ТАҒЫ БIР «ПРОТОН» ҰШТЫ
ТАҒЫ БIР «ПРОТОН» ҰШТЫ
6-қыркүйекте Елбасы Жезқазған облысында ресми сапармен жүрген шақта, тура жанынан құлаған «Протоннан» кейiн, Қазақстан Үкiметi оның Байқоңырдан ұшырылуына тыйым салған болатын. Сол кездегi бiздiң Үкiметтiң бетi қатты едi. Қолданатын шара аса қатаң, сұралатын өтемақы тым жоғары болатындығын ескерткен. Үкiметтiң бұл шұғыл мәлiмдемесi Ресей президентiне әсер еткенi соншалық, екi ел президенттерiнiң кездесуiнде салқын қабақ танытуға дейiн жол берген. Бiз елiмiздiң аяқасты мiнез көрсетуiне сүйсiнiп, алақанымызды соқтық. Уралап бөркiмiздi аспанға аттық.
Бiрақ, «Бақсақ, бақа екен» демекшi, Үкiметтiң бұнысы айла ғана екен. Жарылыстар мен полигондардан көз ашпаған халқымыздың ашу-ызасын қоздырмаудың амалы ғана. Олай демеске лаж да жоқ. Дәл сол кезде құрылған мемлекеттiк комиссияның мәлiмдеуi бойынша, Байқоңырдан ендiгi ұшырылатын «протондарға» бұл жолғы апаттың салдары анықталып, өтемақысы төленбейiнше тыйым салынуы тиiс болатын. Қазақстан бұл «протоннан» келген зардапты 74 миллион долларға бағалады. Ресей оған келiсе қоймады. Екiжақты келiссөздер нәтижесiнде өтемақы мәселесiн тек осы жылдың желтоқсан айына дейiн анықтау көзделдi. Демек, «протон» да желтоқсан айынан кейiн ұшырылуы тиiс болатын.
Дегенмен, сол кездiң өзiнде Роскосмос төрағасы Анатолий Перминов келесi «Глонасс-М» жерсерiгiнiң үшеуi қондырылған «Протон-К» зымыранының 25-қазанда ұшыруға мүдделi екенiн мәлiмдеген. Ақыры, Ресейдiң «ақ» дегенi– алғыс, «қара» дегенi –қарғыс екенi тағы бiр дәлелдендi. 24-қазанда премьер-министр Кәрiм Мәсiмов «протон» ұшыруға салынған тыйымның күшiн жоятын Қаулыға қол қойды. Бәлкiм, Республика күнi зымыран тағы апатқа ұшырап, елдiң ұлық мәртебелi мейрамының салтанатына кедергi келтiредi деп ойлады ма екен, 25-шi қазан күнi ұшуға тиiс «протонды» 26-қазанға шегере тұруын өтiндi. Ресей оған, әрине, қуана-қуана келiсiмiн бердi. Сөйтiп, жұрт демалып жатқан сәтте Байқоңырдан кезектi «Протон-К» зымыран ғарышқа ұшырылды. Ешқандай апат орын алған жоқ. Бәрi ойдағыдай өттi. Жыл аяғына дейiн тағы үш жерсерiгi бар зымыран ұшырылмақ.
Сөйте тұра, Ресей мен Қазақстан қыркүйектiң 6-сында құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан келген зиянды әлi анықтай алмай отыр. Қазақстанның сұраған өтемақысы Ресей үшiн тым жоғары болғандығын айттық. Анатолий Перминов зымыран ұшыру мәселесi өтемақы төлеу мерзiмiне тәуелдi емес екендiгiн айтып, бұл тақырыпқа айналып соғудың қажетi жоқтығын жеткiздi. «Интерфакс» агенттiгiнiң хабарлауына қарағанда, Ресей тарапы Қазақстан жағы атаған өтемақы көлемiн төмендетудi көздеп отыр. Бiрақ, Роскосмос төлемақының қанша болуын қалайтындығын айтпаған. Ал, бiздiң қазiргi сұрап отырған төлемақымыз Байқоңыр ғарыш айлағының жартыжылдық құнына тең екен.
Есенгүл Кәпқызы