ПЕНДЕЛЕР УАҚЫТТАН, УАҚЫТ КИЕЛI КЕСЕНЕДЕН ҚОРҚАДЫ
ПЕНДЕЛЕР УАҚЫТТАН, УАҚЫТ КИЕЛI КЕСЕНЕДЕН ҚОРҚАДЫ
15-16 қараша күндерi қасиеттi көне Түркiстанда «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өз жұмысын аяқтағанын газетiмiздiң өткен санында хабарлаған болатынбыз («Қасиеттi кесенеге көмек қажет». «Түркiстан» газетi, №47, 22 қараша, 2007 ж.). Елiмiздiң мәдени-рухани, ғылыми өмiрiндегi аса маңызды шара – аталмыш конференцияға қатысушылар Ясауи мұраларын тереңдетiп оқыту және «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының қазiргi мәртебесi өзгертiлiп, ғылыми-зерттеу орталығы статусы берiлуi жөнiнде республика Үкiметiнiң атына арнайы қарар қабылдады. Ал оған дейiн…
Жiбектей сусылдаған жал-құйрығы төгiлiп, шеки басқан тұлпарының тынымсыз тұяқ дүсiрiнен ғана жаны ләззат табатын, әманда жұмбақ өлкелер, тылсым кеңiстiктер мен құпия қиырларға құштар беймаза көшпендiлердiң тiкелей ұрпақтары болғандықтан ба екен, қазақтардың бәрi жиһанкездер сияқты көрiнедi де тұрады маған. Олар үшiн мыңдаған шақырымдық қашықтықтардан басқаның бәрi мына тұрған жер ғана. Бәлкiм, сол жиһанкездердiң соңғы тұяғы марқұм атам болған шығар-ау. Кей жаздары – жер-ана масатыдай құлпырып, мамыражай күндер келгенде ол кiсi белгiсiз бiр жақтарға ұзақ уақытқа сапар шегетiн. Баябан құмның жиегiндегi бұйығы қоңыр ауылдағы бiздiң үйде сол күннен бастап қасиеттi Түркiстан, беймәлiм Бұхара, сырлы Самарқан, алыс-алыс Әндижан мен Наманған деген атаулар жиi естiле бастайды. Бәрi де бiз үшiн мүлдем жұмбақ, сол жұмбағы бала көңiлдi өрекпiтiп, қиялына ерiксiз қанат байлайтын әрi бiр-бiрiмiзге құпиялап сыбырлағанда құлаққа әсем музыкадай әуездi естiлетiн атаулар. Тек ара-тұра әжем ғана арық бiлегiндегi зiлдей кұмiс бiлезiктерi мен сұйқылтым ақ буырыл бұрымына таққан күмiс шолпысындағы теңгелерi бiр-бiрiне сыңғырлай соғылып қап, шаршаңқы әрi нариза кейiппен: «Әдiрамқалғыр,бұл ауылдағының бәрi шетiнен бақсы мен шайхы емес пе?! Солардың бастығы – сендердiң диуана аталарың! Оуф, күн жылыса тыныш жатқан кезi бар ма, кеттi тағы да басы ауған жаққа қаңғып», – деп күңкiлдейтiн сөзiн ауыр күрсiнiспен аяқтап.
«Диуана» деген бiз үшiн аса үрейлi сөз. Табан асты көз алдымызға иiр-иiр асатаяқ ұстап, ұзын таяғындағы кiшкентай қоңыраулар қадам басқан сайын тынымсыз сылдырлаған, қаба сақалы күнге әбден тотыққан қан-сөлсiз жүзiн жауып, жалба-жұлба шапанының етегi желпiлдеп келе жататын қорқынышты шал елестейдi. Бiрақ, атамыз әлгiндей алыс сапарлардан киiмi мұнтаздай болып, атжақты жүзi iшкi бiр нұрдан жылылық пен мейiрге мөлтiлдей толып оралады ылғи. Атамыздың диуана болмай қайтқанына iштей алақайлап қуанамыз тағы да.
Бiлмеймiн, қайран атам алыс қиырлардан не iздедi, не тапты сол сапарларында? Ол кiсiнiң жүрегiн қандай ойлар мен сезiмдер тербедi екен? Бiлмеймiн… Ендi оны ыждағаттап сұрай да алмаймын ешқашан.
Тәйiрi-ай, сол жиһанкез атама тартпай туыппын мен. «Бала атадан бiр адым кейiн туады» деген осы да. Нәйетi мына тұрған қасиеттi Түркiстанға осыдан он шақты жыл бұрын соңғы рет табаным тиiп, тағзым еткенмiн. Қас пен көздiң арасында заулап бара жатқан өмiр-ай!.. Мiне, тағы келдiм саған, о қасиеттi Түркiстан, тәу етiп!
Өн бойымды тынымсыз ыстық толқын шарпып, тамырларымды қуалай лыпып аққан қан бiр ысып, бiр суысын. Толқимын, тебiренемiн. Түркiстанға келiп, толқымай көр! Өйткенi, бұл кент мәңгiлiк өлшем мен шексiз уақыт дамылдап, қонақтаған жер ғой. Адамдар қашанда уақыттан қорқады, уақыт Қожа Ахмет кесенесiнен қорқады.
Таң құланиектенiп атқанда киелi топырағыңнан айналайын Түркiстанның жерiне табаным тиген-дi: ендi алакеугiм таң жарығында алқа-салқа боп жатқан қаланы асықпай аралап келемiн. Көне шаһар түнгi ұйқысын ақырын серпiп, бiртiндеп оянған бейуақ. Әнi, машырықтан дөңгеленiп қызыл күн көтерiле бастады көкжиектi алтын нұрға малынтып. Әлдебiр үшкiл мұнараның тасасынан баспалап нұр төгедi, жарықтық! Таңғы кәусар ауада боз тұман ба, әлде үй мұржаларынан ерiне көтерiлген жеңiл түтiн бе, әйтеуiр көгiлжiм шiлтердей жеңiл мұнар бар.
Биыл ұзаққа созылған, қара шаруаға аса жайлы қоңыр күзде теңге жапырақтарынан бiржола айрылған айналадағы сирек ағаштардың сидам бұтақтары түнгi бозқыраумен ақырын төмен иiлiп, арайлы сәулелерге шағылысып жалт-жұлт етедi. Бұтақтарда ойнаған күн сәулесi бозқырауды жаһұт моншақтардай түрлi түспен жалтылдатып, ауаға сыңғырлаған нәзiк үн тарататын сияқты. Айналада асқан бiр жеңiлдiк пен нәзiктiк бар, адамды тоңдырмайтын сергек салқындық сезiледi.
Қасиетiңнен айналайын бабалардан жеткен жауһар жәдiгер – құдыреттi Ахмет Ясауи кесенесiнiң кiрер бетi күнге қарап қасқайып, заңғарлана түскен. Бұғаттар мен титiмдей қуыстарға тығылып алған торғайлар мен түрлi құстар көзге көрiнбесе де, тынымсыз сайраған нәзiк үндерi күмбез iшiнен үзбей естiлген Құран мақамымен астасып, iлкi сәттi одан әрi салтанатты ете түскен. Беу, бейкүнә, перiште қанат мыңдаған құстар пана тапқан кесене пейiш емей немене?! Ең ғажабы, ертедегi адамдардың (өзiмiз мешеу, дамымаған деп санайтын) шебер қолымен тұрғызылған құдiреттi, зәулiм ғимарат санаға сыймайтындай зорлығы, үлкендiгiмен таңдай қақтырса да, бейшаралығыңды бiлдiрiп, еңсе езбейдi, қайта пенденiң көңiлiн шарықтатып, қиялына қанат байлайтыны күмәнсiз.
Ясауи кесенесi – аса үлкен порталды-күмбездi құрылыс. Оның енi – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (енi – 50 м, порталдың аркасының ұзындығы – 18,2 м) және бiрнеше күмбезi бар. Оның орталық залының төңiрегiне 35 бөлме салынған. Жамағатхана (қазандық деп аталады) күмбезiнiң ұшар басына дейiн есептегенде ғимараттың биiктiгi – 37,5 м. Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 1,8 – 2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы – 3 м.
Ал көгiлдiр күмбездерi күн биiктеген сайын зеңгiрлене түскен шыныдай мөлдiр көк аспанмен үндесiп, мәңгiлiктiң сипатына айналып бара жатыр бiртiндеп. Япыр-ай, көне шаһарда хақтың жолын күзетiп, мәңгiлiктi ұққан қарапайым қазақ қандай бақытты!
Оң жақтан, анау көкжиектiң жiгiне жете алмай көз талықсыған тұстан емiс-емiс мұнартып, қарауыта бұлыңдаған белдеу байқалды. Көкжиекте пышақ жүзiндей iркiлген тұман ба, әлде бұрқыраған шаң ба екен? Жоғ-а, қарт Қаратаудың сiлемдерi ғой көне сырын бүге созылып жатқан. Үнсiз күбiрлеймiн сол тауға үздiге қарап тұрып…
«Басынан әркiмнiң бұл жалған өтер,
Баянсыз – жатпай жиған мал ба бекер.
Қарындас, ата-анаң қайда кеттi?
Ағаш ат солар мiнген саған жетер.
Қожа Ахмет, ұста хақты назарыңа,
Қорлық бар тәңiрiден жазалыға.
Ораза, намазыңды қаза қылма,
Орындап мұратыма жеттiм мiне.
Дүниеқор малға тойып секiредi,
Астамсып, аспан тiрер көкiрегi.
Күпiр боп, көрiнде ертең өкiредi,
Иманнан жұрдай болып өтер, достар.
…Өттi өмiрiм, шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тариқатқа өте алмадым.
Хақиқатсыз мағрипатқа жете алмадым.
Пiрсiз жол – қиын жол, қалай өтем, ей достар?!»
Қайран Қожа Ахмет әулие сонау ХII ғасырда осылай толғаған, адалдық, адамдық жолын iздеп осылайша шарқ ұрған.
«Ясауи сопылық iлiмiнiң, дүниетанымы мен философиясының желiсiн моральдық-этикалық (парасаттылық) және сопылық хикмет деп жiктеуге болады, – дейдi «Түркiстан» халықаралық энциклопедиясы. –…Ясауи дүниетанымының мәнi «адамның өзiн-өзi тануы» арқылы «Хақты тану». Бұл жолдың алғашқы мақамы «тәуба», соңғысы да «құлдық» (убудитат, абд) мақамы. Ясауиде адамның табиғаты – Құранда да айтылғандай – су мен топырақ. «Асылын бiлсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа», – дейдi. Ол парасатты адам деп топырақ тектес, қарапайым, менмендiктен арылған адамды айтады. Әулиелер, кемел даналар тiрi кезiнде де, қабiрде де халыққа жол көрсете алады. Ясауи дүниетанымында әулие даңғыл жол, өйткенi ол халқының жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның екi арасын айыруына жөн сiлтейтiн, бүкiл құдайлық шындықтың, Алланың рахымының қоғамдағы көрiнiсi болып табылатын дана тұлға. Әулие адам, шынайы зиялысы бар қоғам немесе халық шындыққа барар жолда адаспайды. Ясауидiң, «топырақ болғыл әлем сенi басып өтсiн» дегендегi айтпақ болған ойы осыған тiреледi. «Құл Қожа Ахмет, нәпсiнi тептiм, нәпсiнi тептiм; Өлмес бұрын жан берудiң дертiн шектiм… Дидар тiлеп терк етсем Масиуаны Өлмес бұрын болмысыңды ойла фани…» – бұлар «өлмес бұрын өлу» философиясына тән хикметтер. Бұл жерде өлмес бұрын өлудiң нәпсiден арылу және Хаққа қауышудың шарты, мәңгiлiк өмiрге қауышу екендiгiн көруге болады».
Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың: «Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидiң хикметтерi сөзсiз оның бiр бөлiгi болып кiруге тиiс», деуi де ұлылықты мойындау мен бас июдiң шынайы белгiсi.
Осыдан тұп-тура тоғыз ғасыр бұрын, 1103 жылы дүниеге келiп, 1166 жылы қайтыс болды делiнетiн Қожа Ахмет Ясауи бүгiнгi Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам қаласында дүниеге келдi. Оның әкесi Ибрагим-бек пен анасы Қарашаш туралы ештеңе белгiсiз деуге болады. Сопылық ақын әрi уағыздаушы, шағатай тiлiнде (ортазиялық -түркi тiлiнде) «Диуани Хикмет» («Даналық жинағы») және басқа да бiрнеше рухани өлеңдер жинағын жазған ол ерте жетiм қалып, оны туыстары тәрбиелеген. Ясауи сол кездегi ғылым мен бiлiмнiң орталығы Мервте бiлiм алып, сопылық идеясын уағыздады.
Сопылық идеясын Низами, Науаи, Хафиз, Жәми, Руми секiлдi тамаша ақындар да өздерiнiң өлмес шығармаларына арқау еткенмен, Қожа Ахмет Ясауидiң орны бiз үшiн мүлдем бөлек. Өз кезiнде оның бiрқатар өлеңдерi КСРО Бүкiләлемдiк әдебиет кiтапханасының 585-томына енгiзiлген болатын. Яғни, осынау қасиеттi кесене – халықтық үлгiдегi өлеңдер жазған ақынға орнатылған мәңгiлiк ескерткiш – түркi халықтары мен қазақ поэзиясына да тұрғызылған қайталанбас туынды. Шексiз сар даланың ортасындағы жұмақ мекен – Түркiстанда сағыныш түстес сарғыш қыш қабырғалы, күмбезi көк аспанмен көмкерiлген зәулiм ғимараттың салынуы бекер емес. Адамдардың иланымында мәңгi жас шабыт пен құдiреттi поэзия тек биiктерде ғана мекендейдi. Ежелгi Грекия аңыздарында Парнас тауы ақындардың шабытқа бөленетiн мәңгiлiк мекенi болса, ұлы даладағы көне кент қазақ поэзиясының отаны, кiндiк қаны тамған жер десек жарасар.
Ұлтты жаңаша тәрбиелеу, рухани ояту бастаулары бұдан былай осынау қасиеттi жерден өрiс алса құба-құп. Мынау көне кесененiң тыныштығын жас балалардың шат күлкiсi бұзып жатса да еш сөкеттiгi жоқ. Бiр аңдағаным, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне зиярат етуге келушiлердiң көбiсi әзiрге негiзiнен тек ересек кiсiлер секiлдi. Ал Платон: «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесiн тәрбиелеймiз, қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелеймiз» деген ғой.
Кесененiң жанына ақырын басып келiп ерiксiз аялдадым да, бiр кездерi бабаларымыздың жылы алақандары тиген сарғыш кiрпiштердi сипағым келiп, қолымды соза түстiм. Саусақтарым илiкпей, iшкi толқыныстан дiрiл қағады…
А.Брагин «Үшiншi рет өмiрге келу» хикаятында: «Ғимарат дәл менiң алдымда оны бiрiншi көргенiмдей болып тұрды… Тура желiлер дөңгелектерiмен үйлесiмдi үндеседi. Кiре берiс қақпа өзiнiң жоғарғы бөлiгiнде күмбездiң бейнесiн қайталайды, ал күмбез көк аспанды қайталайтын сияқты… Мен ескерткiштiң тұтастай және жекелеген бөлшектерiнiң үндестiгiне, жалпы еркiн ойдың эпикалық батылдығына және өңдеуде зергерлiк тартымдылығына таңырқана қараймын. Орталық кiре берiске аялдамасқа болмайды. Сүйекпен безендiрудiң iзi бар екi жобалы оюлы есiк өзiне тартады. Шағын темiр ысырмаға шебер-суретшi арыстандардың, топ құстардың және тiптi әлдебiр көбелектердiң миниатюралық бейне¬лерiн сыйыстырған», – деп жазған-ды. Кiм бiлiптi, орыстың белгiлi суретшiсi Верещагин де ХIХ ғасырда кесене алдында осылайша үнсiз тұрып, осылай таңданған, қайталанбас шеберлiк пен мәңгi ұлылықтың алдында дәп осылай бас иген шығар.
Несiн айтасың, сандаған ғасырларда осы өңiрде қаншама билеушiлер, мыңғыртып мыңды айдаған байлар мен керуен-керуен зат сатқан саудагерлер өттi, бiрақ бiз олардың көбiн бiле бермеймiз, дегенмен осынау алып құрылысты жүргiзген шираздық Қожа Хасан мен Шеме Әбд-әл-Вакхаб есiмдерi тарихта сақталыпты. Олар өз есiмдерiн кесене күмбезiнiң астына немесе қабырғасына көк жұқа кiрпiштермен бiрге қалады. Құрылыс ХV ғ. басында аяқталды. Кесененiң өте зәулiмдiгi мен сұлулығы ғажайып көркi бүкiл Шығыс мұсылмандарын таңқалдырды. Жамағатхана (қазандық) адам шеберлiгi мен мүмкiндiгiнiң шексiздiгiн танытады. Деректерде Қожа Ахмет Ясауидiң 12-ғасырда салынған, құлауға жақын тұрған мазарын көрген жаһангер Ақсақ Темiр мұны бұзып, орнына жаңасын салуға әмiр еткендiгi айтылады. Орасан зор оюлы есiктен енгенде әктi тұнбасы (сталактиттер) салбырап тұрған үңгiрдiң табиғаттағы ғажайып сұлулығы көз алдына келедi. Нәзiк сүңгiлер қайталанбас сұлулық бере отырып, күмбез астындағы биiктiкте бiр-бiрiне iлiнiп тұрған декоративтi шығыңқы, жаңғырықты әрi айбарлы симметриялы, музыкалық ғимаратты бiлдiредi.
Мiне, бөлме ортасындағы ХV ғасырда қоладан жасалған қасиеттi қазан. Кезiнде бұған зәмзам суы толтыра құйылған. Салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биiктiгi – 162 см, диаметрi – 242 см. Ғажайып өнер туындысы – қола қазан 1935 жылы Санкт-Петербургке әкетiлiп, 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Қазақстанға әрең деп керi қайтарылды. Отарлаушы елдiң өркөкiректiгi мен тоңмойындығы бiздi орта ғасырлардың қайталанбас туындысынан бiржола айыра жаздаған.
Қазан бетiнде араб жазбаларының сулыс қолтаңбасымен Құранның 9-сүресiнен үзiндi жазылған.
Онда: «Алла айтты: (Ұлы жарылқаушы) зиратшыларға Хажының жолына құдық пен қасиеттi мешiт ғимараттарын салдыңдар ма?»
Пайғамбар айтты: »Егер кiм Ұлы Алла жолына (арнап) құдық немесе су iшетiн жер (салса) орнатса, Ұлы Алла оған жаннатта Хауз орнатады», – деп жазылған.
Одан әрi: «Бұл су iшетiн ыдысты жасатушы (әмiр еткен) (Ұлы Әмiр, патша, ұлыстардың лайықты басшысы, Ұлы Алланың (қайырымдылық падишасының) қамқорлығына ие болған Әмiр Темiр Көреген. Алла оның патшалығын мәңгiлiкке бұйырсын. Ислам шайхы, әлемдегi машайықтардың Сұлтаны, шайх Қожа Ахмет Ясауидiң – Ұлы Алла оның рухын нұрландырсын!».
20 шаууал 801 х.ж.» (бiздiңше 1399 жылдың 25 маусымы) делiнген.
Екiншi қатар 20 картушқа бөлiнген. «Қайырлы бол» немесе «Тәңiр жарылқасын» деген сөздер қайталанады. «Жарылқаушы Алланың қамқорлығын қажет ететiн Құдайдың құлы Әбд-әл-азиз Шарафуддин шебердiң ұлы Тебризидiң жұмысы» делiнген. Шығыс қабырғадағы 11 төртбұрышта көгiлдiр кiрпiшпен «О, Қайырымды! О, Рахымды!» деп оюлап жазылған. Иә, өзге жұрттар не десе о десiн, ал мұсылмандардың Құдайы қашанда қайырымды. Басқаны қайдам, ал сонау ХV ғасырдағы адамдар бұған күмәнсiз сенген. Ал халықтың шын сенiмi ешқашан алдамайды әрi өзгермейдi.
…Кесене алдындағы қыш плиталар төселген, тап-таза алаңқайды кесе-көлденең өтiп келемiн. Бiр бүйiрiмнен кесенеден көз айырмай, үнсiз күбiрлеп келе жатқан талдыр¬маш бойжеткен сәл iркiлiп, маған жол берген күйi именшiктеп қалт тұрып қалсын. Сұлу екен, сүйкiмдi екен сол бiр қыз. Алтындай ақсары шаштарын бастыра жұқа шыт орамал байлаған, көгiлдiр көздi орыс қызының сұлу жүзi iшкi бiр нәзiк нұрмен шырайланады. О ғажап, өзге жерде тым еркекшора, бәдiктеу орыс бойжеткендерiнiң бөтен адамға, еркек кiндiктiге жол бергенiн алғаш көруiм едi бұл. Бәлкiм, әулиенiң сүйегi жатқан қасиеттi кесене адамдардың бойына жаңа мiнездер – ибалылық, мейiрiмдiлiк, кiшiлiк, адамгершiлiк қалыптастыратын шығар шынымен…
«Әзiрет Сұлтан» мәдени қорық мұражайының директоры Альберт Сафуллин қарапайым әрi кiшiпейiл, жинақы ойларын бүкпесiз айтатын азамат боп шықты. Кезiнде «Қазақ энциклопедиясында» қызмет iстегендiгiнен бе, ел, жер, дiн тарихынан, әсiресе, мәдениет саласынан мол хабардар екендiгi аңғарылады. Сөзге де шешен. Әлгiнде қала iшiнде жол полициясының жеңiл машинасы бастап жүрген автобусымызға Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң қасында бас сұғып, түнде келген қонақтардың бiрсыпырасын өзi поездан күтiп ала алмағанына кешiрiм өтiнген.
– Қазақтың ұлан-асыр тойды, алқалы жиынды мүлтiксiз, жақсылап ұйымдастырдым дегенде де бәрiбiр бiр сағаты жетпей қалатын әдетi емес пе?! Осындағы жiгiттердi жұмсап, өзi қарсы алмады деп айыпқа бұйырмаңыздар, кiшiлiгiм болмаса, кiсiлiгiмдi таныта қояйын дегенiм жоқ, екi қолымды төртеу ете алмай қалдым, – деп риясыз күлген.
Елеусiз ғана нәрсе, бiрақ адам жанын жадыратар iлтипат. Әсiлi, Түркiстан тұнған тарих. Ал кәрi тарихпен қоян-қолтық жүрген жан өркөкiректiк, өзiмбiлермендiктен ада болатыны табиғи нәрсе. Мағжанның: «Түркiстан – екi дүние есiгi ғой» деуi содан. Иә, Түркiстан – көк түрiктiң бесiгi ғой. Кесенедегi Үлкен Ақсарай бөлмесi Есiм ханның тұсында хан сарайы қызметiн атқарса, «Қылует» жерасты мешiтi Ясауидiң 63 жасында Мұхаммед Пайғамбар с.ғ.с. қазасын аза тұту мақсатында саналы түрде өз еркiмен жерастына түскен киелi мекенi. Жарықтық, осындағы «Ғар» бөлмесiнде күнiне бiр үзiм нан (бәлкiм, бiр уыс мейiз) мен бiр кесе суды қанағат тұтып жатты ма екен?! «Диуани Хикмет» даналық дүниесiн осы бөлмеде жазған деседi. Ұлы бабамыз: «Кiмде-кiм Құдайды есiне алса, ол өзiне тура жолды тапқаны» деген. Адам Алланы сүю арқылы, бүкiл адамзатты да сүюге қол жеткiзедi. Осы жерасты мешiтi мұражайының негiзiнде Қазақстандағы бiрiншi «Ислам дiнi» тарихы мұражайының ұйымдастырылып жатқаны өте құптарлық iс. Әрине, зайырлы Қазақстанда мешiт мемлекеттен бөлек дей тұрғанмен, халқының 80 пайыздан астамы хақиқат дiн – исламды ұстанатын елде дiн тарихын бiлем деушiлердiң азаматтық құқығы толық қанағаттандырылуы кезек күттiрмейтiн мәселе.
XV ғасырда салынып, күнi кешеге дейiн, яки 1977 жылға дейiн бес жүз жылдан астам уақыт бойына жұмыс iстеген Шығыс моншасы да Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң қасында. Бес жүз жыл! Әлемде адамдар үшiн осыншама уақыт тоқтаусыз қызмет еткен орын бар ма?! Әй, қайдам…
Түркiстан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесi туралы ойларымды бiр арнаға тоғыстыра алар емеспiн. ХII ғасырдағы Қараханидтер мемлекетi мен бүгiнгi, ХХI ғасырдағы көк байрақты Қазақ мемлекетiнiң арасында жатқан шексiз ұзақ уақытты санама сыйғыза алмай тосылдым. Қаншама ұзақ уақыт, аңызды жылдар… Адам сенбес оқиғалар… талай-талай тағдырлардың тосындығы. Елдi билеп, әдiлдiгiмен даңқын шығарған талай әз хандарымыз, сөз ұстаған дана билер, қол бастаған қаһарман батырларымыз бен қазақтың небiр игi жақсыларының асыл сүйегi осында жатқаны аян. Көбiнiң есiмдерi белгiлi болғанымен, кейбiрiнiң аты бiзге белгiсiз болуы да ықтимал. Не iстерсiң, аяусыз тағдыр солай, небiр алмағайып замандарда жеке адамдар түгiлi, тұтас халықтың өзi тарих сахнасынан бiржола өше жаздаған қаралы күндер өткен. Өткенге – салауат, бүгiнгiге – қанағат, келешекке – аманат дейсiң iштей. Әй, бiрақ, қасиетiңнен айналайын қазақтың да ойлап шығармайтыны жоқ-ау. Солардың бiрi – аталарымыздың өз сүйегiн Түркiстанға жерлеу жөнiндегi аманаты. Бәлкiм, оның себебi көшпендi жұрттың әр кез өлiмге дайын жүретiн жанқиярлығы, пәни тiрлiкпен қоштасуды аса бiр трагедия деп санамайтындығында жатса керек және тағдырға мойынсұнып үйренген фаталистiгiнен шығар-ау. Ертеде ел билеген, болмаса қол бастаған бекзат аталарымыздың кейбiрi адал жанын Аллаға тапсырар сәтте, шыбын жаны кеудесiнен ұшқалы тұрған соңғы мәурiтте өз саусағын кесiп немесе қоң етiнен ойып ап, Түркiстанға, әулие кесенесiне жерлеуге аманат еткенi ел аузындағы аңыздарда айтылады, тiптi, тарихта жазылып та қалған. Сүйегi ұлы даланың алыс бiр түкпiрiнде жерленсе де, артында қалған мұрагерлер айлап жол жүрiп, қорқынышты соңғы аманатты айнытпай орындағандарына мысал көп. Қаралы, азалы көшке ұшы-қиырсыз даланың бар жерiнде де құрмет, бас ию! Ақырында әлгi саусақты немесе бiр уыс еттi Түркiстанға арулап қою… Бiрақ титтей тәннiң қай жерiнде жан тұрады? Жантәсiлiм етер шағында «Ла иллаһа ил Алла, Мұхаммед расул Алла» деп әлсiз күбiрлеген мүмiннiң шыбын жаны әлгi аманатты қара жердiң қойнына арулап қойғанша қайда тұрақтайды екен, а?!
…Қонақтарды Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ғимараты алдында бiр топ кiсi жайдары күтiп алды. Университеттiң президентi, белгiлi сыншы Құлбек Ергөбек ыстық ықыласпен амандасып, иманжүздi ғалым әрбiрiне жылы сөз арнап, жайдарлана күлiмсiрейдi.
Күрең күздiң жанға жайлы, шуақты күнi ерке қылықпен жүзiңдi аймалап, аса бiр нәзiктiкпен сипайды. Ауа салмақсыз, көзге iлiнер-iлiнбес қылдай сәулелермен нұрланып, шiлтердей сусиды. Көкжиегiне жеңiл көгiлжiм мұнар тұнған сарғыш түстi алыс қиырлар мен шексiз алқаптар сол сәулеге малынып, үнсiз сыр бүгедi жүректi нәзiк мұңға толтырып. Күзгi мұңның құпиясын ешкiм шеше алмайтыны және рас. Ұқыпты қолдар үнемi баптап, жаз бойы жалықпай суарып тұрғандықтан ба екен, университеттiң кең ауласындағы бейсауат адамдар таптамаған көгал әлi де көк жасыл. Бiр тегiс боп көздi сүйсiндiре масатыдай боп жатыр. Әлдененi сылтау қылып, сол көгалдың шетiн баса әрлi-берлi жүрiп алдым. Жұп-жұмсақ шүйгiн табанға соншалық жайлы тиедi, былқылдайды, жапырыла берiп қайта тiктеледi қайран шөп. Топылайымды шешiп ап, бала күндегiдей осы көгалда жүгiргiм келген. Әй, көргендерден ұят қой…
– Залға кiрiңiздер, қазiр конференция басталады, – деп дызақтады мұражай қызметкерлерiнiң бiрi баспалдақта тұрып. Басымды изеп, үнсiз қолымдағы түтiндеген темекiнi көрсеттiм.
«Жақсы, әуелi оқымыстылар орындарына жайғассын. Ғалымдарға бiлiм керек, журналиске шылым керек…»
Ясауи мұралары жөнiнде елiмiзде мұндай мәртебелi конференция алғаш ұйымдастырылып отырған сыңайлы. Әйтеуiр осында ғылыммен атақ үшiн емес, ұлттың рухын асқақтатып, санасын ояту үшiн айналысатын нағыз жанкештiлер жиналғаны кәмiл. Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Қостанай… республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен жиналған ғалымдар, белгiлi тiл мамандары, археологтар, түрлi мұражай қызметкерлерi, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыммен айналысып жүрген студенттер. Әрбiрiнiң Ясауи мұралары мен iлiмiн зерттеу, оқыту мәселесiнде қордаланып қалған терең ойлары жеткiлiктi, айтарлары, бөлiсер сырлары көп-ақ. Мәртебелi жиынның талқылауына ұсынылған түрлi зерттеулер мен ғылыми еңбектердiң әрбiрi үлкен ғылыми жүк көтерген құнды дүниелер. «Қ.А.Ясауи дәстүрi қазақ әдебиетiнде», «Ясауидiң хал-хикмет iлiмi», «Ясауидiң түркi тарихындағы орны», «Түркi даласының ұлы шайықтары», «Диуани хикмет» және қазақ мақал-мәтелдерi», «Ясауи есiмдерiмен байланысты тарихи орындар», «Шежiрелiк деректердегi киелiлiк мағыналар» сынды тағы басқа ондаған баяндамалардың әрбiрi келешекте қоғамдық, рухани, ғылыми өмiрiмiзде алар орны ерекше болары сөзсiз. Ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға қатысушылар және белгiлi себептермен келе алмаған кiсiлердiң аталмыш зерттеулерi болашақта арнайы кiтап болып шығатыны жоспарланып отыр. Дегенмен, конференция барысында Ясауи мұралары мен iлiмiн зерттеу, оқытуда қалыптасқан көптеген түйткiлдер мен бiрнеше елеулi жайттардың бетi ашылды.
Бiрiншiден, терминология комиссиясы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрiлiгiнiң тiл комитетi «Қожа Ахмет Ясауи» деп жазуды ұйғарғанмен, елiмiздiң бұқаралық ақпарат құралдары, ғалымдар мен зерттеушiлер әр түрлi жазы жүр. Жетi түрлi етiп жазылатыны анықталған. Тiптi, «Жассауи» деп жазатын, қолданатын «жайсаңдар» да бар көрiнедi. Киелi әулиенiң есiмiнiң түрлi нұсқада жазылуы асқан мәдениетсiздiк болумен қатар, электрондық ақпарат көздерiн пайдалануда үлкен қиындықтар туғызып отыр.
Екiншiден, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң сақталуына үлкен қауiп төнуде. Түркiстан қаласында асфальт зауытының салынуы, сондай-ақ, қаланың газдандырылмауы көне шаһардың үстiне улы газдар мен қара түтiннiң шоғырлануына әкелiп соғуда. Мұның өзi ғасырлар бойы тұрған кесененiң тез бұзылуына әкелiп соғатыны айқын. Оның үстiне бұрын кесене қабырғасындағы көгiлдiр кiрпiштердiң жиек-жиегiне алтын жалатылған болса, қазiр бұл жасалып отырған жоқ. Өкiнiшке қарай, халқымыздың өлмес мұрасынан қаржы үнемдеудемiз. Осы ретте Түркiстан жерiне тәу етуге келген американдық белгiлi ғалымның: «бала тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарды сақтаудан ақша аямау керек», – деген сөзi әрбiрiмiздiң жадымызда болса құба-құп.
Үшiншiден, Алматыдан келген ғалымдардың көбi өз баяндамаларын орыс тiлiнде жасап масқараға ұрынды. Зиялы қауым өкiлдерi болып табылатын әлгiндей мырзалар мен ханымдар қандай қасиеттi орынға, не үшiн келгенiн бiлмейтiн, ойланбайтын да болуы керек. Ең өкiнiштiсi, алматылықтардың жәй әңгiмесiнде де орысша сөздер мен тiркестер жиi қолданылатыны жиi байқалатын боп шықты. Ясауидiң, осында сүйегi жатқан сансыз аталарымыздың аруағынан қорықпағандары-ау.
Төртiншiден, соңғы кездерi елiмiзде киелi орындарға зиярат етудi өз атын шығарудың амалы деп қарайтындар жыл сайын көбейiп бара жақтаны байқалуда. Зиярат етудi иман, адамгершiлiк, тәубеге келу Хақтың жолы деп емес, қайта атақ шығару жолы деп бiлетiн секiлдi олар. Айтпақшы, Қараханидтер дәуiрiнен жеткен өлмес мұра – Арыстанбап кесенесiнiң алдына Құранның сүресi жазылған кiтаптың ескерткiшiн қойып, оның бiр жағына өз аты-жөнiн жазып қойған азаматтың осындай «iзiн» көзiмiзбен де көрдiк. Көзге шыққан сүйелдей. Бұл қалай? Арыстанбаптың әулиелiгiн былай қойғанда, ХII ғасырдан жеткен тарихи ескерткiшке әлгi замандасымыздың қандай қатысы бар? Әркiм осылайша өзiнше «ескерткiш» орната берсе, ондайларға рұқсат етiле берсе көп ұзамай киелi орындардың маңында барша қазақтардың тiзiмi iлiнiп қойылмасына кiм кепiл!? Бәсекелесiп, осындай амалмен атын шығарушылар көптеп табылары бесенеден белгiлi.
Бесiншiден және ең бастысы, Түркiстан алқабында көне қалалардың орны мен тарихи жерлер аса көп. Археологиялық қазбалар кезiнде онда табылған көне жәдiгерлiктердiң көбi таза ауада бүлiнiп, құриды. «Әзiрет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық мұражайы ғылыми-зерттеу орталығы болып құрылса, түпнұсқалар осында сақталып, өңделiп, одан әрi жан-жаққа тасымалдауға жеңiл болар едi.
Тарихи-мәдени қорық мұражайында қазiргi таңда XVI ғасыр, одан кейiнгi замандардан сақталған 140 қолжазба, XVIII-XIX ғасырлардан жеткен 330 литография жинақталып тұр. Мұның бәрi түркi, парсы, араб тiлiнде жазылған баға жетпейтiн аса құнды байлық. Сонымен қатар 20 мыңға жуық тарихи экспонаттар да осы мұражайдың мүлдем жабдықталмаған екi бөлмесiнде сақтаулы. Аса өкiнiштi жайт! Мемлекет осы тарихи-мәдени мұражайға шын мәнiнде көңiл бөлiп, осы заманға сай жаңа мұражай ғимараты салынбаса және ғылыми-зерттеу орталығы статусы берiлмесе бұл ұлттық құндылықтар мен байлық болашақ ұрпақтың еншiсiне бүлiнбей жете қоймайтыны кәмiл.
…Ымырт үйiрiлiп, қараңғылық түстi. Аспанның қақ төрiнен жаңа туған ай Түркiстанның өз заманында бүкiл Дештi-Қыпшаққа даңқы жайылған ақ қауынының тiлiмiндей именшектей иiлiп тұр. Қасиеттi кесененiң күмбезiнiң иығына шығып, айналаға күмiс нұрын себедi. «Ай көрдiм, аман көрдiм, жаңа айда жарылқа, ескi айда есiрке», – деп күбiрледiм айға алақан жайып…
Жаңабек ШАҒАТАЙ, «Түркiстан» газетiнiң арнаулы тiлшiсi