулы сауалдарға толы болған жиынға комитет төрағасы В.Бобров төрағалық жасады.
Бiрiншi болып сөз кезегiн алған компания басшысы Ұзақбай Қарабалин халық қалаулыларын «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясында атқарылып жатқан жан-жақты жұмыстар туралы мәлiметтермен таныстырып, жақын болашақтың еншiсiндегi маңызды жобалар туралы хабардар еттi.
– «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы әу бастан көмiрсутегiне қатысты саладағы ел аумағындағы жетекшi компаниялардың бiрi болуға ұмтылып келедi. Сондай-ақ алдағы уақытта көздеп отырған мақсатымыз – халықаралық деңгейдегi iрi ойыншылардың бiрiне айналу, – деп атап өттi Ұзақбай Сүлейменұлы.
Ұлттық компания «Қазақойл» мен «Мұнай және газ тасымалы» компанияларының негiзiнде құрылғандығын депутаттардың есiне салған ол: «Сол кездiң өзiнде бiздiң компанияға сан түрлi бағытта жұмыс iстеу мiндетi жүктелген болатын. Және оның өзiндiк себептерi те жеткiлiктi. Атап айтар болсақ, әлемдiк көмiрсутегi нарығында Ұлттық компаниялардың үлес салмағы еселеп артып келе жатқаны байқалады. Мәселен, өткен жүзжылдықтың жетпiсiншi жылдарында Ұлттық компаниялардың үлес салмағы бар болғаны 6 пайызды құраса, жиырма бiрiншi ғасырдың басында олардың орны 50 пайызға дейiн артты», дедi. Бұл әлемдiк нарықта белең алған бұл үдерiстен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Екi бiрдей iрi кәсiпорынның негiзiнде құрылған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы осының жарқын үлгiсi.
Депутаттардың алғашқы сауалы компания құрамындағы еңбеккерлердiң саны мен сапасы, еңбекақыларының көлемiн бiлуге бағытталды. Мәжiлiстiң үшiншi шақырылымында қойылып, содан бергi аралықта әбден «пiсiп-жетiлген» сауалға компания басшысы нақпа-нақ жауаптармен тойтарыс бердi. Ұзақбай Қарабалиннiң айтуынша, бүгiнгi таңда Ұлттық компанияның сапында барлығы 32 650 адам еңбек етедi. Басқару орталығындағы бiлiктi кадрлардың қатары — 409 адам. Қызметкерлердiң орташа айлық жалақы көлемi — 130 мың теңгенi құрайтыны белгiлi болды.
Ұжымның президентi өзi басқаратын компания түрлi бағытта жұмыс iстейтiндiгiн тiлге тиек еттi. Атап айтар болсақ, Ұлттық компания мұнай-газ кенiштерiн барлау жұмыстарынан бастап, табылған кен орындарын игеру, шикiзатты тасымалдау, экспорттық бағыттарға жөнелту, өңдеу, мұнай өнiмдерiн бөлшек саудаға шығару, мұнай-химия өндiрiсiн дамыту… сияқты шикi мұнайды ел игiлiгiне айналдыруға дейiнгi жұмыстардың барлығына ат салысады. Жұмыстың әртараптылығы кезiнде сан түрлi бағыттарда жұмыс атқарған «Қазақойл» мен «Мұнай және газ тасымалы» кәсiпорындарынан мұраға қалған. «ҚазМұнайГазға» кезiнде ел экономикасында жетекшi рөл атқарған қос бiрдей кәсiпорынның жүгiн өрге сүйреу мiндетi жүктелген. Жұмыстардың жан-жақтылығы қарапайым жұмыскерлер мен бiлiм-бiлiгi мол менеджерлердi көптеп қажет ететiндiгi әмбеге белгiлi жайт.
Осы тұста көшпелi отырыстың тiзгiнiн ұстаған комитет төрағасы В.Бобров сөзге араласты. Депутаттық мандатты иеленгенге дейiн Ұлттық компанияның сапында қызмет еткен ол 2002 жылдары «ҚазМұнайГаздың» орталық басқармасында 405 адам болғандығын әрiптестерiнiң назарына жеткiздi. Содан бергi жылдар iшiнде «ҚазМұнайГаз» қанат жайып, қызмет ауқымы мен қол жеткiзген көрсеткiштерi анағұрлым артты. Алайда, кадр санында болмашы ғана өзгерiстiң орын алғандығына депутаттың таңданысы мен ризашылығын тудырмай қоймады.
– Әлемдiк тәжiрибеде «мемлекет – нашар менеджер» деген түсiнiк қалыптасқан, – депутат Ержан Рахметовтың сауалы осылай басталды. Оның айтуынша, мемлекет көп жағдайда iшкi нарықтағы бәсекеге араласпауға тырысады. Себебi iшкi нарықтағы бәсеке жеке компаниялардың арасында жүруге тиiстi. Бұл орайда, жүз пайыз мемлекетке тиесiлi «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Қазақстандағы бөлшек сауда нарығына белсене араласып, оған ықпал етуге деген талпынысына депутат түсiнбестiк танытты.
Көшпелi отырыстың көрiгiн қыздырған бұл сауал Ұлттық компания президентi тарапынан тиiсiнше жауабын алды. Ұзақбай Қарабалин айтып кеткендей, бiрiншiден, «ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы бөлшек сауда нарығын тұтастай емес, тек 16-20 пайызын ғана бағындыруды көздейдi. Қазақстандағы мұнай өнiмдерi бағасының тұрақтылығына ықпал етуге осы көрсеткiш жеткiлiктi деуге болады Екiншiден, Ұлттық компания жүз пайыз мемлекеттiк компания екендiгiн ескерсек, жеке секторға құйылған қаржыны мемлекеттiң қазынасына құйылуы да ел экономикасы үшiн тиiмдi болмақ.
– Мұнай өнiмдерiне арзан бағамен қол жеткiзу мүмкiндiктерiн арттыру үшiн 2010 жылға қарай «ҚазМұнайГаз» брендiмен 500 жанар-жағармай құю стансаларын iске қоспақпыз. Өзге стансалармен салыстырғанда бiздiң жанармай стансаларымыз өнiмнiң аяқасты қымбаттап кетуi сияқты құбылыстарға төтеп бере алады, бұл көлiк жүргiзушiлердiң барлығына мәлiм. Биылғы жыл соңына дейiн жанар-жағармай стансаларының санын 300-ге жеткiзудi жоспарлап отырмыз. Қазақстанның Бүкiләлемдiк Сауда Ұйымына кiру қарсаңында мұнай өнiмдерi бағасын тұрақтандырудың мемлекет қолындағы негiзгi кiлтi – бөлшек сауда, – дедi Ұзақбай Қарабалин.
«ҚазМұнайГазға» келген мәжiлiсмендердiң iшiндегi жалғыз нәзiк жанды депутат Елена Тарасенко компанияның қоршаған ортаның қауiпсiздiк мәселесiндегi қадамдарына қызығушылық танытты. Атап айтқанда, кеңестiк кезеңнен қалған «көнекөз» мұнай қамбаларының тазалану барысын депутат көбiрек қазбалады. Өз кезегiнде компания басшысы осы бағытта атқарылып жатқан мардымды жұмыстар барысынан мәлiметтер келтiрдi. «Экологиялық талап» дейтiн ұғымды мойындамайтын кеңес өкiметi кенiштердi игеру кезiнде қалдық мұнайды кәдеге жарату жағына бас қатырмай, қазылған қамбаларға құя бергенi белгiлi. Батыс Қазақстан өңiрiнiң омырауында осындай жағал-жағал мұнай қамбалары көптеп кездеседi. Ұлттық компания өнiм өндiрумен шұғылданатын аймақта сондай 182 қамба «мұраға» қалған едi. Алайда, бiрнеше жыл бойы үздiксiз жүргiзiлген жұмыстардың нәтижесiнде бүгiнде соның екеуi ғана қалған.
Жалпы, компаниялар үшiн қалдық толы қамбаларды тазалау қиямет-қайым жұмыстардың бiрi деуге болады. Қалдық мұнай қол күшiмен жүк көлiктерiне артылады. Ұзақ жылдар бойы жатқан мұнай күрекке iлiнбейтiн көрiнедi. Iлiнгенiн күректен ысырып түсiрудiң өзi қиын деседi. Қамба тазалауға жұмсалған есiл еңбек көрсеткiштi арттыруға да ешқандай ықпал етпейтiнi тағы бар. Соның бәрiн сараптай келгенде, 182 қамбаның 180-iн тазааған «ҚазМұнайГазға» кiнә арту қиын. Осыны депутаттар да айқын түсiндi.
Қазақ қарамайының басты операторына айналып қанат жайған «ҚазМұнайГаздың» 2006 жылы ел бюджетiне құйған қаржы көлемi 237 миллиард теңгеден асты. Осынша қаржыны пайызға шақсақ, республиканың жалпы кiрiсiнiң оннан бiр бөлiгiне сәл-ақ жетпейдi. Ұлттық компания Қазақстан аумағында өндiрiлетiн мұнай-газ конденсатының төрттен бiр бөлiгiн бiр өзi берiп келедi. Жиын соңында осындай маңызды мәлiметтердi тiлге тиек еткен Ұлттық компанияның президентi:
– Егер Қазақстан экономикасын үлкен айдынға теңесек, «ҚазМұнайГаз» соның оннан бiр бөлiгiнде жүзiп жүрген алып кемемен бiрдей. Ал осы алып кеменiң шайқалмауы, еркiн жүзуi мемлекет үшiн аса маңызды екендiгi сөзсiз. Бiз осы жауапкершiлiк жүгiн толықтай сезiнемiз және ақтауға тырысамыз, – дедi.
В.Бобров бастаған Парламент Мәжiлiсiнiң депуттары алдағы уақытта «ҚазМұнайГазға» тиесiлi кенiштердiң басына барып, «қара алтын» өндiрiсiн өз көздерiмен көруге, компанияның әлеуетiмен танысуға ниет бiлдiрдi. Ұлттық компания басшысы халық қалаулыларының бұл тiлегiн құп алып, алдағы уақытта ондай мүмкiндiк жасауға уәде бердi. «ҚазМұнайГазға» қатысты сауалдарын әдеттегiдей Парламенттiң төрiнен қағаз жүзiнде емес, бетпе-бет қойған депутаттар көшпелi отырыстың қорытындысына ризашылықтарын бiлдiрдi.
Арнұр АСҚАР