КӘРI КАСПИЙ «МӘРТЕБЕСIЗ»

КӘРI КАСПИЙ «МӘРТЕБЕСIЗ»

КӘРI КАСПИЙ «МӘРТЕБЕСIЗ»
ашық дереккөзі
256

Өткен аптаның басты саяси жаңалығы II Каспий саммитi болды. Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Иран мен Ресей басшылары бас қосқан бұл кеңеске әлем неге алаңдады? «Құқықтық мәртебе» мәселесiнде президенттер пiкiрi неге бiр арнаға тоғыспады?

КЕЛЕСI КЕЗДЕСУ БАКУДЕ

Кеңестер Одағы кезiнде Каспийдi Иран мен КСРО 50х50 қағидасы бойынша теңдей бөлiсетiн. Одақ ыдырағаннан кейiн кәрi теңiз жағалаудағы 5 елдiң еншiсiне тидi. Бүгiнгi дауға айналған «Дайрабайдың көк сиыры» да – осы «құқықтық мәртебе» мәселесi. Қазақтар жағы шекаралық шеңбердi ескере отырып, теңiздiң түбiн ғана бөлiске салуды, ал суын ортақ пайдалануға берудi құп көредi. Алайда, өзгелер бұл ұсынысты қабылдауға құлықсыз. Өйткенi, егер теңiз түбi бөлiске түсер болса, Иранға тиетiнi – шамамен 0,9 млрд. тонна көмiрсутегi шикiзаты (оның iшiнде мұнай да, газ да болуы мүмкiн). Түркiменстанға – 1,5 млрд. тонна, Әзiрбайжанға – 4 млрд. тонна, Ресейге – 2 млрд. тонна шикiзат. Ең көп «асайтын» – Қазақстан (4,5 млрд. тонна). Демек, Иран бәрiнен де көп зиян шекпек. «Майлы жiлiктiң» басынан қағылу қаупi төнген Тегеран қазақтар мен орыстардың теңiздiң түбiн ғана бөлiске салу туралы барлық бастамасына қарсылық танытудан танбауы сол себептi. Есесiне, Тегеранның теңiздi жағалаудағы 5 мемлекетке теңдей, 20 пайыздан бөлу жайлы ұсынысын өзгелер қостамайды. Сонымен, пiкiрлер мен мүдделер бiр арнаға тоғыспады. Алайда, өткен аптада Иран астанасында бас қосқан президенттер осымен екiншi рет өткiзiлiп отырған каспийлiк саммитте қордаланып қалған мәселелердi, әсiресе, құқықтық мәртебеге қатысты келiспеушiлiктi жоюға ынта бiлдiрдi. Тегерандағы саммитте қабылданған декларацияда: «Тараптар Каспий өңiрi бейбiтшiлiк пен тұрақтылықтың, тұрақты экономикалық даму мен гүлденудiң, тату көршiлiк пен жағалау мемлекеттерiнiң тең құқықты халықаралық ынтымақтастығының өңiрi болуы үшiн жан-жақты жәрдемдесетiн болады. Олар саяси, дипломатиялық, сауда-саттық, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда көп жақты, сондай-ақ, екi жақты негiздерде бiр-бiрiмен өзара тығыз iс-қимыл жасауға бекем бел байлап отыр. Каспий өңiрiнiң бай әлеуетiн тиiмдi пайдалануға ұмтыла отырып және оны дамытудың қолайлы келешегiн ескере отырып, Тараптар экономикалық салада, әсiресе энергетикалық және көлiктiк салаларда диалог пен ынтымақтастықты тереңдететiн болады» деп бекiттi. Теңiздiң құқықтық мәртебесi арнайы қабылданатын конвенцияда көрсетiлмек. Ал шекара бөлiсi айқындалғанға дейiн теңiздегi кеме қатынасы, балық кәсiпшiлiгi режимдерi және кемелердiң Каспий жағалауы мемлекеттердiң туы астында ғана жүзуi күшiнде болуы тиiс екендiгiмен келiстi. «Каспий теңiзiнiң бәрiн қамтитын құқықтық мәртебесiн әзiрлеу және осы мақсатта Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенцияны жеделдетiп жасау аса маңызды мiндет болып табылады» деп мәлiмдеген бестiк келiссөздi келесi жылы Бакуде жалғасыруға уағдаласты.

ОРЫСТЫҢ ЕСЕБI ТҮГЕЛ

Жасыратыны жоқ, каспийлiк кеңестiң қазiргi «бас ауруы» – «құқықтық мәртебе» мәселесi. Басқаша айтқанда, теңiз шекарасын әдiл жолмен бөлiске салу. Егер тез арада шешiмiн таппаса, мәселе ушығайын деп тұр. Теңiздi бөлiсе алмаған елдер арасындағы пiкiр қайшылықтары кейде тiптi, түрлi қақтығыстарға әкеп соққаны бар. Мысалы, Иран мен Түркiменстан әскерилерiнiң «теңiздегi территориялық тұтастықты бұзды» деген желеумен бiр-бiрiне оқ атуы, Баку мен Ашхабад арасындағы дипломатиялық қақтығыстар т.б. Оның үстiне, «Иранға қарсы соғыс ашуды көздейтiн Вашингтон Әзiрбайжанға әскери базасын орналастырғалы жатыр» деген сыбыс та талайдың тамағына тас байлаған. Кешегi саммитте Путиннiң осы мәселенi баса айтып, тiптi, арнайы қабылданған құжатта әскери күштердi тек жағалаудағы 5 мемлекет қана орналастыратынын мiндеттедi. Каспийлiк «шекара бөлiсiнде» қазақтар мен түркiмендер белсендiлiк танытуда. Себебi, табиғи байлықтың басым бөлiгi осы екеуiне тиесiлi. Кейбiр деректер түркiмендер жерiндегi табиғи газдың қорын 2,9 триллион шаршы метрге теңгерсе, кейбiр деректер бойынша, бұл көрсеткiш 20 триллионға дейiн жетедi. Еуро¬палықтардың Түркiменстанды Орталық Азиядағы «көгiлдiр отынды» Батысқа жеткiзетiн Ресейге балама мемлекет ретiнде қарастыруы тегiн емес. Бiрақ елдегi өндiрiлетiн газ бүгiнде сыртқа Кремль бақылауындағы құбырлар арқылы экспортталуда. 2003 жылы алдағы 25 жылда iшкi нарықтағы тұтынатын газды түркiмендер газының есебiнен қамтамасыз етуге құқық алды. Әрине, бұл Ашхабадқа тиiмсiз. Өйткенi, түркiмендер өндiрген «көгiлдiр отын» ресейлiк тұтынушыға нарықтық бағамен емес, келiсiмдегi арзан бағамен сатылуы тиiс. Пайдасына бүтiн Ресей iшкi нарыққа тиесiлi газын осылайша үнемдей отырып, өзi өндiрген энергоқорды Батыс Еуропа мен Украинаға өте қымбатқа сатуға мүмкiндiк алған. Қайтыс болардан сәл ғана бұрын жiберген кемшiлiгiн жөндеуге тырысқан Сапармұрат Ниязов 2009 жылдан бастап жыл сайын Қытайға газ сату туралы келiсiмге қол қойған болатын. Сарапшылар пiкiрiнше, бұл қадамның iске аса қояры күмәндi. Себебi, табиғи байлықты аспан асты елiне жеткiзу үшiн алдымен газ құбырының құрылысы қолға алынуы керек. Мың жарым шақырымнан асатын құбырдың жалпы құны 10 миллиард долларға тең. Қазiргi президент Бердiмұхаммедов қытайлармен арадағы келiсiмнен бас тартпайтынын мәлiмдедi. Бiрақ бұл нақты шарадан гөрi орыстарға сатылатын газды қымбаттату үшiн жасалынған баға саясатына көбiрек ұқсайды. Тағы бiр тиiмдi жол: «көгiлдiр отынды» үндiлiк субконтинентке дейiн тасымалдайтын құбырды Ауғанстан арқылы салу. Алайда, бұл жоспарға ауғанстандық аймақтағы саяси ахуалдың тұрақсыздығы кедергi болары анық. Орыстардың озбырлығынан құтылу үшiн ресми Ашхабад энергоқорын Ресейдi айналып өтетiн Транскаспийлiк газ құбыры (ТГҚ) арқылы тасымалдауға мүдделi. Бұл орайда мұнайын кәрi Каспийдiң арғы жағалауына БТД (Баку-Тбилиси-Джейхан) құбыры арқылы жөнелтетiн қазақтардан үлгi алса, жетiп жатыр. Қазақтың мол көлемдегi «қара алтыны» Кап тауының етегiндегi елдердi жағалай отырып Түркияға, одан ары еуропалық нарыққа осылайша жеткiзiлуде. Алайда, ТГҚ жоспарын iске асыруға қаржылық қиындықтармен бiрге теңiз жағалауындағы 5 мемлекеттiң «құқықтық мәртебе» мәселесiн бiржақты ете алмауы кедергi болуда. Егер аталған мәселе шешiмiн тапса, ТГҚ жобасын қолға алу мүмкiндiгi ұлғая түсерi хақ. Әрине, газды Иран арқылы жеткiзуге де болады. Бiрақ кейiнгi кездерi әлемдiк саяси сахнадағы Тегеранның ядролық бағдарламасы төңiрегiнде туындаған даудың кесiрiнен көптеген елдер ирандықтарға санкция енгiзiп жатқаны белгiлi. Демек, мұндай жобаны қолға алуға кез келген ел тәуекел ете қоймайды. Сарапшылар пiкiрiнше, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы iрi энергетикалық тасымал мемлекетiне айналуға жанталасып жатқан әзiрбайжандар газды өз елдерi арқылы тасымалдауға түркiмендердi көндiрсе, Каспий төңiрегiнде орын алған мүдделер қақтығысы оңай шешiлмек. Әрi каспийлiк аймақты бүкiл әлемге шикiзат өндiрушi және тасымалдаушы мемлекет болып табылатын Ресей мен Парсы шығанағы елдерiне бәсекелес ретiнде танытпақ. Бiрақ «өзара ынтымақтастық және серiктестiктi» баса айтқан Тегеран мұндай жоспарды қолдамайды. Иранды әсiресе, Қазақстан мен Түркiменстан газын Әзiрбайжан арқылы Еуропаға жөнелтуге мүмкiндiк беретiн құбыр қатты алаңдатады. Каспий түбiне салуды жоспарлайтын құбыр iске қосылса, Тегеран барлық пайдадан қағылмақ. Яғни, барлық энергетикалық ағын ирандықтардың жерiн айналып өтiп, АҚШ пен Батыстың орталықазиялық аймақатағы ықпалы артпақ. Сондықтан аймақтағы аса қауiптi сейсмикалық ахуал мен Каспийдегi аса үлкен экологиялық апатты сылтауратқан ирандықтар теңiз түбi арқылы өтетiн қандай да бiр құбырдың салынуына жол бермейтiнiн ашық айтып отыр. Тегерандағы басқосуда Путин «мұнай мен газ құбырлары құрылысына қатысты кез келген жоба тек 5 мемлекеттiң келiсiмi бойынша жүзеге асуы тиiс» деп байбаламдауы да осыған қатысты. Мұндай ескертпенiң астарында: «Батыс қолға алғалы жатқан «Набукко» газ құбырының құрылысына балта шабам. Ресей АҚШ пен Батыстың кез келген жобаларына қарсы, пайдадан қағылуға әсте жол бермеймiз» деген сес жатыр.

ҰЙЫМ КIМГЕ ТИIМДI?

Бұған дейiн Путин табиғи газ ұйымын құру туралы бастама көтерген. «Қара алтынның» басбұйдасы қолында отырған ОПЕК секiлдi. Сарапшылардың көпшiлiгi Путиннiң бұл жоспарын АҚШ пен Батысқа қысым жасау құралы ретiнде қарастырып, аттанға басты. Олардың қорқатын жөнi бар. Энергоқорды тасымалдауда украиндар мен беларусьтар арасындағы баға дауына қатысты кикiлжiңнен кейiн «уәдеге берiк серiктес» атағынан айырылып қалған Ресейге кәрi құрлық сенiмсiздiкпен қарайды. Қыстың көзi қырауда жылу мен жарықсыз қалу, бүрсең қағып қараңғыда отыру кiмге ұнайды дейсiз?! РФ сыртқы iстер министрi Ивановпен кездесуiнде ирандықтардың рухани көсемi Аятолланың орыстарға «АҚШ-қа бiрiгiп қарсы тұрайық» деген ұсынысы отқа май құя түскен. Мұндай саяси «белсендiлiктен» қауiптенген америкалық және еуропалық саясаткерлер алдын алу шараларын қарастыру керектiгiн айтады. Десек те, орталықазиялық аймақтағы энергоқорды Кремльдiң уысына салып беретiн «көгiлдiр отын» ұйымының құрыла қояры күмәндi. Себебi, шикiзат өндiретiн елдердiң барлығы бiрдей Иран мен Венесуэла секiлдi АҚШ-қа өшпендiлiк көзқараста емес. Ал Катар – Вашингтонның одақтасы, Алжир Франция мен Еуропаны сағалайды. Каспийлiк аймақ пен Таяу Шығыстың газына көз сүзген Ресей нақты iстен гөрi еуропалық нарыққа ауыз салған Газпромның жолындағы кедергiлерден психологиялық тұрғыда қысым жасау арқылы құтылуды көздейтiндей. Оның үстiне, кәрi құрлықтың нарығына шығуды армандайтынын Газпромның жетекшiлерi жасырмайды да. Егер орыстардың мемлекеттiк компаниясы Еуроодаққа мүше елдердiң тұтынушыларына тiкелей тасымалдайтын болса, еуропалық энергетикалық компаниялардан күш кетедi. Бұл кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарын Кремльдiң аяғына жығып берумен тең. Сондықтан энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн күн тәртiбiне шығарған батыстықтар қиындықтан өз бетiнше шығуға тырысуда. «Набукко» газ құбырының құрылысын тезiрек бастауға құлшынулары соның дәлелi iспеттес. Жалпы көлемi 3000 шақырымға созылатын «Набукко» Түркиядан бастау алып, Балқан түбегi мен Орталық Еуропа арқылы Австрияға дейiн жеткiзiлмек. Құбырға Қазақстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан, Иранның «көгiлдiр отыны» пайдаланылуы тиiс. Голландияның бұрынғы сыртқы iстер министрi Джозиас ван Аартсен жетекшiлiкке тағайындалған «Набукко» жобасына австриялық OMV, венгриялық MOL, түркиялық Botas, болгарлық Bulgargaz бен румындық Transgaz акционерi болып табылады. Келешекте орыстар iшкi нарықты «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз ете отырып, экспортқа шығаратын газды қатар өндiруге қабiлетсiз болуы мүмкiн. Мұндай қатердiң алдын алу үшiн Қазақстан, Түркiменстан мен Әзiрбайжан газын орыс жерi арқылы тасымалдауға мүдделi. Бұл орайда, сырттай Еуропаға одақтас көрiнгiсi келгенмен, Америка да орталықазиялық энергоқордан дәмелi. Иранның табиғи газын кәрi құрлыққа жеткiзуге кедергi жасаудың басты қадамы – ядролық бағдарламадан бас тартпағанын сылтауратқан Вашингтон Тегеранға қарсы санкция енгiздi. Мұндай жаза ирандық нарықпен тығыз байланыс орнатқан еурлпалық кмопанияларға керi әсерiн тигiзгенi анық. Мұндай «жазаны» америкалық кәсiпорындар да құптамайды. Себебi, АҚШ ирандық билiкпен серiктестiк қатынас орнатқысы келетiн компаниялардың барлығын бiрдей тезге салуды көздейдi. «Құрама Штаттар Иранның энергетикалық қорын «Набукконы» толтыруға емес, еуропалық нарыққа шығаруын қолдайды» деп ашық мәлiмдеулерi сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары