ҚАШАҒАН МӘСЕЛЕСI

ҚАШАҒАН МӘСЕЛЕСI

ҚАШАҒАН МӘСЕЛЕСI
ашық дереккөзі
301

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ ДЕГЕНIНЕ ЖЕТЕТIН СЫҢАЙЛЫ

Сонымен Қашаған төңiрегiндегi дауға әлi нүкте қойылған жоқ. 22-қазанда Қашағанды игеру жұмыстарына салынған тыйымның уақыты аяқталған. 23-қазанда Қашағанды игерушi компаниялар мен Қазақстан Үкiметi арасындағы келiссөз өз нәтижесiн бермедi. Көптеген мәлiмет көздерiне қарасақ, Қашаған төңiрегiндегi келiссөздер осы жылдың соңына дейiн жалғасатын көрiнедi.

Дәл 23-қыркүйекте Елбасы "Жер қойнауы және ондағы байлықтар туралы" Заңға қол қойды. Сөйтiп, шетелдiк инвесторларға қатаң талап қоятын заң өмiрге жолдама алды. Бұл заң бойынша, егер инвестор Қазақстанның экономикалық мүддесiне қайшы әрекетке жол берсе немесе елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрсе, шетел компанияларымен жасалған келiсiм-шартты Қазақстан Үкiметi бiржақты түрде бұза алатын мүмкiндiкке ие болмақ. Аталған заңды қабылдау iсi Қашағанды игерудегi шиеленiстен кейiн қолға алынғаны мәлiм. Қазақстан Парламентарийлерi тарихында тұңғыш рет өте тез қабылданған заң. Көпшiлiк талқысына салынған да жоқ. Бiрақ, соған қарамастан оның өмiрге жолдама алуын құптамағандар некен-саяқ. Өйткенi, онда елдiк мүдде, ұлттық қауiпсiздiк мәселесi ескерiлiп отыр.

Көптеген сарапшылардың "Қазақстан осы заңды қабылдауы арқылы шетелдiк инвесторларға есiгiн тарс жабады" деген пiкiрi де расталмайтын көрiнедi. Себебi, осы күнге дейiн ерiн бауырына алып тулап, елден ат тонын ала қашқан ешкiм жоқ. Кез келген шетелдiк компания дайын май шелпектен бас тартпақ емес. Қай-қайсысы да Қазақстан Үкiметiмен тiл табысуға пейiл. Айталық, кейбiр ресми ақпараттарға қарағанда, Қашаған келiссөзi әлi де аяқталмағанына қарамастан, оған қатысушы компаниялар, соның iшiнде бас оператор итальяндық ENI бiздiң тараптың қойып отырған талаптарына келiсетiн сыңай танытқан. Осы мәселеге орай өткен коллегия жиынында Қаржы министрiнiң орынбасары Дәулет Ерғожин келiссөздердiң ендi ғана басталғандығын айтқан. Оның сөзiне қарағанда, 22-қазанда консорциум мүшелерiмен (Agip КСО) Қазақстан Үкiметi арасындағы меморандумға қол қойылған. "Бұл меморандумда Қашаған жобасы бойынша Қазақстан өз талабынан бас тартқан жоқ. Консорциум мүшелерi оған көнбеске лажсыз" дейдi вице-министр.

Егер, Қашаған кен орнын игеру iсi алғашқы келiсiм-шарттағыдай 2005 жылы аяқталған болса, онда Қазақстан бюджетiне одан түсетiн түсiм 2008-2010 жылдары түсуi керек едi. Ал, Қашағанды игерушi консорциумның қазiргi талап етiп отырған 136 миллиард долларына Қазақстан келiсетiн болса, одан түсетiн түсiм 2020-2025 жылға дейiн созылып кетуi мүмкiн. Өйткенi, әлемдегi ең iрi кен орнын игерушi тарап бұл жобаға салған қаржысын қайтарып алмайынша, елiмiздiң қоржынына ештеңе түспейдi. Қаржы министрлiгiнiң есептеуi бойынша, кен орнын игерудi кейiнге созудан елiмiз бюджетi 40 миллиард долларға зардап шегедi екен. Сондай-ақ, соңғы бiрнеше жылда Қазақстан Әзiрбайжан, Қытай, Ресейге мұнай тасымалдаушы құбырлардың санын да, қуатын да молайтты. Бұл құбырлармен жөнелтiлетiн мұнайдың көзiн Қашағаннан алу жоспарланған. Демек, кен орны игерудi кейiнге шегеру аталған құбырларға жұмсалған қаржыны өтеуге де керi әсерiн тигiзетiн болады.

Қазақстанның Қашағанды игерушi компанияларға қойып отырған тағы бiр талабы "ҚазМұнайГаз" компаниясының үлесiн 40%-ға дейiн жеткiзiп, оны сооператор ету. Дегенмен, сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, "ҚазМұнайГаз" 40%-дық үлеске қол жеткiзе алмаса да, табыстағы өз үлесiн 18-23%-ға жеткiзуi бек мүмкiн. Жобаның бас операторы ENI компаниясы Қазақстанның бұл жобадағы табыстық үлес пайызын 25%-ға жеткiзудi айтуы бұған дәлел бола алатын көрiнедi. Бұған, бiрақ, консорциумның басқа мүшелерi келiспей отырған сияқты.

Мұнай статистикасы:

2007 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 36,48 миллион тонна мұнай мен 8,18 миллион тонна газконденсаты өндiрiлген. Бұл 2006 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда, 2,7% және 14,32%-ға артық. Табиғи газ өнiмiнiң көлемi 19,47 миллиард текше метрге жетiп, былтырғы жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артқан. Елiмiзде 1774,7 мың тонна бензин өндiрiлiп, өткен жылмен салыстырғанда, 19,3%-ға өскен.

Статистика жөнiндегi мемлекеттiк агенттiктiң мәлiметiне қарағанда, Қазақстан биылғы жылдың қаңтары мен шiлдесi аралығында 36,1 миллион тонна мұнай мен конденсатты экспортқа шығарған. Сондай-ақ, сегiз ай iшiнде 2209,5 мың тонна мұнай өнiмдерiн сыртқа шығарған. Мамандар пiкiрiне жүгiнсек, мұнай және табиғи газ өндiрiсi инвестиция үшiн ең маңызды сала болып қалып отыр. Бұл сала жалпы инвестицияның 29,3%-ын иелендi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары