«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»
ашық дереккөзі
232
20. Нұртай САБИЛЬЯНОВ

Сөз басы

Желтоқсан көтерiлiсi – ұлтымыздың жазылмайтын жан жарасы. Сол көтерiлiс күллi қазақ жастарын бiрiктiрдi. Алматыдағы екi күндiк сергелдеңнiң дүние жүзiн дүр сiлкiндiргенi анық. Кеңестiк мызғымас одақтың «Ұлт мәселесi шешiлген» деген лепiрме тұжырымын жоққа шығарып, идеологиясының жалғандығын ашып бердi. Ұлтараздық iштей шиеленiстiң шегiне жетiп, шектен тыс асқынып кеткенiн көрсеттi. Алаңдағы жалынды жастар тоталитарлық жүйеге ұлт мәселесiнiң саяси талаптарын қоюмен қарсы шықты.

Алайда сол қасiреттi күндерде Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi де ай қарап қалған жоқ. Алаңдағы дүйiм жастар ортасына елеусiздеу кiрiп, астыртын iске кiрiстi. Албырт та аңғал қыз-жiгiттер олардың көзге шалына бермейтiн сiрiңкенiң қорабындай фотоаппарат таспаларында бейнелерi қалғанын сезбедi. Жымысқылар оларды қылмыстық iске тарту үшiн дәлел ретiнде түсiрген едi. Сол фотосуреттер арасынан қолына мегафон ұстап, ашына сөйлеп тұрған жас жiгiттiң әр қырынан тартылған бейнесiне ерекше көңiл аударды. Ал видео кадрларында оны жастардың иықтарына отырғызғаны, Ақ үйге қарап сөйлеп тұрғаны анық көрiнген. Алыстан тартқандықтан ба, жоқ әлде айқай-шудан ба, оның даусын есту мүмкiн емес.

Комитет қызметкерлерi көтерiлiстен кейiн екi айдан соң сол жiгiттi тапты. Ол – Алматы халық шаруашылығы институты, Есеп-экономика факультетiнiң 3-шi курс студентi Нұртай Салихұлы Сабильянов екен.

Сабильяновтың ерекшелiгi неде?

Алаңдағы иiн тiрескен жастардың алдында сөз бастауында.

Содан берi жиырма бiр жыл өттi. Шыбық шынар болды. Сәби соқталдай жiгiт жасқа жеттi. Оның толқындай теңселiп тұрған нөпiр жұрттың алдында толқып тұрып сөйлеген сөз мәтiнiн қазiр дәлме-дәл, қаз-қалпында қағазға түсiру қиын. Алайда жалпы мән-мағынасы жадында сақталыпты.

Иә, ол сонда ненi жарияға жар салды?

Аға саналған ұлттың iнiге жасап жатқан озбырлығын, Мәскеудегi Орталықтың қазақ жерiнiң байлығын тек шикiзат көзiне айналдырып, қанын шығармай сорып отырғанын, ана тiлiмiз бен салт-дәстүрiмiзден айырып, ұлтсыздандыру саясатын жымысқы жүргiзiп жатқанын, елге қайдағы бiр қиырдан жiберген белгiсiз бiреу емес, қазаққа жанашыр бола алатын басшының қажеттiгiн, бұдан әрi шовинистiк қорлауға төзуге болмайтынын айта келiп, ұлт мүддесiн бiлдiретiн саяси талаптары жоғарыдағыларға жеткенше наразылық митингiсiн соңына дейiн жалғастыруға үндедi.

«Қол бастағаннан, сөз бастаған қиын». Халық даналығы осылай дейдi. Нұртай Сабильяновтың сол бiр жалынды сөздерi Қазақ ССР прокуроры Елемесовтың трибунада тұрып, қолдарын ербеңдетiп, сес көрсетiп: «Жатақтарыңа қайтыңдар!», «Тыңдамасаңдар күш қолданамыз!», «Сендерге жаман болады!» — деп қорқытып, үркiткен сөздерiнен әлдеқайда өтiмдi, әлдеқайда әсерлi естiлдi. Қыз-жiгiттердiң жiгерлерi тасып, рухтары көтерiлдi. Алаңды қоршаған қарулы әскерден, қалқанды милиция құрамаларынан, арматура кесiндiлерiн ұстаған ерiктi жасақшылардан тайсалмады. «Менiң елiм, Менiң жерiм…» деп шырқаған әнi Ақ үйге жайғасқан Колбиндi орнынан сан мәрте тұрғызып, сан мәрте отырғызып, берекетiн қашырды.

Қай ұлттың да жаманы мен жақсысы болады. Бұл екеуiнен бiздiң қазақ та кенде емес. Көре алмайтын күншiлдерге халықтық iсiңдi табан астында жоққа шығара салу түк емес. Мұны неге айтып отырмын. Бертiнде, арада көп жыл өткен соң оның сондағы шырғалаңның шырмауына түскен тағдырына күмәнмен қарайтындар шығып жатса не дерсiң?! Бұған дәлел керек дейсiз бе? Оны да келтiруге болады. Тәуелсiз бiр газет 2004 жылғы 24 желтоқсан күнi жарық көрген санында авторы белгiсiз бiреудiң «18 жылға созылған ертегi…» атты мақаласын жариялаған.

«Нұртай Сабильянов деген мырзаның «Астана хабары» газетiндегi сұхбатына қарап отырып, ерiксiз ойға қаласың». (Әңгiме содан бiр апта бұрын аталмыш газеттiң тiлшiсi Құралай Рахымбаеваға берген «Бiз тоталитарлық режимдi бұзуға ұмтылған жастар едiк…» атты сұхбаты жайында қозғалып отыр. К.А.)

«Сiздiң мегафон алып, орталық алаңда сөйлеп тұрған суретiңiз көпшiлiкке мәлiм. Ондай үлкен ерлiкке барудың өзi де оңайға түспеген болар…» дейдi тiлшi.

— Мегафон алып, ортаға шығып сөйлеудiң өзi, әрине, оңай болмады. Сол мегафон қолымызға тигенге дейiн бiраз уақыт өттi. Алаңға жиналған барлық жастардың алдында сөз сөйлеу үлкен жауапкершiлiктi жүктейтiнi белгiлi. Сол сәттегi айтқаным «Ұлттық намысты жоғалтпайық! Тоталитарлық саясатқа қарсы шыққан iсiмiздi соңына дейiн жалғастырайық!» болды. Көп болса бес минуттай сөйледiм және тоталитарлық жүйеге қарсы шығатынымызды ашық түрде айттым.

Стоп. Мұндай сөздер үшiн қылышынан қан тамған КГБ-дан құтылу мүмкiн бе?

Мүмкiн екен. Сабильянов мырза мұны былай түсiндiредi.

«…Алғашқы жазалау қарқыны күштi болған кезде мен ауылда каникулда болған едiм. Оның үстiне менiң суретiм 18 ақпанда, яғни екi айдан кейiн бiр-ақ табылды… Сегiз ай қыр соңымнан қалмады. Екi күннiң бiрiнде жауап алды. Мен алғашқы айтқанымнан танбадым. Тiптi соңыма кiсi салып аңдыды. Ауылға да бара алмадым. Соңында: «Үш жылға дейiн бақылауда боласың. Егер тағы да материалдар түссе, бес жыл бас бостандығыңмен қоштаса бер», — деп шығарып салды. Солай аман қалдым».

Алаңда болған жастарды он күн iшiнде түгел түстеп шыққан КГБ мегафон ұстап сөйлеген, онда да тоталитарлық жүйеге ашық қарсы шығатындығын айтқан адамды 2 айдан кейiн ғана табуы құлаққа кiргенмен, тергеу кезiнде де сол айтқанынан танбаған адамды жазалаусыз, арқасынан сылап-сипап шығарып салғанға сенесiз бе?

Ертегi. Неге екенi белгiлi, 18 жылға созылған ертегi».

Ал, неге сенбеске? Соны айтпаса, жастар алаңға неге барды? Ертегi айту үшiн бе? Жоқ, әлде Колбинге қошемет көрсетуге жиналды ма? Олар жiгерсiз, намыссыз болса, айтар сөзiн бiлмесе, алаңға қарай аяқ басар ма едi? Тiптi жастар одан да зорын: «Қазаққа – қазақ басшы!», «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» деген ұран-талаптарды ұстап шыққан жоқ па? Қарулы әскерге екi күн бойына төтеп берген өрендердi «жасық» деуге кiмнiң аузы барады. Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi алаңға шыққан арулар мен ұландарды он күн емес, келер жылдың соңына дейiн iздестiрген. Табандатқан сегiз ай жауап алудың әуре-сарсаңына салып, жүйкесiн тоздырса, қалай тергеушiлер оны арқасынан сылап-сипап шығарып салған деуге болады? Ондай қисынсыз күмәннiң, «ертегi» деп мұқатып, буынсыз жерге пышақ ұрудың кiмге қажетi болды екен? Сол суретке көз салған саналы жан Сабильяновтың жалынды сөздерiне сенбеуi мүмкiн емес. Сурет мiнезi оның шындығын дәлелдеп тұр. Ал Сабильяновтың сонда сөйлегенiн көзiмен көрiп, құлағымен естiгендер сол мақаланы бос сандырақ дейдi. Оның сөзiн жоққа шығару — Желтоқсан көтерiлiсiнiң мәнiн жоққа шығарумен бiрдей екенiн мақаланың белгiсiз авторы бiлдi ме екен? Шартарапқа жайылып кеткен сол суретсiз Желтоқсан көтерiлiсiн елестету де мүмкiн емес. Сондай терiс пiкiрдiң кейiн тағы қайталанбасына кiм кепiл? Өкiнiшке орай, Желтоқсан көтерiлiсiне немқұрайды қарайтындар, мойындағысы келмейтiндер бар.

«Бiрiңдi қазақ, бiрiң дос, көрмесең iстiң бәрi бос». Бұл дана Абайдан қалған ұлағатты сөз. Халық арасында жиi айтылып жүрсе де, көпе-көрiнеу қаперлерiне алмайтындарға ерiксiз қынжыласың. Сол Абай үшiншi қара сөзiнде былай дейдi.

«… Қазақтың бiрiнiң бiрiне қаскүнем болмағының, бiрiнiң тiлеуiн бiрi тiлеспейтұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерiнiң жалқау болатұғынының себебi не?

Һәммә ғаламға белгiлi данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбiр жалқау кiсi – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбiр қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келедi, әрбiр мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз надан келедi, әрбiр ақылсыз – надан, арсыз келедi; әрбiр арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзi тойымсыз, тыйымсыз, өнерсiз, ешкiмге достығы жоқ жандар шығады».

Неткен сөз! Абайдан артық қалай айтуға болады? Мақала авторының аты-жөнiн көрсетпегенiне қарағанда, «расында да ешкiмге де достығы жоқ жан ба» деген ой жетегiнде кетерiң хақ.

Ар-намысының құлдары мұндайда қарап қалмайды. Сабильянов та сыртынан сөз айтып, сау басына сақина салып жүргендерден арын арашалап, жұртты ақиқатына көз жеткiздiру үшiн сот шешiмiне жүгiнген. «Алтын Орда» газетiнiң 2005 жылғы 30 қыркүйектегi №39 санында тiлшi Рәзиға Әшееваға берген «Елдiң қадiрiн бiлсең, ел де сенi қадiрлейдi…» атты сұхбатында ол:

«… Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста жұмыс iстегенiме он екi жылдан асты. Әрине, шындықты айтатындар бар, сонымен бiрге кейде орынсыз аяқтан шалып, «жаптым жала, жақтым күйе» дейтiндерiн де көрдiм. Сайлауда үгiт-насихат жұмыстары жүргiзiлiп жатқанда маған қатысты келеңсiз жағдай бiр телеарна тарапынан болса, тәуелсiз бiр апталық газет өткен жылғы желтоқсан аяғындағы санында Желтоқсан оқиғаларына қатысқан менi аяқтан шалды. Содан өзiмнiң ар-намысымды сот арқылы қорғауға тура келiп, сотқа бердiм. Бүгiн газетпен бiтiмгершiлiкке келiп, олар өздерiнiң осы қыркүйек айындағы санында ол мақаланы терiске шығарып, шындыққа сай келмейтiн, негiзсiз екенiн жариялады. Осындайдан көңiлге кiрбiң келетiнi де рас. Сенсация iздеп шындықтан алшақ кету, өтiрiк жазу бұқаралық ақпарат құралдарының беделiн көтермейдi».

Нұртай Сабильяновтың ерекшелiгi алаңға студенттерге ерiп емес, оларды бастап барғанында.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң кезектен тыс өткен V-шi пленумының шешiмi Алматы халық шаруашылығы институты студенттерiн де бей-жай қалдырмады. «Колбин деген кiм?», «Республиканың бiрiншi басшысына қазақ халқының мұң-мұқтажын түсiнетiн елдегi лайықты жандардың бiрi неге сайланбаған?», «Осы бiз кiмбiз?», «Жер бiздiкi деп кеудемiздi қағамыз, ал билiк неге басқаның қолында?», «Өз елiмiзде ана тiлiмiз неге өгейдiң күйiн кешедi?», «Аралдың суының тартылғанына кiм кiнәлi?», «Мәскеудiң мұндай қорлығына қашанғы көне беремiз?».

Жатақханадағы әңгiме арқауы осы жауабы жоқ сұрақтармен өрбiдi. Студенттер ақыры намысқа шапты. «Жоқ! Шовинистiк саясаттың илеуiне көне берсек, ұлт болудан қаламыз. Ертең алаңға шығып, пленум шешiмiне өз наразылығымызды бiлдiрейiк. Қайта құру саясаты демократия мен жариялылыққа жол ашты ғой. Орталық талап-тiлегiмiздi түсiнiп, оң шешiм қабылдар». — Олар осы байламға табан тiредi.

Таңертеңгi лекция «Кеңестiк құқықтанудан» болатын. Курстың тобы аудиторияда түгел отырды. Оқытушы Ұлан Есбергеновтiң өңi сынық екен. Дәрiс оқуға көңiлiнiң қошы жоғын шәкiрттерi байқады. Олардың да әдеттегiдей ұйып тыңдауға зауықтары соқпады. Жағдай бәрiне де түсiнiктi едi. Әйтсе де, бiр шәкiртi кешегi пленумның шешiмi туралы пiкiрiн сұрады. Ұстаз күрсiндi. «Әзiрге менiң бiлетiнiм телеарнаның хабары. Бұл ақпаратты сендер де естiдiңдер. Колбиннiң суретiн бүгiн газеттен көрдiм. Қабағы қалың кiсi екен». Ол басқа не айта қойсын. Дәрiстiң бiрiншi жартысынан соң топ старостасы Нұртай:

— Ұлан аға, бiздi екiншi жартысынан босатсаңыз, — дедi.

— Неге?

— Алаңға барайық деп едiк.

Ұстаз шәкiрттерiн шолып шықты. Бәрi де тас түйiн отыр. Сабырға шақырып тежегенмен райларынан қайтар түрлерi жоқ.

— Мен де сендермен бiрге барар едiм. Басқа курстарда да оқитын дәрiсiм бар. Сондықтан iлесе алмаймын. Оның үстiне ректораттан тексеру болатынын жақсы бiлесiңдер. — Өкiнген сыңай танытты.

Нұртай Сабильянов өз тобының студенттерiн бастап, сәске мезгiлiнде Брежнев атындағы алаңға келдi. Қаладағы жалғыз университет пен өзге де институттардан, өндiрiс орындарынан жастар жиналып жатыр екен. Сәт сайын жиналғандар көлемi ұлғайып, түс әлетiнде алаң лық толды.

Ол «Экспресс К» газетiнiң тiлшiсi Галина Шалеваға берген «…А госчиновникам я желаю побольше патриотизма» атты сұхбатында (2001 жыл 24 қараша)

«— Бiз, Алматы жастары, сол кезде алаңға медаль немесе пәтер үшiн шыққанымыз жоқ. Өз халқымыздың абыройы мен ар-намысын қорғай алатынымызды дәлелдеу үшiн», — дейдi.

Билiк те есiн тез жиған. Қолдарына қалқан, резина шоқпар ұстаған милиция отрядтары, әскери училищелердiң курсанттары, ерiктi халық жасақшылары алаңды айнала қоршап, келушiлердiң жолдарына кесе көлденең тұрды. Олармен алғашқы қақтығысулар да орын алды. Ал алаңдағы жастар Ақ үй жаққа қарап тұс-тұстан дауыстап, саяси талаптарын қойып жатты. Ара-арасында «Колбин алаңға келiп, пленум шешiмiнiң мәнiн түсiндiрсiн» деген талап та естiлдi. Колбин жүрексiндi ме, Ақ үйден шыққан жоқ.

Нұртай жиналғандардың алдында ұлттың мүддесiн айтып, рухтарын көтеру үшiн сөйлеуге бел буды. Трибунаға көтерiлмекшi болғанда қатар түзеп тұрған милиция қызметкерлерi кеудесiнен итерiп, араларынан өткiзбей қойды. Жақын тұрған екi жiгiт оны иықтарына отырғызып, көпшiлiктiң ортасына таман алып барды. Бiреулер дауыс күшейткiш мегафонды қолына ұстатты. Ол тулаған жүрегiн басып, айтар сөзiн жұптады. Ара кiдiк кiдiрiп айтқан сөздерi жастардың жiгерiн жаныды. Егер оның сол сөздерi үнтаспаға жазылғанда көтерiлiстi ұйымдастырушылардың бiрi атанар едi.

КПСС Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы Михаил Горбачев әр жарты сағат сайын республиканың жаңа басшысы Геннадии Колбинмен телефон арқылы байланысып, Алматыдағы жағдайдан хабардар болып отырған. Олар Дiнмұхамед Қонаевты жастардың алдына шығарып сөйлетуден бас тартты. Ақын Олжас Сүлейменовты алаңға жiбермедi. Республика прокуроры Елемесовтың дөрекi сөздерi жағдайды бұрынғысынан да бетер ушықтырып жiбердi. Бейбiт шерушiлердi ұтымды сөздерiмен иландырып, тарата алатын жан табылмады. Күн батып, қас қарайған кезде аяз күшiне мiндi. Сонда да жастар алаңнан кетпедi. Алаңның әр жерiнен алау оты жанды. Түннiң бiр уағында iс насырға шапты.

«… – Бiздi алаңнан ығыстырудың ең оңтайлы тәсiлi су шашу деп шешсе керек,-дейдi Нұртай. – Iркес-тiркес жылжыған машиналар сұп-суық суды атқылады-ай келiп. Бiз Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң ғимаратына қарай шегiндiк. Үстi-басымыз су болды. Сонда да райымыздан қайтпадық. Машиналар өтiсiмен алаңдағы бастапқы орнымызға қайта бардық. Ызадан көзiмiз қақталады. Ендi бұдан артық қорлау бар ма?

Атамыз қазақ «Мал екеш малды да теппе» деп үйретедi. «Қорлама» дейдi. Ит қосып қуалап, ойына келген ойранын жасаған соң өзiн адаммын деген кiм-кiм де ашынады, қауқарының жеткенiнше қарсыласады, қайрат қылады. Сондықтан алаңда әлденеше машинаның отқа орануы, дүкен, мекеме терезелерiнiң шағылуы болуға тиiстi құбылыс едi. Әрi-берiден соң, соны ұйымдастырып жасаған Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң өз кiсiлерi десек те қателеспейтiн сияқтымыз. Өйткенi, арада он жыл өтсе де қиратып-бүлдiрген, аударып-төңкерген, өртеген адам мынау екен деп алқымынан алатын бiрде-бiр кiнәлiнiң табылмауы ерiксiз осылай дегiзедi». (Әдiлғазы Қайырбеков. «Намыс найзағайы». 1996 жыл. «Шартарап» баспасы. 58 бет).

Алаңның жан-жағынан лап қойған қарулы курсанттар мен сойылын оңды-солды сiлтеген милиция отрядтарына жiгiттер қыздарды қорғаштай жүрiп, жалаң жұдырықтарымен қарсы тұрды. Нұртай бастаған топ тепкiнiң астында қалған қыз-жiгiттердi құтқарамыз деп жүрiп, қоршауда қалды. Айқай-шу, арсылдаған иттен құлақ тұнды. Талайдың тұщы етiне ащы сойылдар тидi. Ет қызумен жандарына батқанын сезген жоқ. Олар жанталаса арпалысып жүрiп, қоршаудан шықты. Түн ортасы ауа жатақханаға жеттi. Нұртай денесiнiң зiл тартып, сыздап ауырғанын сонда ғана сездi. Бөлмеде бiрге тұратын курстастары сойыл соққысынан көгерiп iсiнген арқасын көрдi. Олар да денелерiне түскен мұндай таңбадан сау емес екен. Нұртай жыртылған пальтосын бүктеп, шкафқа салды. Басқа бөлмелерде тұратын курстастарын жинап, кеңес құрды. Сол күнгi болған оқиғаны талдады. Бәрi де қорлықтан қатты ашынған. Жанарларында кек бар. Қызу талқылаудан соң Нұртай:

— Егер бiз ертең алаңға бармай қалсақ, аналар: «Саяси талап қойғыштар таяқ жеген соң, жөндерiн тапты. Ендi, сiрә, бастарын көтерiп, ауыздарын ашпас», — деп табалары хақ. Сондықтан тағы барып, саяси талабымызды тағы қояйық. Колбин рухымызды жеңе алмағанын көрсiн, — дедi. Серiктерi оны қолдады.

Олар таң азаннан тұрды. Қызыл шұнақ аяздың ашуы қайтпапты. Аяқ астындағы күртiк қар басқан сайын сықыр-сықыр етiп, беттi қариды. Нұртайдың үстiнде жұқалаң күртке. Басқа студенттер де ықшам киiнген. Олар оқу корпусына барып, деканның түгендеуiнен өттi. Содан соң алаңға қарай тартты.

Кешегi айқас «ОМОН» отрядтары мен әскери училище курсанттарына да жеңiл түспеген екен. Бүгiн олар бастарына каска, қолдарына түгел сойыл ұстапты. Ерiктi халық жасақшыларының да тұрпаттары өзгерген. Қолдарында ұзындығы күрек сабындай арматура кесiндiлерi мен өрiлген жiңiшке трос қамшы. Жауға шабардай сұстанып, алаңды қоршап тұр.

Нұртай бастаған топ Абай мен Фурманов көшелерiнiң қиылысына жиналғандарға келiп қосылды. Кешеден көзтаныс болып қалғандардың бiразы ағаш штакеттер ұстап жүр. Қалың топ «Елiм-ай» әнiмен Фурманов көшесiн бойлап алаңға қарай шеруледi. Сан ғасырдан берi айтылып келе жатқан ән сол күнi де жастардың қанын ойнатып, жiгерiн тасытты. Олар алаңға жақындағаннан-ақ шеп құрып тұрған милиция отрядтары мен курсанттар дүрсе қоя бердi. Бетпе-бет келген жiгiттерге сойылдарын сiлтедi. Жасақшылардың ұзын трос қамшылары ысылдап, арқаларын осты. Соққы жанына батқан жастар да аянып қалған жоқ. Жанталасып шайқасты. Арт жақтағылар қар жентектерiн атқылаумен болды. Олар шегiнiп барып қайта шабуылдап жатыр. Қалай да қарулы, қалың шептi бұзып өтiп, алаңдағыларға қосылу. Ал аналар құтырынған иттерiне қаптырып, сойыл мен қамшыларын аяусыз сiлтеп, жiберер емес.

«…Қазiр ойласам, бiздiң жасағанымыз көзсiз ерлiк екен, — дейдi қиял кездiрген Нұртай. Жолдастарымыздың қан-жоса болып тепкiге түскенiне қарамай, отқа ұмтылған көзсiз көбелекше алаңға қарай қайта-қайта жұлқыныппыз…» («Намыс найзағайы» 60 бет)

Олар алаңға неге сонша жанкештiлiкпен ұмтылды? Өйткенi алаң – үлкен саяси орын. Сол жерде айтылған шындық, сол жерде қойылған саяси талап әлемге тарайды. Шовинистiк билiктiң оларды жiбермеуге тырысқаны да сондықтан.

Сондай қиян-кескi шабуылдардың бiрiнде қоршаудан сытылып, арғы бетке өткен денелi жiгiт Сәтбаев даңғылы жағындағы «Океан» дүкенiнiң жанында тұрған автобусқа қарғып мiнiп, моторға тез от бердi. Шеп құрғандарға қарай жұлқи қозғалғанда «Батырға да жан керек» демекшi аналардың жiгi ажырап, қақ жарылды. Олар ес жиып, көшенi қайта жаба бастаған шақта автобустың артын тасаланған шерушiлердiң үлкен тобы алаңдағы қыз-жiгiттерге қосылды.

Ұлы сәскеде алаң жанына тiзiлген бiрнеше әскери машиналар мен көп доңғалақты техникалар келiп тоқтады. Машиналардың жабық қораптарынан мұздай қаруланған солдаттар түсiп, алаңды тұтас қоршады. Қолдарындағы сапер күректерiнiң бұрыштанған жүзi күнге шағылысады. Бұлар Новосiбiр мен Ташкенттен әдейi алдырылған, түрмелердегi кездейсоқ бүлiктердi аяусыз басып-жаншуға арнайы дайындықтан өткiзiлген жендеттер екен. Бiр сұмдықтың болатыны анық едi. Бiрақ жастар жендеттерден тайсалып, тараған жоқ. Наразылық митингiсiн жалғастыра бердi. Күн батып, қараңғылық қоюланған кезде алаңдағы шамдар сөндiрiлiп, тұс-тұстан түндi тiлгiлеген қуатты прожектор жарықтары түсiрiлдi. «Құйын» операциясын бастауға жарлық берiлдi. Қанiшер жендеттер қыз-жiгiттерге аңталай ұмтылды.

Алаңды ерсiлi-қарсылы қайшылап, дамылсыз кезген қуатты жарықтар көздi қарыды. Айқай-шудан, шабалана үрген иттерден бас айналды. Сиренаның ащы даусынан құлақ тұнды. Қай жаққа қарай ығысарын бiлмей сапырылысқан жастардың талайын жендеттер сұлатып салды. Алаң қанға боялды.

Қыздарды жетелеген жiгiттер жан ұшыра айқасып жүрiп, қоршаудың әр жерiнен бұзып шығып жатты.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн

Бұландай ердi кескен күн.

Буулы теңдi шешкен күн…

Бiздiң ер Исатай өлген күн,

Он сан байтақ бүлген күн.

Қайран Махамбет! Хан Жәңгiрдiң алдауына түсiп, қапияда Исатай батыры мен жасақтарынан айырылып қалғанда күңiренiп отырып осылай толғапты. Бар ойлағаны халқының қамы едi. Есiл ер арманда кеттi. Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқан қыз-жiгiттердiң арманы да қазақтың азаттығы болатын.

«…Үрей-рухтың дәрменсiздiгi салдарынан пайда болады» дептi ғой Спиноза. Бiздiң рухымыз жоғары тұрды. Солдаттар сапер күректерiмен ұрып, керзi етiктерiмен тепкiлегенде де, түрмеге салып, оқудан шығарып, қудалап, соңымызға түскенде де сағымызды сындыра алған жоқ. Себебi, бiз өзiмiздiң iсiмiздiң оң екенiн, талап-тiлектерiмiздiң дұрыс екенiн бiлдiк. Бiз сол алаңда тұрғанда алғаш рет ата-бабамыз аңсаған азаттықтың қаншалықты қымбатқа түсетiнiн, «мың өлiп, мың тiрiлген қазақтың» отарлық езгiден құтылмай айы оңынан тумайтынын iшiмiз қан жылап тұрып түсiндiк, — дейдi Нұртай Сабильянов». («Намыс найзағайы. 54 бет»).

Ол өзi белсене қатысқан көтерiлiс туралы осылай дейдi. Ал мемлекеттiк органдар ше? Олар қандай ақпараттар таратты?

«Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 60 бабы бойынша ашылған iске қатысты Қазақ ССР Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң құжаттары» деп аталынған iс-қағаздарында көтерiлiске мынандай сыңаржақ анықтама берiлген.

«…1986 жылы 17 желтоқсан күнi таңертеңгi сағат 9-да қазақ ұлтынан құралған студенттер тобы Жаңа алаңға жиналды. Жиналғандар саны 200-ден асады. Олар пленум шешiмiн қайта қарауды және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы қазақ ұлты өкiлiнен қоюды талап еттi. Алаңдағылардың қолдарында: «Ленин идеясы жасасын!», «Әр ұлтқа – өз көсемi?», «Ни одной привилегии ни для одной нации, ни для одного языка!», «Мы за свободное, добровольное сближение нации, а не принудительное. В.И.Ленин» (Орыс тiлiне осылай аударған. К.А.) деп жазылған транспаранттар ұстап тұрды. Митингi жасаушылар трибунаны пайдалануға әрекеттер жасады. Бiр оқу орнына барып республика басшыларымен кездестiрiп, түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi және тарау жөнiндегi ұсыныстарды олар қаперлерiне де алмады.

Орын алған жағдайды қоғамға қарсы элементтер мен бұзақылар тез пайдаланып, ұлттық көңiл-күйде барынша ауытқыта отырып, мемлекеттiк билiк өкiлдерiн тыңдамауға, тәртiпсiздiктi жалғастыра беруге шақырды. Осы өткiзiлген акцияға адамдарды көптеп тарту үшiн олар қаланың көшелерiмен жүрудi ұйымдастыра алды. Жоғары оқу орындары және студенттер жатақханасы жанынан өттi. Агрессивтiк ниетке бой алдырған топ ҚазПИ мен Қыздар педагогикалық институтының оқу корпустарына оқытушылардың және iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қарсылығына қарамастан кiруге ұмтылыстар жасады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi бюро мүшелерi, сондай-ақ қоғамның белгiлi өкiлдерi диалогқа шақыру мақсатында бiрнеше рет жасаған үндеулерiне қоғамдық тәртiпке қарсы iс-әрекет жасаушылар құлақ аспады. Шамамен түскi сағат 2-де алаңға оралған 2 мыңнан астам адам арандатқыш ұрандар тастап, iшкi әскер солдаттарының бас киiмдерiн жұлып алып, оларға тастар мен қар жентектерiн лақтырды. Жиналғандар алдында партия және совет органдарының жетекшiлерi сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары сөйледi. Алайда бұзақы элементтердiң iс-әрекеттерi барған сайын агрессивтi тұрғыда жалғасумен болды. Көптеген бұзақылар орындықтарды, ағаштарды, қоршау шарбақтарды сындырып, үйлерге жапсырылған мрамор плиталарды майдалай талқандап, қаруланып, iшкi әскер солдаттары мен милиция қызметкерлерiн ұрып-соқты. Бiрнеше автомашиналарды өртеп, Орталық Комитеттi түнде жарық түсiретiн ракеталармен атқылады. Прокурордың және республика Iшкi iстер министрi бiрiншi орынбасарының заңға қарсы келетiн бұзақылықтар iстеуге болмайтындығы жөнiндегi ескертпелерiне құлақ асып көнгендерi байқалмады. Қақтығыс болмай қалмайтын жағдайға жеттi. Iшкi iстер органдарының күшiмен тәртiп орнату үшiн нақты шаралар қолдану қажет болды. Сол шаралар түнгi сағат 24-те iске асырылды.

…Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң тергеушiлерi 850 адамнан, Iшкi iстер министрлiгi мен прокуратура 5324 адамнан жауап алды. Iшкi әскер солдаттарының сапер күректерiн қолданғаны, милиция қызметкерлерiнiң қабаған иттерге талатқаны туралы келтiрiлген дәлелдер анықталмады. Милиция қызметкерлерi мен әскерилердiң өз билiктерiн асыра сiлтегендерi туралы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiне арыз-шағымдар түскен жоқ. Iстi алдын ала тергеу қорытындылары бойынша көпшiлiктiң, бұқаралық ақпарат құралдарының кеңiнен қатысуымен ашық сот мәжiлiстерiнде қаралды.

…Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi және оның жергiлiктi жерлердегi органдары негiзгi күштi сол кезеңде айдап салушылар мен тәртiпсiздiкке белсене қатысушыларды анықтап әрi әшкерелеуге, жағдайдың барысын бақылап отыруға, топтанған жандардың қоғамға жат әрекеттерi қайталанбауы үшiн дер кезiнде тиiстi орындарға хабарлап отырып, оларды болдырмауға, партия және совет органдарына жан-жақты көмектесуге салды.

Қазақ ССР Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi. 12 шiлде 1989 жыл».

Мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қадағалайтын үлкен мекеме iстi Колбин бастаған Орталық Комитеттiң ықпалымен бұра тартып, бiржақты анықтама берген. Жартыкеш шындықты, қып-қызыл өтiрiктi баяндаған. Бұл неден көрiнедi? Мұның арғы жағында не жатыр? Анықтама соңына нақты лауазым иесiнiң аты-жөнi неге қойылмаған? Орталық Комитеттiң қызметкерлерi алаңдағы жастар алдына бiрден шыға қойған жоқ. Алғашқы қақтығыстардан кейiн жағдай ушыға бастаған кезде шықты. Қақтығысты бастаған милиция қызметкерлерi мен iшкi әскер солдаттары болатын. Алаңдағы мiнберден сөйлеген сол республика басшылары арасында еңбегiмен ел құрметiне бөленген жандар жоқ едi. Оның үстiне жастар Мәскеудiң айдап салуымен, олардың Қазақстан Компартиясының XVII съезiнде «таққа таласып», Қонаевты жарыса сынап сөйлеген сөздерiнен шошынып қалған. Ал Горбачев айласын асырып, бiрiн-бiрiне айдап салып, соңында сырттан Колбиндi әкеп таққа қонжитты. Кiм ұтып, кiм ұтылды?

Рас, алаңда бiраз ағаштар сындырылып, мәрмәр плиталар кесек-кесек тасқа айналдырылды. Әскерилер сойылдарымен соғып, керзi етiктерiмен тепкiлеп, өрт сөндiргiш машиналармен қақаған аязда мұздай су шашып жатқанда жастар басын иiп, жазаға мойынсынып тұра беруi керек па едi. Қой екеш қой да бауыздалып жатқанда соңғы рет тұяқ серiппей ме? Жастардың бұл әрекетi қорғаныстан туындағаны ақиқат. Пролетариаттың қаруы тас болғаны тарихтан аян. Сол ағаш таяқтар және плита тастарымен қорғанған жастар түндi жарық қылатын ракеталарды табан астында қайдан алсын. Мұндай қарулар қырық қабат есiгi бар, көз iлмейтiн қырағы қырық күзетшiсi бар әскери қоймаларда сақталатынын кiм бiлмейдi. Сондықтан жастардың ракетаны қолдануы шындықпен жанаспайды. «Ракеталарды алаңға алдырған Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi. Сол қарумен Орталық Комитеттi атқылаған да солардың жансыздары». Бұл пiкiр ел арасында, тәуелсiз ақпарат құралдарында талай жылдардан берi айтылып та, жазылып та жүр. «Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды». Бәлкiм осы пiкiрде шындық бар шығар. Өйткенi ракетаны атқан жанның дерегi жоқ. Бұл тергеушiлердiң жастарға жаптым жала, жақтым күйесi.

«Ұялмайтын бетке, талмайтын жақ бередi». Комитет анықтамасында алаңдағы қыз-жiгiттерге iшкi әскердiң сапер күректерiн қолданғанын, милиция қызметкерлерiнiң иттерге талатқанын жоққа шығарады. Күлесiз бе, жылайсыз ба?! Сiрә, өтiрiктiң көкесi осындай-ақ болар. Осылай аңқау қазақты алдай салуға әбден машықтанған әккiлiк. Ташкент пен Новосiбiрден шақырылған, арнайы басбұзарлық дайындықтан өткен жендеттердiң сапер күректерiн қолданғаны туралы, жалпы Мәскеу ұйымдастырған «Метель» операциясы жайында жақ ашпайды. Милиция қызметкерлерi иттерге талатпаса жастардың денелерiне түскен тыртықтар қайдан пайда болды? Олар милиция мен әскерилердiң билiктерiн асыра сiлтегенi жөнiнде кiмге шағымдануы керек едi? «Қарға қарғаның көзiн шұқымайтынын» бiлмейдi дегенi ме?

Комитет анықтамасында жастар көтерiлiсiнiң күнгей бетi ғана жазылып, көлеңке бетiнiң жазылмауында нендей құпия бар? Мұның арғы жағында олардың қорқыныштары жатыр. Олар да шындықтың өлмейтiнiн бiледi. Түбiнде сол шындықтың ашылатынын, өздерiнiң асыра сiлтеп, жазықсыздарды жапа шеккiзгендерiне жауап беретiн уақыт келетiнiн iштей сездi. Бұл анықтама сол желтоқсандықтар, қала бердi бүкiл қазақ халқы шындыққа жеткенше, уақыттан ұтып, ұмыттырудың амалы. Ал ұлттық қасiрет сол халықтың санасына өшпестей болып жазылып қалатынын тарих қаншама рет дәлелдедi.

«Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқаны үшiн бес жыл бас бостандығынан айырылып, кесiмдi мерзiмiн Чита қаласында өтеген Расулхан Құдайбергенов:

– Алаңда сойылмен, саперлiк күректермен ұрғаннан құлап қалғандарды бiрiнiң үстiне бiрiн үйе бергенiн өз көзiммен көрдiм, – дейдi.

Көшелерде жiгiттер мен қыздарды итпен қуғанды көрген көптеген куәлер бар. Солардың бiрi – Қазақ политехникалық институтының оқытушылары А.Бейсенов пен С.Құсайынова 17 желтоқсан күнi түнгi сағат 10-ның кезiнде институттың қасында «ЛАЗ» мәшинесi тұрды. Одан бiр-екi солдат секiрiп түсiп, жетегiндегi тайыншадай иттi бiреуге абалатты. Қараңғы көшеде шыңғырған қыздардың дауысы шықты. Иттiң ырылдап қауып жатқаны естiлдi.

Екiншi бiр факт: Алматы қалалық комсомол комитетiнiң қызметкерi Анета Тоқымбаева 18 желтоқсанда, қараңғы түнде итпен куған солдаттардан қашып бас сауғалаған төрт қазақ қызын өз пәтерiне паналатқан». («Егемен Қазақстан», 29 қараша 2006 жыл. Мүбәрак Садықұлы «Бәрi де көз алдымда».)

Сол көтерiлiстен соң Колбиннiң жаппай қуғын-сүргiнi, жазықсыз жазалау науқанының күрт басталғаны әмбеге аян. Көзiне түсiп қалуға құлшынған жандайшаптарына көтерiлiстi ұйымдастырушыларды жарық күнде шам алдырып iздеттiрдi. Соларға сенгенi соншалық Орталық Комитеттiң алдағы пленумында ұйымдастырушылардың түстерiн түстеп, аттарын атамақшы да болып қалың бұқараға сөз бердi. Ол заңдылықтарды белден басып, ұр да жық солақай саясатын жүргiздi. Сот Конститутция баптарына емес, Колбиннiң нұсқауларына бағынды. Ат дегендерiн атты, шап дегендерiн шапты. Ал Алматы обкомының бiрiншi хатшысы Марат Меңдiбаев шаш ал десе бас алып жатты. Бұл шын мәнiндегi репрессия едi. Колбин сол жөн-жосықсыз жазалауын өзi республика басшылығынан кеткенше жалғастырды. Дегенмен Желтоқсан көтерiлiсiнiң нағыз ұйымдастырушыларын таба алмады. Сол көтерiлiстi бiреулердiң бiр түнде ұйымдастыра салуы мүмкiн бе? Жоқ деп кесiп айту қиын. Бәлкiм себепшi болғандар бар шығар. Дегенмен көкейге шовинистiк билiктiң еттен өтiп, сүйекке жеткен зорлық-зомбылығы жастардың жаппай көтерiлiске шығуына барынша ықпал еттi деген тұжырым қонатын секiлдi.

Алматы халықшаруашылығы институты Есеп-экономика факультетiнiң сол жылдардағы методисi Фарзана Сыдықкелiнi өзi куә болған жайды былай деп еске алады.

«…Ертесiнде институтқа сағат сегiзден жиырма минут өткенде келсем түстерi сұп-сұр, жалаңдаған бөтен адамдар жүр. Жоғарғы жақтан келген нұсқау бойынша аудиторияларды бөлiп алып, студенттердiң сабақта бар-жоғын тексеруге кiрiсiп те кетiптi. Өзiн «Қазақпын!» деген студенттердiң ешқайсысы сабақта жоқ. Тек бiрен-сараң өзге ұлт өкiлдерi отыр.

Ешкiмде үн жоқ. Тiптен сөйлеуге, балаларға бiрдеме деп ескертуге мүмкiндiк жоқ. «Студенттердi жинап әкелiңдер», – деп ұстаздарды алаңға, жатақ¬ханаларға қуып жатыр. «Құлан басына күн туса, қодығына қарамас» дегендей, тексеруге келгендердiң көбi қазақ жiгiттерi. Өздерiн көрсетiп қалуға тырысып, елден ерекше дiкеңдеп жүргендер де солар. Көркем әдебиеттен белгiлi нағыз «шаш ал десе бас алатын» Бейiмбет Майлиннiң шолақ белсендiлерi. Күнде тергеу. Алдарына күнiне бiр-екi реттен барамыз. «Ұйымдастырушы кiм?», «Алаңға жастарды кiм жiбердi?» деген жаттанды сұрақтарды айтып, әбден мезi қылған жас қазақ тергеушiге: «Сол күнi мүмкiндiгiм болғанда мен де ұрандап барар едiм!» – деп айтып салып едiм ол: «Ұйымдастырушының бiрi шығарсың?» – деп түсiнiктеме сұратқаны да бар.

«Институттың комсомол комитетiне шақырып жатыр», – дедi. Барсам үш адам отыр екен. Стол үстi толы фотосурет. 37-шi жылды еске түсiргендей. Лаузымы жоғары болуы керек бiреуi: «Дұрыстап қара, факультетiңнiң студенттерi бар ма? Всеравно мы все знаем», – дедi. Екiншiсi суреттердi бiр-бiрден алдыма ысырып отырды. Бiр кезде қолына мегафон ұстаған Нұртайдың суретiн алдыма тастады. Суреттi қара фломастермен қоршап қойыпты. Жүрегiм су ете қалса да, сыр бiлдiрмей келесi суреттердi көрдiм де: «Бiздiң факультеттiң бiрде-бiр студентi жоқ», – деп айттым да шығып кеттiм. Жүгiрген бойда сол кездегi факультет деканы Кәкiм Шаяхметұлына: «Ағай, Нұртайдың суретiн алып келiптi… Не iстеймiз?! Староста ғой, алаңдағы студенттердi жинап кел деп бiз жiберiп едiк деп айтайық», – дедiм де көз жасыма ие бола алмай қалдым. Сөйтсем Кәкiм аға бiледi екен. Менi жұбатып: «Дұрыс. Ойымыз бiр жерден шықты. Солай деп айтамыз».

Нұртайдың бойында көптеген игi қасиеттер бар. Факультетiмiздiң, тiптi институтымыздың мақтанышы. Оқу озаты. Намысты азамат. Өзiмнiң туған бауырымдай болып кеткен. «Ендiгi тағдыры не болады?..» деп қатты уайымдадым. Әдiлдiктiң өзi кетiп, исi қалған күндер едi ғой. Ақ қарасын тексерер

Серіктес жаңалықтары