ГЕОСАЯСАТ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰПАЙЫ ТYГЕЛ МЕ?
ГЕОСАЯСАТ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰПАЙЫ ТYГЕЛ МЕ?
"Туған ай – туралған ет" деп едi бұрынғылар. Айтқандай-ақ, көздi ашып-жұмғанша, жаңа жылдың алғашқы он күнi де өте шықты. Жұрт Тышқан жылын бақ пен берекеге балап, алдан тек жақсылықтар күтуде. 2007 доңыз жылында саяси оқиғалардың денiн бастан кешiрген Қазақстан үшiн биылғы жыл бiраз тыныш болатын түрi бар. Дегенмен, әлемдi түгелiмен қамтып келе жатқан экономикалық дағдарыстар мен жаппай сайлаулардың да, iрi державалардың ұлттық мүддесi үшiн күн сайын аранын аша түсуi де Қазақстанның етек-жеңiн жинай түсуiне себеп болары анық.
Тәуелсiз ел атанып, өз алдына дербес мемлекет құрғанына 16 жыл толса да, Қазақстан саяси-экономикалық, ақпараттық-энергетикалық тұрғыдан әлi дербестiкке қол жеткiзе алмай отыр. Бұрынғы метрополия Ресейдiң бүгiнде ТМД аумағындағы ең сенiмдi серiктесi, серiктесi ғана емес, аузын ашса көмекейiне қойып беруiне дайын отырған қолбаласы Қазақстан Путин билiгi кезiнде бұрынғыдан да бетер бас бiлiгiн Ресейге ұстатып қойды. Ельциннiң кезiнде әжептәуiр босаған тiзгiн қайта қатайды. Қазiр Ресейдiң шiдерлi аты тәрiздiмiз. Қазықты айналып шыға алмаймыз.
Ең әуелi көп векторлы саясат ұстануға бет бұрған Қазақстанды қазiр әлем елдерi тұтастай қолдайды әрi жақсы көредi десе де болғандай. Бұны 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуiн әлемнiң 156 мемлекетiнiң қолдағанынан аңғаруға болады. Дегенмен, бұның себебi "күлшелi баланың сүйкiмдi" болатындығында жатса керек. Алайда, "күлшелi бала" тек сүйкiмдi ғана болмайды, оның күлшесi сорына айналуы да ғажап емес. Қазiргi Таяу Шығыстағы дау-жанжалдың барлығы олардың күлшесi — мұнайына қатысты болып отырғанын бәрi бiледi. Ирактың соры да, Иранға көз алартудың себебi де осында жатыр. Былтырғы жылдан шетелдiк инвесторлар үшiн қатаң тәртiп енгiзе бастаған Қазақстанды әзiрге iрi державалар нысанаға алмағанымен, Ресей ықпалынан шығару үшiн барын жасап бағуда, экономикасы тұралап тұрғанына қарамастан, Америка ТМД мемлекеттерiн Ресейдiң бұғалығынан босатудың арнайы стратегиясын жасап, осы бағытқа биылғы жылғы бюджетiнен 402 миллион доллар бөлiп отыр. "КоммерсантЪ" газетiнiң өткен жылдың 20 желтоқсанындағы санында Александр Габуевтiң: "Сенат США выделил $402 млн. на вредительство интересам России в СНГ" атты мақаласында, АҚШ сенатының 2008 жылға арналған бюджетiнен Мәскеудiң саяси курсын әлсiрету мақсатында бөлiнген бұл қаржының белгiлi бөлiгi "бұрынғы КСРО мемлекеттерiндегi Ресей ықпалын азайтуға, энерготасымалдауды Ресейдi айналып өтетiн маршрутпен қайта жасақтауға, Ресей қоғамын демократияландыруға арналатындығы" айтылған.
Кеңес Одағы ыдырағанға дейiнгi қырғиқабақ соғысына қарағанда, қазiргi қырғиқабақтың қауiптi болатын түрi бар. Өйткенi, Ресей өз ықпалын жүзеге асыру мақсатында Қытайды жақын тарта бастады. Америка мен Батыс көз алартып отырған Иран тағы бар. Сондай-ақ, батыстық демократия үлгiсiне мойынсұна қоймайтын ТМД мемлекеттерiнiң бiразы да Ресейден бұйдасын үзiп кете қояр емес. Бұның барлығы геосаяси мұқтаждықтан да туындап отырған тәрiздi. Мысалы, айталық, Қытай мен Ираннан басқа мемлекеттердiң барлығы энергетикалық тасымалдау жағынан Ресейге тәуелдi. Соңғы 15 жыл iшiнде жаңа стратегиялар өмiрге келiп, газ және мұнай құбырларын салу iсi жоспарланғанмен, оның әзiр жүзеге аса қоюы неғайбыл болып тұр. Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына Қазақстанның қосылғаны Ресейдiң қолайына жақпағаны анық. Әзiрге, Қазақстан тарапы да бұған тым белсендiлiк танытып отырған жоқ. Қытайға мұнай жiберетiн Атасу-Алашаңқай құбырының стратегиялық маңызы жайында кезiнде сарапшылар қуана сөз етiскенi белгiлi. Ең бастысы, бұл Ресейге деген энергетикалық тасымал тәуелдiлiгiнен құтқарады дескен болатынбыз. Алайда, "RBC Daily" агенттiгiнiң хабарлауына қарағанда, Астана мен Мәскеу арасындағы келiсiм-шарттар бойынша, 2008 жылдың басынан бастап Ресей мұнайы Қытайға дәл осы құбыр арқылы жөнелтiлмек көрiнедi. Демек, Ресей ендi Қазақстанды Қытайға мұнай тасымалдайтын көпiр ретiнде пайдаланбақ. Бұған дейiн Ресей мұнайы Қытайға Моңғолия арқылы темiр жолмен тасымалданып келген. Бұл тасымалдың құны – баррелiне 12,3 долларды құрайды. Егер, Қазақстан құбыры арқылы тасымалданатын болса, оның құны баррелiне 1,4 долларға ғана тең болар едi.
Жаңа жылдың алдында Ресей президентi Путинмен кездескен Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Кремльде телефон арқылы Түркiменстан президентi Гұрбанқұлы Бердiмұхаммедовпен Ресейге газ тасымалдау жайында келiсiмге келдi. Бұл келiсiм бойынша, Қазақстан мен Түркiменстан Ресейге жылына 20 миллиард текше метр газ жөнелтетiн болады. 20 желтоқсанда "Каспий газқұбырын бiрлесе пайдалану жөнiндегi" Ресей, Қазақстан және Түркiменстан арасындағы келiсiм-шарт негiзiнде Түркiмения Ресейге жiберетiн газының көлемiн екi есеге көбейтудi мойнына алды. Демек, екi ел де балама құбырлар жайында әзiрге ойлануға мүмкiндiк ала алмай отыр. Соған қарамастан, Қытай Түркiмения газын Шанхай қаласына дейiн әкелетiн құбыр салуға 2,2 миллиард доллар бөлетiндiгiн мәлiмдедi. Дегенмен, шетелдiк сарапшылар 20 желтоқсандағы келiсiм шарттың нәтижесi Ресейдiң газ экспортын өз қолына алуына толық мүмкiндiк беретiндiгiн айтып бағуда.
Отандық сарапшылар Ресейдiң алдағы болатын президент сайлауына үмiт артатындықтарын айта бастады. Путиннiң досы Назарбаевтың ұсынысын қабыл алмай, үшiншi мерзiмге сайланудан бас тартып, Дмитрий Медведевтi өз мұрагерi ретiнде атауы қазақ-орыс ара-қатынасында бiршама өзгерiстiң болатындығынан хабар бередi дейдi олар. Алайда, Дмитрий Медведев ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң адамы болмаса да, Путиннiң айтқанын екi етпейтiндiгi анық, соның жолымен жүруге бейiл. Екiншiден, Путин премьер-министрлiктi өз қолына алатын болса, елдiң саяси басшылығына тiкелей ықпал етiп отырады деген сөз. Демек, Д. Медведев президент тағына отырған күннiң өзiнде Ресейдiң геосаяси стратегиясы өзгере қояды деп айту қиын. Оның үстiне, Ресей ТМД-дағы ықпалын әлсiретпеудiң амалын қалай да ойластырады. Ол үшiн экономикалық, энергетикалық тәуелдiлiктi күшейте түседi. Сондай-ақ, Түркiменстанды бiлмеймiн, ал Қазақстан Ресейден бас бұйдасын үзiп кетуге ынталы емес. Керiсiнше, күн өткен сайын Ресейдiң мүддесi үшiн қызмет етуге пейiлдiлiк танытып келедi. Қазақ елiнiң өз мүддесi үшiн жан алып, жан берiсер кезi қашан туар екен.
Әлемдiк iрi державалар Таяу Шығыс пен Парсы шығанағына қатысты келiссөздерде үнемi бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып келгенi белгiлi. Ресей ықпалына тым мойынсұнып отырған Қазақстанды да нысанаға алатын күн алыс болмай қалды. Өйткенi, бiздiң қойны-қонышымыздағы байлықты олар да қарбыта асағысы келедi. Сол себептi де, Қазақстан тек Ресейдiң қолтығына тығыла бермей, басқа да бағыттарды бағдарлап көргенi жөн болар едi.
Есенгүл Кәпқызы