918
ГЕРЖОД ЫЛАҢЫ
ГЕРЖОД ЫЛАҢЫ
Гержод (Гержот) есiмiн Қызылорданың көне-көз қариялары мен тарихшы ғалымдар бiлмесе, көпшiлiк жұртшылық бiле бермейдi. Сыр елiнде ХХ ғасырдың бас кезiнде өмiр сүрген адамдар арасында Гержодты «кержұт» деп атап, атын атамақ түгiл оның көзiне түсуден қорқатын болыпты.
Иосиф Гержодтың есiмi 1918-1920 жылдарда Ақмешiт аймағы ғана емес, бүкiл Түркiстан өлкесiне, қала бердi Мәскеуге де жеткен. Осындай есiмi алысқа кеткен Гержод (Гержот) кiм болған, қандай iсiмен көрiнген деген оқырмандардан орынды сауал да тууы заңдылық. Гержод туралы оның Ақмешiттегi сойқан (Перовскiдегi) iстерi жайлы қала тұрғыны 1918 жылы Р.Балтабаев бастаған бiр топ кiсi ашына жазса, 1920 жылы «Правда» газетiнде жарияланған деректер негiзiнде Парижде Мұстафа Шоқай (1935 жылы «Жас Түркiстан» баспасынан шыққан «Советтер билеген «Түркiстан» атты кiтапшасында) «Перовскiде (Қызылорда) Гержод деген патша әкiмi отырды. Одан тұтас бiр халық – қырғыздар (қазақтар) үдере көштi. Бұл үдере көшу барысында бiр миллионға жуық адам қырылды» деп жазған. Бұны Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығармалар жинағының екiншi томынан (1999) оқи аласыз. Қоғам және мемлекет қайраткерi Мұстафа Шоқайдан кейiн жалпы Гержод есiмi естiлмеген-дi. Тәуелсiздiк алған жылдардан бастап Гержодтың ылаңы туралы түрлi деректер жазылып, кейбiр жинақтарда Гержод оқиғасы аз-кем суреттеледi. Бiз бүгiн сол және басқа да деректер көздерiн сараптай отырып, Гержод ылаңын толығырақ ашуға тырысып осы мақаланы жазып отырмыз. Ойда жоқта Ақмешiтте 1917 жылғы ақпан төңкерiсi кезiнде почта-телеграф конторының шенеунiгiнiң бiрi Иосиф Иванович Гержод билiк басында жүргендер мен әсiресе темiржолшылармен байланыс жасай жүрiп Совдепке мүше болады. 1917 жылдың наурыз айында бiр мезгiлде құрамында 35 адамы бар қазақ депутаттарының Советi мен Перовскi жұмысшы-солдат депуттар кеңесi құрылады. Оны жұмысшы-темiржолшы В.Е.Агапов басқарады. Бұл ұйымға қазақ Советi де кiредi. Ұйым төрағасы болып Х.Ибрагимов сайланады. 1918 жылдың наурызында Х.Ибрагимов Түркiстан өлкелiк жұмысшы және солдат депутаттары кеңесiнiң V съезiнде заң органдарына басшылық қызметке сайланады. Осы бiр ауыс-түйiс кезеңiнде Гержод кеңес төрағасы болып, өзiн-өзi сайлап алғанға ұқсайды. Сол кезеңнiң құжаттары бiздi осындай ойға шақырады. Гержодтың көптеген ауызша және жазылып қалған дерек көздерiнде Перовск уездiк депутаттар Кеңесiн басқарған (1918-1919) екi жылға жуық мерзiм iшiнде көптеген адамдар жазықсыз атылып, атылмағаны Ақмола, Торғай, Арысқұм, Қарақұм өңiрлерiне қашып бой тасалаған. Алғашқы күннен тұрғын халықтарды басып-жаншу, зорлық-зомбылық көрсетуден өз жұмысын бастаған. Перовскiнiң көзi ашық кiсiлерi басы Р.Балтабаев болып Гержодтың iс-әрекетiн баяндаған хатын Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiне 1918 жылдың 20 мамырында Ташкентке жiберген. Осы хатта «…Төраға қызметiне кiрiскенiн Гержод уезд тұрғындарына 3 миллион сом салық салумен атап өттi. Гержодтың жанында өз қызметтерiн ұсыну арқылы тұрғындардан не керектiң бәрiн қорқытып алатын бiрнеше бас бұзар-тыңшылар әрекет етедi». Арыз-хат соңында: «…Сонымен қатар бұл шағымның жеке сипатта емес, тек терроршылар мен сатраптар, тұтқындалғаннан соң ғана өздерiн атай алатын барлық жәбiрленген тұрғындар атынан екенiн баяндаймыз…» Осындай сорақы iстердi батылы барып әшкерлеп хат жазған бұл кiсiлердiң үлкен ерлiк жасағаны көрiнiп-ақ тұр. Бұл шағым-арыз Өзбекстан мемлекеттiк Орталық мұрағатында сақталынған. И.И.Гержодтың 1919 жылдың 2 қыркүйегiнде Түркiстан Республикасы кеңестерiнiң кезектi 8-шi съезiне қатысып, Т.Рысқұлов т.б-дың сөздерiне қарсы сөз сөйлеген. Арыз-шағым дер кезiнде түссе де (1 жыл төрт ай өтсе де) оны дұрыс қарамай келгенiн Гержодтың съезде сөйлегенiнен-ақ аңғарылады. Гержод өзiнен жоғары ұйымдарға бағынбай, ойына келгенiн жасаған. Ол өзiне бағынышты шағын әскердi өзiнiң мақсатты iстерiне пайдаланып отырған. Өзiне шексiз берiлген 3-4 қазақ жiгiттерiнiң айтқанынан шықпай олардың жамандаған кiсiлерiн топырлатып абақтыға камата берген. Тiптi Перовскi совдепiнiң жұмысын тексеруге келген Турциктiң мүшесi Иса Тоқтыбаевты т.б. азаматтардың көзiн жоюға әрекет еткен. Оның көмекшiлерi болған Жорабек Есенов, Мұса Тәжбенов, Биқожа Бекхожаев өзiне жақпаған кiсiлердi Гержодқа жамандап, олардың абақтыға қамалуына әрекет етiп отырған. Гержод ылаңынан бiр-екi жыл iшiнде түрмеде 300-ге дейiн кiсiлердiң жатқанын, бiр деректе оның 217-сi, ендi бiрiнде 180 адамды жазықсыз аттырды деген деректер сол кездiң өзiнде баспасөздерде жазылған. Сорақы iсi шектен шығып, Ташкент түгiл Мәскеуге жетiп, жергiлiктi тұрғындардың арызы бiрнеше рет тексерiлiп, ақыры сотталып Иркутскiге айдалады. Кейiннен түрлi себептермен түрмеден босатылған деседi. Гержодтың Ташкентте болған сотына қатысқан әдебиетшi, ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев өзiнiң «Керуен» (1989) атты жинағында былайша жазыпты. «…Одан соң Ташкенттегi Гержод сотында болдым. Атылған адамдардың хаттамасына көп жайда оның көмекшiлерi қол қоймаған болып шықты. Ж.Есенов 1918 жылдың қысында мың адамды басқарып Қызылқұм iшiмен Бұхараға кеткен едi. Гержодқа көмекшi болған М.Тәжбенов, Б.Бекхожаевтар сотталған жоқ», – деп жазса, осы соттан кейiн жағдайды сол кезеңнiң көзiмен салмақтап, саралап жазған Ескерген (жасырын аты болуы мүмкiн) атты азаматтың 1920 жылдың 28 желтоқсанында «Ақжол» газетiндегi «Гержодтың ылаңы» атты мақаласынан Гержодтың кiм екенiн, қандай адам болғаны айқындала түседi. Жоғарыда аталған мақалада Гержодтың жақын арада тергелiп, 20 жылға сотталып, кейiннен «ноябрь» кешiрiмiне iлiнiп 5 жылға Сiбiрге айдалғанын айта отырып, жүздеген кiсiлердiң қанын мойнына жүктеген Гержодқа жеңiлдiкпен қарағанына түсiнбегiнiн жазады. Бұл мақаладан Гержодтың сотында көптеген куәгерлер, зәбiр көргендер сөздерiнен танып, дұрыстап сөйлей алмағанын қынжыла да қинала жазыпты. Осы мақаладан Гержодтың өзiмен қызметтес болған Мұса Тәжбеновтi өзiне серiктiкке, уезд милициясының бастығы Кенжебай Сатеновтың орнына Жорабек Есеновты сайлағанын оқып бiлемiз. Перовскiдегi Гержод ылаңының басы-қасында жүрген, ел iшiнде үш уәзiр атанған Ж.Есенов, М.Тәжбенов, Б.Бекхожаевтар өздерiне жақпаған адамдардың соңына сөз жүгiртiп Гержодқа айтып, қаматып, атылуына себепкер болып отырған. Сыр елiне белгiлi Лапы ұрпағы Сейдәлi Мұңайтпасұлы Жорабектi кеңсесiнде қамшымен ұрғаны үшiн жазықты болып қамалса, ал бидiң iнiсi Әлиасқарды да абақтыға қамап, кейiннен екеуiн де аттырып жiбередi. Сол кезеңнiң үлкен газеттерiнiң бiрi «Ақжолдағы» мақаладан түрлi жолмен баю жолына түскен бұрыннан да бай Жорабек Есенов тiптi байып кетсе, Бекқожа және Мұса байлар қатарынан орын алған. Мұсаның ағасы Ғайса, Бекқожаның iнiсi Мәжит болыс болыпты. Осы газет мақаласынан Ж.Есеновтың әрекетiне қарсы шығып, отыз жiгiтiмен Жорабектi қалаға дейiн қуған. Қуаңдария болысының қазағы, өткiр тiлдi, батыл кiсi болған Зарқұм Қуанышұлы (1860-1918) ұсталып, қамалып, оның 54 түйесi, бiрнеше аты тәркiленген. Зарқұмды Сейдахмет, Жүсiпахмет, Нұрахмет, Бекжүсiп атты балаларымен бiрге төрт немере iнiсiн «Керкелместе» Гержод аттырып жiбердi. Ал Зарқұмның ең кенже баласы, 13 жастағы Жүсiпбектi тай қазан астына тығып аман қалып, Зарқұмның ұрпақтары жалғасып келедi. Ал есiмi бүкiл қазақ халқына танымал болған ағартушы Жүсiпбек Басығарыұлын өзiн ұстай алмағандықтан Перовскiдегi үш баласын бiр оқпен атты деген ел iшiнде әңгiме қалған. Гержод өзiнiң асыра сiлтеген iстерiн Сүлеймен Мирзаев, С.Бедебековтердiң көмегiмен өзiн ақтайтын құжаттарды кейiннен жасап, қылмыстық iсiн жасыруға тырысқан фактiлер де кездеседi. Демек Гержод өзiнiң қан-құйлы әректтерiнiң iзiн жасыруға тырысқан. Ақыры Турцик пен Түрчеканың қайта тексеру жұмыстары нәтижесiнде Ташкент қаласында қайта соты болып, оның көмекшiлерi зәбiр көргендерге ағайын-туыстығын араға салып сотқа iлiнбей куә ретiнде шақырылған. Сотта бас арызданушы болған Ж.Есенов. Ол сотта бiрнеше рет сөз сөйлеп, Гержодпен тартысып, соттың ұзаққа созылуына себепкер болыпты. Қалай дегенмен Гержод соттың ауыр жазасынан құтылып шығып, бiраз жылдар Ресей жерiнде қызмет iстеп, өзiнiң Перовскiде қызметi үшiн дербес зейнеткерлiкке шығу үшiн ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Қызылорда қаласына келiп, әртүрлi орындарда болып, өзiнiң «перовскiлiк» қызметiн насихаттай жүрiп, белгiлi ғалым, тарихшы М.К.Кереевтi тауып, сөйлесiп «Последний парад» атты 250 беттiк қолжазбасын қалдырады. 11 қараша 2001 жылы М.Кереевпен кездескенiмде ол кiсi маған Гержодтың қолжазбасын көрсеттi. Мен оны оқып шықтым. Кiтаптың негiзi өзiнiң Перовскiде пролетариат диктатурасын қалай қорғағанын, байлармен қандай жағдайда күрескенiн сөз етiптi. Қолжазба 20-ға жуық тарауға бөлiнген. Онда Ақмешiттегi 1917 жылғы оқиғаларды, түрлi митингiлердi сөз ете келе темiржолшы Агапов басқарған ұйымның құрылғанын оған өзiнiң мүше болғанын мақтана жазыпты. Сондай-ақ ол өзiн қазақтардың бұрын да абақтыда отырып келген Зарқұм Қуанышовты (қарақшыны) жазалады деп кiнә артатынын, Балтабаев сияқты миллионшiк байлармен салт-дәстүр саласында келiспеушiлiк орын алғанын қымсынбай жазады. Сонымен қатар осы шатпағында Лапиндердiң кеңес өкiметiне қарсылығын, олардың бiрiнiң Дутовқа iш тартатынын, ал Зарқұм Қуанышов өзiн «хан» деп есептеп, айтқанын iстемегендерге қарулы шабуыл жасап отырғанын алға тартады. Соның бiрi – Телiкөл болысының тұрғындарының малдарын тартып алуы сияқты фактiлердi тiзбелеген Балтабаев, Абдрахманов, Алсинов, Ниязов, Ғазизов, Иванов, С.Мырзаев, Ганжа, Кiрбасов, Жаркин, Қасымовтар, Ибрагимов, Лапиндер мен молда Валиулин және Күшiкбаевтардың есiмдерi де кездеседi. Гержодтың серiктестерi iшiнен Жорабек Есеновты бөлiп қараған жөн сияқты. Ол Гержодқа арналған сотта арызданушы болып, оның көптеген қылмыстарын әшкерi етедi. Дегенмен оның Гержод тапсырмаларын орындауда көптеген қателiктерге ұрынғаны түрлi баспасөздерде кезiнде жазылып қалған. Гержод қызметiнен кеткеннен кейiн де уездiк милиция бастығы, қазiргi Шиелi ауданы төңiрегiнде әртүрлi қызметтерде болады. 10 жылдан астам мұраб болып, арықтар қаздырып, тоспа салдырып ел үшiн еткен еңбегi де бар. Өткендi сараптағанда осындай ерекше еңбектерiн де ескергенiмiз жөн болар. Мақала авторы Ескерген сол күндердегi Гержод кезеңiндегi жағдайды айта отырып одан сабақ алуды ойлап жазған сияқты. Мақала соңында: «…Мұның арты неге барып тiрелер, аяғы не боларын ескерген жоқ. Соны ойына салып ескертпекпiз» – деп қорытындылайды. Бұл мақаланың жарияланғанына 47 жыл толыпты. Сол кезеңде басқаға жалпақтау, «жалпақ шешей» болған жағдайдан әлi де арыла алмай келемiз. Бiр Гержодтың кiшкентай Ақмешiт (Перовскi) қаласында жасаған озбырлықтарының бiр парасы осындай болса, Қазақстанның басқа да аймақтарында әсiре қызыл төңкерiсшiлердiң озбырлығы мен зорлығы қаншама дерсiз. Бүгiнгiдей тәуелсiздiк алған кезеңде қазақ мемлекетiнiң iргесi мен шаңырағының берiк те, биiк болуы жолында тарихи жағдаяттардан қорытынды шығара отырып, осындайларды ескергенiмiз жөн болмақ.
Дайындаған – Тынышбек ДАЙРАБАЙ