ҰЛАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШIТ БОЙ КӨТЕРДI

ҰЛАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШIТ БОЙ КӨТЕРДI

ҰЛАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШIТ БОЙ КӨТЕРДI
ашық дереккөзі
292

Жуырда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ұлан ауылының мұсылман жұртшылығы зор қуанышқа бөлендi.

Биылғы жылдың наурыз айынан қолға алынған мешiт құрылысының аяқталуын ауыл тұрғындары асыға күтiп жүрген болатын. Өткен аптада Ұлан ауылының атымен аталған мешiттiң ашылуына орай салтанатты жиын болып өттi. Оған ауыл имамдары мен тұрғындары, сондай-ақ, лауазымды өкiлдер және шетелден келген қонақтар қатысты.

Ал, жиналған жұртшылық мешiттiң салынуына мұрындық болған Қарасай ауданындағы «Жылжымайтын мүлiктiң» басқарма бастығының орынбасары Данияр Темiрбекұлы Әбдiбековке алғыстарын жаудырды. «Негiзi бұл мешiттiң салынуына тiкелей себепшi болған менiң әкем Темiрбек болатын. Әкем көзi тiрi кезiнде ауыл ақсақалдарымен жиналып, мешiт салу үшiн әкiмнен жер сұраған едi, бiрақ бұл арманы iске аспады. Ол дүниеден өттi. Әкемiздiң арманының орындалуы үшiн 4 ағайынды болып бiз барынша күш салдық. Мамыр айында анамды Меккеге жiберген едiм, осыдан кейiн мешiттiң құрылысы қызу қарқынмен жүргiзiлдi. Сонымен бiрге бұл сауапты iске құрдастарым да атсалысты», — дейдi Данияр Әбдiбеков. Салтанатты шарадан кейiн мешiттiң ашылуына және марқұмның аруағына арналып кең дастарқан жайылды.

Зәулiм ғимарат 6 мұнаралы және бiр күмбездi. Мешiт Ресейден әкелiнген қызыл кiрпiштен тұрғызылып, шығыстық сәулет өнерiмен салынған, 220 адамға есептелген. «Қуаныштысы — Ұлан ауылына жақын маңайдағы Стаханов, Қошмамбет, Жамбыл, Батан ауылдарының тұрғындары да келiп Аллаға құлшылық жасауға болады» — дейдi, ауыл ақсақалдары.

Елiмiздiң әрбiр азаматы өзiнiң туған ауылын осындай қуанышқа кенелтсе, алтын бесiгiмiз күн санап көрiктенiп, өркениетке ұмтылған елiмiздiң мәртебесi де биiктей түсерi ақиқат.

Жансая ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары