Халық банкiнiң басқарма төрағасы Г.МАРЧЕНКО: ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕСКЕ ЖҰМЫЛА КIРIСКЕН ДҰРЫС

Халық банкiнiң басқарма төрағасы Г.МАРЧЕНКО: ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕСКЕ ЖҰМЫЛА КIРIСКЕН ДҰРЫС

Халық банкiнiң басқарма төрағасы Г.МАРЧЕНКО: ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕСКЕ ЖҰМЫЛА КIРIСКЕН ДҰРЫС
ашық дереккөзі
471

Сейсенбi күнi Халық банкiнiң Басқарма төрағасы Григорий Марченко банктiң әлi аудиторлық тексеру жасалмаған шоғырландырма есебiнiң алдын ала қорытындысын жариялады. Банктiң өткенi мен келешегiн сарапқа салған төраға журналистер қауымының қаржы мен банк саласына қатысты сауалдарына да жауап бердi.

Халықаралық қаржы есебiнiң стандарттарына сәйкес дайындалған қорытындыда Г.Марченко: "Халық банкi және оның қаржылық тобы 2007 жылғы жұмысының қорытындысына риза. Былтыр тамыз айында басталған қаржылық қиындықтарға қарамастан, Халық банкi өз клиенттерiне табысты қызмет атқарып келе жатыр. "Euromoney" журналы бiздiң банктi "Дамушы елдердiң қаржы нарығындағы корпоративтiк басқаруда көшбасшы банк" ретiнде танып, марапаттады" дей келе, 2008-2010 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес, қаржылық топтың басты мiндетi Қазақстан мен оған көршiлес жатқан елдердегi қаржы нарығының барлық бөлiгiнде, атап айтқанда, банк, зейнетақы, сақтандыру, құнды қағаздар саласы мен лизинг нарығында клиенттерге сапалық қызмет көрсетудi көздейтiн әмбебап өңiрлiк қаржылық топты одан ары дамытып, еуропалық стандарттарға сай жұмыс iстеу, өз капиталы мен адам ресурстарын барынша тиiмдi пайдалануға ұмтылатындығын мәлiмдедi.

Былтыр Халық банкiнiң таза пайдасы 49 пайызға көтерiлiп, 40,5 млрд. теңгеге жеткен. Таза пайыздық маржа 6,7 пайызды құраса, жалпы активтер 61 пайызға (1595,5 млрд. теңге), жеке тұлғалардың салымдары 74 пайызға (357,4 млрд. теңге), клиенттердiң қаражаттары 56 пайызға (935,1 млрд. теңге), банктiң капиталы 33 пайызға (160,8 млрд, теңге) артқан. 2007 жылдың үшiншi тоқсанының соңында ҚР Ұлттық банк дайындаған статистикалық жинақта Халық банкiнiң қазақстандық екiншi деңгейлi банктермен салыстырғандағы нарықтағы пайыздық үлесi: активтер бойынша — 24,9%, таза пайда бойынша — 12,7%, бөлшек депозиттерi бойынша — 24,9%, таза пайда бойынша — 17,1%.

2007 жылдың қазан айында Халық банкi 3 жылдық мерзiмге шетелдiк банктерден 300 млн. АҚШ доллары көлемiнде құрама қарыз алған. Маржа LIBOR көрсеткiшiнен 40 базистiк тармаққа жоғары болған.

Банктiң демеушiлiк және қайырымдылық шаралар саясатында тағдыры тәлкекке түскен, ата-ана қамқорлығынан қағыс қалған балаларға қолдау көрсету мақсатында, оларға компьютерлiк сауатын ашу, спортпен шұғылдануға жағдай жасау және жоғары бiлiм беруге көмектесу сияқты шараларды жүйелi түрде жүзеге асырып отырады. Былтыр банктiң қайырымдылық шараларына жұмсаған қаржысы 112,5 млн. теңгенi құраған.

Халық банкiнiң жұмысын қорытындылаған төраға журналистердiң қазақстандық және әлемдiк қаржы саласының бүгiнгi ахуалы, несиелiк жүйе, банк саласының қиындықтары мен келешегi туралы сауалдарына жауап бердi. Бiздiң "ҚР Үкiметi Қаржылық бақылау агенттiгi мен Ұлттық Банкпен бiрiге отырып, 2008 жылға арналған экономикалық саясаттың басты бағыттарын айқындады. Олардың болжамына сәйкес, үстiмiздегi жылы iшкi жалпы өнiм көрсеткiшi 5-7 пайызға артып, инфляция деңгейi 10 пайыздан төмен болмақ. Әлемнiң көптеген елдерi қаржылық дағдарысты ушықтырмас үшiн инфляцияны өсiруге қарсы емес. ҚР Ұлттық банкi инфляцияны ауыздықтай ала ма? Бағаны өсiрмеудiң қандай жолдарын ұсынар едiңiз?" деген сұрағымызға Григорий Марченко мырза былайша жауап бердi: "Тек Ұлттық банктiң шараларымен шектелiп қалуға болмайды. Инфляциямен күрес Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы билiк өкiлдерiнiң бiрiге отырып, кешендi түрде жүргiзуi тиiс шара. Жетi жылдың жүзi болды, жемiс-жидек пен көкөнiс бағасы менiң "сүйiктi тақырыбыма" айналды. Бiрақ бағаның тоқтайтын түрi жоқ. Елдегi инфляцияның орташа деңгейiмен салыстырғанда, көкөнiс пен жемiс-жидек құны 3-4 есе жылдамдықпен өсуде. Нелiктен? Мұның бәрi базаркомдарға және базаркомдардың артында тұрғандарға қатысты. Базаркомдардың жергiлiктi билiкпен ара қатынасы, өнiмiн базарға әкелген елдi бiрнеше есе қымбатқа сатуға мәжбүрлеуi т.б. мәселелер. Әрине, базаркомдардың әрекетiн реттеу орталық банктiң мiндетiне жатпайды. Бiрақ әзiрге бұл мәселе шешiмiн тапқан жоқ. Сонымен қатар жанар-жағар май, тарифтер, нан мен ұн бағасына қатысты шешiмiн таппаған мәселелер де жетерлiк. Осы себептi, Ұлттық банк алға қойған мiндеттемелерiнiң арқасында инфляцияны "тұншықтырады" деу — шындыққа жанаспайды. Инфляциямен қанша күрессе де, бағаны жалғыз өзi ауыздықтау Ұлттық банктiң қолынан келмейдi. Аса қатаң түрде жүргiзiлген баға саясатының арқасында өте қысқа мерзiм iшiнде инфляцияны тежеуге болатыны барлық оқулықта айқын көрсетiлген. Ол үшiн кешендi түрде жүргiзiлетiн шараларды айқындап алған жөн. Тағы бiр маңызды жайт, АҚШ-та инфляциямен күрестi тоқтатып тастағанмен, Еуропалық орталық банк керiсiнше, пайыздық көрсеткiштердi төмендетуге қарсы, тiптi, оны өсiру туралы мәселенi талқыға салуда. ЕОБ мен ФҚЖ жүргiзiп отырған саясат екi бөлек. АҚШ-та инфляция жылына 2,5-3 пайыз, демек, 4 пайызға дейiн өскен күннiң өзiнде келiп-кетер ештеңе жоқ. Ал бiзде жағдай басқаша. 6 жыл бойы 6-7, кейде 8 пайызды құрап келiп 18 пайызға бiр-ақ жеттi. Осы тұрғыдан алғанда, Үкiмет пен орталық банктiң инфляция деңгейiне алаңдауы дұрыс. Оның үстiне, бiздегi ахуал АҚШ-тағы жағдайға мүлде кереғар. Бiз инфляцияны 10 пайыз немесе 7 пайызға дейiн төмендету туралы айтамыз, ал Америкада инфляцияны жылына 4 пайыздан 0 пайызға дейiн төмендетудi ойластыруда. Қазақстанда экономикалық өсiм деңгейi айтарлықтай жоғары, сондықтан инфляциямен күресу өте маңызды. Ал Құрама Штаттарда экономика дағдарысқа ұшырауы мүмкiн болғандықтан, инфляцияны тежеуге емес, экономикалық даму көрсеткiштерiн төмендетпеуге күш салады. Еуропада жағдай басқаша. Қытайда керiсiнше, 11 пайыздан асып кеткен экономикалық өсiмдi бәсеңдетуге тырысуда. Демек, әр мемлекетке әрқалай. Жуырда Новосибирск мен Красноярскiге барып келдiк. Ол жақтарда бiздiң клиенттерiмiз бар. Олар дағдарыс туралы сұрасаңыз қатты таңғалады. Өйткенi, Красноярск аймағында соңғы 5 жылда экономикалық өсiм деңгейi орташа есеппен алғанда – 12 пайызға тең болса, Новосибирскiде — 14 пайыз. Экономикасы табиғи байлықтарға негiзделген аймақтарда даму қарқыны жақсы. Бiздiң экспорттайтын шикiзаттарымыздың бағасы жоғары. Құдайға шүкiр, табиғи байлыққа кенде емеспiз. Сондықтан биыл мұнай бағасы арзан болса, есесiне, көмiр құны жоғары болуы мүмкiн. Келесi жылы уран қымбат бағаланса, одан арғы жылы — астық немесе металл. Яғни, экспортқа шығарылатын өнiм неғұрлым көп болғаны жақсы.

Қазақстандық банк және қаржы саласының қалыптасуына қосқан үлесi мол Г.Марченкомен сұхбатты газетiмiздiң алдағы сандарының бiрiнен оқисыздар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары