САБАҚ БОЛСА ИГI

САБАҚ БОЛСА ИГI

САБАҚ БОЛСА ИГI
ашық дереккөзі
263

Қаржы министрi қызметiнен босады, орнына осы саланың майын iшкен тағы бiр маман отырды. Екi жыл бойы отандық қаржы саласын басқарған экс-министрдiң жыл соңына санаулы уақыт қалғанда отставкаға кетуiне не түрткi болды? Жаңа министр Жәмiшев туралы тәуелсiз сарапшылардың пiкiрi қандай?

Өткен аптаның басты жаңалықтарының бiрi қаржы саласының тiзгiнiн екi жылдан берi ешкiмге бермей, өзi ұстаған Н.Коржова ханымның қызметтен кетуi болды. Әрбiр шенеунiкке мойынға жүктелген жауапкершiлiк пен сенiмдi ақтау мәселесiн қадап айтқан Президент Н.Назарбаев ҚР Қаржы министрi Н.Коржованы қызметтен босататынын мәлiмдедi. Шынын айтқанда, Коржованың отставкасы туралы сыбыс бұған дейiн-ақ естiле бастаған болатын. Ұзынқұлақ «оның орнына Павлов тағайындалады екен» деген болжам таратқан. Дүйсенбi күнi мәжiлiсмендердiң алдына келiп ағынан жарылған экс-министр сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстың Қаржы министрлiгiне де құрық салғанын, осындай келеңсiздiктердiң алдын алу мақсатында арнайы бөлiм құрылғанын және ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар деген кедендiк органдардан 87 лауазымды тұлға қызметiнен қуылғанын мәлiмдеген. Министрлiк жанынан құрылған бөлiмнiң жемiстi еңбегiнiң нәтижесiнде жыл басынан берi мемлекетке 384 миллиард теңге көлемiнде өтемақы өндiрiлiп алғанын да ұмытпады. Депутаттар алдындағы жасаған баяндамасының соңында қазақстандық iрi құрылыс компаниялары мен банктерге қатысты да бiрқатар заң бұзушылықтар анықталғанын, алайда сот процесi басталғанға дейiн нақты деректер келтiре алмайтындығын және айтқан. Көп кешiкпей, Коржова қызметiнен босады. ҚР премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Наталья Артемқызының министрлiкте атқарған еңбегi үшiн алғысын айтып, алдағы уақытта да жеңiстер мен жемiстер тiлей келе, көпшiлiкке: «Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Наталья Коржова жұмыс орнын өзгертiп, алдағы уақытта Президент тарапынан берiлетiн жаңа тапсырмаларды орындайтын болады» деп мәлiмдедi. Коржованың қандай қызмет атқаратыны белгiсiз. Тәуелсiз сарапшылардың кейбiрi Коржованың отставкаға кетуiн оның қалталары онсыз да қалың банк құрылымдары мен құрылыс корпорацияларына мемлекет тарапынан 4 миллиард доллар бөлуге үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытуымен байланыстырады. Ал, кейбiр мамандар пiкiрiнше, министрлiкте ұзақ уақыт (2 жыл) отырған Наталья ханым қазақстандық қаржы саласына ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық енгiзген жоқ. Оның үстiне, осы уақыт аралығында бiр емес, екi рет дағдарыстың етек алуы да «жығылғанға – жұдырық» болса керек. «Дүкендерден сыра сату үшiн арнайы лицензия алсын» деген пәрменiн отандастарының көпшiлiгi құптай қоймады. Әрi шетелдерден тауар таситындардан арнайы деклорация талап етуiнен әлi күнге ес жия алмай жүргендер көп. Өйткенi, аталған құжаттың кесiрiнен шығынға белшеден батқан кәсiпкерлер көп. Өткен апта соңында билiктегi ауыс-күйiске қатысты шолу жасаған әрiптестерiмiздiң көпшiлiгi Натальяның осы екi «жаңалығын» сынға алып, «министрдiң түбiне деклорация мен лицензия жеттi» деген болжам айтты. Алайда, оқиғаның астарына үңiлсек, жағдай сәл басқашалау. Екi дағдарыспен бiрге елiмiздегi тұтынатын тауарлар бағасының күрт қымбаттауы, қазақстандық банктерден халықаралық қаржы нарығының сырт айналуы, құрылыс саласында туындаған қиындықтардың тұрғын үй саласына ықпал етуi экс-министрдiң жылы орнын суытуына мәжбүрледi. Айтпақшы, қыркүйек айының басында отандық банк құрылымдары мен құрылыс саласында орын алған жағдайды шенеунiктер арасынан алғаш рет «қаржылық дағдарыс» ретiнде бағалаған Коржова едi. Бiрақ «дағдарыс» сөзiнен ат-тонын ала қашатын бiздiң билiк экономика және қаржы саласында ешқандай келеңсiздiктер мен керi кетушiлiктiң болмайтынын айтады. Сонымен, өткен аптадан бастап қазақстандық қаржы саласының құлағын ұстаған Болат Жәмiшев 1957 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақ ауылшаруашылығы институтын тәмамдаған. Мамандығы – экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. 2004 жылы ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және бақылау агенттiгiнiң төрағасы, 2006 жылы Еуразиялық даму банкi Басқарма төрағасының орынбасары қызметiн атқарған. Тәуелсiз сарапшылар пiкiрiне сүйенсек, жаңа министр Жәмiшев саяси сахнадағы ырду-дырдудан алыс, қолы таза, қалта қампайту үшiн кейбiреулер сияқты жемқорлыққа ұрынбаған, өз жұмысын бес саусағындай бiлетiн iскер әрi бiреудiң айтқанына көнiп, айдағанына жүретiндердiң қатарынан емес. Яғни, басына қиын күн туа қалса, отандық қаржы саласын тұрақсыздық пен тұралаудан аман алып қалуға қабiлеттi. Өзiнiң бiлiктiлiгiн Жәмiшев ҚР Ұлттық банкi мен Қаржы министрлiгiнде жүрген кезiнде дәлелдеген.

P.S. Айтпақшы, ел iшiндегi «ауыс-күйiске» қатысты сөздердi терiске шығарған Президент жаңа жылға дейiн билiк пен банк саласында айтарлықтай «ат ауыстырулардың» болмайтынын жеткiздi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары