МИТТАЛ ҚАЗАҒА ҒАНА КЕЛЕ МЕ?

МИТТАЛ ҚАЗАҒА ҒАНА КЕЛЕ МЕ?

МИТТАЛ ҚАЗАҒА ҒАНА КЕЛЕ МЕ?
ашық дереккөзі
322

Қазақтың байлығы – басқалардың бағын аспандатып, өз халқының сорына айналатын түрi бар. Елдегi он шақты миллиардердiң бiрi, тегi – үндiлiк, ағылшын азаматы Лакшми Митталдың иелiгiне өткен Қарағандыдағы шахталардан түсетiн пайда шашетектен көрiнедi. Ол тек Лакшми Митталды миллиардын еселеп қана жатыр. Керiсiнше, шахтерлердың басына қара бұлт жылда үйiрiлiп тұратын болды. Осыдан бiр жарым жылдай уақыт бұрын, дәлiрек айтсақ, 2006 жылдың қыркүйегiнде Шахтинск қаласындағы "Ленин" атындағы шахтадағы метан жарылысының салдарынан 41 адам қайтыс болып, 9-ы түрлi жарақат алған едi. Бұл трагедияның iзi суымай жатып, тағы да 30 адам бақилық болды. Бұл жолғы жарылыс Абай шахтасында орын алған екен.

11 қаңтарда таңғы сағат 9.20-да метан жарылысының салдарынан шыққан алапат өрттi сөндiру iрi күшке айналған. Құтқару қызметiнiң адамдары сол кезде шахтада болған 195 адамның 161-iн сыртқа шығарған. Оның жетеуi табанда қайтыс болып, 14-i түрлi деңгейдегi күйiкке шалыныпты. Ал, үш күн бойы құтқарушылар 23 кеншiнi табуға әрекет еткенiмен, бұдан ештеңе өнбедi. Амалсыздан, 14 қаңтарда Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко iздестiру амалдарының тоқтатылғанын, 23 кеншiнi де о дүниелiк болғандардың қатарына қосатындықтарын мәлiм еттi. Сөйтiп, айдың күннiң аманында 30 шахтердан айрылып қалдық. Бiр қызығы, апат болардан бiр күн бұрын премьер-министр Қарағанды шахталарын аралап, ондағы жұмыс қауiпсiздiгiне жоғары баға берген едi. Осыдан бiр жыл бұрын Қарағанды көмiр бассейнiн өркендету жайында бағдарлама қабылданып, премьер тұсауын кескен болатын. "Қазақстан" шахтасында реконструкция жасалып, құрал-жабдықтары жаңартылған екен. Бұл шахта 2013 жылы жылына 3 миллион тонна көмiр өндiрудi жоспарлап отырған көрiнедi. Премьер-министрдiң Қарағандыға сапарын мемлекеттiк басылымдар "Премьер Қарағандыдан қанаттанып қайтты" деп жарты әлемге жар салып жазып жатты. Бiрақ, бұл мақалалар басылып шығып жатқанда, Абай шахтасында үлкен трагедия орын алған едi. Кейбiр дерек көздерi "Арселор Миттал – Темiртау" АҚ-ының басшылары шахтадағы жарылысты былайғы жұрттан жасырып бағуға тырысқан. Кеншiлердiң өлiмi жайында олардың туған-туысқандары 2-3 сағат өткеннен кейiн ғана құлағдар болған. Ал, Қарағанды облысының әкiмi Нұрлан Нығматуллин 11-қаңтардағы трагедиядан үш күн өткеннен кейiн ғана, 14-қаңтарда Қарағандыда қаралы күн жариялады. Қазiр апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатында мемлекеттiк комиссия жұмыс iстеп жатыр. Комиссияны Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко басқарып, құрамына энергетика және минеральды ресурстар, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтiк қорғау, iшкi iстер министрлiктерiнен, кеншiлердiң "Қорғау" кәсiподағынан және аталмыш компаниядан өкiлдер ендi. Комиссияның алғашқы қорытындылары да естiле бастады. Олардың әңгiмесiне құлақ түрсеңiз, сол баяғы "әлаулайын" қайталап, "Арселор Миттал — Темiртау" компаниясын жауапкершiлiктен құтқарып қалуға тырысып жатқаны байқалады. "31 каналдың" жаңалықтары таратқан мәлiмдемеде, комиссия төрағасы В. Божко 14-қаңтарда "Апатқа компания басшылығын кiнәлаудың қажетi жоқ. Себебi жұмысшылар шахтаның қауiптiлiгiн бiлген және олар арнайы келiсiмшартпен жұмысқа алынған" – дегендi айтқан. Алайда, Л. Миттал мырза, керiсiнше, қауiпсiздiк мәселесiнiң жан-жақты ескерiлгенiн айтады. "Kazakhstan today" агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, Л. Миттал құрал-жабдықтарды жаңалауға, техника қауiпсiздiгiн арттыруға 350 миллион доллар инвестиция құйғаны туралы ақпарат берген. "Бiз еңбек қауiпсiздiгi мәселесi жөнiнде әлемдегi ең iрi компания "Дюпонмен" бiрлесiп жұмыс iстеймiз. Олардың ұсыныс-пiкiрлерiн жерге тастамаймыз" деген ол. Демек, мемлекеттiк комиссияның Л. Митталға бүйрегi бұратындығын осыдан аңғаруға болатын-сынды. Л. Миттал иелiк еткеннен берi Қарағанды шахталарында орын алған алапат жарылыстардың саны үшке жеттi. 2004 жылы — 21 кеншi, 2006 жылы — 41 кеншi, биыл жыл басталмай жатып-ақ 30 кеншi опат болды. Ал, ұсақ-түйек апаттарды санап тауыса алмайсыз. 2006 жылғы жарылыстан кейiн уәденi үйiп-төгiп, қауiпсiздiк мәселесiн күшейтудi қолға алатындығын ескерткен ол, бүгiнде Қарағанды көмiр бассейнiндегi апаттардан 100-дей адамның көз жұмғанын мойындап отыр. Дегенмен, өзiн кiнәлi санамайтын-сынды. "Мемлекеттiк комиссияның жасаған қорытындысымен бiз келiсетiн боламыз. Егер, комиссия апатқа кiнәлiлердi атайтын болса, олар жазасын алады" деген ол "Kazakhstan today" агенттiгiне берген сұхбатында. 2006 жылғы апатқа тағы да қызметкерлер кiнәлi деп есептелгенiн бiз ұмыта қойған жоқпыз.
ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ ОТБАСЫНА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДI
 

Лакшми Миттал опат болған шахтерлардың отбасына 10 жылдық жалақы төленетiндiгiн, сондай-ақ, жерлеу рәсiмдерiне қажеттi шығынның бәрiн өз мойнына алатындығын жеткiздi. Ал, түрлi жарақат алған 14 кеншiнiң сауығуына жәрдемдесiп, оларға 5 жылдық жалақы төленетiн болады. Компания "Еуразия" сақтандыру компаниясымен келiсiмшарт жасасқан екен. Бүгiнде қаза болғандардың кәмелетке толмаған балалары мен оқу орындарында оқып жатқан 23 жасқа дейiнгi студенттерге сақтандыру қорынан өтемақы төлену жоспарлануда. Сонымен қатар, опат болған кеншiлердiң балаларының оқуына көмектесiп, төлемақыларын да өздерi көтермек. Қазiрде туған-туысынан 37 бала қапыда айрылып қалғандығы мәлiм болған. Әрi компания басшылығы апаттан зардап шеккендердiң отбасына тегiн көмiр беретiндiгiн, демалыс орындарына жолдама қарастыратындықтарын айтып бағуда. Асыраушысынан айрылған отбасы мүшелерiн жұмысқа орналастыруды ескеретiндiктерiн айтты. Қарағанды облысы әкiмiнiң орынбасары Берiк Қамалиев қазiргi кеншiлердiң ең өзектi проблемасы баспана мәселесi екенiн ескертiп: "Егер компания баспана алуға қаржы бөлетiн болса, оның бүгiнгi нарық талабына жауап беретiндей деңгейде бөлiнуiн қадағалаймыз" дедi. В. Божко қайтыс болған кеншiлердiң аруағын асқақтату мақсатында мұнара орнататындығын айтты. Миттал әрбiр уәдесiн 30 күннiң iшiнде орындайтындығын жеткiздi. Ал, Абай шахтасындағы жұмыс тоқтатылады.

Әрине, бұның барлығы көңiлге – медет, жанға — демеу. Дегенмен, о дүниеге сапар шеккен жандарды қайтара алмайсың. Жақынынан айрылып, көкiрегi шерменде болып отырған жұртты бұнымен жұбата алмайсың. "Арселор Миттал – Темiртау" АҚ-ының ендiгi мақсаты көмiр шахталарындағы қауiпсiздiк мәселесiне көзжұмбайлықпен қарамай, жұмысшылардың еңбек етуiне жағдай жасау. Ал, үкiметтiк комиссия жауырды жаба тоқымай, iстiң анық-қанығына көз жеткiзуi тиiс. Шетел инвесторының жауапкершiлiктен қашуына жол бермеу керек.
"АРСЕЛОР МИТТАЛ – ТЕМIРТАУ" АҚ-Ы САЛЫҚТАН ЖАЛТАРЫП ЖҮР ДЕЙДI
 

Салық комитетi "Арселор Миттал – Темiртау" АҚ-ымен соттасқалы бiраз уақыт болды. Олардың пiкiрiнше компания салықты дұрыс төлемей отырғанға ұқсайды. Ең кемi 3 миллиард доллардың сомасы мойнына қарыз. Бiрақ, бiр қызығы, салық комитетiндегiлер компанияның кiнәсiн мойнына қойып бере алмауда. Былтыр Салық комитетi кәсiпорынның 2001-2005 жылдар аралығындағы iс-әрекетiне жоспарлы тексеру жүргiзген болатын. Салық комитетiнiң төрағасы Нұрлан Рахметовтiң сөзiне қарағанда, бұл — баға өзгерiсiндегi заңнамалық құжатты қаншалықты орындап жүргендiгiн бақылайтын тақырыптық тексеру болған. Тексеру нәтижелерi бойынша, анықталған көптеген заң бұзушылықтардың негiзiнде Салық комитетiндегiлер компанияның трансферттiк баға өзгерiсiндегi айырмасын есептеп, мойнына жазыпты. Алайда, Астана қалалық соты "Арселор Миттал — Темiртаудың" қарсы шағымы негiзiнде бұл айыпты негiзсiз деп тауып отыр. Салық комитетi Жоғары сотқа шағымданды. Бiрақ, тағы да сүрiндi.

Сот барысында "Арселор Миттал – Темiртау" компаниясының өкiлдерi сот отырысының жабық түрде өтуiне күш салыпты. Кейбiр деректерге қарағанда, "Арселор Миттал – Темiртаудың" үкiметпен жасаған қосымша құпия келiсiмшарттары бойынша, аталған компанияға копоративтi табыс салығы аса үлкен жеңiлдiктермен салынатын көрiнедi. Бiрақ, мұндай жеңiлдiктер компанияның Қазақстандағы қызметi үшiн жасалынады екен. Яғни, металлопрокатты сатудан түскен табыс. Трансферттiк баға өзгерiсiндегi заң бұзушылық арқылы, яғни, нарықтық және экспорттық баға айырмашылығынан түскен табысты инвестициялық қызмет деп айтуға болмайды. Бұл қаржы Қазақстан экономикасына түскен болса, онда Салық комитетi оларға қарсы уәж айта да алмас едi. Сондай-ақ, премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң Қарағандыға сапары барысында болат радиаторлар жасайтын "Сантехпром" компаниясы отандық компаниядан болатты арзанға ала алмай отырғандығының куәсi болған. Сол себептi де олар Магитогорскiнiң арзан болатын сатып алады екен. Премьер осы мәселенiң бiржақты болуын қадағалап, отандық компанияларға шикiзатты арзан беруiне өтiндi. Қазақстанның жерасты байлығының, атап айтсақ, көмiр мен құрышының арқасында байлығы еселенген Митталға адам құны көк тиын болғаны ма? Қарағанды шахтасы Митталдың қолына тигелi үш рет iрi апат орын алды. Митталды осы апат болған кезде ғана көремiз. Қаза кезiнде жұртты алдарқатып, уәденi үйiп төккенi болмаса, оның Қарағанды шахталарындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн жасап жатқан әрекетi туралы еш жерден естiмеппiз. Қарағанды шахталарында Кеңес Одағы кезiнде iрi апат тек 1979 жылы орын алыпты. Онда 7 адам ғана көз жұмған. Ал, айналасы үш жылдың iшiнде 100 адамнан айрылу — адам естiп-көрмеген алапат апат. Демек, бұл — Кеңес Одағы құлағаннан кейiн шахталарда техниканың жаңаланбағандығының көрiнiсi. Миттал тек жарылыс кезiнде, көкiрегi шер көңiлi қамыққан жұртты алдаусырату үшiн келетiндей…

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары