«ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДI»

«ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДI»

«ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДI»
ашық дереккөзі
274

Филология ғылымдарының докторы, профессор Нысанбек Төреқұлдың өмiрден озғанына, мiне, қырық күндей уақыт болып қалды. Көптi көрген жанның өмiр өткелдерi өз алдына бiр бөлек әңгiме. Ол мұны өзiнiң 2006 жылы жарық көрген «Ғұмырнамалық баян» кiтабында тағдыр-талайының қиын кезеңдерiнiң, журналистiк қызметiн, ғылым жолындағы iзденiстерiн тартымды әрi жинақы баяндаған. Онда әлемге әйгiлi панфиловшылар құрамында екiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатысып, талай от кешулерден өткенi де қамтылған. Жалпы оның өзi басынан кешкен соғыс тақырыбын жете меңгергенi Кеңес одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Ақәдiл Суханбаев, Садық Әбдiжаппаров, Бейсен Оңтаев, Қарсыбай Сыпатаев, Хаби Халиуллин туралы жазған көркем әрi деректi очерктерiнен анық байқалады.

Нысанбек Төреқұл Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке орналаса салысымен бiржолата ғылымға бет бұрды. 1954 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертацияларын қорғап, ұлттық ғылымға елеулi үлес қосты. Ол осы институтта академиктер М.Әуезов, М.Ғабдуллин, М.Қаратаевтың жетекшiлiгiмен Қазақ әдебиетi тарихының алты томдығын құрастыруға белсене қатысты. Сондай-ақ, халыққа кеңiнен танылған Жамбыл, Кенен, Үмбетәлi, Есдаулет, Орынбай секiлдi бес жүзге жуық ақындардың өмiр жолдары мен өлең жырларын жинап, бiр жүйеге түсiрiп ғылыми тұжырымдар жасады. Халық ақыны Жамбыл туралы зерттеу еңбегi 1996 жылы Жамбыл атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.

Ғалымның қомақты еңбектерiнiң бiрi 1995 жылы жарық көрген «Қазақтың 100 би-шешенi». Ол осы кiтапқа дейiн «Қазақтың би-шешендерi» атты туындысын жарыққа шығарған болатын. Кейiн әрiптес ғалымдардың кеңесi ұсыныстарымен осы қолға алған тақырыпты тереңдете iндетiп, би-шешендердiң санын жүзге жеткiздi. Әрине оларды табу оңайға түскен жоқ. Бұл еңбегiндегi материалдарды ұзақ жылдар бойына ел аралап жүрiп және Ғылым академиясының сирек кездесетiн қолжазбалары қорынан жинаған едi. Онда кейiнгi ұрпаққа ұмытыла бастаған билердiң аты-жөндерi аталынып, олардың ел басшылығындағы хандарға, сұлтандарға, болыстарға ықпалы, ел iшiндегi жер дауы, жесiр дауына, барымтаға жалпы таласты-тартысты мәселелердi оң шешуде билiк айтуы, ұтымды ұтқыр сөздерi нақты келтiрiлген. Дала сотының мәнi мен маңызы ашық көрсетiлген. Кiтаптың құндылығы әрi тәрбиелiк мәнi де сонда.

Н.Төреқұлдың Әдебиет және өнер институтындағы 30 жылдық еңбегiнiң нәтижесiнде талай-талай ғылыми материалдары мерзiмдiк басылымдарда жарық көрдi. Оның ғылымға сiңiрген ерен еңбегi кейiнгi ұрпақтың игiлiгiне айналып, жарқын бейнесi әрдайым есте қалары анық. «Ғалымның хаты өлмейдi» деген осы шығар сiрә.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары