ТIЛIМIЗДI РЕСЕЙШЕ ҚҰРМЕТТЕСЕК...

ТIЛIМIЗДI РЕСЕЙШЕ ҚҰРМЕТТЕСЕК...

ТIЛIМIЗДI РЕСЕЙШЕ ҚҰРМЕТТЕСЕК...
ашық дереккөзі
177

"Ресейде орыс тiлiнiң жылы соңғы рет император Екатерина ханымның тұсында жарияланған. Одан берi 300 жыл! Ендi, мiне, ұлы держава үкiметi осы маңызды мәселеге қайта оралды. Демек, "Орыс тiлi жылы" не үшiн қажет? Ол бiзге не бере алады?". Бiз тiлге тиек етерлiк Андрей Мельковтың "Русский дом" журналында басылған "Тiл қауiпсiздiгiнiң мәселесi" деп аталатын мақаласы осы сарынмен басталады.

Оның айтуынша, бүгiнде орыс тiлi де ауыр жағдайды басынан өткерiп отыр. "Бiз үлкен лауазымды шенеунiктерге туған тiлiмiздi сақтап қалу үшiн аттандап арыз айта аламыз. Отандық БАҚ өкiлдерi бүгiн мыңжылдықтан келе жатқан тiл заңдылығын бұзуда. Ал жастар ғаламтор бетiнде көбiнесе осы жүйесi бұзылған орыс тiлi арқылы пiкiр алмасады" дейдi ол мақаланың бiсмiлләсiнде-ақ.

Андрей Мельков одан әрмен дәл "ұлы әрi құдiреттi" "Орыс тiлi жылының" жариялануы сол-ақ екен, Мәскеу мектептерiнде орыс тiлiнiң оқытылу аясы тарылып, сағаты қысқарып кеттi. Керiсiнше, орыс тiлiнен гөрi шет тiлдерiн оқыту басым. Мәскеулiк базистiк оқыту жоспарында ағымдағы жылдың қыркүйегiнен бастап бастауыш сыныптарда шет тiлiн орыс тiлi арқылы үйрену талабы қатаң қойылып, шет тiлiнен сабақ беретiн мұғалiмдердiң жалақысы екi есеге өстi. Әдетте, басқа тiлдi үйренудiң салдарынан мәскеулiк балалар өз туған тiлiн бiлу құқынан айрылуда" деп жазады.

Негiзi, бiздiң бiлуiмiзше, соңғы кезде Ресей iшкi саясатты астыртын түрде жүзеге асыра бастады. Яғни, қолдағы барды барынша пайдаланып қалуда алдына жан салмайтын көршi елдiң түпкi ойында бiр-ақ нәрсе бар. Ол — ұлтын, тiлiн жоғалтпай, сақтап қалу, сол арқылы алып державалық мемлекеттiк мәртебеден бiржола түспеу. Әлбетте, мұндай саяси мәнi бар жоспарды сөзбен емес, iспен дәлелдеуде Ресей қыруар шаруа атқарды десек өтiрiк емес. Оған Балтық жағалауы мен посткеңестiк елдерiнде, сондай-ақ орыс диаспорасы көп қоныстанған алыс, жақын мемлекеттерде орыс тiлiнiң мәртебесiн көтеруге байланысты халықаралық конференциялардың өткiзiлуi мен жан-жақтағы отандастарын шақырып жатқаны дәлел бола алады. Сөзiмiз жанды болу үшiн келтiретiн деректер де жоқ емес. Мәселен, РФ президентi В.Путиннiң жарлығымен "Руский мир" атты қор дүниеге келдi. Мұның нәтижесiнде Украинада, Белоруссияда, Кипрде, тағы басқа мемлекеттермен қоса, тiптi, Қазақстанда да славян жазулары мен мәдениетiнiң күндерi өттi. Мiне, бұл 2007 жыл — "орыс тiлi жылы" деп жарияланғаннан бастап атқарылған қыруар шаралардың бiр парасы ғана. Басқа басқа, орыс журналисiнiң "орыс тiлi құрдымға кетiп барады немесе жањандануға жұтылудың аз-ақ алдында" деп зар илеуi бiздi таңқалдырды. Сiздiңше қалай? Ресей мен Қазақстанды салыстырып көрiңiзшi? Тiптi, қазақ тiлiнiң мүшкiл халiн жер-жерде үстемдiгiн жүргiзiп жатқан орыс тiлiмен қатар қоюдың өзi ұят. Өйткенi, бiздiң мемлекет мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнде басқа тұрмақ, елiмiздiң билiк басшыларын, диаспора өкiлдерiн сөйлете алмай жатқанда не дауаң бар? Бұл бұл ма, көпұлтты, көпдiндi саясатты ұстанған Қазақстан бiлiм, медицина, экономика жүйесiн әлi күнге бiртiлдiлiкке бағыттаған жоқ. Қайсыбiр салада болсын, орыс тiлi "отынымызбен кiрiп, күлiмiзбен шығып жүр". Бұған себептi сарсылып, алыстан iздеп әуре болудың қажетi жоқ. Өкiнiштiсi де сол, орыс тiлiн бiр адым етегiмiзден қалдырмай iлестiрiп жүрген тағы да өзiмiз емес пе? "Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң" демекшi, сорақының нақ көрiнiсi ендi болмақ. Себебi, елiмiз билiктен бастап бiржола үштiлдiлiктi таңдады. Ендi бұдан былай қазақ тiлi бұл көрген күнiне де зар болып қалмаса игi деген үрей де жоқ емес. Өз қолымыз өз аузымызға жеттi-ау дегенде, өзiмiзге өзiмiз ор қазып жатқанымыз қалай? Бұны кiм, қалай түсiндiредi, бiзге? Сонда желтоқсандық жастардың қасық қанымен, шыбын жанымен келген тәуелсiздiктiң 16 жылда бергенi осы ма? Жауабы жоқ сауал көп. Алайда, орыс тiлiнiң саясатының бекем екендiгiн көрсе де, көзжұмбайлыққа салынған орыс журналисiнiң сөзiне қарап, жылағың келедi екен. Оның түпкi ойында не жатыр? Бұл орыс тiлiнiң мұңын өзi де қамшы¬ның сабындай бiр жылдың iшiнде қолыңнан келсе, жырлап қалу ма, әлде кез келген iстiң кемшiлiксiз болмайтыны сияқты, "Орыс тiлi жылының" көлеңкеде қалып қойған таса тұстары ма?

Өйткенi, журналист: "Бiз балаларды қандай өмiрге негiздеп, қай елде оқытып жатырмыз? Ертеңгi күнi олардан өз тiлiнде шорқақ сөйлейтiн, орыс тiлдi ортадан өзiн аулақ ұстайтын, тексiз космополит адам шықпай ма?" дейдi тағы бiрде. "Бүгiнде жоғары оқу орнындағы студенттер орыс тiлi мен орыс әдебиетiн оқымайды. Тiптi, филология факультетiнiң өзiнде орыс әдебиетiнiң тарихы бiрнеше дәрiс аясында ғана өткiзiледi. Орта бiлiм беретiн мекемелерде "Орыс тiлi жылына" байланысты ешқандай шара болған емес. Ал бұқаралық ақпарат құралдарынан орыс тiлiн қорғауға қатысты сөз естiмейсiз. Неге десеңiз, олар баяғы орыс тiлiнiң тiлдiк нормасын бұзып, айтылуын да шетелдiк жаргон сөздермен былғап, мағынасын өзгертiп айтады" деп бiр қояды. Сенесiз бе, әлде.. Бiр қарағанда, бұл бiздегi орыс, славян бiрлестiктерiнiң "орыс тiлiнiң жағдайы мүлдем төмендеп кеттi, орыс тiлiн ысырып, қысым көрсетiп жатыр" деген сияқты жаттанды байбаламына аздап ұқсайтындай. Керiсiнше, Ресейде орыс тiлiнiң мәртебесiн көтеру науқан ретiнде емес, айқын iс-шаралармен атқарылып отыр емес пе?! Оның үстiне осы аталмыш жылдың нәтижелi болуын қадағалау РФ вице-премьерi Дмитрий Медведевке, Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко мен РФ президент кеңесшiсi Джахан Поллыевке арнайы тапсырылған болатын. Бәрi де көз алдымызда, жыл басынан берi ресейлiк билiк жатпай-тұрмай жер-жерде, жан-жақта орыс тiлiнiң әрi қарай дамуы тұрғысында түрлi шараға мұрындық болып, бiрқыдыру уақытта бiрталай шаруа атқарды. "Орыс тiлi жылы" аясында әлемнiң 86 мемлекетiнде iрiлi-ұсақ конференциялық-мерекелiк шаралар өткiзiлсе, жылдың ашылуы Литвада, Қырғызстан мен Қытайда болып өттi. Жыл соңына дейiн Латын Америкасы, сондай-ақ тағы басқа мемлекеттерде бұл дәстүр жалғасын таппақшы. Ал мақала авторы Андрей Мельков болса, "2007 жыл — Орыс тiлi жылы" екенiн ресейлiктердiң бiрi бiлсе, бiрi бiлмес" деп жалған байбаламға салынады.

"Өкiнiштi мысалдар… Президент бастаған акцияның қорытындысы халық пен тiлдi қорлауға әкелдi. Орыстың территориясын, тарихын, ендi мiне, туған тiлiн тартып алмақшы" дейдi де, тiл қауiпсiздiгi мәселесiн шешу үшiн тез арада "Орыс тiлiн қорғау туралы" Заңның қажеттiгiн алға тартады. Бұл сонда "айта берсем, менiкi бола бередi" деген саясаттан туған ой ма, әлде шын мәнiнде жағдай осылай ма? Менiңше, бұл жұрт назарын тағы бiр осы айтулы жылға аударудан туған пиғыл сияқты. Әйтсе де, басқасын қайдам, Қазақстанға қарағанда Ресейдiң алдына қойған саясаты мығым. Есесiне, бiз қазақ тiлiн — мемлекеттiк тiл деп жариялап алдық та, биiк мiнбелерден әлi күнге орысша сайрап келемiз. Ресей өз аумағынан бөлек бұрынғы посткеңестiк мемлекеттер мен Балтық жағалауы елдерiнiң өз туған тiлi бар екенiне қарамастан, соларға орыс тiлiн тықпалап, оның жойылып кетпеуiне бар қаржы-қажырын салып-ақ жатыр. Содан кейiн де әлгi журналистiң бұл қай сандырағы дейсiң ғой iштей. Негiзi тiлге парықталған мәселенiң ақ-қарасын Ресейде емес, бiздiң елде ашық айтатын уақыт жеткен сыңайлы. Бiрақ, қазақстандық билiк әзiрге тек санға негiзделген көрсеткiштi желеу етiп, жалған қуаныштың жетегiнде келедi. Шын мәнiнде, орыс тiлiнiң орнына "Қазақ тiлi жылын" бiреу бiлсе, бiреу бiлмес деп бiздiң жылауымыз керек-ау деймiн. Аталмыш жылдың тәмамдалуына бiр-екi ай ғана уақыт қалды, бiрақ "мынадай қаражат бөлдiк" деп айту мен мерекелiк шаралар, той-томалақ ұйымдастырудан ары аса алмаған сияқтымыз.

Дәл Ресейдегiдей қарқынды беталыс Қазақстанда жүзеге асса, сынамақ түгiлi, қуаныштан бөркiмiздi аспанға ататын едiк. Тiптi жоқтың бар кезiнде емес, мүлдем құрдымға кетiп бара жатқанның өзiнде "бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ" деген намысқа бекiнiп, шындықты ашып айтып, жазып жатқан БАҚ өкiлдерi кемде-кем. Ал, Ресейде басқаша. Өйткенi, ресейлiк журналистер тайға басылған таңбадай бар дүниенiң өзiнен кемшiлiк iздеп, соны бүркенбей айтуға, жазуға машықтанған әрi соған билiктi де үйреткен. Бұл да болса, демократияның қылтиған бiр ұшығы, дәлiрегiнде, айқын көрiнiсi шығар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары