ЕНДI ЖҰРТ ӘКIМГЕ ҚАРАЙДЫ

ЕНДI ЖҰРТ ӘКIМГЕ ҚАРАЙДЫ

ЕНДI ЖҰРТ ӘКIМГЕ ҚАРАЙДЫ
ашық дереккөзі
290

Инфляцияны ауыздықтау мүмкiн бе?

Жаңа жыл табалдырығымызды аттады. Жыл басы Тышқан жылы ымын да, жымын да бiлдiрместен босағамызға кiрiп келдi. Әдетте, Жаңа жыл кiрместен бұрын немесе жыл басында-ақ әртүрлi болжамдар мен жорамалдар жасалынып жататыны белгiлi. Айталық, сол болжамдардың бiр парасы — Тышқан жылы елiмiзде астық бiтiк шығады және оған көз тiгетiн инвесторлардың саны арта түседi дегенге саяды.

Бәлкiм, бұл болжамға сенуге де болар. Өйткенi, бүгiнде шетелдiң аузын бидай мен мұнайға қаратып отырған қазақ елiнiң бұл жағынан бағы жанған. Алайда, астық мол болғанмен, елдегi инфляцияның шарықтауына тағы да жол берiле ме? Ал бұл сұраққа көрiпкел де, жұлдызшы да, тiптi, бәрiн бақылап отырған Үкiмет басындағылар да жауап бере алмайды. Неге десеңiз, өткен жылғы қара халықтың қалтасын қаққан қымбатшылық сол нан бағасының қымбаттауынан басталған жоқ па?

Үкiмет жаңа жыл қарсаңында, одан кейiн де бағаның өсiп кетпеуiне байланысты мәселе көтердi. Былтырғы жыл, әсiресе қара нанды талшық етiп отырған отбасы үшiн ауыр тидi. Астық бiтiк шығып, мұнайдың бiр баррелi 100 долларға жеттi деп экономикамыздың алар асуларын түгендеп жатқанда, ас атасы — нанның қымбаттап кеткенi, күнделiктi тұтынатын азық-түлiк бағасының кенеттен өскендiгi халықты дағдарытқаны рас. Тiптi, кейбiр депутат халықтың қалтасында ақша көп деп "тисе терекке, тимесе бұтаққа" айтылған сөздi былш еткiзсе, ендiгi бiр басшының "Бiр бақалаш судың бағасы — 70 теңге, ал нанға кететiн шығын мұныкiмен салыстырғанда әлдеқайда көп" деген кереғар пiкiр айтқанын қайда қоясыз? Билiктiң өзi ауызбiрлiк танытып, мәселенiң шешiмiн табуды iздемей жатса, басқасына не дау бар?

Ақыр аяғы, Үкiмет бекiткен бiраз болжамдарға инфляция көнгiсi келмейтiндiгiн аңғартқан сыңайлы. Әу баста ипотекалық дағдарыстан басталған тығырық iле-шала азық-түлiк бағасының өсуiне әкелiп, Үкiметтiң де, халықтың да апшысын бiр қуырып алды. Экономиканың тасы өрге домалап тұрса да, әлеуметтiк топты құрайтын халықтың мұң-мұқтажын қаперге алмасақ, басты қателiк осы. Бiржақты бағытты ғана ұстануға мойынсұнып кететiн ел үкiметi осындайда мәселенiң екiншi қырына аса алаңдаушылық бiлдiрмеуге машықтанғандығы байқалып жатады. Қаржылық дағдарыстың қай мезгiлде, қай айда, қай күнi келетiнiне ешкiм де кепiлдiк бере алмайтынын ескерсек, бұл қиыншылықтың бiр тармағын бастан кешкен Үкiмет үшiн бiраз сабақ болғанға ұқсайды. Содан ба екен, Кәрiм Мәсiмов келер жылдың басты мiндетi ретiнде қалай болғанда да "елдегi инфляцияны ұстап тұру, азық-түлiкке бағаны өсiрмеу және тарифтердi көтертпеу" екендiгiн бiр емес, сан мәрте қайталап еске салумен болды. "Бiздiң бұған бүгiн де, ертең де мүмкiндiгiмiз жетедi. Өйткенi, Қазақстанның қаржылық жағдайы нық, сол себептен, сырттан төнер қаржылық қауiптерге төтеп берер күшiмiз де мығым", – дедi Үкiмет басшысы мәселенiң алдын алып. Кез келген ашық нарықтық экономика саясатын жүргiзген мемлекеттiң қаперiндегi шаруа осы. Бұлай етпейiнше, ел экономикасына әлемде болып жататын түрлi экономикалық дағдарыстар белгiлi бiр деңгейде ықпал етуi әбден мүмкiн. Демек, ендi премьер-министрдiң тапсырмасы бойынша, азық-түлiк пен басқа да тауарларға бағаның өсiп кетпеуi қатаң бақылауға алынатын болады. "Облыстар және тиiстi министрлiктер мен ведомстволардың жетекшiлерi баға мәселесiн айрықша бақылауда ұстаулары қажет. Яғни, Қазақстанның қазiргi жағдайында ешқандай да баға өсiмi немесе баға тұрақсыздығы болмауы тиiс", дедi К. Мәсiмов. Әрине, "Тас түскен жерiне ауыр". Қымбатшылықтың ұзын құрығы әп-сәтте билiктi де, халықты да титықтатып, алғашқысының қандай да бiр шешiмге келуi үшiн сан ұрып қалғандығын ел көрдi.

Шыны керек, әдеттегiдей жаңа жыл мереке қарсаңында күнделiктi азық-түлiк тауарларының бағасы күрт өседi. Оған жұрт та үйренiп қалған. Бiрақ биылғы бағаны халықтың қалтасы көтере алмауда. Сондықтан да премьер-министр бұл мәселелерде жергiлiктi жерлердегi әкiмдерге көп күш түсетiндiктен, жауапкершiлiктiң басымын сол жергiлiктi атқарушы билiктiң мойындарына артып отыр. Рас, баға осымен тұрақтала ма, жоқ әлде қымбатшылықтың құрығы жалғаса ма, оны уақыт көрсетедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары