ТӘУЕЛСIЗДIК МЕЙРАМЫ ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРЕДI?

ТӘУЕЛСIЗДIК МЕЙРАМЫ ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРЕДI?

ТӘУЕЛСIЗДIК МЕЙРАМЫ ҚАШАНҒЫ ТАСАДА ҚАЛА БЕРЕДI?
ашық дереккөзі
240

Жылда осы. Желтоқсан айы тумай жатып, бүкiл елде қарбалас, дүрлiгу басталады. Ол ненiң дүрлiгуi дейсiз ғой, жаңа жыл мейрамының, Иисус Христостың туған күнiн тойлаудың қарбаласы. Ал, ең ұлық мейрам — Тәуелсiздiк күнi осы жаңа жылдың тасасында қала бередi.

Биыл да Жаңа жыл мейрамына тура бiр жарым ай уақыт қалғанда, премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жерден жетi қоян тапқандай, жаңа жылдағы демалыс күндерiн жария еттi. Бақандай төрт күн демалатын болдық. Бiрақ, Тәуелсiздiк мейрамы жайында биiк мiнбер жұмған аузын ашқан жоқ. Қалаларда жаңа жыл шыршасы безендiрiлiп, Жаңа жыл мейрамымен құттықтаулар анадайдан мен мұндалай бастады. Тәуелсiз елдiң тәуелсiздiк мейрамы туралы ешқандай жарнаманы көрген жоқпыз. Өз елiнде өз билiгiне қадiрi жоқ Тәуелсiздiк өзге кiмге қажет?

Жалпы, Тәуелсiздiк алғанымызға 15 жыл толса да, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға келгенде бiз өзгенiң соңында қалып қойдық. Кеңес Одағы құлағанда, одақтас республикалар бiр-бiрiмен жарысып, тәуелсiздiк алуға ұмтылды. Бiз қашанғы әдетiмiзбен асықпадық, аптықпай елдiң соңында, жұртта қалған соң, «амалсыздан» тәуелсiздiгiмiздi жария еттiк. Мiне, сол құлықсыздықтан әлi күнге дейiн арыла алмай-ақ келемiз. Тәуелсiз сананың, бостан ойдың ұшығы жылт етсе, одан үркетiнiмiз соншалық, қылышын сүйретiп, Ресей төнiп келетiндей күйде боламыз да тұрамыз. Есесiне, казактардың әскер жасақтауына мүмкiндiк берiп отырмыз. Қазақ жерiне казактардың тамырын жайғанының 140 жылдығын, орыс-славян ұйымдарының 15 жылдығын дүркiретiп тойлаған елiмiздегi орыс қауымдастығының өкiлдерi елбасын Жоғары атаман сайласа, Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев бұл «ерекше» датаны президенттiң атынан құттықтап, сөз сөйлейдi. Казак атаманы Герасим Колпаковскийге айбынды ескерткiш орнатады. Құдды қазақтың тәуелсiздiгiн қорғаған батырлардай. Бұған билiктiң көзжұмбайлықпен қарауының өзi елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң бодауын басқа бiреуге бергенiнiң көрiнiсi емес пе? Казактар «жеке армия құрамыз» деп ұрандатқалы бiраз уақыт өттi. Бiрақ, әлi күнге ресми билiк үнсiз, ешқандай реакция танытпайды. Үй iшiнен үй тiгудiң ақыры не боларын ескермей отыр. Әйтпесе, тәуелсiз елде — қос тiл, қос идеология, қос тiлде бiлiм берiлiп келгенi аздай-ақ, ендi екi армия болмақшы ма? Қазақстан қарулы күштерiнiң қолбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы казак жасақтарына да атаман болып сайланды. Қос армиясы бар ешқандай мемлекеттi көрмеген едiк. Ендi ол бiзде болатын болды.

Қорыта айтқанда, Тәуелсiздiк рухы бiзге әлi жетпей жатқан-сынды. Тәуелсiз сананың өкiлдерi — жас ұрпақтың санасын сауықтырудың орнына, отаршылдықтың дәнiн қайта сеуiп жатырмыз. Кеңестiк империяның ақтаңдақтарынан әлi де арылмадық. Осы жалпақшешейлiгiмiз түбiмiзге жетiп жүрмесе жарар!

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары