ДЕБЮТТIК ФИЛЬМДЕР ДҮЛДIЛГЕ АЙНАЛА МА?

ДЕБЮТТIК ФИЛЬМДЕР ДҮЛДIЛГЕ АЙНАЛА МА?

ДЕБЮТТIК ФИЛЬМДЕР ДҮЛДIЛГЕ АЙНАЛА МА?
ашық дереккөзі
267

Өнердiң өзге салалары секiлдi қазақ киносы да дамудың көшiнен қалмауға тырысып, ол жолда көптеген еңбектер де жасалынып жатыр. Жаңа фильмдердiң тұсаукесерлерi, оларды талқылау, жарнамалау секiлдi жұмыстар күн ережелерiнен түспейдi. Әртүрлi кинофестивальдердiң ұйымдастырылуы қазақ киносының деңгейiн, бағытын, аяқ алысын бақылап, дамуына қосар үлесi зор. Қыркүйек айында өткен «Шәкен жұлдыздары», «Еуразия» кинофестивальдерi осыған негiзгi мысал бола алады.

«Шәкен жұлдыздары – 2007» Бесiншi Алматы Халықаралық кинофестивалi отандық жас кинематографистердiң әлемдiк аренадағы орнын анықтап, алға жетелеуге бiрден-бiр үлес қосар байқау болды. Бағдарлама «Жастар киносы», «Студенттiк кино», «Толық метрлiк көркем фильм», «Қысқа метрлiк көркем фильм» номинациялары бойынша сараланды. Осылардың iшiнде өте бiр маңызды номинация «Дебюттiк фильмдер». Бұл номинациядағы фильмдер жанр шектеусiздiгiмен ерекшеленедi. Оның iшiнде деректi, анимациялық, көркем фильмдер де бар. Аталмыш номинация бойынша отандық режиссерлердiң «Бала, күз және бiр стакан компот», «Жаным садаға», «Ұмайдың түсi», «Чечетка – 2007», «Анидерес, эпизод 1, көлеңке», «Жалмаушылар», «Алтын балық туралы» фильмдерi сайысқа түстi.

«Жебе» киностудиясы түсiрген Нұриддин Паттеевтiң «Алтын балық туралы» фильмi ауылдағы қарапайым баланың арманының бiр сәтiн көрсетедi. Ғажайып ертегiнi тыңдаған балалар, ертесiне ауыл сыртындағы көлден алтын балық ұстауға аттанады. Жолында бұзық балаға кездесiп, ол бұл саяхатшылардың мақсатын күшпен бiлiп алады. Таңдалған музыка эпизодтармен жақсы үйлескенi анық. Фильм соңында балалар алтын балыққа қол жеткiзiп, өз армандарын айтады. Балатiлек сүйiктi әженiң белi жазылып, қанаты сынған көгершiннiң оңалуын қалайды. Фильм көркемдiгi мен режиссерлiк шеберлiк жөнiнен орта дәрежеде деуге болады. Диалог дұрыс таңдалмаған, балалар сөздерi өте нанымсыз естiледi. Дегенмен, бұзық бала кейпiндегi кейiпкер өз рөлiн жақсы ойнап шықты.

Қазiргi күннiң өзектi мәселелерiнiң бiрi – Мұрат Мусинның «Бала, күз және бiр стакан компот» фильмiнде көрсетiлген. Туған тiлiн бiлмейтiн қазақ бала қазақ мектебiне ауысады. Сегiз жасар балаға жаңа ортаға сiңiсу көптеген кедергiлермен өтедi: ендi iшкелi тұрған компотын төгiп кету, аңдаусыз аяғынан шалу, көйлегiн жыртып кету секiлдi қылықтарды бастан өткiзедi. Орысша сөйлей алатын бiр баламен танысып, ендi онымен дос болуға ойланады. Алайда ол бұны қиын сәтте тастап қашып кеттi. Тiл бiлмегендiктен тапсырмаларды түсiну ауыр соқты. Жас балаға осындай сыннан өту әлi де бiршама қиындықтар тудыруы анық, алайда баланың жiгер-күшi мықты. Фильмнен байқауға болатын тағы бiр жағдай – қазақ мектебiнiң дәлiздерiнде, көшеде қазақ балаларының орысша сөйлесетiндiгi. Бұл балаларға әр тiлдi бiлгеннен зиян жоқ, алайда болашақта олардың да дүбәрә сөйлеп, өз ана тiлiнде шала былдырламасына кiм кепiл?

Нұрдулла Балмановтың «Жалмаушылар» фильмi қасапшылықпен айналысатын кәсiпкер туралы.«Тышқанға – өлiм, мысыққа – ойын» салыстырулар арқылы көрсетiлген. Қасапшы қан сасыған қасапханада сиырларды әкелiп сояды. Басты акцент сиырлардың көзiне берiлген. Бұдан кейiнгi көрiнiсте мейрамхана мәзiрiнен ауқаттанып отырған арзан әшекей тағынған жас сұлу. Қасапхана мен мейрамханадағы жағдайлар параллельдi түрiнде берiлiп отырады.

«Чечетка – 2007» фильмi Қанағат Мұстафин режиссерлiгiмен түсiрiлген. Фильм басынан бастап кейiпкерлердiң тек аяқтарын ғана түсiредi. Фильмдегi оқиға желiсi жас жiгiттiң өзiне деген сенiмi мен қамқорлығының нәтижесiн көрсетедi. Чечетка билейтiн ол залға келiп жаттығу жасайды. Жолдасы телефон шалып, ертеңгi жарысты ескертедi. Есiктiң алдына шыққанда жаулары алдымен шалып құлатып, сосын аяғын тепкiлеп, таяқпен ұрғылайды. Алайда бишi бұл қатыгездiкте де, өнер сайысында да жеңiмпаз болады. Осы жолда қолданған қарапайым ғана ереже қандай болды?

Берлиндегi жоғарғы оқу орнын режиссура мамандығы бойынша бiтiрген Элке Хауктың «Карагер» фильмi есiмдi адамның өмiрiнен мағлұмат бередi. Ол қарапайым қызметкер, бiр қызы бар, әйелiмен түсiнiсуi қиын. Өмiрден өз орнын таппай жүрген адамға ұқсайды, әйелiмен ажырасу үстiнде, отбасынан айырылу қауiпi бар. Кей жағдайда бәрi оңай шешiлген секiлдi, келесi сәтте олай емес екенi анықталады.

Қалдыгүл Жаныбаеваның «Жаным садаға» фильмi әке мен бала арасындағы махаббат пен жан туыстығын көрсетуге тырысқан. Әкенiң ақ арманы жалғызының амандығы, соның үстiнде жаны құрбан. Жолдастарымен саяхатқа шыққан ұлды әртүрлi қатерден қорғаушы бiр адам бар. Ол, бiр қарағанда, Қыдыр ата секiлдi. Фильм соңында оның баласының амандығын қалаған әкенiң асыл тiлегi екенi анықталады.

Көрсетiлiмдегi тағы бiр фильм – «Мен» деп аталады. Қырғыз режиссерi Тынчтық Абылқасымовтың төл туындысында бiр баланың сценарий жазу жұмысын көрсетедi. Ол «Хлеб», «Любовь», «…», «Я» секiлдi бiрнеше атаулармен сценарий тақырыбын күнде өзгертедi. Бұл шабытының таусылғандығы немесе ойсыздықтың көрiнiсi екенi даусыз.

Эстония режиссерi Кадри Коузардың еңбегi де бұл сайыста бақ сынады. Оның «Магнус» фильмi қазiргi замандағы бiр ащы шындықтың шетiн шығарды. Жағымсыз тәрбие мен қараусыздық, жауапсыздық салдарынан айықпас өкпе ауруына душар болған жас жiгiт Магнустың ойсыз тiршiлiгi көрсетiледi. «Аяулы әке, асыл ана» ұғымдары бұл отбасыны айналып өткендей. Есейген ұл бұл қатыгез өмiрден өз орнын таба алмайды. Әке тiршiлiгi жағымсыз қылықтың жиынтығы ғана секiлдi, сондықтан да әке мен бала арасында шиеленiскен байланыс орнаған. Бұның бәрi бiр сәтте аяқталады. Тiршiлiктiң мәнiн ұға алмаған жас Магнус барлығының шешiмiн өзi тапты.

Қорыта келе айтарымыз, «Дебюттiк кино» сайысында қатысқан фильмдер көркемдiк пен шеберлiк жөнiнен орындалуы әрқилы. Көпшiлiгiнiң идеясын, оның жеткiзiлу жолын түсiну қиындықтар туғызады. Қазақ режиссерлерiнiң «күрделiлiкке» «қатты ұмтылатындығын» көремiз. Тақырыптар алуандығын да байқауға болады. «Шәкен жұлдыздары – 2007» бесiншi Алматы Халықаралық кинофестивалiнiң Гран-при жүлдесiнде» «Дебюттiк кино» номинациясы бойынша бақ сынаған Сербия елiнiң режиссерi Срдан Голубовичтiң «Қақпан» («Ловушка») фильмi жеңiп алды.

Ақмарал КЕМЕЛХАНОВА,

Қазақ Ұлттық өнер академиясының студентi

Серіктес жаңалықтары