ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДI, МИНИСТР НЕ ДЕЙДI?..

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДI, МИНИСТР НЕ ДЕЙДI?..

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДI,  МИНИСТР НЕ ДЕЙДI?..
ашық дереккөзі
273

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрi Ғалым Оразбақовтың өткен апталардың бiрiндегi Үкiмет мәжiлiсiнде тұрғын үй коммуналдық cала жүйесiне реформа жасамақшы болғаны жұрттың есiнде. Оның айтуына қарағанда, тоқсаныншы жылдардың басында тұрғын үйлер жартылай жекешеленген екен. Ол ендi толық жекешелендiрудi ұсынып отыр. Яғни, көп қабатты үйлердегi пәтерлердiң өзiн ғана емес үйдiң шатырларының, астыңғы жағында су жүйелерiн, ауласын тұрғындардың жекеменшiгiне бөлiп бермекшi.

Иә, бұлай iстеу үшiн Үкiмет тұрғын үйлердi қайта тiркеуден өткiзу керек. Соған бюджеттен үш миллиард теңге бөлiнетiн көрiнедi. Министр осы реформаторлық ұсынысын кеше «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын-үй коммуналдық сала мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын Парламенттегi Экономикалық рформа және өңiрлiк даму комитетi депутаттарының алдына талқылауға қойды. Ел жағдайын жақсы бiлетiн Владимр Нехорошев секiлдi депутаттар оның бұл ұсынысына бiрден оң қабақ таныта қоймағынын, көзiлдiрiгiн жұлып алып, кiжiне сөйлеп, өзгерiстер мен толықтырулар шикiлiгiнiң шетiн шығара айтқан наразылығын телеарналардан анық көрдiк. Депутат тұрғын үйлердiң бәрi жақсы талапқа сай болса, олай мiнез көрсетер ме едi. Арғысын қойшы , бергiсi елуiншi, алпысыншы жылдары салынған қаншама тұрғын үй iргелерi үгiтiлiп қауiптi жағдайда тұр. Үкiмет әуелi солар¬ды күрделi жөндеуден өткiзiп алып, осындай ұсыныс жасаса мақұл-ау. Сол үйлердi жөндеу үшiн қыруар ақша керек екенi оларға бесенесiнен белгi. Оның үстiне соларда тұрып жатқан зейнеткерлер қаншама. Олардың ай сайын алып тұрытын 10-14 мың зейнетақысы неге жетедi? Азық-түлiктен бастап, кәдуелгi қара сабынға дейiн тұтыну заттарының қымбаттап жатқаны мынау. Жұрттың жүйкесiне тие ме? Тимей ме? Әрине, тиедi.

Министр де мұны көктен алып айтып отырған жоқ шығар. Шет елдерден көргенiн iстеп жатқаны анық. Алайда тағдыр-талайы бiр iргедегi әлеуетi бiзден әлдеқайда зор Ресей мұндай реформаға әлi барған жоқ. Ондағы Үкiмет осылай жасау керек екенiн бiлмей отыр дейсiз бе? Жоқ бiледi. Халқының жағдайына қарап уақытты күтiп отырған жайы бар. Ал, Еуропада мұндай реформаның бұрыннан-ақ болуы бек мүмкiн. Бiрақ олардағы халықтардың тұрмысы бiздердегiмен салыстыруға келе ме? Өмiр сүру деңгейлерi он есе жоғары емес пе? «Аттыға iлесемiн деп жаяудың таңы айырылыптының» керi келмесiн деңiз. Халық не дейдi, министр не дейдi?..

Министр мырзаның айтуына қарағанда бiрнеше пәтерлерi бар қалталы шонжарлар коммуналдық төлемдерiн айлап, жылдап төлемейдi екен. Сонда соларды жөнге салуға өкiлдерiне нұсқау беретiн Үкiмет қайда қарап отыр? Солар үшiн әлгiндей жекешелендiрудi қайта жүргiзу қажет пе? Қала бердi ескi үйлерде тұратын байлар бар ма? Алда-жалда министрдiң ұсынысы Парламент депутаттарынан қолдау тауып жатса, (ол да мүмкiн) онда бар ауыртпалық үй тұрғындарына түседi де, Үкiмет халық алдында өз жауапкершiлiктерiн шектейдi.

Бәлкiм, тұрғын үй коммуналдық жүйеге сондай реформа жасау керек те шығар. Бiрақ түйiнi шешiлмеген көптеген күрделi мәселелердi белден басып, дәп қазiр сол өзгерiстердi Заңға зорлықпен ендiре салған қалай болар екен. Қалың елдiң бәрiне қалтасы көтере ме? Жоқ әлде шатырынан су аққан, шiрiген су құбырларын ауыстыруға шамалары жетпей шарасыздық танытып отыра ма. Осыған қарағанда министрдiң реформасын iске асыру ертерек секiлдi.

Министрдiң журналистерге айтқан базыналығын да естiдiк. Журналистер сол қалың елдiң ортасында жүр. Халықтың мұқтаждығын, жағдайын жоғарыдағыларға жасырмай жеткiзу тiкелей азаматтық мiндетi. «Кеңесiп пiшкен тон келте болмас» демекшi, халықтың да талабын тыңдап, жағдайын ойлап асығыстыққа бой алдырмай орынды iс қылған жөн болар.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары