«ТYРКIСТАНДА» СӨЙЛЕДI, СӨЙЛЕГЕНДЕ «БҮЙ» ДЕДI...

«ТYРКIСТАНДА» СӨЙЛЕДI, СӨЙЛЕГЕНДЕ «БҮЙ» ДЕДI...

«ТYРКIСТАНДА» СӨЙЛЕДI, СӨЙЛЕГЕНДЕ «БҮЙ» ДЕДI...
ашық дереккөзі
256

Доңыз жылы аяқталып, тышқанның табалдырық аттайтын шағы да алыс емес. Тышқан жылының табалдырығында тұрып, доңыз жылы бiзге не бердi, доңыз жылында ненi бастан кештiк, өкiнiшiмiз не, неге қуандық, осының бәрiн көңiл таразысына салып, өткенге тағы бiр көз жүгiрткен едiк. «Түркiстанның» 2007 жылғы сандарын қайта парақтай отырып, жыл бойында газетiмiздiң бетiнде жарық көрген қоғам қайраткерлерi, ақын-жазушылар және елiмiзге белгiлi тұлғалардың пiкiрлерiнен үзiндi берудi жөн көрiп отырмыз.

Серiк ӘБДIРАХМАНОВ: «КҮШТI ТҰЛҒАЛАРДЫ ҒАНА МОЙЫНДАЙМЫН»

– Мәдениетке, тiлге жауап беретiн адамдардың қазақшасы жоқ. Ақпарат және мәдениет министрi Ертiсбаев өмiрiнде бiрiншi рет Әуезов атындағы драма театрын көрiптi. «Какие хоромы?! Первый раз вижу такие хоромы», – деп айтыпты. Мәдениет министрлiгiне жеткеннен кейiн амалы жоқтан қазақ драма театрына барыпты. Бұл – мемлекеттiк жұмыста жүрген жандардың бәрiне ұят нәрсе. Үлкен кемшiлiк.

№36,18-мамыр

Шерхан МҰРТАЗА: «ЗАҢ ШЫҒАРУШЫЛАРДЫҢ ӨЗI ЗАҢ БҰЗЫП ЖҮР»

– Айналайын-ау, «жер жекеменшiкке берiледi» дедi. Жекеменшiк дегенiңiз, пәленбай гектар жердi алады да, оны қоршап алады. Ол жерден тышқан өткiзбейдi. Одан басқа бiреудiң малы тұрмақ, бөтен құмырсқа да жорғалай алмайды. Мына жердегi таудың бөктерiне барып көрдiң бе? Анда-санда келгенiмде көрем. Құдай сақтасын, баяғы жатқан еркiн дала, таудың бөктерiнiң барлығын қоршап алған. Қамал – Қытай қорғаны ма дерсiң. Ол жерден өтiп көршi. Сыммен қоршап тастағандары да бар. Мүмкiн, ол сымға ток жүргiзiп қойған шығар деп ойлаймын. «Злая собака» деп тұрады. Оның iшiнде, «злая собака» бар ма, жоқ па, адам бiлмейдi. Бұрын ондай пәле жоқ болатын. Осы жерде отыз жылдай тұрдым. Арқаға кеткеннен кейiн, екi-үш жылдан кейiн келсем, масқара!!!

№4, 25-қаңтар

Тоқтар ЕСIРКЕПОВ: «ҚАЗАҚ АУЫЛЫ ҚАЛАЙ ТОНАЛЫП ЕДI?»

– Ғаламдастыру тұрғысынан жеке адамның, индивидтiң позициясына көбiрек көңiл бөлiнедi, ұжымдық тұрғыдан гөрi, жеке көзқарасты жақынырақ тартады. Бұл ендi, христиан шiркеуiнiң, Батыстың идеясы. Әлемде жаһандастыруды көздейтiн үлкен күштер бар. Осы жағынан алғанда, бiздiң ұлт болып қалуымыздың өзi қиынға түседi. Ұлт болып қалу үшiн оның мәдениетi, рухани құндылықтары, тiлi, дiнi ұйып отыруы керек. Қазiргi күнi осы құндылықтар шоғырланған жер қазақтың ауылы. Бiздегi урбанизация процесiн мемлекет қолына алған жоқ. Үкiметтiң халыққа көмегi болмады. Жұрттың бәрi сауда жасап, көшеге шығып кеттi.

№5, 1 ақпан

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕВА: «ӘР ҚАЗАҚ МЕНIҢ ДЕ ЖАЛҒЫЗЫМ»

– Абылайдың, Ер Тарғынның тұқымы, Махамбеттiң ұрпақтары қайда? Солар тiрi жүрген жоқ па? «Солар сияқты сен неге ұлы болмайсың?» деп сұрар едiм, бұл қазақтан!! «Сен неге соншама жалпылдай бересiң?» деп сұрар едiм, бұл қазақтан. «Шешендер туған ұлт емес пе едiң, сенiң шешендiгiң қайда?» деп сұрар едiм, бұл қазақтан!! Аудармадан жаттаған бес сөйлеммен қазақша сөйлегенiне мәз боламыз. Неге олай? Неге осындай? Рухсыздығымен күрескiм келiп, рухсыздығы жайлы айтам. «Әр қазақ менiң жалғызым» дейдi Сабыр Адай. Әр қазақ өзiн осы елдiң жалғыз қызымын, жалғыз ұлымын деп есептеуi керек қой. Егемен елдiң, кең байтақ даланың, көл-көсiр байлықтың иесiмiн деп санауы керек, әр қазақ! Парасат пен жiгер жоқ бiзде. Қанша жiгiттердi көрем, тепсе темiр үзетiн. Бос жүр, жұмыссыз жүр. Жұмыссыздық дейтiн шығар. Жұмыссыздық десекте, оған сiлтей беруге болмайды ғой. өздерiнiң кеудесiнде жiгер жоқ. Бойында жiгерi бар адам бiр жерден жол табады. Ұлттық намыс, парасат, бабалар тәрбиесi, осының бәрi ақсап кеттi. Экономикамызды өсiремiз, сөйтiп жарылқаймыз деп жүргенде, адамдарды құрт-құмырсқаға айналдырып алдық. Құрт-құмырсқаға айналып кеткен, өзiнiң ұлттық мақтанышы жоқ, топ бастар серкесi, шешенi, әулиесi жоқ ұлтты ешкiм сыйламайды.

№10,7-наурыз

Юрий БУНАКОВ: «ҚАЗАҚ ТIЛIН БIЛМЕУIМ – МЕНIҢ КIНӘМ ЕМЕС, ҚАСIРЕТIМ»

– Мен өзiме келтiрсем, бұл жайлы айту қиынырақ. Әрине, мемлекеттiк тiлдi бiлгенi жөн. Дегенмен, адамның жасын да ескеру керек сияқты. Өйткенi, жас ұлғайған сайын адамның лингвистикалық қасиеттерi, тiлдi үйренуге деген бейiмдiлiгi кеми түседi. Ал, 60-тан кейiн тiптен қиын сияқты. Сондықтан егерде менi алсаңыз, мен қазақ тiлiн үйрене алмайтын сияқтымын. Бұл жайлы үлкен өкiнiшпен айтамын. Мен қазақ тiлiн шын мәнiнде қатты үйренгiм келгенде, қазiр қазақша судай сөйлер едiм. Бiрақ мен тiлдi меңгермедiм, өйткенi жеке үйренейiн десем, мұнда қазақтiлдi орта жоқ. Бiз барлық жерде тек қана орысша сөйлеймiз. Сондықтан, қазақ тiлiн қорғап жүрген азаматтардың шыр-пыр болып, мұны «қасiрет» деп айтып жүруi де осы шығар. Ең бастысы, қазiрше қазақтiлдi орта қалыптасып бiткен жоқ. Мұның өзi тiлдi үйренуге кедергi.

№ 14, 5 сәуiр

Әзiмбай ҒАЛИ: «БIЗГЕ «ҮЛКЕН ҚАЗАҚ ҰЛТЫ» ИДЕЯСЫ КЕРЕК»

– Яғни, ұлттарды интеграциялап, бiрiктiрiп отыру керек. Сондай-ақ, бұл бiрiктiру саясаты ұлттарды «қазақстандық» идеяға емес, «үлкен қазақ ұлты» идеясына жұмылдыру бағытында жүзеге асуы қажет. Айталық, Ресейге барып, «мен – орыспын» десем күледi, олар менi орыс деп қабылдай алмайды. Ал Францияға барып, французша бiлiп отырып, «мен – французбын» десем, олар мұны жай бiр нәрсе ретiнде қабылдайды. Өйткенi, бұл елдер «ұлт» ұғымын «азаматтық» ұғымымен айырбастап жiберген. Батыстың жиi қайталай беретiн «азаматтық қоғам» дегенiнiң өзi осыдан кеп туындап отыр. Бiзде де дәл осындай саясат ұстанудың мүмкiндiгi туды. Әсiресе, өзгенi емес, түркiтiлдес халықтарды сiңiрiп алудың уақыты жеттi.

№15, 12 сәуiр

Орынбасар ТАЗАБЕКОВ: «ТЕАТР – ТАЗАБЕКОВТIКI,АЛ ӨНЕР ХАЛЫҚ ҮШIН…»

– Бiле бiлсеңiз, өнерсiз ел – жетiм ел. Фундаментсiз үй болмайды ғой. Қазақтың ауыз әдебиетi, фольклоры деймiз ғой, бiз сонымен қоректенген жоқпыз ба? Айтыңызшы, ауыз әдебиетiнiң өзi – өнер емес пе? Бүгiнгi кейбiр шенеунiктер неңдi бiледi? Өнердiң атасы – тiл. «Өнер алды – қызыл тiл» демей ме? Тiлiң кеткен соң кiмнен не сұрайсың?! Өнерiмiздi сыйлау арқылы, өзiмiздi сыйлаймыз. Өнерiмiздi дәрiптеу арқылы, өзiмiздi дәрiптеймiз. Сондықтан, тыңнан жол салдым. Көкiрегiмде мен өзiм аштым, өзiм бiлем деген әңгiме емес. Елiмнiң, бүгiнгi жас ұрпақтың жыртығына жамау боп жабылсам, солардың iздегенiн берсем, одан өзге арман жоқ. Жас дарынға жасалған жақсылықты олар ешқашан ұмытпайды. Жүз жерден бай болып, құдай болғаның кiмге керек, егер халқың аш-жалаңаш жүрсе… Егер артыңнан ерген туған-туысың жоқшылықта өмiр сүрiп жатса, онда сенiң байлығыңның құны көк тиын. Бұл байлық сен өлген соң кетедi ғой. Қазақта «әкенiң малы балаға мал болмайды» деп айтпай ма? Сондықтан, жиған-тергенiмдi шашуға құқылымын ғой. Жүз қазақтың бесеуiнiң түйсiгiне бiрдеңе құйсам, сол да жетедi. Кейде халық та таза бұлақтың қайнарынан қанып iшкiсi келмей ме?

№18, 4-мамыр

Мұхтар ШАХАНОВ: «ПАРТИЯ РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДI НЕГIЗГЕ АЛАДЫ»

– Жасыратыны жоқ, кезiнде бiзге көпұлтты мемлекет атану тиiмдi сияқтьы көрiнген. Мәселен, Қазақстанда небәрi 2-3 адамнан тұратын кейбiр ұлт өкiлдерi бар. Олардың өздерi тiлiн, салт-дәстүрiн ұмытып кеткен. Қай ұлттың өкiлi екендiгi тек төлқұжатында ғана көрсетiлген. Сондықтан олардың барлығын ұлт ретiнде тiзе беру қаншалықты тиiмдi екенiн бiлмеймiн.

№22, 31-мамыр

Амалбек ТШАНОВ: «КЕЗ КЕЛГЕН ПАРТИЯ ҰЛТШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Қазақстан тәуелсiз ел болғалы берi әдiл өткен сайлау болған жоқ. Жоғарғы кеңестiң он екi, он үшiншi шақырылымының сайлаулары ғана әдiл өттi. Ол кезде әлi бiржақты бұру деген билiктiң де, халықтың да санасына енген жоқ болатын. Кейiн бертiн келе билiк өзiне қандай сайлау керек болса, сондай сайлау өткiзудi әдетке айналдырды. Менiңше, ең жаман ауру бұл.

Сайлауды әдiл өткiзбеу не нәрсеге алып келедi?

Сайлауды өткiзетiн кiмдер? Мұғалiмдер, мектеп директорлары, бала тәрбиешiлерi. Сайлаудың әдiл өтпеуiне себеп болатын, яғни билiктен тапсырма алып, сайлау нәтижесiн бұрмалайтын да – мұғалiмдер. Бала тәрбиелейтiн адамдар осындай келеңсiздiктердi көзiмен көрiп, бұрмалаушылықты қолымен жасауға мәжбүр. Олар қалай бала тәрбиелемек?

№26, 28-маусым

Ұзақбай АЙТЖАНОВ: «САМАЛДЫ АҢСАЙТЫН КӘСIПКЕР»

– Өз тiлiңдi бiлмесең, нағыз дүбәра болмайсың ба? Көршiң басыңа күл шашты деп, құмға аунау керек пе? Тегiңдi бiлмесең, тарихыңды, шыққан жерiңдi бiлмесең, сен кiмсiң?! Дүбәрасың. Онда қазақ болып аталып неге керек? Ұлттың адамымын десең, оның мәдениетiн, тiлiн, тарихын бiлу шарт. Оны бiлмесең, онда өзiңдi ол ұлттың азаматымын деп санауға ешқандай құқығың жоқ. Елдiң, халықтың намысы өзiңдi қорғау керек болғанда қажет те, күнделiктi тiршiлiгiңде қажет болмаса, сен кiмсiң! Жат жерде жүрiп, жусанның исiн аңсамасаң, туған жердiң самалын iздемесең, қазақ болып нең бар?!

№44, 1 қараша

Несiпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: «ЖАЗУШЫНЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – КӨРКЕМ ШЫНДЫҒЫ»

– Мәселе, менiңше қанның тазалығында. Ұлттық қанымызды жаһандану процесiне құрбандық етiп алмауда. Қазiр Қазақстан жерiнде кiм жоқ, кiмдер келiп, кiмдер кетпей жатыр? Қорықсақ, әркiммен бiр ассимицияланып кетуден қорқу керек. Ұлттың қаны, өзiндiк кескiн келбетi, оның өшуге тиiс емес белгiсi – таңбасы. Қыздарымыз негр, қытай және басқалардың аузынан түскендей бала жетектеп жүрсе, олардың саны көбейе берсе, сонау, сонау заманда Қытай императоры өз күзетiне 100 араб жiгiтiн алып, оларды өз қыздарына үйлендiрiп, содан дүнген деген халық пайда болғаны секiлдi, Қазақстанда да тарихи тегi жоқ бiр халықтың пайда болмасына кiм кепiл?! Келiмсектер түп-тұқиянымен қазақтанып кетсе, құба-құп. Мысалы, көптеген тектерi әр басқа кемеңгерлердiң орыстанып кеткенi сияқты. Қараңыз: Иван Тургеновтiң түп атасы 1450 жылы Алтын Ордадан ауған Арслан Түргенұлы, Лев Толстойдың арғы атасы 1353 жылы немiс жұртынан келген Индрис деген қолбасы, А.Пушкиннiң арғы ата жұрты немiс рыцары Ротша, Ю.Лермонтовтың жетiншi атасы Шотландиядан келген Георг Лермонт, тағысын тағылар.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары