«ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ» ЖОБАСЫ ҚАНДАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТУДI КӨЗДЕЙДI
«ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ» ЖОБАСЫ ҚАНДАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТУДI КӨЗДЕЙДI
Шет елдердегi қандастарымызбен рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға тек құзырлы мемлекеттiк органдардың қатысып қоюы аздық етедi. Оған барша қазақ қоғамы бiр кiсiдей атсалысуы керек. «Жерұйық» қоғамдық бiрлестiгi «Шет елдердегi отандастармен рухани-мәдени байланыстарды одан әрi нығайта түсу» жобасын жүзеге асыру барысында осындай қорытындыға келдi.
Аталмыш жоба бойынша түрлi әлеуметтiк зерттеу, пiкiрталастар өткiзiлген.
«Жерұйық» қоғамдық бiрлестiгi жасаған сараптаманың қорытындысы көрсетiп отырғандай, Қазақстан өзiнен тысқары жақтағы ұрпағын түп тамырынан ажырап кетпеуi үшiн нақты қадамдарға баруы қажет. Атап айтқанда, оларды қазақстандық бағытта тәрбиелеу iсi мен олардағы қазақы рухтың қалыптасуы мен дамуына жете көңiл бөлiнуi керек.
Әлеуметтiк зерттеулер барысында Алматы қаласында 2007 жылдың төртiншi тоқсаны бойына 1400 адамды қамтыған сауалнама кездейсоқ iрiктеме әдiсi арқылы жүргiзiлген. Әлеуметтiк зерттеу барысында бiр байқалғаны, респонденттердiң 65 пайызға жуығы аталған мәселе бойынша ендi нақты iс-әрекеттердiң қажеттiгiн айтады. Ал сұралғандардың 25 пайызының аталған мәселе жөнiнде тұщымды бiрдеңе айтуға қиналатындығы анықталған. Дегенмен де, сұралушылардың басым бөлiгiнiң пiкiрiнше (58 пайыз дерлiк), Қазақстанның жаңа сапалық деңгейге көтерiлуi үшiн шетел қазақтарының да қосар үлесi қомақты екен. Жалпы, бұл мәлiметтер аталған мәселе жөнiнде жан-жақты түсiнiк берiп ғана қоймай, сонымен бiрге елiмiздегi әлеуметтiк-мәдени қатынастардың көптеген қыры жайында да ақпар бередi.
Әлеуметтiк зерттеу бойынша қойылған сауалдарға әрқилы жауаптар берiлген. Дегенмен де, шет елдердегi қазақ диаспорасының бүгiнгi рухани-мәдени болмысы турасында қойылған сұраққа респонденттердiң денi (77 пайызы) көңiлi толмайтындығын айтқан. Ал «Қазақстан өзiнiң шет жұрттағы отандастарымен рухани-мәдени байланыстарды қай бағытта дамытып, қандай салаларға басымдық беруi тиiс?» деген сауалға сұралушылардың көпшiлiгi (58 пайыз) шеттегi отандастар ана тiлiн ұмытып қалмауы үшiн, ұлттық болмысын сақтауы үшiн Қазақстан қолдан келгеннiң бәрiн жасауға тиiс деп есептейдi. Өкiнiшке қарай, «Аталған мәселе турасында елдiң құзырлы органдарына нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?» деген сауалға нақты жауап бергендер 35 пайыз ғана болып шыққан. Оның өзiнде жауап бiркелкi емес, әр қилы. Қалғандары жауап беруге қиналатындықтарын айтады.
«Жерұйық» қоғамдық бiрлестiгi аталған жобаны келесi жылы да жалғастыру үшiн әрi шет елдердегi қандастардың өмiр сүрiп отырған ортасымен танысып, толыққанды зерттеу үшiн бұл мәселеге отандық кәсiпкерлер мен бизнес өкiлдерiнiң шынайы қолдауы мен қызығушылғын оятуға талпыныс жасамақ. Осылайша, бұл бағыттағы жұмыс одан әрi жалғаса бермек.
Едiге БЕКТАС