ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ ҚҰБЫРЫ

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ ҚҰБЫРЫ

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ ҚҰБЫРЫ
ашық дереккөзі
238

Қазақтардың энергоқорды алыс және жақын шет мемлекеттердiң нарығына жеткiзуде өз бетiнше әрекет ете бастауы ресейлiк билiкке ұнамайды. Өйткенi, олар мол пайдадан қағылмақ. Бұған дейiн орталықазиялық мұнай, газбен ресейлiк iшкi нарықтағы сұранысты қамтамасыз етiп келген Кремль қазақ, өзбек, әзiрбайжан мен түркiменнiң арзан мұнайы мен газын Украина мен Еуропаға бiрнеше есе қымбатқа сатып, пайдаға шаш-етектен кенелетiн. Сондықтан қазақтар мен қытайлар бiрiгiп салғалы отырған газ құбырының жүзеге асуына мүдделi емес. Алайда, мемлекетаралық келiсiмдерде ұлттық мүдде тұрғысынан шешiм қабылдауды қош көретiн Қазақстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан сияқты басқа да посткеңестiк елдердiң Кремльдiң қоқан-лоққысына төзбесi анық.

Астанада өткен қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық жөнiндегi комитеттiң IV отырысында талқыланған басты мәселе «көгiлдiр отынды» тасымалдау тақырыбына арналды. ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шүкеевпен кездесу барысында ҚХР мемлекеттiк кеңесi төрағасының орынбасары У И екiжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан ары дамытуға мүдделiлiк танытса, ҚХР даму және реформалар жөнiндегi комитеттiң төрағасы Чжан Гобао: «Энергетика саласындағы ынтымақтастығымыз мұнаймен шектелiп келедi. Табиғи газ өндiрiсiне қатысты бiрiккен жобаларымыз әзiрге жоқ. Сондықтан осы отырыстан кейiн энергетикалық қор саласына қатысты ынтымақтасты дамытуға қатысты мәселелердi зерттеу үшiн арнайы жұмыс тобын құруға байланысты айтқан ұсыныстарыңызды қабылдаймыз» дей келе, қазақтардың энергоқорын қытайлар жерiне жеткiзу үшiн өнiм бағасы мен оның көлемiн, бәсекелестiкке төтеп беру күшiн сарапқа салу және ғылыми-техникалық зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргiзу қажеттiгiне тоқталды. Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен қытайлық Ұлттықмұнайгаз корпорациясы арасындағы келiсiм Қазақстан – Қытай газ құбырын жобалау, қаржыландыру, құрылысы мен оның iске қосылуы сияқты негiзгi қағидаларын анықтайды. Тараптардың келiсiмi бойынша, жобаны жүзеге асыру мақсатында ҚР заңына сәйкес тепе-тең үлес негiзiнде жобалық компания құрылатын болды. Осы жобалық компания жаңа газ құбырының қожайыны болып табылмақ.

Алдағы екi жыл iшiнде iске қосу жоспарланып отырған Қазақстан – Қытай газ құбырының құрылысы екi кезеңге бөлiнбек. Бiрiншiсi, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан Шымкент пен Қорғас арқылы Қазақстан мен Қытай шекарасына дейiн тартылмақ. Жылына 40 миллиард текше метр «көгiлдiр отын» тасымалдауға қауқарлы құбырдың ұзындығы 1333 шақырымға созылады. Жуырда қытайлар энергетикалық қорды тасымалдау мәселесiнде түркiмендермен де келiскен болатын. Келiсiм бойынша, Түркiменстан Қытайға алдағы 30 жыл бойы жылына 30 миллиард текше метр газды жеткiзiп отыруы тиiс. Бұған дейiн орталықазиялық «қара алтын» мен «көгiлдiр отынды» өз территориясы арқылы өткiзiп келген Ресейдiң жоғалтары көп. Өйткенi, табиғи ресурстарды тасымалдауда тек транзиттiк ел ретiнде шектелмейтiн орыстар қазақ, түркiмен, өзбек, әзiрбайжанның мұнайы мен газын iшкi нарықтағы сұраныстарды қанағаттандыруға және украиндар мен еуропалықтарға бiрнеше есе қымбатқа сатуға мүмкiндiк алатын. Алайда, әлемдiк нарықтағы мұнай мен газ бағасының күннен күнге өсе түсуi, сұраныстың артуы мен энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мүдделi Еуропаның тасымалдау мәселесiнде балама жолдарды iздестiре бастауы кезiнде Кремльге жалтақтап келген посткеңестiк елдердiң өз бетiнше дербес шешiм қабылдауына негiз болды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары