ТАҒЫ ДА “ШЫҢҒЫСХАН” ФИЛЬМI ТУРАЛЫ...

ТАҒЫ ДА “ШЫҢҒЫСХАН” ФИЛЬМI ТУРАЛЫ...

ТАҒЫ ДА “ШЫҢҒЫСХАН” ФИЛЬМI ТУРАЛЫ...
ашық дереккөзі
882

Екi бiрдей телеарна жарысып, бiр мезгiлде, бiр уақытта көрсетiлген "Шыңғысхан" фильмi де аяқталды. 30 сериядан тұратын фильмдi қазақ көрерменi қазақша да, орысша да тамашалай алды. Оның себебi, "Қазақстанда" қазақ тiлiнде басталған "Шыңғысхан" фильмi, iле-шала орыс тiлiнде "Хабарда" жалғасты. Жалғасты деген жай сөз, екi арна да көрсетiлiмдi бiр мезгiлде аяқтады.

Екi арнаның бiрдей телесериалды бiр мезгiлде көрсетуiнiң себебiн кейiн ұқтық. Сөйтсек, екi бiрдей телеарна да "Шыңғысханды" бiр уақытта сатып алған екен. Тiптi, телеарналардың екеуi де өздерiнiң бiрiншi сатып алғандығын айтады. Әрине, басты мәселе, аталмыш фильмдi кiмнiң бiрiншi сатып алғандығы емес, бiзге түсiнiксiздеу болып тұрғандығы, "Шыңғысханды" "Хабар" арнасының орыс тiлiнде ұсынғандығы. Бiр уақытта берiлгендiктен, көбiмiздiң орысшадан гөрi қазақша көргендiгiмiз де жасырын емес. Ал, кейбiр ұзынқұлақтардың әңгiмесiне қарағанда, "Хабардың" орысша аудармасының мүлдем нашар екендiгiн айтады. Мүмкiн бұл орыстiлдiлер үшiн аса қажет болған шығар, бiрақ, не десек те, "Қазақстандағы" "Шыңғысханның" тiлi көш iлгерi екенiн мойындасақ керек.

"Шыңғысхан" фильмi демекшi, Шыңғысхан тақырыбы күн тәртiбiнен түспей тұр. Тақырып табудың қиындығы ма, әлде шын мәнiнде әлемдiк киногерлердi Шыңғысхан тақырыбы қызықтыра ма, әйтеуiр әзiрге аты шулы тарихи тұлғаны түсiрушiлердiң саны артып келедi. Оның әуелгiсi өзiмiз жуырда ғана бетпе-бет кездескен 30 сериялы "Шыңғысхан" фильмi. Оны ҚХР Iшкi Моңғолия автономиясы түсiргендiгi белгiлi. Кейбiр деректерге сүйенсек, фильмдi түсiру үшiн Шы Чи компаниясы 60 миллион қытай юанын бөлген екен. Табаны күректей сегiз жыл бойы түсiрiлген фильмдi ҚХР CCTV-1 арнасы 1994 жылдың 24 тамызында алғаш көрсетiптi. Ең қызығы, аталмыш фильмге Қытай үкiметi бiр тиын да шығармаған көрiнедi.

30 сериялы фильмдi түсiру үшiн шығармашылық топты қоспағанның өзiнде екi жүзден астам маман атсалысыпты. Ал басты және қосымша рөлдердi сомдауға үш мыңға жуық актерлер қатысқан екен. 5 мыңнан астам жылқы, мыңдаған киiз үй тiгiлiптi. Жиырмадан астам елдiң тiлiне аударылған "Шыңғысхан" бүгiнге дейiн белдi деген телеарналардың көбiнде көрсетiлiп, көрерменiмен қауышып үлгерген. Сол телеарналардың iзiн ала, қазақ көрерменiне жол тартқан фильмнiң сценарийiн қытай жазушылары – Үй Жы Чиян және Жуй Хуэй Тин мырзалар жазыпты.

"Шыңғысхан" фильмi бұдан да көп сериялы болып түсiрiлмек екен, бiрақ фильмдегi кейбiр оқиғалар, әсiресе дiни тұрпаттағылары цензурадан өтпей қалыпты. «Дiни тұрпат» демекшi, аталмыш фильм көрсетiлгелi берi, көпшiлiктiң арасында әңгiме қаулап тұр. Әсiресе, рулық, тайпалық одақтарға байланысты жiкке бөлiнушiлiк үдей бастаған сыңайлы. "Шыңғысхан пәленше деген руды өйтiптi, түгенше деген руды сөйтiптi-мiс" деген әңгiмелердiң шетi қылтия бастады. "Шыңғысхан" фильмiнiң көркем дүние екендiгi, оның өн-бойында кешегi тарихтың, этнографияның элементтерi бар болғанымен, көркем өнер туындысынан iлiк iздеудiң қажетiнiң шамалы екендiгiн ескерiп жатқандар аз. Есесiне, аталмыш фильмнен кейiн Шыңғысхан туралы бүгiнге дейiн жеткен аңыз-әпсаналардың көбi жоққа шығарылып, тарихқа әйгiлi тұлғаның қанқұйлы, зұлым билеушiлiгiнен гөрi, ақылды, саналы, әскери қолбасшылығы көбiрек есте қалатын болды. Айтпақшы, бұл фильмнен кейiн кейбiреулер дiн мәселесiне байланысты да ой-толғамдар жасайтын боп алыпты. Бұл бар болғаны кино ғана емес пе?! Оның орнына алып империяны ақылдылықпен, асқан дарындылықпен билеген Шыңғысханның кемеңгер ақыл иесi болғандығын ескергенiмiз жөн шығар. Ең бастысы, фильм көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Шын дүниенi қабылдау қай кезде де оңай. Мүмкiн, кинодағы кейбiр кемшiлiктер кейбiреулер тұрғысынан сынға да түсiп жатқан шығар. Ол келер күннiң еншiсiндегi дүние. Ресейлiк "Моңғолға" қарағанда, "Шыңғысханның" алар биiгi жоғары. Шындығында да, бiреулер алай тартып, бiреулер былай тартқанымен, "Шыңғысханның" Сергей Бодров түсiрген "Моңғолдан" көп артықшылығы бар. Спецэффектi беру жағынан кемшiлiктерi бар, әрине. Кейбiреулер "Шыңғысханнан" гөрi, "Сұлтан Бейбарыстың" өте сапалы түсiрiлгендiгiн алға тартады. "Сұлтан Бейбарыстың" мықтылығы әуелi Сирия мен Кувейттiң бiрлесiп түсiрген жобасы болғандығында. Екiншiден, фильмнiң мазмұны жағынан да көш iлгерi екендiгiн мойындауымыз қажет. "Сұлтан Бейбарыспен" салыстырғанда кемшiн тұстары кездескенiмен, "Шыңғысханның" әзiрше өзге "Шыңғысхандардан" оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз қерек.

Әзiрге фильм турасында көрермендердiң арасында алуан түрлi пiкiрлер айтылып жатыр. Ол пiкiрлердiң бiр ширегiн оқырманға ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ, ақын:

— Шыңғысхан әлемдiк тарихқа шыққаннан кейiн оның шаужайына кiм жармаспады дейсiз. Ұлы даладан мұндай телегей теңiз ақыл мен күштiң иесiнiң тууы дүниенiң төрт бұрышын түгелдей дерлiк таң қалдырды. Өйткенi, ойлы адамзат баласы үшiн Шыңғысханның рухани һәм әскери күш қуаты тым сұрапыл әрi аса жұмбақ болды. Аңғарыңыз, аса жұмбақ болды. Осы жұмбақты шешу үшiн жұмылмаған ғалым, ұқсап баққысы келген залым қалмады. Әр кiм өзiне қажеттiсiн зерттедi, тапты, алды, үйрендi. Бұл мәселе бұнымен тоқтап қалмайды. Бiзге бұның ұшқыны ғана жетiп едi, байбалам салып бақтық. Жан-жақты зерттеп, талдап, сараптап дұрысын жаратудың орнына ойбайлап, ат-тонымызды ала қаштық. Лағып кеткендерiмiз де болды. Шыңғысханның тек шығу тегi, ру-тайпасы тарапына ғана мән бердiк. Сөйттiк те, өзiмiздiң өремiздi байқатып алдық. Ол туралы бiлерiмiз тым аз болғандықтан үстiрт пiкiр айтамыз.

Ал мына Қытай, кеше Шыңғысханнан күлталқан болып жеңiлген Қытай, қайтiп жатыр? Бүгiнгi күнi империяға тастүйiн ауызбiрлiк керек екенiн, әр бiр лауазым иесi сол үшiн жанын салу керек екенiн осы фильм арқылы ханның да қараның да құлқына құйып жатыр. Бассыз-баусыздар жазасын алды. Қытайдың мақсаты мыңжылдықтарды көксейдi, империяны құлатпау, дамыту, әлемдi билеу. Фильмнiң шынайылығы бiз бiлетiн тарихи жазба деректерге, соның iшiнде "Моңғолдың құпия шежiресiнде" айтылатын мәлiметтерге ең жақын сомдалған көркем дүние. Шежiреде "Әйел билемеу керек, әйел билiкке сүйеу болу керек" дейдi, фильмде де солай көрсетiледi. Мiне, арам пиғылсыз өнер туындысы өзiнен-өзi ақша әкелiп жатыр. Себебi, "Шыңғыс хан" – шын.

Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын:

— Жуырда Шыңғыс жөнiнде тағы бiр келелi әңгiменiң куәсi болдық. Сол тарихтан мәлiм, аты аңызға айналған Шыңғыс жайлы көп сериялы фильм көрдiк. Көгiлдiр экраннан. Қазақ теледидарының ұлттық арнасы Қытай киношеберлерi түсiрген 30 бөлiмнен тұратын тарихи фильмдi бiзге қазақшалап көрсеттi. Ұлы қаһан төңiрегiндегi әңгiме, аңыз, лақап сегiз ғасырға жуық үзiлмей келе жатқанына қарамастан сол тақырыпқа сусап қалған адамша тағы да демiмiздi iштен алып көк кебежеге демiгiп ентелей ұмтылдық.

Не деуге болады? Етене бiр жақының қол бұлғап алыс сапарға жол тартқандай. Қимастық па? Қыжыл ма? Ажырату қиын. Өз тағдырымызды көргендей болдық қой. Содан да шығар. Өте ауыр фильм. Қазаққа қатысы болғандықтан ғана емес, кәдiмгi өмiрге ашық көзбен үңiлетiн, тарихқа iзгi ықыласпен қарайтын қарапайым пенде болғандықтан да. Адамзат әлемiнiң тарихына түскен, сол дәуiрдегi жеке тұлғалардың басына түскен кешендi салмақ тебiрентпей, ойландырмай, жаныңа батпай, жүрегiңдi сыздатпай қоймайды. (Мүмкiн сол салмақ сол тұстағы өмiрге деген, тарихқа деген, елдiкке деген көзқарасты жаңаша қалыптастырып өткен шығар, бiз соның игi жемiсiн көрiп келе жатқан болармыз?!) Қалайда бейтарап отыра алмадық.

Көркем шығарманың бас кейiпкерi ретiнде Шыңғыс санаңнан өшпейтiн әсер қалдырады. Бұл фильмге қарап Шыңғысты бақытты адам деп айту қиын. Оның өмiрi өмiр емес – азап, қорлық, трагедия. Ашына отырып аяйсың, көңiлiң босайды. Бұл тарихи шындықтың ықпалы ма, әлде фильм жасаушылардың шеберлiгiнен бе — сараптау оңай емес. Бәрi де бар шығар.

Бүкiл фильмдi мұқият көре отырып бiздiң аңдағанымыз және басты атап өтетiн жағдай шығармада тарихи шындықтың көркем бейнелеу тәсiлiмен барынша бұрмаланбай көрсетiлуi. Шындық осындай болғанына немесе соған жуық болғанына сенгiң келетiнi. Осы ретте фильм авторларының әдiлдiгi жаныңды жылытпай қоймайды. Қаншалықты қайшылықты оқиғаларды сипаттай отырып, қаншалықты қанқұйлы сәттердi суреттей келе (соғыс болған жерде қан төгiлмей тұрмайды ғой) картинаны жасаушылар бiр сәт те дәлдiктен ауытқымайтын сияқты.

Шыңғысхан әлемдi жаулау жорығында Қытайды айналып өтпегенi тарихтан белгiлi. Ол Қытайға өз қолымен дүркiн-дүркiн шабуыл жасап, шығыстағы осы ұлы елдiң тағдырын өзгертуге елеулi үлес қосқаны мәлiм. Осы жорықтарда қисапсыз адам шығынын әкелген қантөгiс айқастар өттi. Соған қарамастан қытайлықтар жасаған шығармада Шыңғысты даттап, өздерiн ақтап көрсету мақсаты байқалмайды. Керiсiнше әр қырдың астында мал бағып қана күн кешкен, елдiк тұтастығы жоқ, өнер мен ғылымнан бейхабар моңғол жұртын ғана емес, сонау көне дәуiрден даналығымен айналасына әртарапты ықпал етiп келе жатқан кәнiгi қытай тайпаларының ежелгi қым-қиғаш дау-дамаймен қырқысып келген әр бұтағының басын бiрiктiрiп, аса алып мемлекетке айналуына тарихи себепшi болған Шыңғысханға деген iшкi iлтипатын танытатын бiр ризашылық, содан туған белгiлi жылылық та байқалмай қалмайды.

Өз халқының бақытын ойлаған дарынды көсем көздеген мақсатына жеткеннен кейiн ел құрметiне ие болып хан сайланғаннан соң көңiлi тынып, дамыл табуға бет бұрады. Бiрақ ел iшiнде қисынын тауып жарасып кете қоймаған дәстүрлер, қалыпты iзге түсе қоймаған тайпааралық қарым-қатынастар, жақын жатқан көршi елдердiң дүркiн-дүркiн жөнсiз жасаған жосықсыз жорықтары оны тыныш қалдыра алмайды. Қасында орынды өтiнiш, ашық арыз айтып келушiлер, төтенше әрекеттерге жетелеушiлер де аз болмайды. Оның өз жандүниесiнiң осындай жағдайларға төзе алмайтындығы былай тұрсын, әлгi оқиғалар мұны үздiксiз шалт қимылдарға жұмсап, күтпеген күрестерге итермелейдi де отырады. Бұл жолда ол бiрде ұтып, бiрде ұтылып отырады.

Фильм авторлары Шыңғысты тарихта қалатын тұлға ретiнде қалыптастырған өзiнiң жеке басының, немесе әулетiнiң мүддесi ғана емес, тiптi оның мiнезi де емес, оны тудырған Дала мiнезi, Дала тағдыры, Дала мүддесi, Дәуiр талабы деп көрсетедi. Демек Шыңғыс өз дәуiрiнiң құлақкестi құлы да, адал перзентi, мақтаныш етер жарқын тұлғасы да болды.

Бiз бiлемiз ғой дейтiн Шыңғыстың тарихтағы орнын қытайлық киношеберлер осылай көрсетедi. Бiздiңше олардың бұған мөлдек құқығы да бар. Өйткенi Шыңғыс тарихы туралы құжаттардың барлығы дерлiк осы алып елдiң мұрағатында сақталған. Сондықтан олар Шыңғысқа да, тарихқа да қиянат жасай алмаған.

Тарихи өте күрделi тұлға Шыңғыстың қайраткер ретiнде кiсi мойындамай болмайтын көп қыры ашылып көрсетiлген. Оның тарихтан белгiлi қаталдығы қолға алған iсiн жүзеге асыруда аса қажет қасиет. Ол да тағдырдың бұйыртқан сыйлығы. Оның жағдайында қатал болмаса моңғол жұртының ел боп қалыптасуы екiталай екен. Ол қатал болмағанда бiз бiлетiн адамзат мiнезi бүгiнгi тұрпатта қалыптасуы да дүдәмал көрiнедi.

Адам ретiнде қолбасшының ойландыратын жерi аз емес. Өзiн қоршаған қауымға деген ыстық ықылас, жауласып кеткен достарына деген мейiрiм, Ана мен балаға деген махаббат, ағайынға деген айқын талап, шын досқа деген адалдықты көрсететiн эпизодтар көзiңе жас алдырмай қоймайды. Ата дәстүрiн көзiнiң қарасындай сақтау, үлкендi сыйлау, ақылды сөзге құлақ қою – үлгi аларлық-ақ мiнез. Өзiнiң маңайындағы адамдардың пiкiрiмен есептесу, олармен үнемi ақылдасып отыру, қамқорлық жасау, төңiрегiне әлемдегi ақыл иелерiн жинауға талпыну — мұның барлығы күнi бүгiнге дейiн үлгi боларлық, тiптi билiк иелерiнiң iс қағидасына айналарлық қалыптар.

Шығыс даналығын жасаушылар — қытай киношылары бiзге осындай тағлым ұсынады. Шыңғыстың қаталдығы мен даналығын Дала мен тарихи орта қалыптастырды. Оны мойындамай болмайды. Шыңғысқа сын көзiмен қарай бермей, оның әрекеттерiнен тиiмдi сабақ алуға күш салған дұрыс деген қорытынды жасайды. Бұған келiспеу тоңмойындық болар едi.

Бiз фильмнiң көркемдiк деңгейi жайлы, рөлдер мен орындаушылар жайлы ауыз ашпадық. Өйткенi, бiрiншiден, ол бiздiң қолдан келе бермейтiн шаруа, екiншiден, осы әңгiме тұсында ол жайлы сөз қозғауды мiндет деп санамадық. Қалай десек те қазақ өнерiнiң туындысы емес көршi елдiң еңбегi ғой. Бар мүмкiндiктi пайдаланып, бар ықыласын салған сияқты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары