ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ӘЛЕМДIК САЯСАТТАҒЫ КҮН ТӘРТIБIНЕН ТҮСПЕЙТIН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ӘЛЕМДIК САЯСАТТАҒЫ КҮН ТӘРТIБIНЕН ТҮСПЕЙТIН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ӘЛЕМДIК САЯСАТТАҒЫ КҮН ТӘРТIБIНЕН ТҮСПЕЙТIН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі
295

Энергетикалық бопсалауға көшкен орыстардың қысымынан құтылуға мүдделi кәрi құрлық энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн бiрнеше жобаны жасап қойды. Осыдан бiрнеше жыл бұрын қағаз жүзiндегi жоспарлармен шектелген кейбiр жоба ендi жүзеге асырыла бастады. Табиғи ресурстарға бай қазақ елiн жағалап жүрген еуропалықтар мұнай мен газ тасымалына қатысты бiрнеше ұсыныс айтты. Президент Назарбаев елiмiзге қайсысы тиiмдi болса, соны қолдауға әзiр екендiгiн бiрнеше рет ашық мәлiмдеген.

ЖОБА. ЖОСПАР. МҮДДЕЛЕР.
 

Батыс Еуропа, Азия мен Африканы қосуға мүмкiндiк беретiн «трансеуропалық энергетикалық жүйе» (TEN) механизмiнiң жемiсiн көруге асығады. 1990-жылдардың ортасында қолға алынған «трансеуропалық энергетикалық жүйе» Еуропалық Комиссияның ЕО-ға мүше елдердiң техникалық-экономикалық дамуына негiз болатын жобаларға қаржы бөлуде маңызды рөл атқарады. Қазiргi таңда Еуроодақ 2003 жылы белгiленген жоспар бойынша жұмыс iстеуде. Аталған жоспар 4 бөлiктен тұрады: Ресей – Еуропа; Африка – Еуропа; «Жерортатеңiздiк сақина», Каспийаралық газ құбыры (Набукко). Набукко туралы бiз газетiмiздiң өткен санында жан-жақты талдауға тырысқанбыз. Бүгiнгi кезек – өзге жобаларда. Ресей – Еуропа (Норд Стрим) жобасы Ресейден бастау алатын газ құбырын Балтық теңiзi арқылы Германия, Ұлыбритания, Голландия, Дания, Швецияға тасымалдауды көздейдi. Жобаға акционер болып табылатын орыстардың Газпромы мен немiстердiң Wintershall и EON компанияларына Геманияның экс-канцлерi Герхард Шредер жетекшiлiк етедi. Айта кетерлiгi, акцияның 51 пайызына орыстар ие, ал қалған бөлiгi немiстердiң еншiсiнде. 1200 шақырымға созылатын құбыр Ленинград облысындағы Выборг қаласына жақын маңдағы Портоваяны Германия жағалауындағы Грайсвальдпен жалғамақ. Жылына 27,5 млрд. шаршы метр газды тасымалдауға қауқарлы Норд Стрим 2010 жылы iске қосылуы тиiс. Айналмалы жолдардан гөрi төте жолды таңдаған еуропалықтар келешекте газды Норд Стрим жобасынан екi есеге көп (жылына – 55 млрд. текше метр) жеткiзетiн екiншi желiнiң құрылысын қолға алады. Германияның қолдауына сүйенген Кремль Польша территориясы арқылы өтетiн «Ямал – Еуропа» жобасынан бас тартып, Норд Стримдi таңдады. Бiрақ Еурокомиссия Балтық теңiзiнiң түбiнен тартылатын «Ямал – Еуропа» газ құбырының жобасын тiзiмiнен сызып тастаған жоқ. Себебi, энергетикалық тәуелдiлiктен құтылуға тырысатын батыстықтар тасымал жүйесiнiң неғұрлым көп болғанын қалайды. Осы себептен, 2004 жылы Еуропалық Комиссия «Ямал II» жобасына қатысты техникалық-экономикалық негiзiне талдау жасау мақсатында еуропалық ортақ қазынадан қаржы бөлдi. Талдау мен зерттеу жұмыстарын жүргiзу поляктарға жүктелген.

АЛЖИР МЕН ЖЕРОРТАЛЫҚ ЖАҒАЛАУ
 

Африка – Еуропа бағыты Алжирды Еуропаның солтүстiк аймағы мен оңтүстiк бөлiгiн ұштастыруға бағытталған. Испания, Италия, Франция мен ЕО-ға мүше басқа елдердi де қамтитын жоба жылына 31 миллиард текше метр энергоқор тасымалдауға мүмкiндiк бередi. Газ құбыры төрт тармаққа бөлiнген: Алжир – Марокко – Испания – Франция; Алжир – Испания – Франция; Алжир – Сардиния – Корсика – Франция – Италия; Алжир – Тунис – Италия. Жобаны жүзеге асырушылар: Sonatrach (Алжир), Cepsa (Испания), Enel (Италия), Wintershall (Германия), Enemalta (Мальта) және Eni (Италия) компаниялары. Ал «Жерортатеңiздiк сақина» жобасы Еуропалық Одақтың негiзгi жоспарлары тiзiмiне енбесе де, Жерорта теңiзiне бағытталатын TEN жобасын толықтырмақшы. Ливия мен Египеттiң «көгiлдiр отынын» батыстық нарыққа жеткiзетiн бұл жоба үш бағытта жүзеге асырылмақ: бiрiншiсi – Ливиядан – Италияға (жылына 8 миллиард текше метр газ); екiншiсi–Египеттен – Ливия арқылы Испанияға; үшiншiсi – Египеттен – Иордания, Сирия, Ливан, Түркия мен Кипр арқылы Еуропаға (жылына 10 миллиард текше метр энергоқор). Айтпақшы, осы бағыттағы кейбiр құбыр бөлiктерi ендiгi iске қосылған. Каспийлiк газ құбыры (Набукко) Каспий жағалауы мен орталықазиялық аймақты Еуропамен ұштастыруға мүмкiндiк бередi. Осы орайда дайындалған жобалардың басым бөлiгi Ирак, Иран, Әзiрбайжан, Қазақстан мен Түркiменстан газын Еуропаның оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс бөлiгiне тасымалдауға арналған. Әзiрбайжандардың Шахдениз кен орнынан бастау алатын «көгiлдiр отын» ағыны Бакуден Тбилисиге дейiн жеткiзiлiп, сосын жаңа тармақ бойынша Түркияның Ерзұрымына, одан кейiн бұрыннан жұмыс iстеп тұрған құбыр арқылы Шығыс Анадолыдан елдiң солтүстiк-батыс бөлiгiне тасымалданады. Аталған құбыр ирандық газ құбырына жалғасып жатыр. Әрi осы құбырға Ирак тарапынан келетiн газ да қосылады деп жоспарлануда. Еуропалық нарыққа бағытталатын каспийлiк газ құбырының келесi тармағы жылына 3,6-10 миллиард текше метр газ тасымалдауға қауқарлы Түркия – Греция жүйесi болып табылады. Жылына 3,6 миллиард текше метр энергоқор тасымалдайтын тағы бiр жүйе Греция мен Италияны жалғастырмақ. Каспийлiк құбырдың төртiншi бөлiгi Балқан түбегi арқылы өтедi. «Шығыстық экспресс» деп аталатын бұл жоба Түркия арқылы Грецияның солтүстiк бөлiгi мен Балқанның батыс бөлiгiн жағалай отырып, Словения мен Австрияға дейiн созылмақ. Еуропалық Одақ табиғи газды жеткiзу мен оны сақтау қоймаларының жағдайын жақсартуға да ден қойып отыр. Осы мақсатта Польша, Греция, Испания мен Балтық жағалауы елдерiнде жаңа қоймалар құрылысын бастауды қолға алмақшы. Халықаралық сарапшылар энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiне келгенде Еуропалық Одаққа мүше елдерде ауызбiршiлiктiң жоқтығын сынға алады.

ЕУРОПАДА БIРЛIК ЖОҚ
 

Ресей еуропалық нарықты жаулап алу арқылы әлемдiк саясатқа ықпал етуге ұмтылады. ЕО-ның бiртұтастығынан гөрi өзiнiң ұлттық мүддесiн жоғары қоятын кейбiр мемлекет өзiмшiл Кремльдi тезге салуға бағытталған шараларды желге ұшыруда. Еуроодақтың Ресейге жиi жалтақтайтынын сынға алған Германияның бұрынғы сыртқы iстер министрi Йошка Фишер ЕО-ға мүше кейбiр елдердiң өз-өзiне деген сенiмсiздiгiнiң кесiрiнен «энергетикалық қауiпсiздiк» мәселесiнiң түбегейлi шешiлмей отырғанын айтады. Ал Халықаралық қатынастар жөнiндегi еуропалық кеңестiң жетекшiсi Марк Леонард: «Еуроодақтың экономикасы Ресейдiкiнен 15 есе үлкен, әскери бюджетi 7 есе көп, ал халқының саны 3 есе көп. Бiрақ Еуроодақтағы Ресей тақырыбы Дональд Рамсфельд заманы мен Ирактағы соғысқа байланысты туындаған пiкiр қайшылықтарынан да күштi» дейдi. ЕО мен Ресейдiң қарым-қатынасына байланысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзген сарапшылар Еуроодаққа мүше елдердi орыстарға деген көзқарасына қарай бес топқа бөлiптi. Бiрiншi топтағы– Греция мен Кипрды сарапшылар «трояндық атқа» теңеген. Жалпыеуропалық мүддеден гөрi кремльдiк бағытқа бүйректерi көбiрек бұратын екi ел, әсiресе, Кипр Ресейдiң iрi инвестиция салған серiктесi болып табылады. Орыстардың iрi сомадағы қаржысы кипрлық банктерде сақтаулы тұр. Екiншi топқа – «стратегиялық серiктестер» деп аталатын елдер кiредi: Германия, Франция, Италия мен Испания. Кейде екi түрлi бағытты ұстанатын бұл мемлекеттер энергетика мен еуропалық көршiлестiк саясатқа келгенде Еуроодақтың негiзгi мiндеттемелерiн де кейiнге ысырып қояды. Үшiншi топқа – Португалия, Мальта, Венгрия, Словения, Словакия, Финляндия, Люксембург, Болгария, Бельгия мен Австрия кiредi. Орыстармен алыстан сыйласса да кәсiпкерлiк мәселесiне келгенде тығыз қатынасты жақтайтын, саяси келiссөздерде қарсыласудан гөрi бас шұлғуға бейiм тұратын елдер. Ал Нидерланд, Ирландия, Дания, Чехия, Швеция, Ұлыбритания, Румыния, Эстония мен Латвия – өздерiнiң экономикалық мүдделерiн сақтай отырып, ресейлiк қоғамды сынға алудан тартынбайтын салқынқанды прагматиктер. Ал бесiншi топтағы– Польша мен Литва ЕО мен Ресей арасындағы келiссөздерде вето қою құқығын пайдаланып қалуға тырысатын «жаңа қырғи-қабақ соғыстың басталуын жақтаушылар». Орыстармен бiрге КСРО-ның «шекпенiнен» шыққан қазақтар 5 топтың ешқайсысына да кiрмейдi. Бiрақ қолынан келсе, «15 одақтас республиканың» бәрiн уысында ұстауды көздейтiн кеңестiк империяның «заңды мұрагерi» – Ресей Қазақстанның да энергетикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге кетары емес. Алайда, ұлттық құндылықтар мен мүдделердi кремльдiк мүддеден жоғары қоятын қазақ билiгi «қара алтын» мен «көгiлдiр отынды» экспорттауда тиiмдi бағыттар мен пайдалы жобаларды таңдайтынын iс жүзiнде дәлелдедi. Оған куә: осыдан екi жыл бұрын Баку – Тбилиси – Жейхан құбырының iске қосылуы. 90 жылдары мұнай тасымалдауда қазақтарды «теспей сорған» орыстар газ тасымалына қатысты да өзiмшiл әрекеттен аса алмай отыр. Набукко мен қазаққа тиiмдi басқа да жобалардың жүзеге асуына наразылық бiлдiруi сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары