ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН БАҒА САЯСАТЫ

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН БАҒА САЯСАТЫ

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН БАҒА САЯСАТЫ
ашық дереккөзі
294

Өткен аптада Астана мен Лондон арасындағы әлемдiк экономикалық даму мәселелерiн талқыға салған бейнеконференция ұйымдастырылды. БҰҰ дамыту бағдарламасы жөнiндегi аймақтық орталықтың жетекшiсi Бен Слей бiздiң билiкке инфляциямен күрестiң әлемдiк сипат алғанын, дағдарыстың алдын алу шараларын қарастыру қажеттiгiн ескерттi. Қазақстандық Министрлер кабинетi болса, биыл инфляцияны 10 пайыздан асырмауға күш саламыз деп құлшынып отыр.

БАҒАМЕН КҮРЕС

Экономикалық тұрғыдан алғанда, мүлiктi заңдастыру, егiннiң бiтiк шығуы нәтижесiнде астықтың мол жиналуы, рекордтық көрсеткiшпен әлем бойынша алдыңғы қатарға шығу сияқты жағымды жаңалықтар 2007 жылдың еншiсiнде болатын. Бiрақ Министрлер кабинетiнiң дер кезiнде бағаны ауыздықтай алмауы, қымбатшылықпен күрестегi билiктiң қауқарсыздығы мен әлемдiк қаржылық дағдарыстан отандық қаржылық құрылымдардың тығырыққа тiрелуi жағымды жайттарды бiрнеше ай бойы инфляцияны тоқтата алмай терлеген Үкiметке Президент бағаны ауыздықтаудың стратегиялық, яғни, ұзақмерзiмдiк механизмiн қарастыру керектiгiн айтты. Министрлер Кабинетi, президенттiк әкiмшiлiк, облыс пен аудан әкiмдерi, барлығы ендiгi кезекте бағамен жаппай "күреспек". Жаңа жылдың алдында халықтың күнделiктi тұтынатын тауарлары мен тарифтердiң 2008 жылдың екiншi тоқсанына дейiн өспейтiнiн айтты. Премьердiң "құлағына алтын сырға", ол дүкен, базарлардағы бағаның тоқтағанын айтып, аузын жиып үлгергенше, кейбiр "пысықайлар" тауар бағаларына үстеме бағаны қосып үлгердi. Бүгiнде баға деңгейi де тотықұстай түрленiп тұр. Мысалы, бiр көшенiң бойындағы дүкендердiң бiрiнде "Фудмастердiң" 1 литр сүтi (қоюлылығы 2,5 пайыздық) – 140 теңге тұрса, ендi бiрiнде – 150, тағы бiрiнде – 170. Билiк қымбатшылықты қолдан жасап отырғандарды әкiмшiлiк жазаға тарту керектiгiн айтудан арыға аса алмай жүр. Тағы бiр "қызық", былтыр жыл соңына санаулы күн қалғанда алматылық қоғамдық көлiктердегi жол ақысының 50 пайызға, яғни, 60 теңгеге көтерiлетiнiн айтып, арнайы хабарлама жазып қойғандарға Мәсiмовтiң сөзi әсер еттi ме, бұқаралық ақпарат құралдарынан: "Баға өспейдi. Жұрт босқа даурығып жүр" деп ақталды. Бiрақ 2008 жылдың 3 қаңтарында бiраз "маршрутка" жолаушылардан бұрынғы 40 теңгенiң орнына 60 теңге талап еткен. Халық бiр дуылдасып барып басылатын әдетiмен, шенеунiк бiткендi сықпырта боқтап алды да, 60 теңге төлеу үшiн құнжыңдасып қалталарын ақтарасып жатты. Ендi бiрi – үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Екi оттың ортасында қалған билет тексерушiлер: "Бастықтың бұйрығын орындап жүрмiз. Бiздiң қолымызда тұрған не бар?" деп шыр-пыр. Бастықтары ешқандай бұйрықтың берiлмегенiн айтып, азар да безер. Ал "жоғарғы жақта: "Баға өспеуi тиiс" деп үстелiн тоқпақтап Мәсiмов отыр…

ҚАУIП-ҚАТЕРДЕН АЙЫҚҚАН ЖОҚ

Негiзi азық-түлiк бағасы бүкiл әлем бойынша өстi. Оның бiрнеше себебi бар. Бастылары: доллар бағамының төмендеуi, энергетикалық қорларға деген сұраныстың өсуi, жанар-жағармай, жарық пен жылудың қымбаттауы, ақшаның құнсыздануы. Демек, Жер шарын түгел қамтыған инфляцияны ауыздықтаудың ұзақмерзiмдiк жоспарын жасау қажет. Халықаралық экономистердiң кейбiрi кедей елдер мен ұсақ шаруашылық иелерi көп пайда табуы үшiн азық-түлiкке қойылған кедергiлердi алып тастау керектiгiн көлденең тартады. Бiрақ бұл тауарлардың 80 пайызы сырттан тасымалданатын қазақстандық нарыққа тиiмсiз екендiгi даусыз. Оның үстiне, егер Үкiмет кезiнде алыпсатарлардың iшкi нарықтағы ашкөздiгiн "нарықтың заңы" деген сылтауға сiлтей салмай, мемлекеттiк деңгейде қажеттi шаралар атқарғанда, қандастарымыздың көпшiлiгi сан соғып қалмас едi. Әсiресе, ауылдағы жалақы мен жәрдемақы, зейнетақыға телмiрген "қалтасы тесiк" ағайынға қиын болды. Министрлер кабинетiнiң биылдан бастап түрлi жәрдемақы, жалақы, өтемақы мен зейнетақыға қосқан болмашы тиын-тебенi инфляцияның жұмырына жұқ болмады. Былтыр күздегi қымбатшылықтың алғашқы күндерi-ақ халықтың күнделiктi тұтынатын тауарларының бағасы аспандап кеткен. Осы әсер еттi ме, Мәсiмовтiң командасы алыпсатарлардың үстеме бағаны көп қосатын қант, ұн мен өсiмдiк майына мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырамыз деп құлшынды. Жұртшылықтың көңiлiнде: "Одан да зейнетақы, жалақы, жәрдемақы мен өтемақылардың деңгейiн көтергенi дұрыс едi" деген түйткiл бар. Былтыр күз айларында жұртты жағадан алған қымбатшылыққа өтемақы ретiнде азаматтарға әлеуметтiк көмек ретiнде 500 теңге көлемiнде ақша бөлiндi. Мемлекеттiк бюджеттен, әрине. Күлкiлiсi сол, 1 бөлке нанның құны 60-65 теңге болғанда, Үкiметтiң 500 теңгесi кiмнiң "жыртығына жамау" болғаны белгiсiз… Кiндiгi көмiрсутектiлерге байланып қалған әлемдiк экономика мұнай мен газға тәуелдi. Алла Тағала берген табиғи байлыққа кенде емес. Қазақ елi әзiр тығырық пен күйзелiстен аман. Бiрақ иiрiмi тереңдеп бара жатқан инфляция ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Ә.Сәйденов пайыздық көрсеткiштердiң өздерi күткен межеден әлдеқайда жоғары болғандығын мойындады. ҚР Ұлттық банкiнiң деректерiне сүйенсек, жыл аяғына дейiн қымбатшылық – 18 пайыз. Бұл көрсеткiш елдегi ахуалдың 90-жылдардағы дағдарыспен тең болғанын көрсетедi. Тәуелсiз сарапшылардың кейбiрi инфляция деңгейiне қатысты көрсеткiштi 30 пайызға дейiн өсiру керектiгiн айтады. 8 қаңтар күнгi үкiметтiк селекторлық кеңестi отандық қаржылық, экономикалық ахуалға баға берумен бастаған премьер Мәсiмов: "Халықаралық нарықтағы ахуал тұрақтанған жоқ. Бұл белгiлi бiр жағдайда Қазақстан экономикасына әсер етедi. Бүгiнгi жағдай Үкiметтiң Ұлттық банк пен Қаржылық бақылау агенттiгiмен бiрiге отырып, құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi" дедi. Осы орайда, ҚР Ұлттық банкi елдегi инфляция деңгейiн 10 пайыздан асырмай ұстап тұруға қатысты Үкiмет басшысынан тапсырма алды. Ал өткен аптада Астана мен Лондон арасында өткiзiлген бейнеконференцияда Бiрiккен Ұлттар Ұйымын дамыту жөнiндегi аймақтық орталықтың басшысы Бен Слей елiмiздегi қаржылық қауiп-қатерлердiң алдын алу жайлы баяндама дайындады. Слей көптеген мемлекеттер бағаны ауыздықтауға тырысқанмен, инфляцияның дүниежүзiлiк сипат алғанын айтты. Демек, қымбатшылықтың қаншалықты өсетiнi Үкiмет пен тиiстi органдар тарапынан атқарылатын шараларға байланысты.

Айтпақшы, 2008-2009 жылдар аралығында әлемдiк қордағы астық көлемi едәуiр өседi. Бұл соңғы төрт жылда алғаш рет қайталанғалы отырған жаңалық. Егiнi бiтiк шықпағандар былтыр әлемдiк нарықтағы астыққа деген сұраныстың артуына байланысты биыл егiн алқабына тұқымды 4 пайызға артық себуге бел буыпты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары