Бейбiт Қойшыбаев: ХАЛЫҚТЫ АЩЫ ДА, ҚАСIРЕТТI ТАРИХПЕН ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК

Бейбiт Қойшыбаев: ХАЛЫҚТЫ АЩЫ ДА, ҚАСIРЕТТI ТАРИХПЕН ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК

Бейбiт Қойшыбаев: ХАЛЫҚТЫ АЩЫ ДА, ҚАСIРЕТТI ТАРИХПЕН ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
368

Желтоқсан оқиғасы кезiнде қорықпай, тайсалмай, сол кездегi билiкке шындықты тура айтқан жандар санаулы ғана. Сол санаулылардың қатарында белгiлi жазушы Бейбiт Қойшыбаевтың да өзiндiк орны бар. Тәуелсiздiк мейрамының қарсаңында қаламгермен Желтоқсан, ұлттық мүдде, әдебиет жайында сұхбаттасқан едiк.

– Бейбiт аға, өткенге тағы бiр көз жүгiртiп көрейiкшi. Мәселен, әңгiменi өзiңiздiң әдебиет ауылына қалай келгенiңiздi еске алудан бастасақ?

– Бала кезде бiрдеңенi шимақтауға, өлең жазуға құмарлық дегендерiңiз бiздiң де басымыздан өттi ғой. Қалам тербеудегi алғашқы балаң туындым елу жетiншi жылы «Қазақстан пионерi» газетiнде жарық көрдi. Ауылдық жерде өстiк. Мектептiң өндiрiстiк бригадасы құрамында кеңшардың түрлi жұмыстарын iстейтiнбiз. Кәсiптiк бағдарға сол әсер еткен болар, мектеп бiтiрген соң, ауыл шаруашылығы институтының шаруашылықты механикаландыру факультетiне оқуға түстiм. Бiрақ әдебиетке, жазуға деген құмарлық сананы билей бердi. Көбiне парк түбiндегi кiтапхананың оқу залында отыратынмын. Одан, ауыл шаруашылығы институтының кiтапханасы өте бай екенiн көрдiм де, қажет кiтабымды жатақханаға әкетiп оқитын болдым. Классикалық шетел әдебиетiн студент кезiмде судай сiмiрдiм, ұлы шеберлерден өзiмше бiрдеңе үйренуге тырыстым. Аңқаулықты қойсаңызшы, алғашқы әңгiмелерiмнiң бiрiн «Қазақ әдебиетi» газетiне салып жiберiп, артынша газет бетiнен iздеп жүрген жайым да болды. Бiр ай өткенде жатақхана кiреберiсiндегi стол үстiнде «Қазақ әдебиетi» деген iрi қызыл жазуы жарқырап, маған жолданған хат жатты. Хатты жазған газет қызметкерi – ақын Iзтай Мәмбетов ағамыз екен, әңгiмем жайында жылы сөз айтып, редакцияға келуiмдi сұрапты. Бардым. Ақыл-кеңестерiн берiп, шығарып салды. Бiрақ әңгiмем со бетi жарияланған жоқ. Содан алты-жетi жыл бойы газет-журнал дегенiңiз маған тек керi қағуды ғана бiлетiн жансыз автомат секiлдi, алынбас қамал iспеттi болды.

– Студент кезде жазылған әңгiмелерiңiз не жайында едi? Алғаш рет қашан және қалай жарияландыңыз?

– Негiзiнен жастық шақ көрiнiстерi тiлге тиек болатын-ды. Бiрақ соңғы курстарда бiр заманалық құбылысқа өзiмше көркемдiк зерттеу жүргiзуге тырысатынды шығардым. Жастардың қоғамдық белсендiлiгiн әдейiлеп, мақсатты түрде қарастырушы едiм. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударуыма алпыс алты-алпыс жетiншi жылдарғы өзiм куә болған бiр әңгiме-дүкен әсер еттi. Сол кезгi белгiлi делiнетiн жас қаламгерлердiң Асқар Сүлейменовтың дастарқаны басында пiкiр таластырып айтысқанына етекте отырып үнсiз құлақ түрген едiм. Олар ұлттардың араласуы, бiрiгiп-сiңiсуi туралы түрлi мысал келтiрiп дауласатын, әрәдiк бәрi қосылып «Елiм-ай» әнiн күңiрене шырқайтын. Әлi бiр әңгiмем шықпаған, әрi жасым бәрiнен кiшi менiң сұхбатқа сөз қыстыруым мүлдем орынсыз едi, соны ұмытып, маркстiк-лениндiк философияның ұлттардың құйылысып-сiңiсуiн мүлдем заңды құбылысқа жатқызатынын айтып қалдым. Жұрт бiр сәт тыншыды, ал Асекең маған бұрылып қарады да, өте байсалды кескiнмен, әр сөзiн салмақтап шығарып: «Ол бiр iрiп-шiрiген iлiм болуға керек», – дедi. Мен үндемедiм, оның маркстiк-лениндiк философияға берген бағасымен iштей келiспедiм. Бiрақ содан бастап саяси-философиялық еңбектерге басқаша көзқараспен ден қойып, iлiк iздеп шұқшия бастадым. Бұл жәйт менiң қаламгерлiк жұмысшы философиямды қалыптастыруыма септестi ғой деп ойлаймын.

Алпыс тоғызыншы жылы жас әдебиетшiлер үшiн «Жалын» деген альманах ашылды. Екi әңгiме, бiр шағын повесiмдi апарып бердiм. Бiр-екi мәрте соғып, оқуға қолдары тимей жатқанын естiп қайтып жүрдiм. Жарты жылдан кейiн барсам, журнал редакциясында басқа адамдар отыр. Менiң әңгiмелерiмдi ешкiм бiлмейдi, жарамайтындықтан жабылып кеткен шығар дейдi. Мен қолжазбамды қайтарып алғым келетiнiн табанды түрде мәлiмдедiм. Төрде отырған ақсары жiгiт шкаф iшiндегi көп қағаз арасынан iздеп, әзер дегенде тауып бердi. Мен алып кете қоймадым, оқып шығуын өтiндiм. Ол қолжазбаларды алып қалды. Белгiлеген уақытында барсам, маңғазданып, қолжазбамды тартпасынан шығарды да: «Ең мықтың мынау болса, – дедi повесiмдi көрсетiп, – жарамайды, алып кете бер». Мен алып кете бермедiм. Әңгiмелердi де оқып көруiн сұрадым. Анау маған таңырқай қарады да, әңгiмемнiң бiрiн оқи бастады. Оқып шықты, қайта аударыстырды. Сосын қалдырып кет дедi. Ол кезде танымаймын, кейiн бiлдiм – альманахтың бөлiм меңгерушiсi Төлен Әбдiков екен. Келесi келгенiмде бiр әңгiмемнiң жарияланатынын айтты. Бас редактордың орынбасары Мұхтар Мағауин екеуi маған соншалықты бауырмалдық танытып, жанашырлық және тiлектестiк көрсеттi. Әңгiме «Жалында» жетпiсiншi жылы шықты. Айта кету керек, баспасөзге жазылу науқанына орай, жаңа альманахты насихаттау ретiмен, әуелi «Лениншiл жас» газетiнде жарияланды. Сөйтiп, Төлен мен Мұхтардың қамқорлығының арқасында әдебиет есiгiнен сонау жастар басылымдары арқылы 1970 жылы сығалағандай болғанбыз.

– Содан бергi шығармашылық жолыңыз жайында айта кетсеңiз?

– Әлгiнде айтқанымдай, жастардың қоғамдық-саяси белсендiлiгi көркем шығармашылығымның басты өзегiне айналды. «Ай нұры», «Алтын дiңгек», «Бiз табысар қиырлар», «Дүние-кiлт», «Киелi мұра» секiлдi бiрнеше әңгiме, повесть жинақтарым мен романдарым негiзiнен осы тақырыпты қарастырады. Комсомол қызметiнде жүргенiмде жастар қозғалысы тарихымен әуестенiп, зерттеушiлiкке бет бұра бастаған едiм. Қайта құру жылдары тарихтағы «ақтаңдақтармен» көп шұғылдандым. Жұмыстан бос уақытымның көбiн кiтапханалар мен мұрағаттарда өткiздiм. Жаңалық ашайын деп емес, шығармашылығыма қажет материал табу үшiн солай еттiм. Әрi азаматтарды шыншыл тарихпен тәрбиелеуге үлес қосуды мұрат тұттым. Маған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Аспандияров, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Темiрбек Жүргенов, Нәзiр Төреқұлов, Дiнмұхамед Әдiлов сияқты ондаған аяулы халық ұлдары жайында жаңа саяси ахуалда бiрiншi болып жазуға тура келдi. «1905 жыл», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Рух», «Әлихан Бөкейханов», «Бақытжан Қаратаев», «Ұлт театры шаңырағын көтерушi» деген кiтаптар шығардым. Орта Азиядағы ұлттық жiктеу мен бiртұтас Қазақстанның құрылуы кезеңiнен ғылыми диссертация жазып, қорғадым. Осы күндерi жұртшылық мәңгiлiк сапарға шығарып салған үлкен тарихшы, академик Кеңес Нұрпейiс ағамыз сонда менiң ресми оппонентiм болған, зерттеуiме «пионерлiк-iзашарлық» мәнi бар деген сөздердi аямай-ақ қиып, ақ жүрегiмен iрi баға берген едi.

Кейiнгi жылдары «Сен ғана» деген романым, «Жақсы көрем» деген әңгiмелер мен повестерiм жарық көрдi. «Ар-Қуат», «Талтүске дейiн» атты публицистикалық хроника кiтаптарын шығардым. Таяу уақытта «Сұлтанбек Қожанов» атты ғұмырнамалық хикаятым оқырмандарға жол тартып қалуы ықтимал.

2004 жылы «Рух-Сарай» дейтiн ортақ тақырыппен, танымды туындылар топтамасының алғашқы кiтабын шығардым. Биыл екiншi кiтабы шығып қалар деген үмiтiм бар. Жалпы, топтама жас оқырман жан азығын алатын өзiндiк бiр рухани ғимарат болуды көздейдi. Осынау рухани ғимараттың iргетасы iспеттенетiн «Топырақ» сериясымен берiлетiн үш кiтап алғашқы орыс революциясы жылдарындағы қазақ қоғамдық-саяси өмiрiне арналады. Iргетас үстiнен бой түзейтiн құрылыстың қабырғасы сынды «Кереге» сериясының шығармалары, жазықсыз жазаланған айтулы азаматтардың бiрқатарының өмiрi мен қызметiн жаңғырту арқылы, қоғамымызда 20-30-жылдары орын алған түйiндi кезеңдердi көрсетедi. Қабырғаны шегендеп, үйдiң төбесiн жабуға қызмет ететiн «Уық» сериясы – кеңестiк-партиялық стандартты кезеңнен сыр шертедi. Ал осынау танымды шығармалар циклының «Тәж» сериясымен берiлетiн қорытынды бөлiгi соғып жатқан рухани ғимаратымның құрылысын тәуелсiздiк жырымен күмбездеп аяқтайтын болады.

– Танымдық дүниелер арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу дегендi айтқыңыз келiп отыр ғой.

– Жастарды отансүйгiштiкке, отаншылдыққа баулу – басты мақсат. Тарихты бiлу ләзiм. Әркiм өзiн-өзi тарихпен тәрбиелеу керек. Тарихта кiмдердiң өткендiгiн жастар бiлсе деймiн. Аға ұрпақтың бастан кешкендерiн, олардың не үшiн жан қиғандарын бiлгiзсек, елiмiздiң болашағы деп үмiт артатын балаларымызды ұлтты сүюге тәрбиелей аламыз. Бұл iске таза ғылыми еңбек емес, ғылыми деректердi тартымды әңгiмелеп беретiн көркем-танымды шығармалар ұтымды жәрдемдеседi. Қазiргi жастардың көбi, iштерiнде билiкте жүргендерi де бар бұқаралық мәдениет жетегiнде кетiп барады. Ұлттық мүдде үшiн күресуге жоқ, ондайды ойлаудан мүлдем мақұрым қалған десе де болады. Олар әлем азаматы болуға оң иықтарын берiп тұр, бiрақ, қазақылықтан ада. Жаһандануда жадағайлана жалпыланып кететiндер – солар. Бүкiл әлем палитрасында өзiндiк ұлттық реңкiңмен жарқырап тұру ғана жабайы жұтылудан қорғай алады. Жаһандану үдерiсiн құшақ жайып күтiп жүргендер осыған ой жүгiртiп қойса ғой. Қазақтығымызды сақтамасақ, түкке тұрмаймыз. Ұлт ретiнде жойылып кетемiз. Не үшiн мемлекет құрғандығымызды бiлмесек, онда бiздiң кiм болғанымыз?

– Қазақты ұлт ретiнде мойындағысы келмей жүрген жастарды қалай түсiнемiз?

– Бiрiншiден, ондай жастардың патшалық, кеңестiк кезеңдерде үздiксiз, әлденеше ондаған жылдар бойы жымысқы әдiспен жүргiзiлген орыстандыру саясатының өнiмi екенiн есте ұстайық. Екiншiден, халқымызды бiртұтастандыру үшiн, олардың ұлттық тамырдан ажырамауына септесу қажеттiгiн ұмытпайық. Осы орайда, ойланған кiсiге халықты тарихпен тәрбиелеудiң маңызы алғы шепке атойлап шығады.

Патша үкiметiнiң кезiнде қазақ шұрайлы жерiнен айрылды, революциялық Кеңес үкiметi кезiнде – көз көрiп, құлақ естiмеген қырғынға ұшырады, аман қалғандары «резервацияларды» игерiп, «Ильич шамы» нұрымен ұжымшар, кеңшарлар құрды. Ел «халықтар достығының зертханасына» айналды, қазақтың өз жерiндегi сандық үлесi республика тұрғындарының үштен бiрiне де жетпей қалған, астанасында он жетi-ақ пайыз болған шақ бастан кешiлдi. Әлденеше жүздеген мектептерi жабылған қазақ «коммунизмге орыс тiлiмен бару» ұранын ту еттi. Орыс тiлiнсiз күн көру мүмкiн болмай қалды.

Осы қиғаштықтарды Тәуелсiздiк алысымен түзеу мәселесiн байыппен қолға алуымыз керек едi, iстемедiк. Отарлық қамытынан босанғаннан кейiнгi басты ұлттық идея – ұлттық мемлекет орнату болуға керек едi, оны жүзеге асыру идеологиясын – сананы, қоғамды, экономиканы отарлық, құлдық қалыптан азат ету жолдарын ойластыру қажет едi, мұның бәрi нағыз мәнiнде тұжырымдалмады. Ұлттық деген ұғым орыстанған саяси элитамыздың бойында үрей туғызды. Бұл қорқыныш әлi де бар, оны жоюдың әдiсi, күллi халықты қазақ мүддесi төңiрегiнде топтастырудың бiрден-бiр сенiмдi жолы – барша қиғаштықтардың пайда болу себептерiн бүкпесiз түсiндiру, қысқасы, халықты ащы да қасiреттi тарихпен тәрбиелеу. Сондай насихатты кең жолға қойғанда ғана қазақты ұлт ретiнде мойындағысы келмей жүрген жастарды да, жасамыстарды да тәубәсiне келтiремiз.

БIЗДЕ СЫНДАРЛЫ ҰЛТ САЯСАТЫ ЖОҚ

– Жуырда ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» атты кiтабынан оқығаным бар едi. Онда: «1921 немесе 31 жылдары аштық болған. Сол төмпешiктердiң астында бiр шаңырақ, бiр әулет түгел жатыр. Аштан өлген отбасын көмуге ешкiмнiң халi көтермептi. Сасыған өлiктердiң үстiне өз үйлерiн құлата салған» деп жазады. Бiз сондай қаншама белгiсiз жертөленi аяғымызбен таптап жүргенiмiздi бiлмеймiз? Бұл да сол тарихпен тәрбиеленбегенiмiздiң салдарынан шығар. Қалай ойлайсыз?

– Ол рас. Мұндай белгiсiз бейiттер әр жерде көп болатын. Бала кезiмiзде көзiмiз көрдi – ауылдағы интернат жанынан арық қазған кезде адам сүйектерi шығып жатты. Сондай белгiсiз қорымдарды айқындап, басына белгi қойып жатса, тәрбиелiк мәнi әлдеқайда зор имандылық шарасы болып табылар едi. Ана жылы Алматы облысында бiр кәсiпкер ашаршылықта өлгендердi топтап көмген орынды тауып, ескерткiш қойды. Игiлiктi iс. Бүгiнгi жастарды осындай иманды шаруаға тартып, қаралы тарихпен тәрбиелеу ләзiм.

Тәуелсiздiк алған жылы Жоғары кеңес 32-жылғы ашаршылық туралы жақсы әңгiме қозғаған-ды. 31-мамырды ашаршылық күнi деп жариялады. Бiрақ, сол күн құр жарияланғаны болмаса, бiрде-бiр рет ресми аталған жоқ. Ашаршылық туралы айта бастасақ, орысқа қарсы шыға бастаған сияқты көредi. Халық емес, кiнәлi – һарам билеушiлер ғой. Осыны ажырата бiлуiмiз керек. Ашаршылық қазақтың тарихында тек 32-жылы ғана емес, 20-22, 17-18-жылдары да орын алды. Ашаршылықты тек жұт, қуаңшылық салдары ретiнде қарауға болмайды, оны, Мұстафа Шоқайдың анықтамасымен айтқанда, «большевиктердiң аштық саясаты» туғызды. Сол аштық саясатының тарихы мен астарын ашып, халыққа жеткiзу керек. Күллi жұрт жылына бiр аза тұтатын жағдай жасау ләзiм, айталық, 31-мамыр алдындағы жұмада мешiттер мен шiркеулерде арнайы дұға оқылса, оқу, қызмет, жұмыс орындарында бiр минут үнсiздiк жарияланып, еске алу сағаттары өткiзiлсе — бұдан бiраз уақыт бұрын академик Кеңес Нұрпейiс аға екеумiз «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы атынан осындай ұсыныстар жасаған едiк, сол әлi өзектiң күйi қалып отыр. Өлкетану мұражайларында арнайы бұрыштар ашылса, аштан қырылғандардың аты-жөндерiн, жойылып кеткен ауылдардың қарасын анықтауға тырыссақ – оның халықты тұтастырудағы, ортақ отанымызға құрметпен қарау сезiмiн тәрбиелеудегi рөлi ересен болар едi. Холокост алты миллион еврейдi құрбан еттi, соның екi миллионының аты-жөнi мен суретi анықталған. Елiндегi «Жад және Есiм» музейiнде олар келушiлердiң төбе құйқасын шымырлата жаңғыртылып, жұртты ересен зор әсерге бөлейдi. Перманенттi ашаршылық жұтқан төрт миллионнан астам құрбандықтың бiрқатарын бiздiң шежiрешiлерiмiз тайпа, ру, аталарды түгендеу арқылы анықтай алады, ол сөзсiз. Қазақтың сонау айтып-жеткiзгiсiз қасiретiне – большевизм ұрындырған ұлттық апатқа мемлекеттiк дәрежеде ұдайы назар аударып тұру дұрыс болар едi. Сол арқылы бiз өзiмiздi өзiмiз сыйлауға және өзгелерге өзiмiздi сыйлатуға қол жеткiзер едiк.

– Өзiмiздi өзiмiз сыйлату дегеннен шығады, бiзде неге қазақтың мәселесi екiншi кезекте қалып қояды? Бұл да өзiмiздi өзiмiз сыйламайтындықтан ба?

– Кеңес үкiметiнiң тұсында, көп жағдайда ұлттық мүддесi шектелгенмен, қазақ жаман өмiр сүрген жоқ. Айдаладағы жалғыз қойшының үйiнде электр шамы жанып тұрды. Ал қазiргi қазақтың едәуiр бөлiгiнiң күйi мазасыз. Қазақ мәселесi, шынында, көбiне ығыстырылып, екiншi кезекте қалып қояды Мұның бәрi бiзде ұлт саясатының дұрыс жүрмегендiгiнiң белгiсi. Бiзде сындарлы ұлт саясаты жоқ. Ұлтаралық тыныштық сақталуда дегендi бiрiншi орынға қоямыз, оның, шынтуайтқа келгенде, қазақтың көнбiстiгi есебiнен сақталып тұрғанына ой жүгiрте бермеймiз. Кейбiр келеңсiздiктердiң көрiнiс берiп қалуы содан. Қазақстан унитарлық мемлекет, сондықтан онда тұратындар түгел қазақ деп саналуға тиiс. Айталық, шыққан тегi орыс, украин, немiс, ұйғыр, түрiк, т.б. болуы мүмкiн, бiрақ ұлты қазақ. Сонда бiз мызғымас тәуелсiз ел боламыз. Әркiм өз тiлiн пән ретiнде оқи берсiн, бiрақ негiзгi бiлiмдi мемлекеттiк тiлде алсын. Утопия ма? Рас, бiрақ түбi солай болуға тиiс. Ұлттық-мемлекеттiк идеология соны көздеуге тиiс. Адамдарды идея бiрiктiру керек. Барша жұрт қазақ халқына байланысты тарихи әдiлеттiлiктiң қалпына келтiрiлуiне мүдделi болса, өзге ұлт шашырандыларына да қолайлы жағдай туады. Мұны әзiрге ойлай қоймауы – билiктiң үлкен бiр кемшiлiгi ме деймiн.

«ЖЕЛТОҚСАНДА ҚАЗАҚТЫ ҚАТТЫ АРАНДАТТЫ»

– Бейбiт аға, желтоқсанда сiз алаңда болдыңыз ба?

– Алаңға 17-күнi кешкi қараңғылық түскенде бардым. Құдды кинодан көретiн революциялық ахуал орнаған. Алаңның төрт жағында лаулаған өрт. Ортада екi жерде жастар ұйлығып тұр. Әлсiн-әлсiн «Жаса, қазақ!», «Долой, Колбин!» деп, хормен айқайға басып қояды. «Менiң Қазақстанымды» шырқайды. Мiнбенiң қос қанаты тiзiлген шоқпарлы, қалқанды әскерилер. Олар менiң алдымда ғана шабуылдап, қарусыз жастарды жайпап салыпты. Жетпiс-сексен адамды «жедел жәрдем» әкеттi дегендi маған сонда жүрген бiр кiшкене қыз ашулы үнмен айтып бердi.

– Сауыт киген адамдарды сырттан әкелiнгенi рас па?

– Рас. Арнайы жасақтарды Совет Одағының бiрнеше қаласынан шұғыл Алматыға тасымалдағаны дәлелденген дерек.

– Бiр күннiң iшiнде ме?

– Иә. Қайта құру саясаты серпiнiмен кез-келген ұлттық аймақта бұрқ ете түсуi ықтимал «жаппай тәртiпсiздiктi» жедел басуды көздейтiн «Метель» деген операцияны КГБ ертеректе-ақ жасап тастаған көрiнедi. Соны сынақтан өткiзуге Алматының жағдайы дөп келген ғой. Шындығын айтқанда, қазақты қатты арандатты. Бiздi 18-күнi таң ата Жоғарғы Кеңес Төралқасы партия ұйымының хатшысы жан-жаққа жұмсады. Мен Октябрь ауданына бардым. Аупарткомның бiрiншi хатшысы мұндай наразылықтың тап Қазақстанда болуы мүмкiн-ау дегендi еш ойламағандарын әңгiмеледi. Оған Айнабұлақтан алдында қолын сермелеп сөйлеген бiр жетекшiсi бар топ шыққаны рациямен хабарланды. Сонда оның милиция бастығына «топқа тиiспей, қаумалай отырып, сол күйiнде алаңға дейiн апарыңдар» деп тапсырғанын өз құлағыммен естiдiм.

– «Қайтарыңдар» деген жоқ қой.

– Жоқ. Аудандық атқару комитетiнiң төрағасы жасақшыларды бастап кеткен едi, түс ауа оралғанында, маған: «Құрып қалды ғой қазақ жiгiттерi, – деп, күйiне сыбырлады. – Өтiп бара жатқандарында сойылмен бiр соғып қиралаң еткiзiп сұлатып салады да, көше жиегiне сүйретiп әкете бередi». Өздерiне деген мұндай қарым-қатынас жастарды қалай ашындырмасын…

– Сiз өзiңiз қалай айыпты боп қалдыңыз?

– 25 желтоқсанда Төралқа аппараты коммунистерiнiң жалпы жиналысы 17-18-күнгi оқиғаны қарады. Мен сөз алып, жастар демонстрациясының себеп-салдары жайындағы өз пiкiрiмдi айттым, ұсыныстар жасадым. Соным ұнамады. Әкiмшiлiк, партиялық билiктiң түрлi буындарында маған тура 37-нiң стилiмен шүйiлiп, бiрнеше ай сансыратты. Ақыры есеп карточкама жазылатын қатаң сөгiс жариялап, жұмыстан босатқызды. Жазушылар одағына келiп партиялық есепке тұрдым. Одақ қызметке алмады, «сен әуелi ақталып ал» деген мардымсуды естiдiм. «Жалын» қабылдап едi, жоғарғы жақтан қысым болды бiлем, үш күннен кейiн қайта босатты. Сөйтiп, бiр жарым жыл жұмыссыз жүрдiм. Архивте отырдым, «ақтаңдақтармен» нысаналы түрде шұғылданғаным да содан.

– Қалай ақталдыңыз? Өзiңiздi өзiңiз ақтадыңыз ба?

– Бiр жылдан кейiн мәселем жазушылардың партия жиналысында қайта қаралды. Менi партбюрода да, жиналыста да қатты қорғаған – Ғафу Қайырбеков ағамыз болды. Қалмұқан Исабаев ағамыз, тiптi, солақай шешiм жасаушыларға кiнә артып сөйледi. Бексұлтан Нұржекеев бастаған орта буын қаламгерлер де орынды жақтасты. Сөйтiп ақталдық қой.

– Жеңiлiс тапқан сәттерiңiзде өзiңiздi қалай сезiндiңiз?

– Жазықсыз жеңiлiс тапқан адам өзiн қайбiр оңды сезiнушi едi? «Бiлiм және еңбек» журналында жүргенiмде саяси қате жiбердiң деген желеумен орнымнан алды, жалған айыптау, әдiлетсiз жаза екенiне сенiмдi едiм, бiрақ дәлелдеу оңай болмады, моральдық жапа шектiм. Димекеңнiң араласуымен ақталғандай болдым, бiрақ, бергi жағындағылар талай сандалтты ғой. Одақта жүргенiмде, жазушылардың коммерсанттар қолына өтiп кеткен мүлкiн әдеби қор арқылы қайтарам деп қанша соттың табалдырығын тоздырдым. Бәрiбiр қайтардым, қаламгерлер ұйымдарын заман талабына сай реформалау жолын ұсындым, алайда, фальсификаторлар оны да өз пайдасына бұрып, еңбегiмдi еш қып қойды. Одақтың заңдылық ауқымында жұмыс iстемеуiн сынап, оның жұмысын жандандыруға бағытталған жұмыстарға араластым. Мәнiне барып жатқан, сынды түсiнiп қабылдайтын, пiкiр салғастырып көрген жан жоқ, өйтiп «төменшiктегеннен», менi одақтың қара тiзiмiне нөмiрi бiрiншi жау етiп жазып қою қолайлы боп шықты тiзгiн ұстағандарға. Ал маған ақлақи зардап шегу ғана жазылған тәрiздi…

– Қарап отырсам, басыңыздың дау-дамайға iлiкпеген сәттерi аз сияқты. Қазiр де, өзiңiздiң адалдығыңызды арашалап жүрген сияқтысыз?

– Шынында сондай жағдайдамын. Бiр орыс тiлдi газетте әлдебiр орыс журналисiнiң жала жабу жолымен менi масқаралап, кемсiткен, қорлаған пасквилi жарияланды. Онда мен жайында «бола алмаған жазушы орталық әдеби газет «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы болу үшiн арамдық тор құрып жүр» деп сәуегейленген. Мен онысын терiстейтiн мақала берiп, соны жариялауды әрi менен кешiрiм сұрауды ұсындым. Алайда әлгi газет менiң ол хатымды баспай, «Б.Қойшыбай өзiнiң талантты жазушы екенiн сотта дәлелдесiн» деген мазақ тақырыппен, газеттiң қос етегiне жаңа мақала берумен және алғашқысын, ал қайтесiң дегендей, екiншi қайтара көшiрiп жариялауымен жауап бердi. Содан, жаладан тазармаққа және ар-намысымды қорғауым үшiн, сот төрелiгiне жүгiнуiме тура келдi.

… Кейде осындайда «Ит үредi, керуен көшедi» деп қоя салайын десең, иттер бiр ғана үрiп қоймайды, белден бел асыра қуып жүрiп үредi. Көр де тұрыңыз, осы мақала шыққаннан кейiн де бiр жерде балағымнан бiр тiстеп қалуға ұмтылатындар табылады. Не iстейсiң, иттер иттiгiн iстейдi де. Мен бұны өзiмнiң қарсыластарым үшiн емес, жалпы жағдайларға байланысты айтып отырмын.

– Мұндай дауға түсуiңiздiң себебi, «туралықты айтам деп, туғанына жақпайтынның» керi емес пе?

– Ғажап емес, дегенмен, дәлiрек айтқанда, мәселе – демократияны, сөз бостандығын «арқа тұтып», кейбiр сыбайлас топтардың шектен шығуында, баспасөздi орынсыз кектену, өш алу құралына айналдырып алғанында жатыр ма деймiн. Әлдекiмнiң әлдебiр дәулеттi көкесi бiр БАҚ-ты сатып алады да, кеудесiне орынсыз нан пiскен сенiмдi бiр баласын төбесiне қонжитып қояды, ал ол өзi сияқты кеудемсоқтармен жалғасып, әр нәрседе өз қалауынша қоғамдық пiкiр туғызуға тырысады.

– Байқаймын, бұл кеңiрек қарастыруды қажет ететiн тақырып екен, бүгiн оны тереңдетпей-ақ қояйық. Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары