ШЫМКЕНТТЕ ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗУ ДЕРТКЕ АЙНАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗУ ДЕРТКЕ АЙНАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗУ ДЕРТКЕ АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі
260

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, оңтүстiктен шыққан аты шулы ВИЧ-СПИД лаңы талай әңгiмеге арқау болды. Осы оқиғадан саясат жасап, баз бiреулердiң абырой-беделiне нұқсан келтiру үшiн «заказ» орындап, жұртты дүрлiктiрiп жүрген басылымдар да жетерлiк. Бiреудiң сойылын соғу ешкiмге де абырой әперген емес. Әпермейдi.

Ендi Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Қан құю орталығы төңiрегiнде «Время» газетi айқай-шу көтерiп отыр. Осы мақаланы жазған Г.Бендицкий деген әрiптесiмiз бiреулердiң «заказын» орындаудың асқан шеберi секiлдi. Өзiнiң мақаласында қараңғы бөлмеден қара мысық iздеуге құлшынып, «МММ-GROUP» атты немiс компаниясының сойылын соғып, оны жәбiрленушi ретiнде көрсетедi. Қоғамдық пiкiрдi бiржақты тудыруға асыққан. Мұндай пiкiрге келуiмiз негiзсiз де емес. Егер де мақаладағы жазылған жәйттердiң барлығы шындыққа сәйкес келсе, әрiптесiмiзге сын да айтпас едiк. Дегенмен, «Платон — досым, бiрақ шындық одан да қымбат» деген қағида бар емес пе.

Мақаладағы аты аталған бiраз лауазым иелерiнiң баспасөз мәслихатын өткiзiп, әрiптесiмiздiң атүстi жазылған мақаласындағы жәйттердi терiске шығаруға әрекеттенгенi осы мақаланың жазылуына себеп те болып отыр.

Облыс әкiмiнiң орынбасары А.Жетпiсбаев, облыстық Денсаулық сақтау департаментiнiң директоры В.Дудник, Республикалық Қан орталығының директоры Бекиров және облыстық құрылыс департаментiнiң директоры А.Сәбденов мақалада айтылған кейбiр жайлардың шындыққа сәйкес еместiгiн жайып салды. Олар мақаладағы аты аталған «МММ-GROUP» компаниясы да, «СТОМЕД» серiктестiгi де конкурсқа қатыспағандығын мәлiмдедi.

Мемлекеттiк сатып алу конкурсына Қан орталығына қажеттi құрал-жабдықтарды жеткiзудi өз мойнына алған қазақстандық «ИДЗУМИ» фирмасы жеңiмпаз болып танылған.

Баспасөз мәслихатында облыстық құрылыс департаментiнiң директоры Ахметжан Сәбденов «МММ-GROUP» компаниясы да, «СТОМЕД» ЖШС-i маусым айында өткiзiлген конкурсқа белгiсiз себептермен қатыспағандығын айтты.

«ИДЗУМИ» фирмасына өз технологиясын ұсынған «МММ-GROUP» компаниясымен де жұмыс жасауды ұсынған болатынбыз», – дедi А.Сәбденов мырза. Сол бойынша бiрнеше рет келiсiм шарт жасасқанмен «МММ-GROUP» компаниясы жобаға 13 млн.доллар қаржы бөлу керектiгiн, оның 95 пайызын алдын-ала аудару қажеттiгiн айтып, өте қиын талаптар қойды. Құрал-жабдықтарды 2008 жылдың 2-шi жартысында жеткiзiп беретiндiктерiн айтты. Мемлекеттiк сатып алу конкурсын ұтып алған мекеме ондай iске бара алмайды, себебi Қан орталығының құрылысы 2008 жылдың маусым айында толығымен аяқталуы керек. Мiне, осындай қиын шарттарын орындай алмайтын болғандықтан «МММ-GROUP» компаниясымен ешкiм келiсiм шартқа тұрмаған.

Журналистiң жазуына қарағанда, немiстiң «MMM-GROUP» компаниясы жан-жаққа арыз-шағым жолдап, әдiлдiк iздеп жүрген көрiнедi. Заң нақты фактiге, дәлелге жүгiнедi. Сондықтан «қарауыл қайдасың?» деп жаһаннамға жар салып жүрген «MMM-GROUP» компаниясы түкке де қол жеткiзе алмауы мүмкiн.

Қолында дәлелдi құжаттар бар азаматтар бұл компанияның қоқан-лоққысына сабырлы қарайды. Тек осы мақалаға «заказ» берiп, билiктiң басында жүргендер ғана ұпай жинауы мүмкiн.

«Время» газетiнiң тiлшiсi Қан құю орталығы жайында жан-жақты сараптама жүргiзбеген соң шикi, бiржақты мақала шыққан. Мақалада «…Ал маған жоғарыдағы жiлiктiң майын шағып, мәселенi шешiп алу үшiн қанша қаражат кететiндiгiн есептеуге сол баяғы «MMM-GROUP» компаниясы көмектескенiн айта кету керек…» – деген әңгiме мақаланың бiр жақты жазылғанын тағы да айғақтайды.

Неге екенiн кiм бiлсiн, тiлшi осы мәселеге қатысты жоғарыдағы баспасөз мәслихатын өткiзген азаматтардың пiкiрiн тыңдауға құлықты болмаған.

Тек ҚР Денсаулық сақтау министрi А.Дерновой премьер-министрдiң орынбасары Ө.Шөкеевке сұрақ жолдаумен шектелген.

Жалпы «Время» газетiнде салиқалы салмақты мақалаларға көп орын берiледi. Дегенмен, кейде сыңаржақ пiкiр тудыратын мақалар да жарияланады. Мәселен, Маятас оқиғасына қатысты осы басылым Қазақстандағы «Барбан» күрд ассоциациясының Құрметтi президентi, Ассамблея мүшесi Академик Нәдiр Нәдiровтың эмоцияға толы ой-пiкiрiн берген («Время» 8.11.2007 жылы).

Н.Нәдiровтың әңгiмесiне құлақ түрсеңiз қазақтар күрдтерге қысым жасауда, қазақтар күрдтерге орынсыз ұрынып, үйлерiн өртеуде. Әйтеуiр Н.Нәдiров қазақты қорлауға қатысты өз пiкiрiн ашық айтуға арланбаған. Қонақ келсе жалғыз қойын соятын, қонақты төрiнде төбедей қып құрметтейтiн, қазақ осындай күйге түстi.

«Бұзақы» атандық, бәрiне бiз кiнәлiмiз. Қазақ өз жерiнде өз пiкiрiн айта алмайтын, өз намысын қорғай алмайтын халге жеттi. Өз тiлiнiң мәртебесiн көтере алмай қор болды. Қазақты өзге ұлт өкiлдерi өз жерiнде атып жатыр, зорлап жатыр. Бұл факт. Үнсiзбiз. Бас көтерсең қуғын-сүргiн, абақты күтiп тұрады. Қазақты қазақ қорлап жатқан заман.

«Время» басылымы Н.Нәдiровтiң емес, 4 жасар зорлық көрген баланың ата-анасының, туған-туыстарының пiкiрiн берсе болмай ма? Сонда қазақтың басына қандай қайғы мен қасiрет түскенiн бiлер едi. Ұлт жайлы, ұлтымыздың мұңы жайлы айта алмайтын болдық. Аузыңды ашсаң «ұлтшыл» болып шыға келесiң. Өз туған жерiңде тұрып, өзге ұлттың дөң-айбатын естiп, көнбiс өмiр кешудемiз.

Жағымпаздар мен жарамсақтардың жағадан алған заманы туды. Қазақтың намысы мен ата-баба мұра етiп қалдырған байлығының құны көк тиын болды.

Билiктегiлердiң көбiсiнiң мақсаты тақтан түспеу. Тақтан түспеудiң амалы жарамсақтық, жағымпаздық. Қазiргi кезде оңтүстiкте осындай жаман әдет пайда болыпты.

Кейбiр әкiм-қаралар мен жоғарғы орындардың басшылары ардан аттап, өзiнен үлкен лауазым иелерiнiң қайтыс болған туған-туыстарының жетiсiн, қырқын қаржы жинап көтерудi әдетке айналдырыпты. Тағы да кезекке тұрып атқаратынын қайтерсiң? Қазiр Шымкентте бұл да гу-гу әңгiмеге айналды. Құдайдан қорықпай, әруақтан аттап, осындай пендешiлiкке баратындай не күн туды?

Қазақтың әдет-ғұрпын аяқ-асты ету кiмге абырой әкелген? Кедей-кепшiкке тиын-тебенiн қимайтын, халықтың мұң-мұқтажын жүре тыңдайтын билiктегiлердiң моральдiк келбетi осындай болып тұр.

Осы мәселе бойынша облыс әкiмi Нұрғали Әшiмов билiк басындағыларға сын-ескерту жасап қоймаса ауру асқынып кететiн шығар.

Өйткенi Шымкентте жоқтан өзгеден шу шығып кете беретiнi соңғы кезде «ауруға» айналды.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары