МАЯТАС ОҚИҒАСЫ: “ҮРИТ-ҮРИТ, СОҚ-СОҚ!” ДЕП...

МАЯТАС ОҚИҒАСЫ: “ҮРИТ-ҮРИТ, СОҚ-СОҚ!” ДЕП...

МАЯТАС ОҚИҒАСЫ: “ҮРИТ-ҮРИТ, СОҚ-СОҚ!” ДЕП...
ашық дереккөзі
683

Маятастағы жан түршiгерлiк оқиға елдi елеңдетiп отыр. 16 жасар қылмыскердiң 4 жасар қызды зорлағаны назардан тыс қалып бара жатқандай. Бұл ауылда тұратын күрдтердiң өзi, «қылмыскерде ұлт болмайды. Қазақ жiгiттерiнiң ашумен үйдi өртеп жiбергенiне түсiнiстiкпен қарау керек» дегенiмен, бұл оқиға әлi де шешiмiн таппай отыр. Қазақтардың жан азабын түсiнуге болады, бiрақ, бұл оқиғадан аз ұлттардың қысым көрiп жатқандығын айтып, халықаралық ұйымдардың табанын тоздырып жүргендердi қалай ұғуға болады? Бiздiңше, бұл оқиғаны ұтымды пайдаланғысы келiп жатқандар да жоқ емес сыңайлы.

Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысы Iшкi iстер департаментiнiң өкiлдерi «қарапайым қылмысты саясиландырудың қажетi жоқ. Керiсiнше, пана болған жергiлiктi қазақтарға алғыс айтушылар көп» дегендi алға тосуда. Соңғы мәлiметтерге сүйенсек, облыстық штаб пен облыстық Iшкi iстер департаментi қызметкерлерi жағдайды бақылауға алып отыр екен. Аталмыш департаменттiң баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова мен облыс әкiмшiлiгiнiң баспасөз хатшысы Бейсенбай Тәжiбаевтың сөздерiне қарағанда, ауылдағы бүгiнгi ахуал түзелiп келе жатқандай. «Жағдай бақылауда тұр. 500 полиция қызметкерi, ҰҚК, прокуратура өкiлдерi әлi де Маятас ауылындағы оқиғаны бақылап отыр»,–дейдi Салтанат Қаракөзова.

Ал, «аз ұлттар қысым көруде» деп байбалам салғандардың сөзiне сүйенсек, «Ұлттық сипатқа қарай қуғындау жүрiп жатыр. Бұл халықаралық талаптарға қайшы. Бiз курд халқын қорғауға дайынбыз. Алматыдағы босқындар iсi жөнiндегi жоғары комиссиариатпен байланысып, барлық ақпаратты беремiз. Егер қажет болса, күрдтердiң елден кетуiне жағдай жасап, құжаттарын дайындаймыз»,–дейдi Николай Тарара, Қазақстан халықаралық адам құқықтарын қорғау жөнiндегi ОҚО филиалының заңгерi.

Жас бүлдiршiннiң қорлануы жандарына батқан соң, бүлдiршiндердiң туысқандарының осындай қадамға барғанын ескерiп жатқан ешкiм жоқ. Олардың бұл iс-әрекетi ұлтараздықты қоздырушы болып табылмақ па, сонда? Қайта, кейбiр деректерге сүйенсек, ұлтаралық қысым көргендерiн айтып, шағым жасап жатқан ешкiм байқалмайтын сыңайлы. Қайта баспанасыз қалған кейбiр күрдтердi қазақтар өз үйлерiне паналатып жатқанын айтады. Демек, мұнда ешқандай да ұлт араздығын тудыратын мысалдарды көрiп отырған жоқпыз. Оған дәлел, тұрғындардың өздерi. Сондай тұрғындардың бiрi, Кадр Эфендиев: «Мен жергiлiктi тұрғындарға алғыс айтамын, көптеген қазақтар бiзге бой тасалауға көмектестi, үйiмiз өртенiп жатқанда балаларымызды алып шықты. Қазiр отбасыммен сол жолдас қазақ жiгiттердiң үйiн паналап жатырмын. Мен оларға қарыздармын. Бiздiң бұл оқиғаға қатысымыз жоқ. Әу, баста-ақ айуандыққа барған Ильшатты шариғат заңына сәйкес жетi бөлiкке бөлiп тастайын деген едiк. «Бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi», бiр жаманның кесiрi бәрiмiзге тидi. Бұл оқиғаға байланысты бүтiн бiр күрд халқы немесе қазақ халқы туралы терiс пiкiр туындамау керек»,–дейдi.

Халықаралық ұйымдар мәселенiң бояуын қоюландырмай, оқиғаға дұрыс көзқараспен қарар деген үмiт полиция қызметкерлерiнiң көкейiнен әлi кете қоймаған. Олардың пайымынша, терiс ақпарат таратқан ел iшiне iрiткi салуды көздеген белгiсiз топтардың iс-әрекетi болуы мүмкiн.

Әзiрге, ауыл тыныш сыңайлы. Қалай болған күнде де, қылмыскер жазасын алуға тиiс. Ар азабы – жан азабы. Ар азабы ұлтқа, ұлысқа бөлiнбейдi. Кiп-кiшкентай бүлдiршiннiң тағдырын да ойлаған жөн. Оның орнына, «аз ұлттарға қысым көрсетiлiп жатыр» деп байбалам салып жатқандар, кiп-кiшкентай бүлдiршiннiң орнына өздерiн қойып көрдi ме екен?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары