САМАЛДЫ АҢСАЙТЫН КӘСIПКЕР

САМАЛДЫ АҢСАЙТЫН КӘСIПКЕР

САМАЛДЫ АҢСАЙТЫН КӘСIПКЕР
ашық дереккөзі
242

Осыдан он жыл бұрын АҚШ-та құрылып, дүниеге келген бiрлестiктерiне бiр топ жастар туған жерге деген сағыныштарынан болар, «Атамекен» деп ат қойып, айдар тағыпты. Елдiң игiлiгiне, халықтың әлеуетiн жақсартуға қызмет етiп жатқан сол компания бүгiнде «Атамекен холдинг» Қаржы және Өнеркәсiп тобы акционерлiк қоғамы деп аталады. Қазiр бұл холдингтiң құзырында 20-ға жуық кәсiпорын бар. Ал осы iстердiң ұйтқысы, басқарма төрағасы Ұзақбай Айтжановты көпшiлiк қауым әуелi iскер азаматтығы үшiн ғана емес, ұлтжандылығы үшiн құрметтейдi. Мәдениетке, тiлге, өнерге деген ықыласын былай қойғанның өзiнде, Ұзақбай Рүстемұлының ұлтына деген ықыласы ерекше. Уақытының көбi шетелде өткенiмен, ел үшiн, ұлт үшiн қызмет етiп жүрген кәсiпкердiң өзiмен жолығып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

– Ұзақбай аға, ұлттық буржуазия турасында пiкiр қайшылығы көп. Бiреулер ұлттық буржуазияны әлi қалыптасқан жоқ деп жатады. Бiреулер бiр кездерi мыңғырған мал айдаған бай-шонжарларды ұлттық буржуазияның басы дейдi. Ал сiздiң пiкiрiңiз қалай?

– Әрине, бiр кездерi мыңғырған мал айдап, ауқатты болған жандардың барлығын дерлiк ұлттық буржуазияға жатқызуға болмас. Ол әшейiн феодализмнiң өкiлi. Буржуазия болу үшiн бiзде капитализм болуы керек едi.

— Демек, бiзде капитализмнiң көрiнiсi болған дейсiз ғой?..

– Бiрден социалистiк қоғамға ауысып кеткендiктен, бiзде ұлттық буржуазия қалыптасып үлгерген жоқ деп айтуға болады. Жалпы, оның өзiнде кезiндегi мал айдаған байлардың түгелi болмаса да, олардың арасында ептеп болсын кiшiгiрiм кәсiпорын ашқандары табылды. Мүмкiн соларды ұлттық буржуазияның алғышартына жатқызуға болатын шығар. «Болды» деп кез-келген нәрсенi құлақтан тартып келтiруге болады. Онсыз да көршi ауылдың барымтамен малын ұрлап, сойылмен бас жарғандарды да батыр қылып, ескерткiш қойып жатырмыз ғой… Немесе бiр ауылдың төңiрегiнде шешендiкпен көрiнгендердi «би» деп жүрмiз. Осы жағынан алғанда ұлттық буржуазияны да «бар» деп айтып көруге әбден болатын сияқты.

– Ал оның бүгiнгi қоғамдағы көрiнiсi қалай? Дәл қазiр ұлттық буржуазияның өкiлдерi бар деп ойлайсыз ба?

– Мен саясаткер емеспiн. Бiздiң қоғам капиталистiк пе, әлде басқа жолмен келе жатырмыз ба, оған мен баға бере алмаймын. Саясаттанушы ғалымдар өздерi бөлiп жiктей берсiн. Бiз өз заманымыздың талабына сай тiршiлiгiмiздi жасап жатырмыз. Бiр формациядан екiншi бiр формацияға келдiк, ендi бiр формацияға өтемiз деп ешкiм алдына ондай мақсат қойып жатқан жоқ шығар. Қазақ қоғамында ұлттық буржуазия деймiз бе, әлде кәсiпкерлiк деймiз бе, әйтеуiр алға жылжып келе жатқанымыз анық. Кезiнде небiр кәсiпорындар, мекемелер, небiр колхоз-совхоздар болатын болса, оның орнын шағын кәсiпкерлiкпен толықтыруға тырыстық. Рас, бiраз жыл қиындықтар да болды, есеңгiреп те жүрдiк. Қоғамның санасына алыпсатарлық сiңiп кете жаздап, құдай сақтады. Бiз одан асып өткен жоқпыз, кешiп өттiк. Қолдарынан келмейтiнi жоқ, мықты кәсiптiң иелерi, бiлiмдi, күш-жiгерi жетерлiк азаматтар үйде отырып қалды. Сондай қиын кезеңнен оларды құтқарған кәсiпкерлiк. Бiр адамның кәсiбi мыңның жүгiн жеңiлдеттi. Жалпы алғанда, кiшкентай цех немесе зауыт иесi мыңға жұмыс тауып бердi. Мұндай кезде адамдарда сенiм пайда болмай ма? «Мен мынадай кәсiпорында жұмыс iстеп жатырмын» деп мақтанышпен айту ғана емес, олардың бойында патриоттық сезiм де пайда болады. Мәселе, тек айлық тауып беруде емес, олардың әлеуметтiк мәселелерiн дұрыс ойластыра бiлуде. Оның үстiне, олардың кәсiптерi экономикамыздың өркендеуiне қаншама пайда әкелiп жатыр.

– Мұның бәрi өзi небәрi саусақпен санарлықтай ғана инвесторларымыздың құзырына тиесiлi емес пе? Ал, жалпы бiздiң ұлтымыздың көбiсiнiң әлi күнге дейiн өзге инвесторлардың қол астында жұмыс iстеп, тиесiлi айлығын ала алмай, жалшылықпен күнiн өткiзiп жатқаны да жасырын жайт емес…

– Бұдан да өту керек шығар. Кезiнде шетелден елдiң экономикасын көтеремiз деп инвесторлар келiп, кәсiпорындардың көбiн жалға алып жатты. Сосын амал жоқ, ағайындарымыздың денi солардың қол астында жұмыс iстедi. Қазiр құдайға шүкiр, өзiмiздiң кәсiпкерлерiмiз бойларын тiктей бастады. Сiз айтқан ұлттық буржуазияның қалыптасуының қажеттiлiгi де осында. Шет елден келген адам сырты жылтыр әдемi сөз айтқанымен, iшкi дүниесi, iшкi сезiмi «осы ел өссiн, осы ел дамысын, осы елдiң әлеуметтiк жағдайы жақсарсын» деп ойламайды. Олардың тiршiлiгiнде ондай түсiнiк жоқ. Оларда тек прагматика бар. Шетелден келген инвесторлардың барлығы тапқан ақшасын елдiң дамуына салмайды, олардың басқа оймен жүргенiн бәрiмiз бiлемiз. Бiрақ бiр кездерi олар керек болды. Көндiк те. Ендi оның бәрiн өзгерту керек. Әйтпесе, өз елiмiзде өзiмiз ел болудан, халық болудан қаламыз. Ұрпағымыздың болашағын тартып алғанмен тең бұл жағдай. «Жаман үйдiң қонағы билейдi» демей ме? Байқап отырсақ, иә, билетiп қойғандай жайымыз бар. Ал түбi жөнделедi деген сенiм де жоқ емес, оған талпыныс байқалады. Өзiмiзден шыққан инвесторлар жаңа өндiрiс орындарын салуда. Кәсiпкерлерiмiздiң көбi имандылыққа бет бұрып, мешiттер салып жатыр. Мәдениет пен өнерге де қол ұшын созып жатыр. Қазақтың талай мықты азаматтары атын әйгiлемей-ақ қыруар шаруа тындырып жатыр. Бiз бiлмейтiндерi қаншама?..

«МЫҢДАҒАН АДАМДЫ НАНЫНАН АЙЫРМАҚ»

– Бүгiнгi қаржы дағдарысы, несиенiң өсуi, iрi құрылыс компанияларының аяқ астынан тоқтап қалуы елдi елеңдетiп отырғанын жақсы бiлесiз. Бұл дағдарыстан шығудың жолы бар ма?

– Бiз тек құрылыстың айналасында жүрген компания емеспiз. Дегенмен де, негiзгi бағыттарымыздың бiрi – құрылыс екенi тағы рас. Негiзiнен құрылыс салумен, құрылыс материалдарын шығарумен, сәулет, жобалау жұмыстарымен айналысып жатқандықтан, өзiмнiң негiзгi мамандығым – құрылысшы болғандықтан, әрине, бұл мәселелерден хабардармын. Мұның бәрiне бiр сөзбен баға беруге тағы болмас. Бұл бiр әңгiменiң аясымен шектелмейдi де. Мәселенiң бәрi осыдан үш-төрт ай бұрын АҚШ-тағы несие қиыншылығынан басталды. Ол проблема экономиканың күйреуiнде емес, небәрi үш-үш жарым пайызға төмендеуiнде. АҚШ–тың ипотека жүйесi соңғы 10-15 жылда қатты дамып келе жатқан. Сондықтан да көп елдер оған қаржы құя бастады. Пайыздық өсiмсiз, кепiлдiк қаржысыз тұтынушыларға несие берiп, ал оны қайтарып алу қиындып кеткен соң, банктердiң проблемасы басталды. Бұл жағдайдың әсерiн ең бiрiншi кезекте өтпелi экономикасы бар даму жолындағы мемлекеттер сезiндi. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Бiздiң елдiң банктерi қаржысын амалсыздан тез қайтару керек болды. Екiншi деңгейлi банктер көп ойланып, басын ауыртпай ең оңай жолын тауып отыр. Оның оңай жолы, құрылыс компанияларына несие беруiн тоқтатты. Үкiмет пен Ұлттық банк ұйымдасып, бiр шешiмге келудiң орнына, бүгiнде алдарқатумен айналыса бастады. Сосын банктер амалсыздан «Бiзде ешқандай дағдарыс жоқ» деп өздерiн-өздерi алдап, берiп отырған несиенiң пайызын көбейте бастады. Бұл айналып келгенде құрылыс компанияларына соққы болып тидi. Көптеген компаниялардың қиындыққа ұшырағаны да рас.

Бұл жағдайдан шығудың екi жолы бар. Бiрiншi жолы: банктерге, қиындыққа ұшыраған компанияларға «өз мәселелерiңдi өздерiң шешiңдер» деп кеңес беру. Екiншi жолы – мемлекет тарапынан, Үкiмет пен Ұлттық банк тарапынан банктерге, компанияларға, бизнес өкiлдерiне көмектесiп, бұл жағдайды түзету. Көп мемлекеттер осы жолмен кеттi. Көршi Ресейдiң өзi осылай жасады. Қиындық болса, Ресейде де болуы керек едi. Бiрақ, олар өз нарығын ұстап қалды. Мұндай жағдайға жiберген жоқ. Бiз өкiнiшке қарай, осы дағдарысқа тап болдық. Бұл жағдайды бiрiгiп түзеудiң орнына Ұлттық банк өз бетiнше, өзге банктер өз бетiнше кеттi. Әрбiр құрылыс компанияларында қаншама мыңдаған адам жұмыс iстейдi. Олар жұмыстан айрылып қалайын деп отыр. Екi-үш айдан берi құрылыс компанияларында iстеп жатқан қызметкерлердiң жалақысы берiлiп жатқан жоқ. Алматыдағы құрылыстың 70 пайызы тоқтап тұр. Құрылыс материалдарын шығарып жатқан индустрияның жұмыс қарқыны төмендедi. Қаншама адамдар соның айналасында тiршiлiк кешiп жатыр едi. Ай сайын құрылыс компаниялары мемлекетке миллиардтаған теңге салық төлеп келе жатты. Ендi мемлекет осыдан айрылғалы тұр. Бiздiң экспортқа бағытталған бидайымыздың өзiнен қаншама миллиардтаған пайда келедi. Ол миллиардтар осы жерде жұмыс iстеуi керек. Бiле бiлсеңiз, қаржыны үш нәрсемен ұстауға болады. Бiрiншiсi, бағалы қағаздар нарығы, ол әлi дамымаған. Қаржылық нарық деймiз, ол да бiзде жоқ. Сосын ақшаны қайда салады? Әрине, жылжымайтын мүлiкке. Халықтағы қыруар ақша «шұлық» пен үйдегi «банкiлерде» жатыр. Ол ақша айналымда жүру керек қой… Сондықтан, менiңше, Үкiмет деңгейiнде жеке компаниялардың дамуына қызығушылық емес, қызғаныш туып жатқан сияқты.

«ЖУСАННЫҢ ИIСIН, ДАЛАНЫҢ САМАЛЫН АҢСАМАСАҢ, ҚАЗАҚ БОЛЫП НЕҢ БАР?»

– Сiздi халықаралық деңгейдегi проблемасы бар Арал өңiрiнен кәсiпорын ашып, елдiң әлеуметтiк жағдайын түзеуге бет бұрды деп естiдiк. Бұл да Арал өңiрiне танытқан жанашырлығыңыздың бiрi шығар?

– Биыл Қызылордаға Мұхтар Құл-Мұхаммед әкiм болып келген соң бiр күнi менi шақырып, екеумiз әңгiмелестiк. Дария тасып, үйлердiң көбi суға кеткенде, елдiң бәрiне үндеу жариялап, көмек ретiнде қаржылай ақша бөлгенбiз. Соны естiген Мұхтар: «Елiңе жұмыс орнын ашпайсың ба? Елiңе көмектеспейсiң бе?» –деп, намысымды қамшылады. Аралдан айына екi мыңнан астам балық ауланады екен. Ауланбай қаншамасы бөгеттен асып, уланып өлiп жатыр. Бiраз балықшылардың аулаған балығын сырттан келiп жатқандар азын-аулақ ақшаға сатып әкетiп жатыр. Бұрынғы балық өндiрiсiнен ештеңе қалмаған. Германияның, Оңтүстiк Кореяның, Австрияның технологиясымен танысып, балық өңдеу зауытын сала бастадық. Дүниежүзiлiк стандартқа сай жасақталған зауыт болады. Сонымен бiрге, Аралда кеме жасайтын зауыт болған. Кейiнiрек оны вагон жасайтын зауытқа айналдырып едi. Ол да тоқтап қалыпты. Бiз соны қайта қолға алып жатырмыз. Бұл зауытта келешекте мыңға жуық халық еңбек ететiн болады.

– Қаржысы бар бизнес өкiлдерiнiң көбi билiкке ұмтылып жатады. Ол сiздiң ойыңызда жоқ па?

– Әркiмнiң таңдаған өз өмiр жолы бар…

– Елде жүрiп, тiлдi бiлмейтiндер көп. Сiздiң көп уақытыңыз сыртта өтiптi. Соған қарамастан, қазақ тiлiне, ұлтқа деген патриоттығыңыздың ерекше екендiгi сезiлiп тұрады…

– Өз тiлiңдi бiлмесең, нағыз дүбәра болмайсың ба? Көршiң басына күл шашты деп, құмға аунау керек пе? Тегiңдi бiлмесең, тарихыңды, шыққан жерiңдi бiлмесең, сен кiмсiң? Ұлтыңның өкiлi екенсiң, оның мәдениетiн, тiлiн, тарихын бiлу шарт. Жат жерде жүрiп, жусанның исiн аңсамасаң, туған жердiң самалын сағынбасаң, онда таза жетiмсiң. Шет елде жүргенiмде елге қайтып келiп, жалаңаяқ жүгiргiм келетiн далада. Тау көрмеген баламыз ғой, бала кезiмiзде төбешiктердiң үстiндегi қызғалдақтарды жарыса теретiнбiз. Оның өзi бiр аптада солып қалады. Жусанды жұлып, құшырлана иiскеп, иiсiне мас болатынбыз. Әр қазақтың iздейтiнi сол ғой. Баяғы Қайсар батырдың тарихы есiңде ме? Жау батырды тұтқындап, сағын сындыра алмаған соң, есiнен адастырмай ма? Есiнен ауысқан батыр жаудың ортасында тұтқында жүредi. Бiр күнi әлгi ауылға керуен келгенде арба үстiндегi жусанды көредi. Жусанның иiсiн құшырлана иiскеп тұрып, «Апа!» деп еңiреп жылап жiбередi. Қаншама елдiң тiлiн бiлсек те, басқа елге барып, сiңiсiп кетсек те, бiз бәрiбiр ол ұлттың өкiлi бола алмаймыз. Тiл – бiздiң негiзiмiз. Оны бiлмей тұрып, халқыңды құрметтеу мүмкiн емес.

– Сөзiңiзге қарағанда, сiз кiтапқа жаны құмар адам сияқтысыз…

– Иә, қолым қалт еткенде кiтап оқимын. Қазiр шетел жазушыларының шығармаларын оқып жүрмiн. Соңғы кездерi Мураками, Вебердi оқып шықтым. Бiз олардың көбiн орысша оқимыз ғой. Оларды ана тiлiнде оқысам ғой деп ойлаймын кейде. Бiздiң небiр классиктерiмiздi, жазушыларымызды жатжерлiктер бiлмей жүргенiне өкiнемiн. Абайдың өзi толыққанды аударылмай жүр. Әбдiжәмiл ағаны оқып көрiңiзшi. Не деген терең философия. Оны шетелдiң жазушыларының деңгейiнде аударса ғой дейсiң… Олардың бәрi тар ауқымда қалып жатыр. Бiрде Парижде болғанымда, француздық бiр баспаның директорымен кездескенiм бар. Француздар Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтың «Қан мен терiн» үш бөлек кiтап қылып басқан екен. Сол француз кiтапханасында тұр екен. Соны алып келiп, кiтапты құшырлана оқығанын, сөйтiп қазақтың мәдениетiне ерекше таңданысын жасырмай айтып жатыр. Ауылда өскен жастарымыз тiлдi терең бiлiп, бiлiмдi болып ержетсе, соларды шетелде оқытуға болар едi. Олар шетелде оқып, әдебиетiмiздi өзге тiлдерге аударатын болса, ондай балалардан қаржы аямас едiм. Он бес миллион халықтың жартысынан көбi қазақ десек, сол халықтың жартысына жуығы қазақша бiлмейдi. Ал қалған жартысы қазақша оқымайды. Жер астындағы байлығымызбен, қару-жарағымызбен өзгелердi таң қалдыра алмаймыз. Бiз таң қалдырсақ, тек мәдениет, өнер, спорт, бiлiм, ғылыммен таң қалдыруымыз мүмкiн.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

P.S. Жаны да, қаны да халықпен бiте қайнасқан, ұлттың мәселесi дегенде жүрегiн суырып беруге әзiр тұратын ұлтжанды азамат Ұзақбай Рүстемұлы «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Алтын жүрек» сыйлығының иегерi атанды. Қазақтың шын азаматтарының бойына қайырымдылық дегенiмiз қашаннан сiңген. Осындай қайырымды жанның еңбегi еленiп жатқанына бiз де қуаныштымыз.

Серіктес жаңалықтары