АЙРАН IШКЕННIҢ АРМАНЫ ЖОҚ

АЙРАН IШКЕННIҢ АРМАНЫ ЖОҚ

АЙРАН IШКЕННIҢ АРМАНЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
245

Алматы қаласының iргесiндегi Чапаев ауылында таяуда «Фуд стар» сүт өңдеу зауыты ашылған едi. Аталмыш зауыт тәулiгiне 20 мың тонна сүт өңдеуге арналған жаңа заманғы технологияларға сай жабдықталған.

– Бiз айран да өндiретiн боламыз. Кефир емес, кәдiмгi айран. Ауылда туып-өскендер бала күндерiнде iшкен, дәмi таңдайдан кетпейтiн бал айранды жақсы бiледi. Тiк салынған қасық құламайтын қою айранды ендi қалалықтар да iшiп көрсiн. Қою айранды iшкен де арманда, iшпеген де арманда ғой, – деп күлген Бауыржан Ибрагимов өзiн қаумалай қоршаған журналистер қауымына. Иә, қазақтың қою айранын қаз-қалпында, дәмi мен сапасына ешқандай нұқсан келтiрмей көп көлемде өндiрудiң жаңа,озық технологиясы елiмiзде ендi-ендi ғана қолға алынып отыр. Сол озық технологияны Бауыржан Ибрагимов басқаратын «Фуд стар» ауылдық тұтыну кооперативi алғашқылардың бiрi болып өз жұмыстарында пайдаланбақшы. Сүттi өңдеп, табиғи қалпын сақтай отырып, еш қоспасыз халыққа ұсынуды көздейтiн аталмыш сүт зауытына батыстағы Бельгиядан қымбат әрi өте тиiмдi сүт құрылғыларының әкелiнуi де осы мақсатқа жету үшiн жасалған маңызды қадамдардың бiрi. Зауыт бұл құрылғылардың көмегiмен сүттен 7 түрлi тағам дайындамақ. Онда iрiмшiктiң, қазiр жұртшылықтың аңсар асына айналған иогурттың түр-түрi, қаймақ, Бауыржан Ибрагимов ишаралап тұрған қою айран да өндiрiлетiн болады.

Айтпақшы, бұл Бауыржан – көрермендерге кеңiнен танымал әртiс, «Бауыржан-шоудың» шаңырағын көтерiп, өнерде өз биiгiн бағындырған Бауыржан Ибрагимов. Талантты жанның қай iсте де талантты болатыны бағзы замандардан белгiлi қағида. Сондықтан да бабамыз қазақ азаматтарын «Сегiз қырлы – бiр сырлы» қалпында ғана таниды әрi мойындайды.

Алматы облысының Iле ауданына қарайтын Чапаев ауылында ашылып отырған «Фуд стар» сүт өңдеу зауыты осы елдi мекен тұрғындарының бiразын да еңбекпен қамтымақшы. Алматы қаласының iргесiнде орын тепкен дегенi болмаса, бұл ауыл да бүкiл Қазақстандағы барша ауылдар сияқты құлдырауды бастан кешкен. Ендi-ендi ғана еңсе көтерiп, тiрлiгi түзелiп келедi.

Iле ауданында қазiргi таңда 35 мың бас мүйiзi iрi қара болса, соның 21 мыңы сауын сиырлары көрiнедi. Көп пе, аз ба? Гәп онда емес, әңгiме олардың өнiмдiлiгiнде. Шындықты мойындауымыз керек, қазақ даласының сиырлары сүттiлiгiмен жұртты таңқалдыра қойған емес. Бауыржан Ибрагимов өзiне қарасты «Ақ бура» шаруа қожалығындағы 500-ден астам сиырдың сүт өнiмдiлiгiн ұлғайту үшiн Голландиядан, Ресейден, тiптi, мынау iргемiздегi Қырғызстаннан да асыл тұқымды iрi қараны алдыруға әуес. Жәй әуестiк қана емес, мұның бәрi мал тұқымын жақсарту, асылдандыру мақсатында тынымсыз атқарылып жатқан саналы әрекеттер мен iзденiстер.

«Фуд стар» зауытының көз тартатын ғимараты да кеңес кезiнде құрылысы басталып, аяқталмай,ұзақ жылдар қараусыз қалған балабақшаның орны. Соның құрылысын аяқтауға, дәлiрегi қайта салуға орасан зор қаржы, күш-жiгер керек болғаны бесенеден белгiлi. Бауыржанның өзi айтқандай: «Мұндағы жұрт менi әртiс деп емес, осындағы құрылысшы өзбектердiң бригадирi деп жүр». Елiмiздегi ауыл шаруашылығын қайта көтеру мақсатында құрылған «Аграрлық несие корпорациясы» бөлген 150 миллион теңге несие «Фуд стардың» аяғынан қаз тұрып, өз өнiмдерiмен қала жұртын қуантарына кепiл.

Бәлкiм, Бауыржан айтқан табиғи қою айранды iшкен қалалықтардың бiр арманы орындалатын күн де туар…

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары