ҚАЗАҚ КӨШIНЕ КIМ КЕДЕРГI?

ҚАЗАҚ КӨШIНЕ КIМ КЕДЕРГI?

ҚАЗАҚ КӨШIНЕ КIМ КЕДЕРГI?
ашық дереккөзі
275

Бiраз уақыт қоғамдық пiкiрдiң назарынан тыс қалған көшi-қон мәселесi қайта маңызды сипатқа ие бола бастады. Оған себеп – Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Көшi-қон комитетi асығыс-үсiгiс қабылдаған Қаулы мен Көшi-қон тұжырымдамасы.

Оралмандардың квотасына орай 10 балдық кедергi ойлап тапқан атышулы Қаулы қабылданғаннан кейiн, бұған қазақтiлдi ақпарат беттерiнде кәдiмгiдей қарсылық бiлдiрiлдi. Оған Ж. Әбдиев мырза да үн қатуды жөн деп тауып, «Жас қазақ» газетiне «Квотаға кiре алмай жүргенiне оралмандардың өздерi кiнәлi» (№41, 19 қазан, 2007 жыл) деген сұхбат берiптi. Шағын ғана сұхбаттан түсiнгенiмiз, Әбдиев мырзаның Көшi-қон комитетiне басшы болып барғанға дейiн (бәлкiм кейiн де), оралмандар туралы түсiнiгi тым таяз болғаны. Қазақстан мемлекетi ұстанып отырғандай, шеттегi қазақты отанына шақыру, сөйтiп, қазақтың мемлекетiн құру – басты стратегиялық бағытымыз деген ой қаперiне де кiрмегендiгiн айтады. Айталық, «оралман десе «бейшара», «қиыншылықтан бас көтере алмай жүрген жан» деген түсiнiк қалыптасып қалды. Мен де бұрын солай ойлайтынмын. Үш жылдан берi ол көзқарасым өзгердi» дейдi. Демек, Жазбек Ниетұлы аталған лауазымға ие болмас бұрын, оралманға кәдiмгi босқын ретiнде қараған. Сонда оған дейiн депутаттық креслоның дәмiн татқан шенеунiк Парламент қабырғасында жүрсе де, мемлекеттiк маңызы бар мәселеге бас ауыртпағаны ма? Бiздiңше, жоғарыдағы көзқарасты басқа емес, осындай мәселенiң анық-қанығын бiле бермейтiн шенеунiктердiң өздерi қалыптастырып отыр.

Сондай-ақ, Көшi-қон комитетiнiң басшысы «Квотаға ене алмай жүргенiне, бөлiнген ақшаны ала алмай жүргенiне оралмандардың өздерi ғана кiнәлi. Тиiстi құжаттарды дер кезiнде заң талабымен әзiрлемейдi. Немесе екi жерден ақша алуға ұмтылады» деген. Әуелi, Iшкi iстер министрлiгiне қарасты Көшi-қон полициясының алдына барып, құжат жинау мәселесi қалай жүрiп жатқанын көзiмен көрiп, көңiлiне бiрдеңе түйе алды ма екен? Алысқа бармай-ақ қояйық осы жақында ғана көшiп келген апайымның құжаттарын реттеу мақсатында Алматы қалалық Көшi-қон полициясының есiгiн қаққаным бар. Онда бармас бұрын ең алдымен, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығынан шеттен келген адамның қазақтығын растайтын анықтама қажет екен. Қауымдастықтың құжат бөлiмiнiң телефонын терiп, мән-жайды бiлмек болып едiм. Телефондағы әңгiменi оқырманға қаз-қалпында ұсынуды жөн көрiп отырмын.

«— Алло, сәлеметсiз бе? Бұл Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының құжат бөлiмi ме екен?

— Иә.

— Сiздер «қазақ» деген куәлiк бересiздер ме?

— Жоқ.

— Ендi қандай куәлiк бересiздер?

— Ешқандай.

— Түсiнбедiм, маған әуелi сiздерден куәлiк әкел демедi ме?

— Бiз анықтама беремiз.

— Бағанадан берi неге солай түсiндiрiп айтпайсыз? Шеттен келген қазақты құшағын жая қарсы алатын сiздiң қарым-қатынасыңыз бұлай, басқаларға не жорық?» осыдан кейiн ғана телефонның ар-жағындағы дауыс сәл жұмсарғандай болды. Ол анықтаманы тегiн берiп отырса бiр жөн, әр оралманға құны 250 теңге тұратын екi жапырақ қағаз бередi. Соның өзiн әлдеқандай ғып бұлдап тұрмыз. Ол ол ма? Ертеңiнде аталған анықтаманы алуға барған адамдарымыздың да тауы шағылып оралды. Қарым-қатынас тым дөрекi. Сұраған сауалдарыңның көбi жауапсыз қалады. Демек, қызмет көрсету мәдениетi бiзде әлi қалыптаспаған.

Ал, Көшi-қон полициясының алдында қара нөпiр халықтан көз тұнады. Тiркеуге тұру үшiн төлеуге тиiстi мемлекеттiк баж салығын бұрын осы мекеменiң өз iшiндегi кассаға өткiзiп келген болса, ендi оны Төле би мен Ә. Шәрiпов көшелерiнiң қиылысындағы «Российский сбербанкiнiң» кассасына төлеу қажет болыпты. Онда ұзын-сонар кезек. Оның тiптi, бөлiмшелерiнде төленген түбiртек жарамсыз. Кассада қабылдау тым баяу. Екi түбiртектi жазып беру үшiн жарты сағаттан уақытымыз кеттi. Әйтеуiр 2 сағаттан астам уақытта алақандай түбiртекке ие болып, Көшi-қон полициясына қайта оралсақ, түскi 12-ге дейiн ғана құжат қабылдайтындықтан, оның есiгi тарс жабылған. Ертеңiнде таңертең ат сабылтып қайта келдiк. Бiр адам емес, 4 адам. Алайда, қай терезеге барарымызды бiлмей дағдардық. Бiр терезенiң алдынан кезек алып қойсақ, олар басқа терезеге сiлтедi, оған барып, бiр сағаттан кейiн кезегiмiз келгенде, олар тағы басқасына жiбердi. Әбден кешкiсiн уақыт әйтеуiр тiркеуге өткiзiп, уһ деп қайтсақ, құжатты тұрақты тiркеуге емес, уақытша тiркеуге өткiзiппiз. Ертеңiнде қайта шабылыс басталды. Қайтадан мемлекеттiк баж салығын төлеуге 2 сағатымызды жiбердiк. Арасына танысымызды салып, құжаттарды түскi сағат 12-ге дейiн өткiзiп үлгердiк. Егер, таныс болмағанда әлi күнге дейiн сабылып жүрер ме едiк. Квотаға ену үшiн ең алдымен Көшi-қон полициясында тұрақты тiркеуден өту керек. Құжат мәселесi талай жыл сөз болып, 2000 жылдардың басында реттелген секiлдi болған едi. Қазiр таз кебiмiздi қайта киiппiз. Көшi-қон полициясында оралмандарға арналған жеке терезе неге болмайды? Әрi кiрiп келген жерден кiмнiң қайда баратынына бағыт сiлтейтiн тақтайшалар неге iлiнбеген? Яғни, құжат реттеудiң осындай қиын машақатынан өткеннен кейiн ғана, құжаттар Көшi-қон комитетiнiң жергiлiктi жердегi басқармаларына келiп түседi. Квотаға ену үшiн оралман, шыны керек, сол комитеттiң қызметкерлерiнiң көзқарасына тәуелдi. Менiң естуiмше, квотаға ене алмай сандалып жүрген қазақтардың алдына 5, соңына бiр жыл болды.

Сонымен қатар, Ж. Әбдиев мырза қазақтардың квотадан тыс көптеп келiп жатқанына да тым құлықты емес. «2005 жылғы квота 15 мың отбасына бөлiнгенiмен, 28 мың отбасы көшiп келдi. 2006 жылы 20 мыңнан астам отбасы қоныс аударды. Себебi, ол елдермен арада виза режимi жоқ. Шекараны өз ерiктерiмен кесiп өтiп келiп жатыр» дейдi. Қазақтардың көптеп келуi — қуантқанның орнына мәртебелi шенеунiктi үркiтiп отырғандай. Осы жерде еңбек мигранттарына жылына бөлiнiп жатқан квотаның саны мен оларға қойылатын талап жайында бiлгiмiз келедi. Өйткенi, ол жайында ресми ақпарат сараң. Сайлау қарсаңында «Нұр Отан» партиясы 1 миллион еңбек күшiн шақыру жайында айтса, кейбiр басылымдардың жариялағанына қарағанда, Қазақстанның еңбек рыногына жылына 1 миллион адам қажет болады екен. Бiз еңбек мигранттарына құшағымызды айқара ашып отырсақ, Ресей, керiсiнше, еңбек мигранттарының жолын кесiп, оларды азайтуға барынша тырысып бағуда. Қара базарларда сауда жасап тұрған ТМД-лық мигранттарды қудалауда, әрi оларды жалдаған жұмыс берушiлерге қомақты айып салуда. Оның орнына жер-жерде жүрген қандастарына жар салып, отанына шақырды. Ал, бiз шеттегi қандастарымыздың белгiленген квотадан тыс ағылып жатқанынан үрiккенiмiз сондай, қолдан кедергi жасауға кiрiсе бастадық. Әбдиев мырза аталған сұхбатында өзiне-өзi қайшы келедi. Бiресе, «Әрине, Қазақстан қанша бай болса да: «Көшiп келiңдер! Барлығыңа көмек беремiз!» — деген уәде алған жоқ» десе, бiресе «Әрине, бiздiң стратегиямыз — дүние жүзiндегi қандастарымызды атамекенiне шақыру. Ол процесс жүрiп жатыр. Келем дегендер келiп жатыр. Ал қаулыны немесе Заңға енгiзiлген өзгерiстердi қандастарымызға шектеу қою деп түсiнбеу керек» дейдi. Яғни, қандастарымызды әкелу стратегиялық мақсатымыз екенiн айта отырып, оларға «кiм көшiп кел дедi?» дейдi. Әйтеуiр, қалай десек те, Жазбек Ниетұлы Қазақстанға қазақтың көптеп келуiне тым мүдделi еместiгiн танытып отыр.

Ал, Қазақстанның ұстанған бағыты 2015 жылы 20 миллионға жету. Демограф ғалым Мақаш Тәтiмов «Айқын« газетiнде 2015 жылы 17,5 миллионға жетемiз деген болжам жасапты. Халықаралық ұйымдар, керiсiнше, азаюы мүмкiн деген болжам жасап отыр. Бiздiңше, Қазақстан халқының саны 2015 жылы 20 миллионға таяп жығылуы мүмкiн. Бiрақ, қазақтың есебiнен емес, жылына миллиондап келiп жатқан еңбек мигранттарының есебiнен.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары