АУЫЛДА ӘЛI ДЕ АУЫРТПАЛЫҚ КӨП

АУЫЛДА ӘЛI ДЕ АУЫРТПАЛЫҚ КӨП

АУЫЛДА ӘЛI ДЕ АУЫРТПАЛЫҚ КӨП
ашық дереккөзі
224

Жылдағы қиыншылық келесi жылы да қайталанбаса екен

Жалаулатқан «Ауыл жылының» артына айтарлықтай iз қалдырмай өте шыққанына да бiраз уақыт болды. Кезiнде «Ауылға деген мемлекеттiк көмектi белгiлi бiр жылмен шектеуге болмайды, ол үнемi Үкiметтiң назарында болуы керек» – деп, шырылдаған ауыл жанашырларының жанайқайына құлақ асқан ешкiм болмады.

Сондықтан да ауылда ауыз су, аяқ су мәселесi шешiмiн таппай өзгерiссiз қалды. Сонымен бiрге мәдени орталықтар, балабақша кешендерi күрделi жөндеуден өтпедi. Ауылдың үлкен трассаға шығатын көлiк жолдарының ой-шұқыры тегiстелмей жауынды-шашынды күндерi жолға шығу қиындап кеттi. Бiрақ «Ауыл жылына» деп бөлiнген қыруар қаржының қаншасы, қайда жаратылғаны туралы нақты есеп еш жерде жарияланбады. Қысқасы, миллиардтаған ақшаның рахатын ауыл жұрты көре алмады.

Ендi, ескi 2007 жылмен қоштасар күн де алыс емес. Сенiмдi ақпарат көздерiнiң мәлiметiне сенсек, 2008 жылғы қаралған бюджетте ауылдың жағдайын жақсартуға қарастырылған қаржы көлемi қомақты көрiнедi. Ләйiм, солай болғай! Тек ауылды көркейтуге бөлiнген қаржы өткен жылдағыдай ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетпесе екен деп тiлейiк. Өйткенi, ұлттың ұйытқысы да, берекесi де ауыл. Ауыл тағдыры – ел тағдыры. Ауылды көтермейiнше еш реформаның жылжымайтыны анық. Ауыл байыса, қала халқының қарны тоқ болары да даусыз.

Ал, ендi Үкiмет ауылдықтарға «жер емiп, мал ұстап өз күндерiңдi көрiңдер», – дейдi. Әдемi айтылған сөз. Десек те, жұмыстың ең оңайы ақыл айту дейдi ғой көнекөз қариялар, сол айтпақшы, үкiметтiң әлгi талабын iске асыруға қажеттi механизмдер қарастырылған ба? Егiн егу үшiн техника, оған жанар-жағармай керек пе, керек. Үкiметтiң көктемгi егiс, күзгi жиын кезiнде жеңiлдiкпен берiлетiн солярка, дизель отынын арадағы делдалдар алыпсатарлар арқылы екi есе бағасына жалынып жүрiп зорға алады. Мұны жергiлiктi билiк, финполиция қалай бiлмейдi? Техниканың бұзылған тетiктерiн жөндейтiн шеберханалар, анық жарамсыз бөлшектерiн сатып алатын дүкендер бар ма? Жоқ. Бәрi жоғары билiкте тамыр-таныстары бар жеке адамдардың үйiнен сатылады. Оларды жазалаудың орнына бар жағдайын жасап қойған.

Екiншiден, мал ұстаңдар дейдi. Дұрыс-ақ. Қазақтың күнi малсыз қараң екенiн төрде отырып малдың басын мүжiгендер бiледi. Ал, мал ұстау үшiн жайылым керек (жайылымдық жерге бөлiнiп кеткен). Малға қыста қолда ұстау үшiн жем, шөп керек. Құрдымға кеткен Кеңес өкiметiнiң кезiнде вагон-вагон мал жемi (құнарланған) толассыз келiп жататын. Оны шаруа баққандарға арзан бағамен сататын. Оны қазiр түсiңде де көрмейсiң. Шөбiңдi орып алатын жер де жекенiң қолында, жақындатпайды. Өйтiп-бүйтiп шөп орып алсаң, оны қораға (қыстауға) тасып алу үшiн тағы да көлiктiң кезегiн күтуiң керек. Жалпы, мал баққан адам еңбегiн жейдi. Бiр кездерi ауыл шаруашылығымен айналысатын аудандарда бұрынғы МТС (машина-трактор станцияларын) мекемесiн қайта ұйымдастыру керек деген құнды ұсыныстар көтерiлiп едi, билiк басындағылар басып тастады. Өйткенi, олар тiкелей қалтасына толассыз түсiп жататын пайда көздерiн көрмедi, ал халықтың қамы үшiн бастарын ауыртқысы келмедi. Ауылдағы осы қиындықтар жылма-жыл әлi де қайталанып келедi.

Сосынғы бiр көкейтестi мәселе, ауылдың ахуалын көтерiп, көркейтудiң бiрден-бiр негiзi-аяқ сумен қамтамасыз ету. «Сулы жер – нулы жер» деп қазақ атам бекер айтпаған. Суы болмаса қайтып егiн егедi, суғарылған шабындығы жоқ болса қалай мал ұстайды. Ендiгi бiздiң тақырыбымызға арқау болып отырған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық аймағы тұрғындарының жылдағы көрiп келе жатқан су тапшылығы жайлы. Бұл аймақтарға елдi мекенде 12 мыңдай халық, 1000-нан астам жанұя тұрады. Дәл ортасынан Москва-Ташкент-Алматы темiр жолы кесiп өтедi. Аталған елдiмекен тұрғындары жылда июнь-июль айларынан бастап «Қандыарал» каналы арқылы келетiн судан қол үзiп қалады. Соның кесiрiнен есiк алдындағы еккен бау-бақшалары қурап, ала жаздай егiп күткен еңбектерi зая кетедi. Бұл жағдай соңғы 10-15 жыл бойы қайталанып келедi. Бұрындары есiк алдына еккен алма, өрiк, шие, жүзiм т.б. жемiс ағаштарынан көлкөсiр өнiм алып, артылғанын базарға шығарып әжептәуiр табыс табатын. Ауыл сыртында еккен қауын, қарбыздары тәттiлiгi мен үлкендiгi жағынан ел аңызына арқау болған Сыр елi едi бұл. Қазiрде тiрлiктердiң берекесi кетiп, Өзбекстанның дәрiленген, теплицада өсiрген көкөнiстерiн қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Бұл жағдай экологиясы нашар Арал, Байқоңыр аймағын мекендейтiн халықтардың организмiнде витамин жетiспеушiлiгi жиiлеп барады. Бадан кешiп отырған осы ауыртпалықтары туралы әр деңгейдегi әкiмдерге, Парламент депутаттарына жазып та, айтып та әбден жүйкелерi тозды. Уәде беруiнде кiнә жоқ, бiрақ ауылдан қырық қадам шыққан соң ұмытып кетедi. Жылдағы қайталанатын осы мәселенiң шешеiмiн табуға бола ма?» – деген сауалымызға ауыл Ақсақалдары кеңесiнiң төрағасы, Еңбек ардагерi, ҚР оқу iсiнiң үздiгi, тоқығаны мол Әлiбек Бижанов мырза былай жауап бердi:

– Әрине, болады, – дедi зор сенiммен. Бiрiншiден, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асатын, жаны ашитын ел азаматы билiк басында отруы керек. Екiншiден, ауылға су әкелудiң алдын-ала нақты жобасын жасап, оған кететiн шығындарды түгел есептеп дер кезiнде Үкiмет алдына ұсына бiлетiн жергiлiктi облыс, аудан әкiмдерi мен мәслихат депутаттары осы iске ұйытқы бола бiлуi тиiс. Ал, ендi өзiмнiң және тағы басқа ауыл ақсақалдарының болжамы бойынша, Сырдария өзенiнiң жоғарғы жағынан, сағасын Аққұм стансасының тұсынан канал қазып, оны Жаңақорғанның сыртымен жүргiзiп, Қорғантоғай арқылы «Ызғар» ауылынан №25 темiр жол бекетiндегi көпiрден өткiзiп, «Бөрiтескеннiң» үстiмен әкеп «Қандыарал» каналының ескi арнасына қосса, Сырдарияның ұлтанындағы суды алуға мүмкiндiк болар едi, – дейдi Әлiбек мырза. Әлiбектiң бұл ұсынысын тәжiрбиелi су мамандары да құптайды. Бұл жоба iске асса көп жылдан берi су тапшылығына ұшырап отырған «Төменарық», «Сүттiқұдық», «Қожамбердi» елдiмекендерi су азабынан құтылып, тез арада жасыл желектi өлкеге айналары сөзсiз. Десек те, бұл аса маңызды шаруаны орындауға көлемдi қаржы керек екендiгi де бiлемiз. Бiрақ орайын тапқан адамға мүмкiндiк табар, қаржы жетедi. Ендiгi бiздiң бар үмiтiмiздi ұлтымыздың жанашыр азаматы, қоғам қайраткерi, бүгiнгi облыстың тiзгiнiн ұстап отырған әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның берген уәдесiне сенiм артып отырмыз, – дейдi ауыл жұртшылығы. Сенiмдерiңiздiң ақталатынына бiздiң де күмәнiмiз жоқ.

Кәрiм Жұмабайұлы ,Еңбек ардагерi,

ҚР журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары