КВН ЛИГАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНI ТОЙЛАНДЫ

КВН ЛИГАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНI ТОЙЛАНДЫ

КВН ЛИГАСЫНЫҢ ТУҒАН КҮНI ТОЙЛАНДЫ
ашық дереккөзі
302

Үстiмiздегi 2007 доңыз жылымен аяқталатын бiр мүшелдi шығарып, жаңарған тышқан жылын өз дәрежесiнде қарсы алу үшiн, сондай-ақ, «Қазақ КТК (КВН) лигасының» құрылған күнiне орайластырып Студенттер сарайында КТК 8-шi чемпионатының ақтық ойыны өттi.

«Қазақ КТК лигасы» Республикалық Жастар қоғамдық бiрлестiгiнiң және Алматы қаласы Жастар саясатын дамытудың мемлекеттiк қорының қолдауымен ұйымдастырылған чемпионат екi кезеңнен тұрды. Бiрiншi кезекте Алматы қаласы мектеп оқушыларының алты КВН командасы сайысқа шықса, екiншi болып қаламыздағы жоғары оқу орнының жетi КВН командалары өз өнерлерiн ортаға салды.

«Қазақ КТК лигасының» жеке республикалық жастар қоғамдық бiрлестiгi болып құрылғанына биыл 8 жыл толып отыр. 1999 жылдың 23 желтоқсанында осы сахнада жобаның жетекшсi әрi қазақша КВН-нiң негiзiн қалаушы Көсiбаева Алманың қатысуымен қазақша КВН-нiң алғашқы тұсаукесер рәсiмi өткен болатын. Сол күннен бастап бiрге жұмыс жасап келе жатқанбыз. Өкiнiшке орай, 2004 жылы Алма апай дүние салды. Содан берi КВН лигасының басшылығын мен өз қолыма алдым.

Бұл күнде маған түсiп жатқан хаттар арасында «Көсiбаеваның кезiндегiдей КВН командалары неге жоқ?» дейтiн көреремендер көп. Бұл сауалдың жаны бар. Неге десеңiз, себебi қазiрде елiмiзде кiм көрiнген қазақша КВН ашып алып, Тамашаға, Терiсқақпайға, Бауыржан шоуға т.б. елiктеп кеткен түрлерi бар» дейдi «Қазақ КТК (КВН) лигасы» РЖҚБ директоры Елубаева Әйтинә Сағындыққызы.

Күлкi мен қуаныш, көтерiңкi көңiл-күй мен қызықты да тосын оқиғалардың жиынтығы iспеттi бұл ойынға қатысушы әзiлкештер сандығы жаңаша ой, қызықты да тапқыр әзiлдерге толы. Оқырмандар назарына солардың бiрқатарын ұсынуды жөн көрдiк.

* * *

Баласы әкесiне шағымдануда:

– Әке, менiң аузым үлкен бе, мектепте барлығы осылай деп айтады.

– Кiм айтты сенiң аузыңды үлкен деп? Ешқандай да үлкендiгi жоқ. Көп сөйлемей қорадан күрегiңдi алып келiп, тамағыңды iш. Айтпақшы, айырды ала келудi ұмытпашы.

– Айырдың қажетi қанша?

– Шешең лағман дайындап қойыпты, соны жеймiз.

Арада жарты сағат өтедi.

– Әке, мен киiз тауып алдым.

– Тауып алсаң мына жерге қоя сал.

– Ой, әке, қоя салғаны несi, тамақтанып болғаннан кейiн аузымыздың майын сүрткенге керек қой.

* * *

Журналистер шағын репортаж түсiру мақсатымен Билл Гейцтiң үйiне барады. Есiктi Билл Гейцтiң өзi ашады.

– О-о, келiңiздер, төрлетiңiздер! Үйiмiз осы, сегiз-ақ этаж, кедейшiлiкте өмiр сүрiп жатқанымызға айып етпеңiздер. Журналист есiнен тана:

– Уау, мынау лифт пе? Қалай жарқырайды өзi?

– Иә, бұның кнопкалары бриллианттан, есiктерi алтыннан. Тиiспеңiз, өтiнемiн.

– Кешiрiңiз, үйiңiзде жиналыс болып жатыр ма едi, есiктiң алдында машиналар өте көп екен?

– Жоқ, балаларымның машинасы ғой. Бар-жоғы отыз алты-ақ машина.

– Билл Гейц мырза, сiз ендi әлемдегi ең бай адамсыз…

– А-а, Мен Билл Гейц емеспiн, оның үйi көшенiң арғы бетiнде. Сiздер байқамай, бұрынғы Қазақтелекомның бастығының үйiне кiрiп кеттiңiздер.

* * *

– Жiгiттер, бiлесiңдер ме, Алматының көшелерiнде не көп, шетелдiк жарнамалар көп. Одан да қазақтың нақыл сөздерiн жазып қойса ешкiмнiң ештеңесi бүлiнбейдi ғой. Мысалы, Достық даңғылының бойына «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын», Сейфуллин көшесiне «Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» деген мақалды жазып қоюға болады. Ал, Абай даңғылы қырық бiр көшемен қиылысады екен. Әр қиылысқа Абайдың қырық бiр қара сөзiн неге жазбасқа…

* * *

– Жiгiттер, тағы да тыңдаңдаршы, неге осы бiз депутаттарға тиiсе беремiз, олар да адам ғой. Олардан да үйренетiн нәрселер көп. Мысалы, кiшкентай бала депутаттан ұйықтауды үйренсе, арықтар семiрудi, футболистер алдауды үйренедi.

Балжан ҮСЕЕВА

Серіктес жаңалықтары