«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
Сөз басы
Жансая Сәбитова 1987 жылы 5 қаңтарда қандай қылмысы үшiн сотталды?
Ол «Қазақстан» баспасынан 1998 жылы жарық көрген «Жан жарасы жазылар-ау» атты естелiгiнде былай дейдi.
«… Желтоқсан – жан жарасы. Қазақтың қайғысы ғой ол. Әркiм әрқалай қабылдап, басынан өткерген шығар. Мен, өз басым, алаңда айқасып, тектен текке таяққа жығылып, итке таланып жатқан жас қыздар мен жiгiттердi өз көзiммен көрмесем де үйде шыдап отыра алмадым. Ана емеспiн бе? Қолына қалқан ұстап, күрек, сойылмен қаруланған зiңгiттей-зiңгiттей алпауыт солдаттар менiң Маржанымды шырқырата сабап жатқандай, шашын жұлып, тепкiлеп жатқандай әсер етiп, жанымды түршiктiрдi. Төбе шашым үрпидi. Бәлкiм iшiнде бiреудiң мәпелеп өсiрген жалғызы бар шығар. Қызық-қуанышым, бар үмiтiм сенсiң деп үмiтiн артқан бауыр етi ғой әркiмнiң… «Апыр-ау, мен қалай шыдап отырмын? – деп күйзелiп күңiрендiм… Әйел де болсам айтарымды айтайын, ұғар кiсi болса ұғар дедiм. Оның үстiне «Мемлекетiмiздiң басты байлығы – адамдар» дегендi жиi айтушы едiк. Егер шын мәнiнде солай болса, елiмiздiң ертеңi деген ұл-қыздарымызды сорлатып, шашынан сүйретiп, соққыға жығып жатқаны қалай?. Бұл не бассыздық? Осыны көрiп бiлiп қалай ғана отыруым керек? Күнi ертең ана балалар бiзге не дейдi? Бүгiн ара түспесек, беттерiне қалай қараймыз? Бәлкiм ел де қарап қалмас. «Әуелi өзiм араласып, бетiмдi ашып алайын» деген ой менi көшеге, көршiлерге сүйредi». (35-36 беттер).
Жансая Сәбитованың бар айыбы – ұлтын жан-тәнiмен сүйгенiнде, алаңға жиналған қыз-жiгiттердi өзiнiң жалғызындай көрiп, солар үшiн шыбын жанын құрбандыққа қиярдай аналық жанашырлығында, ары намысын қамшылап басқаға есесiн жiберген ұлтының мүддесiн жанкештiлiкпен қорғауында . Ол өзге аналарды да өзiндей көрдi. Соларға сенiм артты. Өкiнiшке орай олардан қолдау болмады. Сонда да ол тоталитарлық заманның ақырған арыстанына қарсы атойлап жалғыз шапты. Солай сау басына сақина тiлеп алды. Тағдыры тәлкекке түстi. Алайда сағы сынған жоқ. Түрменiң тар қапасында қорлық пен зорлықты көрдi. Бiрақ алған бетiнен қайтпады. Әдiлеттiк үшiн күресiн талмай жалғастырды. Зады әйел болса да басына түскен бар қиыншылықтарды ер азаматтай көтердi. Оның сондағы ерiк-жiгерiне, қайтпас қайсарлығына бүгiн қалай таңданбассың.
Мен жуырда Қазақстан Республикасы Орталық мұрағаттар мұражайындағы «Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 60, 65 баптары бойынша қылмыс жасаған, айыпкер Жансая Әлкейқызы Сәбитоваға ашылған № 29316 қылмыстық iспен танысып шықтым. Ендi әңгiме-сараптаманы осы құжат пен Жансаяның аталмыш естелiгi бойынша өрбiтейiк.
№ 29316 қылмыстық iстiң 1-шi томындағы 77 бетте тергеушi А.Н.Дюдюкиннiң Алматы қалалық Iшкi iстер бөлiмiне қарасты «02» кезекшi-операторлық қызметiне кiрiскен Әсия Әлiмқұлқызы Құсқұдовадан 1986 жылы 23 желтоқсанда алған жауабының хаттамасы тiркелген. Содан үзiндi.
«…Мен 1986 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласы Iшкi iстер бөлiмiндегi «02» кезекшi-операторлық қызметiме кiрiстiм. Сағат күндiзгi 11-ден 10 минут өткенде «02» телефон байланысы бойынша «Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы Алматы құрылыс техникумы жатақханасында жас шамасы қырықтардағы әйел қазақтарға белсендi түрде үгiт-насихат жүргiзiп жатыр» деген дабыл түстi. Нақты қандай насихат және кiмге қарсы екенiн телефоннан хабарлаған жоқ. Телефон соққан орыс кiсi. Өйткенi сөйлеу мәнерi таза орысша. Жасын дәл айта алмаймын. Жаңылмасам орта жастағы жан болуы керек. Менiңше, жас дейтiндей жас та емес, кәрi дейтiндей кәрi де емес. Ол қайдан телефон соқты, менiң қазiр есiмде жоқ. Мен оның фамилиясын сұрауым керек едi. Алайда олай iстемедiм. Бiрiншiден, сол уақытта бiзге осы тақылеттес хабар-ошарлар өте көп түстi. Соларды жеделдете сұрыптау қажет болды. Екiншiден, телефон соғушылар өздерiн таныстырған емес. Ал фамилиясын сұрасаң трубканы тастай салады. Бұл жолғы да телефон соғушы өз фамилиясын өздiгiнен айтпады. Менде сұрай қоймадым. Айтпақшы, телефон соққан ер кiсi үгiт жүргiзiп жатқан әйелдiң түр-тұрпатын да сипаттаған. «Үстiнде қызғылт пальтосы, алтын түстес көзiлдiрiгi, қонышы қысқа аяқ киiмi бар» – дедi.
… Маған және барлық операторларға Алматыдағы жаппай тәртiпсiздiк кезiнде «02»-ге түскен, Совет өкiметiне қарсы жүргiзiлген үгiт-насихат жайындағы кез келген дабылды жедел түрде қалалық Iшкi iстер бөлiмшесiне және қай ауданның территориясынан түссе сол ауданның Iшкi iстер бөлiмiнiң кезекшiсiне хабарлауды тапсырған. Соған орай мен «Ұлты қазақ әйел қазақтарға үгiт жүргiзiп жатыр» деп телефон шалған кiсiнiң хабарын сол бойда қала бойынша кезекшi аға лейтенант Фоминыхке және Калинин аудандық Iшкi iстер бөлiмiнiң кезекшiсi капитан Клещенкоға жеткiздiм. Маған, «02»-ге түскен кез келген дабылдар және бiздiң аудандық Iшкi iстер бөлiмдерiне жiберген хабарларымыз магнитафон таспасына арнайы жазылатыны мәлiм. Таспа белгiлi бiр уақытқа дейiн қалалық Iшкi iстер бөлiмiнде сақталады».
Сол күнi тергеушiлер тобы қалалық Iшкi iстер бөлiмiнен МК-60-2 магнитафон таспасын алдырып, телефон Алматы кинотехникумының оқу корпусынан соғылғанын анықтады. Таспадағы үн сол техникумның оқытушысы Анатолий Алексеевтiкi екен.
Куәгер А.Алексеевтiң тергеушiге жауап беру хаттамасынан үзiндi.
«…Мен, 1986 жылы 20 желтоқсан күнi таңертеңгi сағат 10-да Абай даңғылымен жұмыс орныма бара жатқанмын. Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы құрылыс техникумына таяу бiздiң кино техникумның бiр бөлiмi бар. Сол көрсетiлген көшелер қиылысынан мен екi жасақшының жанында тұрған орта жастағы ұлты қазақ әйелдi байқап қалдым. Үстiне қызғылт түстi пальто киген, көзiнде көзiлдiрiк. Оның өң-басы ашу-ызаға толы болатын. Ол жасақшыларға әлдененi айтумен болды. Мен олардың жанынан өтiп бара жатып әйелдiң: «Қалада байланыс жүйесi неге жұмыс iстемейдi?» деген сөзiн есiтiп қалдым. Мен жақындағанға дейiн әйел жасақшылармен сөзге келiп қалған-ау сiрә. Солардың бiрi әйелге: «Мұндай сөздi доғарыңыз!», – дедi. Мен әйелдiң өте ашу-ыза үстiнде тұрғанын, тұлданған пiшiнiнен анық көрдiм. Ол жасақшыларды сырт айналып, құрылыс техникумының жатақханасына кiрiп кеттi. Сол кезде нәсiлi орыс ұлтынан емес жасақшы қасындағыға: «Бұл әйелдi ұстап, тапсыру керек едi» – дедi. Алайда ұлты орыс жолдасы: «Жарайды, кете берсiн. Әйел адамымен байланысып береке таппаспыз», – дедi. Жуырда ғана қалада тәртiпсiздiк орын алғандықтан мен бұл әйелдiң жұртқа арандатқыш сөздер айтып жүргенiн сезiп, кинотехникум бөлiмiнен қалалық Iшкi iстер бөлiмiне телефон шалып, кезекшiге оның түр-тұрпатын да қоса айттым. Мен сол әйелдi түрiне қарап тани аламын. Ал жасақшылардың түр-бастарын есiме сақтап қалмаппын. (1 том. 85 бет).
Калинин аудандық Iшкi iстер бөлiмiнiң инспекторы Болат Саламатовтың тергеушiге берген жауабына қарағанда оқиға бұдан әрi былай өрбiген. Сол күнi (20 желтоқсан) подполковник Горбунов, учаскелiк инспектор Ж.Теңiзбаев және жүргiзушi Чужечевтен құралған экипаж көше тәртiбiн әдеттегiдей қадағалауға шығады. Оларға таңғы сағат 10 шамасында аудандық Iшкi iстер бөлiмiнiң кезекшiсi рация арқылы «Құрылыс техникумының жатақханасында ұлты қазақ әйел Совет өкiметiне қарсы насихат жүргiзiп жатыр» деп оның түр-басын қоса сипаттайды. Олар сол жерге жеткенде жатаханадан бiр әйел мен балаң жiгiттiң шыққанын көредi. Жiгiт есiк алдындағы баспалдақта тұрып, әйелмен қоштасады да жатақханаға қайта кiрiп кетедi. Әйелдiң түрi, үстiндегi киiмi кезекшiнiң сипаттағанындай болған соң олар машинаны алдына кесе көлденең тоқтатып, үшеуi iшiнен түседi. Горбунов: «Азаматша, сiз мына мәшинаға отырыңыз», – дейдi ашық тұрған есiгiн иегiмен меңзеп. Әйел ойламаған жерден ондай iзеттi күтпесе керек. Милиция қызметкерлерiне шошына қарап: «Қайда?.. Не үшiн?», – деп тартынады. Горбунов: «Әуелi отырыңыз, тиiстi орынға барған соң бәрiн де бiлесiз», – дейдi. Көнбесе күштейтiн түр танытады. Әйел амалсыздан машинаға мiнген. Горбунов артқы есiктi тарс жауып, жүргiзушiге оны бақылауды тапсырады да топты бастап жатақханаға қарай жүгiре жөнеледi. Жүргiзушi Чужечев артқы орындық жақтан тықыр-сықырды есiтiп, маңдай тұстағы айнадан әйелге көз жiбердi. Әйел қолындағы әлдеқандай қағаздарды машина әйнегiнен сыртқа тастамақ болып, әлекке түсiп жатыр екен. Ол: «Азаматша, қозғала бермей тыныш отырыңыз», – деп ескерттi. Аздан соң Горбунов бастаған топ қайта оралған. Чужечев подполковникке болған жайды баяндайды. Горбунов әйелге тесiле қарап: «Азаматша, тыққан қағаздарыңызды көрсетiңiз», – дейдi. Әйел сөмкесiнен шетi жырымдалған бiр парақты шығарып, оған ұсынған кезде Чужечев: «Бұл емес, сiзде басқа бiрнеше қағаз болатын. Соларды берiңiз», – дейдi. Горбунов: «Тығып әуре болмаңыз. Қазiр бөлiмге барған соң тұла бойыңызды түгел тiнтидi», – дедi зiлдi үнмен. Әйел қойнынан көлемi алақандай бiрнеше парақшаларды шығарып, Горбуновқа ұстатады. Ол ондағы жазуларды оқып, талдап санайды да жанындағыларға: «Совет өкiметiне қарсы жазылған үнпарақтар», – деп жүзiн әйелге бұрады: «Үнпарақтарды сөмкеңiзге салыңыз. Сыртқа тастаймын деп әуре болмаңыз».
Олар мiнген машина Абай көшесiмен жүйiткидi. Желтоқсанның күнi ашық болса да қызыл шұнақ аязы сынар емес. Оған көше бойындағы сидиған ағаштар сұрықсыз көрiнген. Оның көңiлi де әлем-жәлем едi. Машина қаланың Калинин аудандық Iшкi iстер бөлiмiнiң алдына келiп тоқтады. Әйел Қазақ ССР прокуратурасындағы прокуратура бөлiмiнiң қызметкерi В.Кабиевке өзiн Жансая Әлкейқызы Сәбитова деп таныстырды. Кабиев оған сөмкесiнен Совет өкiметiне қарсы үнпарақтар табылғаны үшiн Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 109 және 110 баптары бойынша ұсталғанын мәлiмдедi. Кабиев 20 желтоқсан күнi түстен кейiн тергеу жұмысын бастады. Жансая Сәбитованың хаттамаға түскен жауабы.
«…Мен Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас ауылында, жұмысшы отбасында туылдым. Анам үй шаруасындағы әйел. Әкем биылғы жылы қайтыс болды. Отбасымызда менен басқа бiр iнiм және төрт әпкем мен сiңлiм бар. 1966 жылы орыс мектебiнiң 10 класын бiтiрдiм. Екi жыл мектепте жұмыс iстеп, 1968 жылы ҚазПИ-дiң физика-математика факультетiне оқуға түстiм. 1973 жылы сол институтты бiтiрiп, екi жыл Бақбақты ауылында мұғалiм болдым. 1975 жылы Алматыға ауыстым. Әуелi № 18, содан кейiн № 19-шы кешкi орта мектептерде физика пәнiнен сабақ бердiм. 1979 жылы Шәмiл Мехметұлы Сәбитовке ерге шықтым. Ол 1934 жылы туылған.
…Күйеуiм Астрофизика иниститутында аға ғылыми қызметкер, физика-математика ғылымдарының кандидаты, КПСС мүшесi. Менiң қыз күнiмдегi фамилиям Сегiзбаева. 1983 жылы күйеуiм Нұрмақов көшесiнен пәтер алды. Екеумiздiң 1981 жылы туылған Маржан атты қызымыз бар.
Мен 1986 жылдың 18 желтоқсан күнi таңертең «Малая станицадағы» туысыма бардым. Автобуста 1986 жылы 17 желтоқсан күнi Брежнев алаңында болған оқиға туралы естiдiм. Алаңдағы студенттерге өрт сөндiретiн машинадан су атқылаған екен. Ол маған өте ауыр тидi. Мен мұны барып тұрған қатыгездiк деп санадым. Табиғатынан өте қызба мiнездi жан едiм. Лезде күйiп-пiсетiнiм бар. Оның үстiне маған Қазақстан Компартиясы ОК Пленумының шешiмi әдiлетсiз болып көрiндi. Бұл ашу-ызамды қоздырып, үйге келген соң «Москва» маркалы басу мәшинкесiне отырып, Совет өкiметiне қарсы мағынада 27 үнпарақ бастым. Үнпарақтар стол үстiнде жатты. Күйеуiм көрдi ме, көрмедi ме бiлмеймiн. 1986 жылы 19 желтоқсан күнi таңертең үнпарақтарды сөмкеге салдым. Мен 20 желтоқсан күнi сағат азанғы 10 шамасында байланыс техникумының бiрiншi курсында оқитын жиенiм Әбiл Құрмантаевтың жағдайын бiлу үшiн Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы жатақханаға бардым. Мен оның жатақханада екенiн және сол күндерi оған ештеңе болмағанын өз көзiммен көргiм келдi. Жиенiм өз бөлмесiнде екен. Оның дiн аман-есендiгiне көзiм жеткен соң кеттiм. Жатақханада мен шамамен бес минуттай болдым. Сол кезде менi ұстаған милиция қызметкерлерi келiп, мәшинеге отырғызды.
Сұрақ: Сiз Совет өкiметiне қарсы үнпарақтарды қандай мақсатпен бастыңыз?
Жауап: Мен бұл жөнiнде әлгiнде ғана айттым. Мен студенттердi сумен атқылағанын жүрегiме ауыр алдым. Сондай-ақ маған бiздiң республикамыздағы партия жетекшiсiнiң қазақтан сайланбағаны да қатты әсер еттi.
Сұрақ: Дегенмен, сiз өз наразылығыңызды басқалай жолдармен емес, неге үнпарақтар басу арқылы бiлдiрдiңiз?
Жауап: Мен мұны сiзге түсiндiре алмаймын. Өйткенi өзiм де бiлмеймiн. Алайда үнпарақтарды басып болған соң ғана менiң жаным жай тауып, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Ал мен соларды сөмкеме салған соң ұмытып кетiппiн. Үнпарақтарды тарату ойымда жоқ. Советтерге қарсы үнпарақ дайында деп маған ешкiм де өтiнiш жасамады да. Қайсы бiр ұлттық ұйымдардың құрамында да емеспiн. Совет өкiметiне қарсы мағынадағы үнпарақтар дайындау ақылға сыймайтын iс екенiн де түсiнемiн. Сол үшiн жауап беретiнiмдi де бiлемiн. Әрине өкiнiштi. Мен бұрын Совет өкiметiне қарсы үнпарақтар басқан емеспiн. Мен бұл үнпарақтарды 1986 жылы 18 желтоқсанда, түнгi сағат 21-де радиодан ТАСС-тың Алматыдағы оқиға жөнiнде хабарын тыңдаған соң сағат 22 шамасында бастым. Бұл уақытта күйеуiм үйде едi. Өзiнiң бөлмесiнде жұмыс iстеп жатқан. Үнпарақтарды мен ешкiмге көрсеткенiм жоқ. Парақтан параққа көшiргiш түстi қағаздар мәшинке жанында, стол үстiнде жатқан болуы керек.
Осы айтқандарыма тағы бiр қосарым 1986 жылы 19 желтоқсан күнi таңертең пәтерiмде отырып қара түстi фламастер қаламмен қалың көлемдi ақ қағазға Совет өкiметiне қарсы мағынада плакат дайындадым. Мен мұны мынадай мақсатпен iстедiм. Мен бейтаныс бiреулерден айтулы оқиғадан соң бiрнеше студенттер реанимацияға түсiптi дегендi естiдiм. Менiң жаным түршiктi. Сондықтан да мен өлiм-жетiм туралы ақиқат хабар беруiн талап етiп плакат жаздым. «Неге өлiм-жетiм болуы керек?», «Неге аэропорт жабық?», «Неге халықаралық байланыс жоқ?». Мен осы талаптарым жазылған плакатты ұстап, 1986 жылы 19 желтоқсанда қалалық партия комитетiне барғым келдi. Алайда тәуекел етпедiм.
Мен тағы мынаны шын жүректен айтқым келедi. Үнпарақтарды жазып, кiшiгiрiм көлемде кесiп дайындаған соң, ыңғайлы бiр жерге шашып тастау ойымда болды. Яғни тарату едi. Бiрақ мұны қалай iстеудiң жөнiн бiлмеген соң 1986 жылдың 19 желтоқсанында райдан қайттым». (1 том. 14-20 беттер)
Әдетте тергеушiлер айыпкерден жауап алар алдында шындықты айтып, iстеген қылмысыңды шын жүректен мойындасаң жазаң көп жеңiлдейдi деп ескертедi. Жансаяның бәрiн де жасырмай алдына жайып салғанына қарғанда тергеушiнiң сондай уәжiне құлақ асқан секiлдi. Оның үстiне бiреудi алдағанды жаны жек көретiн, шындықты сүйетiн, жалт берiп жалтару мiнезiне жат ол қалай аузы барып өтiрiк айтсын.
Дегенмен сол күндерi жүйкесiн тоздырып, жанын жеген жайлар аз емес едi. 17 желтоқсан күнi облыстық ауруханадағы жездесiнен келе жатқанда олар мiнген автобус «Саяхат» автобекетiндегi жол қиылысында ұзақ тұрып қалады. «Красногвардейский» даңғылымен (қазiргi Сүйiнбай) қара жердi солқылдата апшысын қуырып жүйiткiп келе жатқан әр алуан әскери техникалар «Октябрьдiң 50 жылдығы» атындағы көшенi кесiп өтiп, тау жақты бетке алады. Үстi жабық ауыр мәшинелердiң артқы ашығынан мұздай қаруланған солдаттар көрiнген. Автобус iшiнде дабыр-дұбыр су сепкендей басылды. «Мыналар қайда барады?», «Қалаға осыншалық әскер кiргiзетiндей нендей төтенше жағдай болып қалды?». Жұртты осындай күдiктi ойлар сан-саққа алып қашқан. Автобус «Дзержинский» көшесiмен өрге қарай көтерiлiп «Гоголь» көшесiне жеткенде, өрiмдей жастар кең жолды тарылтып, лег-легiмен Брежнев атындағы алаңға қарай беттеп барады екен. Жансаяның басына қорқынышты ойлар сап ете қалды. «Әлгi дүлейлердi осыларға шақыртқан екен-ау. Олар обал-сауапты, аяушылықты бiлушi ме едi. Қырылады-ау байғұс балалар». Лезде көз алдына қызыл ала қан шашыраған алаң келдi. Соққыға жығылған қыз-жiгiттердiң шырқыраған жан дауыстары құлағына талықсып жеткендей ет-жүрегi езiлiп, жанарынан аққан жасты қол орамалының ұшымен сүрттi. Ол алаңға бармаса да осыларды көзiмен көрдi. Бiр сұмдықтың боларын жүрегiмен сезiндi.
Жансая 18 желтоқсанда жездесiнiң қал-жайын Бақанаста тұратын әпкесiне хабарламақ болып, қалааралық байланыс пунктiне барған. Есiгiнде «Ақауға байланысты пункт жұмыс iстемейдi» деген хабарландыруды оқып, ұнжырғасы түседi. Келесi күнi де есiктегi сол хабарды көредi. Сонда ғана шындықты сыртқа шығармаудың қитұрқы әрекетi екенiн iштей түсiнiп, ашуға булыққаны бар. Алыс-жақындағы ағайындарымен сөйлесуге келгендер де сондай күй кешкен.
«…19 желтоқсанда, жұмыс арасында, орталық жаққа барып, Абай атындағы опера және балет театрына бас сұқтым. Бiр жетi шамасы бұрын, желтоқсанның 20 күнi болатын Әлiбек Дiнiшевтiң концертiне алдын-ала билет алып қойғам-ды. Соны тапсырайын деп келгенмiн. Кассада отырған әйел: «Билеттердi қайта алмаймыз, концерт болады», – дедi. Қанша тырсылдап, терiме сыймай тұрсам да оған тiс жармай, бұрылып, театрдың әкiмшiлiгiне бардым. «Билеттердi нелiктен қайта алмайсыздар? – дедiм есiгiнен енген бетте. – Ненiң құрметiне масайрап қуаныштан жарылып концерт қоймақсыздар? «Күткенiмiз осы едi, өте тамаша болды!» деп ән салып, би билеймiз бе? Ел не бетiмен келедi?»… Олар осы сөздерiмнен кейiн сатқан билеттерiн қайтып алды. Бертiнде сұрастырып бiлсем Әлiбектiң концертi кейiнге шегерiлiптi». («Жан жарасы жазылар-ау» 17 бет).
Ол үнпарақтар мен плакатты жазар ма едi, жазбас па едi, егер ТАСС 18 желтоқсан күнi «Социалистiк Қазақстан» мен «Казахстанская правда», iле-шала одақтық «Правда» мен «Известия» газеттерiне Мәскеудiң Алматыдағы оқиға жөнiнде жалған, сорақы хабарын таратып, әлем жұртшылығын алдамаса. «Маскүнемдер мен есiрткi шегушiлердiң саясатта қандай шаруасы бар? Саяси көзқарастарын бiлдiргендердiң бәрi ұлтшыл элементтер ме? Жастардың намысын неге қорлайды?». Осындай жауапсыз сұрақтардың шырмауынан шыға алмай сергелдең-сарсаңға түстi.
«… Ертелетiп көршi келiншектiң есiгiн қақтым. Өзiммен дос-жар болып жүрген қыз-келiншектердiң ой-пiкiрiне құлақ түрдiм. Қаладағы № 19 орта мектепте физика пәнiнен сабақ берушi едiм, сондағы әрiптестерiммен сөйлестiм. Егер олар елпең ете түсiп қолдағандай болып жатса, ойым – жастарды қорғау үшiн күресетiн әйелдер қозғалысын ұйымдастыру едi. Өкiнiшке орай, ондайлар табыла қоймады. Бiр жағы өзiм тiлдескен әйелдердiң тартыншақ мiнезi, бей-жай қылығы ренжiттi. «Қазақтың намысын жыртып, жанын да, тәнiн де аямай алаңға барған, сол үшiн неше түрлi сұмдықты көрiп жатқан қыз-жiгiттердi неге аямайды бұлар? – деп iштей егiлдiм. – Жоқ қарусыз жастарға қарсы аиуандық қылық көрсетiп жатқанда еш әрекетсiз қалуымның өзi ұят. Ертең олардың бетiне қалай қараймын?» деп өзiммен-өзiм арпалыстым». («Жан жарасы жазылар-ау». 16-17 беттер).
Бұл ел басына күн туған аласапыран шақ едi. Төрде отырған қабағы қалың Г.Колбиннен пәрмен бар. «Жастарды алаңға алып шыққан ұйымдастырушыларды тез табыңдар!» Бұйрық қатты, жан тәттi. Шен-шекпендi мансұқ еткендер жарық күнде қолдарына шам алып, iздестiруге шұғыл кiрiскен. Ұлттың күдiктi күмәндiлерiн тiзiмдеп, қыр соңдарына түстi. Жаңа басшының көзiне түсу үшiн, жанын да, барын да салды. Ә дегеннен-ақ Жансаяның қолға түскенi мұндай жақсы болар ма. Тергеу жұмыстарын барынша тездетiп, Бiрiншiге рапорт беруге асықты.
Тергеушi В.Кабиев сол күнi-ақ Жансаяның күйеуi Шәмiл Сәбитовты куәгер ретiнде прокуратураға шақыртып, жауап алды. Хаттамадан үзiндi.
«…Мен Жансая Әлкейқызы Сегiзбаевамен 1972 жылы таныстым. Бiз 1979 жылы үйлендiк. 1981 жылы қызымыз өмiрге келдi. Әйелiмнiң мiнезiн айтар болсам күйгелектiгi бар. Тез ашуланады. Дегенмен қарым-қатынасымыз қалыптағыдай.
Бiз 1986 жылы 17 желтоқсан күнi кешке Брежнев алаңында болған оқиға туралы естiдiк. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-ның Пленумы ОК-тiң жаңа бiрiншi хатшысын сайлаған шешiмiне қатты наразы болды. Бұл жайында маған өз пiкiрiн айтқан. Ол 1986 жылы 18 желтоқсанда, түстен кейiн Брежнев атындағы алаңға баруға жиналды. Бiрақ мен оны жiбергенiм жоқ. Бүгiн менiң пәтерiме тiнту жасалынды. Әйелiм менiң «Москва» басу мәшинкеммен Совет өкiметiне қарсы үнпарақтар басқанын сонда ғана бiлдiм. Бұл мен үшiн күтпеген жай болды. Одан басқа менiң пәтерiмнен Совет өкiметiне қарсы мағынада жазылған плакат табылды. Оны да менiң әйелiм дайындаған екен. Онда не туралы жазылғанын бiлмедiм. Бұрын әйелiм Совет өкiметiне қарсы қандай да бiр әңгiме айтқан емес және бiздiң арамызда ұлтшылдық тақырыпта ешқандай да сөз қозғалмайтын (1 том 21 бет).
Ертеңiне тергеушi А.С. Филиппов түстен кейiн Жансаяның жиенi Алматы құрылыс техникумының 2 курс студентi Әбiл Құрмантаевтан куәгер ретiнде жауап алды.
«…Дәл уақыты есiмде жоқ. Сағат 10 шамасында-ау деймiн бөлмеге кезекшi Талғат Адамбеков кiрiп, вахтада мамамның сiңлiсi Сәбитованың күтiп тұрғанын айтты. Мен дәлiзбен кетiп бара жатып, коменданттың бөлмесiнде Сәбитованың отырғанын көрдiм.
… Бес минуттан соң шыға берiстегi вахтаға Сәбитова келдi. Ол 19 желтоқсанда әкеме операция жасалғанын, әзiрге бәрi де ойдағыдай екенiн жеткiздi. Содан соң мамамды қарсы алу үшiн автовокзалға баруымды ескерттi.
…Сәбитованы есiк алдындағы баспалдаққа дейiн шығарып салдым. Кезекшi Адамбековке үлкен көшеден аулаға қарай милиция машинасының бұрылғанын айтып, жуынып-шайынатын бөлмеге барып, шылым шектiм. Адамбеков келiп, әпкемдi милиция қызметкерлерiнiң ұстағанын, менi iздеп жүргенiн жеткiздi. Өзiм тұратын нөмiрi 420 бөлмеге кiрген бойда олар менi №17 тiрек пунктiне алып барды. Сол жерде Сәбитовада үнпарақтар болғаны үшiн тұтқындағандарын хабарлады. Сәбитова маған үнпарақтарды көрсеткен жоқ. Жалпы ол маған ешқандай да зат берген жоқ.» (1 том 22-23 беттер).
Тергеушiлер осындай жауаптарды куәгер ретiнде студенттер Т.Адамбековтен, Т. Сағымбаевтан, К.Мұсаевтан, Б.Бөлебаевтан, техникум директорының шаруашылық жөнiндегi орынбасары Т. Мұсабаевтан, комендант А.Мұқановтан, вахтер П.Зиковтан, оқытушылар Л.Гибанова мен Ш. Сабдыкеевадан және т.б. алған. Олардың бәрi де Жансая Сәбитованың мiнез-құлқынан бұрын ұлтшылдықты сезбегенiн, Совет өкiметiне қарсы үгiт-насихат жүргiзбегенiн, үнпарақтар таратқанын көрмегендерiн баяндаған.
«Алматы қаласы Калинин аудандық прокуроры И.А.Кирипжинге рапорт.
Бiздер прокурор көмекшiлерi К.Т.Олжабаев, М.Н. Ткашенко Алматы құрылыс техникумының Фурманов көшесi бойындағы № 2 жатақханада тұратын студенттерден жауап алдық. 79 студент сұралды. Олар 1986 жылы 20 желтоқсанда таңғы сағат 8-ден 14-ке дейiн оқу корпусында болған. Сәбитова мен жиенi Құрманбековтың оларды үгiттеп, үнпарақ тартқаны туралы ешқандай күдiктi iстерiн кездестiре алмадық». Қолдары қойылған. (1 том 28 бет).
1986 жылы 23 желтоқсан күнi Калинин аудандық прокуратурасының мекен-жайында күдiктi Жансая Сәбитова мен куәгер Анатолий Алексеевтiң бетпе-бет кездесуi өткiзiлдi. Оны тергеушi А.Н. Дюдюкин жүргiзген.
«А.Алексеевке сұрақ:
– Сiз, Ж.Сәбитованы қашан және қандай жағдайда көрдiңiз?
Жауап:
– Мен 1986 жылы 20 желтоқсан күнi сағат он бiр шамасында жұмысқа бара жатып, Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысындағы құрылыс техникумының ауласымен жүрдiм. Ауладан өтiп бара жатып, қызғылт түстi пальто киген ұлты қазақ әйелге назар аудардым. Өйткенi әйел қолдарына қызыл белгi байлаған екi ер жасақшымен керiлдесе сөйлесiп тұрды. Бұл әйел Сәбитова болып шықты. Қатты дауыстап сөйлегендiктен жекелеген үзiндiлерiн анық естiдiм. Соның iшiнде Сәбитованың: «…балалар шындық үшiн күрестi!» дегенi де құлағымда қалыпты. Ол тағы қалада байланыстың жоғын айтты. Содан кейiн Сәбитова құрылыс техникумының жатақханасына кiрiп кеттi. Ұлты не қазақ, не ұйғыр жасақшы қасындағы орыс жiгiтiне әйелдi ұстауды ұсынды. Екiншiсi оны қажет деп таппады. Мен жұмысқа келген соң милицияға телефон шалдым.
Ж.Сәбитоваға сұрақ:
– Сiз Алексеевтiң көрсетуiн естiдiңiз, сiзге түсiнiктi ме? Сiз оның көрсетуiн растайсыз ба? Егер олай болмаса, сiздiңше қалай?
Жауап:
– Мен Алексеевтiң көрсетуiн естiдiм. Маған түсiнiктi. Белгiлi бiр бөлiктерiн ғана растаймын. Атап айтқанда 1986 жылы 20 желтоқсан күнi таңертең сағат 10 шамасында менiң құрылыс техникумының ауласында болғаным рас. Техникум жатақханасы жанынан мен екi жасақшыны көрiп жөн сұрадым. «Неге жұртты ресми түрде алдауға жол берiлдi? Байланыс жоқ екенiн неге хабарламайды?». Бұған жасақшылар менiң мұндай сөздердi доғаруымды талап еттi. Менiң жасақшылардан жөн сұрауыма себеп болған жай қолдарына қызыл белгi байлап алған соң орын алған жағдайдың бәрiне жауап бередi деп ойладым. Мен ешқандай да үгiт жүргiзгенiм жоқ…
А.Алексеевке сұрақ:
– Сiз өз көрсетуiңiздi растайсыз ба?
А.Алексеевтiң жауабы:
– Иә, мен өз көрсетуiмдi толық растаймын. Бұған тағы қосарым Сәбитова жасақшыларға әлгi сөздердi айтып тұрған кезде ұлты ұйғыр, не қазақ жiгiтi оның бұл сөздерiн доғаруды талап еттi. Және сол талабын бiрнеше рет қайталады. Оның бұл талаптары Сәбитованың мен келгенше және маған дейiн де айтқан сөздерiне бағытталған едi. Менiңше, бұл жасақшылар құрылыс техникумының студенттерi болуы керек. Өйткенi олардың өңдерi 17-18 жас шамасында көрiндi.
Ж.Сәбитоваға Сұрақ:
– Сiз, өз көрсетуiңiздi растайсыз ба?
Ж.Сәбитованың жауабы:
– Иә, мен өз көрсетуiмдi толық растаймын. Қосып айтарым менiмен сөйлескен жасақшылардың жас құралыптары 17-18 емес, ары десе 25-тер шамасында болатын!» (1 том. 88 бет).
Екеуi де өз сөздерiнде тұрған. Ал бұларға төрелiк айтатын жасақшыларды милиция қызметкерлерi қанша iздесе де таба алмапты. Сол күнi техникум студенттерiнен жасақшылар құрылмаған екен. Алексеевтiң болжамы бекер болды.
«Қазақ ССР прокуратурасының прокуроры В.Кабиев № 29316 қылмыстық iстiң материалдарымен таныса келiп, азаматша Жансая Әлкейқызы Сәбитоваға Қазақ ССР ҚПК-нiң 158 бабын басшылыққа ала отырып қаулы еттi.
Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас ауылында 1948 жылы туылған Жансая Әлкейқызы Сәбитованы осы iс негiзiнде Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 60, 65 бабтарында қаралған қылмыстық iстер бойынша айыпты деп танып және Қазақ ССР ҚТК-нiң 159 бабаның тәртiбiмен оған хабарлансын» (1 том, 91-92 беттер).
Сол күнi, яғни 23 желтоқсанда прокурор В.Кабиев күдiктi Ж.Сәбитованы қаулымен таныстырып, тағы да жауап алған.
«1986 жылы 23 желтоқсанда менi айыпкер ретiнде жауапқа тарту жөнiндегi қаулының мәтiнiндегi айыптың тағылуын, Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 60, 65 баптары бойынша өзiмдi толық кiнәлiмiн деп мойындаймын. Сәбитованың қолы».
Астыңғы жағында тағы былай деп жазылған.
«…Маған айып тағылған кезде қорғаушы керек емес. Қорғаушыны сотта қылмыстық iспен танысу кезiнде қажет етемiн. Сәбитованың қолы». (1 том, 93-97 беттер).
Оны осылай үш-ақ күнде айыпты деп тапты. Бiрақ оның айыпты емес екенiн заң қызметкерлерi жақсы бiлдi. Сәбитованың қорғаушыдан бас тартқаны тергеушiлерге тиiмдi болды. Өйткенi ол қамауда жатып, Қылмыстық iстер кодексiмен танысып шықса да, қырық қатпарынан жетiк емес едi. Оның үстiне тергеушiлер әуелi айыбын мойындатып барып, қорғаушы қызметiн пайдалануға болатынын есiне салған. Тоталитарлық қоғамның құқықтық заң құрамы да басқалардан алабөтен. Неге? Өркениеттi шетелдерде күдiктi жан ұсталысымен оған қорғаушы жалдауға құқы барын ескертедi. Керiсiнше, Совет өкiметiнде баяғы НКВД-ның тергеу тәсiлi сол күйiнде мұра болып қалған.
«…Мәлiмет алу үшiн тергеу кезiнде ұрып-соғады дегендi еститiнмiн. МҚК-де де, басқа орында да, өзiме ешкiмнiң қолы тимедi. Бәлкiм, әйел деп қаймыққан шығар…» («Жан жарасы жазылар-ау» 25 бет).
Олардың әйел деп қаймыққанына келiсу қиын. Тергеу кезiнде Ж.Сәбитованың көрсетулерiн күйеуi Шәмiл Сәбитовтен бастап, куәгерлердiң бәрi расқа шығарды. Тергеушiлерге ең бастысы Ж.Сәбитова өз iсiн айыпкер ретiнде мойындағаны. Егер Жансая тән алмай қарсыласқанда, олардың қандай жаза қолданарын бiр Құдайым бiлсiн.
Тергеу материалдарына қарағанда Жансая Сәбитованың үнпарақтарды және плакатты жазып дайындауы аумалы-төкпелi көңiл күй күйзелiсiнен болған. Iспен толық танысқан қорғаушы адвокат Н.Е.Жанәбiлов Қазақ ССР прокуратурасының бөлiм прокуроры В.Кабиевтiң атына мынадай мәлiмдеме жасаған.
«1. Ж.Сәбитованың Қазақ ССР ҚIК-дегi 60,65 баптары бойынша қылмыс жасағанын дәлелдейтiн куәгердiң жоғы, сондай-ақ қылмыс жасаудан өз еркiмен бас тартуы, үнпарақтарды таратпағаны, плакатты үйден шығармағаны, нәсiлшiлдiктi қоздыратын үгiт-нсихатты жүргiзбегенi тергелген iсте жоққа шығарылмаған. Қылмыс жасаудан өз еркiмен бас тартқан Сәбитованың iс-әрекетiн фактi ретiнде ала отырып, қылмыстық iстiң жоқтығына байланысты оның iсiнен Қазақ ССР-i ҚIК-нiң 60 бабын алып тастауды өтiнемiн.
2. Менiң қорғауымдағы Ж.Сәбитова 1986 жылдың 20 желтоқсанында ұсталғанынан бастап, Қазақ ССР ҚIК-нiң 65 бабы бойынша жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырушы болып табылды. Оның үнпарақтарды тарату үстiнде ұсталғаны қылмыстық iстер материалдарында дәлелденбеген. Плакаты пайдаланылмаған. Оның үстiне жаппай тәртiпсiздiк 1986 жылы 18 желтоқсан күнi кешке тиылған. Сәбитованың Алматы қаласындағы 17, 18 желтоқсан күндерiнде болған жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырғаны туралы дәлел жоқ. Жанәбiловтың қолы. 1986 жылы 25 қараша». (1 том. 137 бет).
Өкiнiшке орай адвокаттың бұл мәлiмдемесiн сол күнi-ақ Қазақ ССР прокуратурасының бөлiм прокуроры В.Кабиев қабыл алмады.
Жалғасы бар
Көлбай Адырбекұлы