"МОҢҒОЛ" «ОСКАРҒА» ШЫҚТЫ
"МОҢҒОЛ" «ОСКАРҒА» ШЫҚТЫ
Естiмеген елде көп. Әнебiр жылдары "Көшпендiлер" түсiрiлген кезде фильмдi Канн фестивалiне қатысады екен деген сөз шығып едi, кейiн әлгi қауесеттiң соңы желге ұшып кеттi. Ендi мiне, сапасы жағынан "Көшпендiлерден" озық түспесе, кем түспейтiн "Моңғол" фильмi «Оскарға» номинант болыпты деген әңгiме қаулап тұр.
Алдыңғысына қарағанда, "Моңғолдың" "Оскарға" түскендiгi туралы ақпараттың рас екендiгiнде дау жоқ. Ақпарат бiткен жарыса жазып жатқанына қарағанда, көбiнiң бөркi аспанда жүрген сыңайлы. Әрине, Шыңғысхандай тиранның аты әлемге танымал болғанда, ол туралы түсiрiлген фильмнiң даңқы неге аспандамасын. «Хош» делiк. Әзiрге, қазақстандық деген аты ғана "Моңғол" фильмi «Оскарға» қатыстырылатын Азиялық фильмдердiң бесеуiнiң қатарына енiп тұр. Фильмнiң режиссерi – Сергей Бодровтың Ресейлiк екендiгi кедергi келтiрмесе, "Моңғолдың" қаржысының көбi Қазақстанның қоржынынан шыққаны тағы мәлiм. Әрi продюсерлерi де қазақтар. Мүмкiн, сол үшiн қуану да керек шығар, ә.
– Қайдағы "Оскар"? — дедi "Моңғолды" көрген ағаларымыздың бiрi. – Ол қалай сыйлық алмақ. Оны соңына дейiн көрiп шығудың өзi мұң. Әрi оның қазаққа беретiн тәрбиесi де жоқ. Тарихтан табынып өскен Бөртенiң өзiн жезөкше қып шығарған фильм сыйлық әкелсе де қуанбас едiм.
Мұндай пiкiрдi аталмыш фильмдi көрген екiнiң бiрiнiң аузынан естiрiңiз хақ. Не батырлық жоқ, не ақылдылық жоқ, не тапқырлық жоқ, не көңiлге қонатын сюжет жоқ, не әдемiлiк жоқ "Моңғолдан" американдықтар қандай махаббат iздемекшi? Естуiмiзше, фильмнiң басты мақсаты – Шыңғысхан мен Бөртенiң арасындағы сүйiспеншiлiктi, әйел-ананың өз азаматын қорғаудағы ерлiк бейнесiн көрсетпек екен. Темiр тордың аржағында басы салбырап отырған Шыңғысханның бейнесiнен сұстылықты, кекшiлдiктi, намысты байқасам, кешiрiңiз, көзiм шықсын. Ерлiк рухы байқалмайтын, басшы ретiнде көрегендiлiк танытқан ұлы тиранның мүсәпiр, жай ғана көп батырлардың қатарында қалып қойғаны жанды ауыртады. "О-о, ат, көп аттарды қара" деп жүгiрiп келiп, теледидардың алдына жайғаса кеткен бес жастағы iнiмнiң көзiмен қарау керек шығар, мүмкiн ол фильмге. Өйткенi, оған атқа шапқанның бәрi батыр көрiнедi.
"Моңғол" фильмiндегi шығыс әйелдерiнiң бейнесiн көрсететiн Бөрте рөлi жоғары тұруы керек едi. Керiсiнше, күйеуiн құтқарамын деп жолға шыққан Бөртеңiз жолай кездескен саудагерге "көз қысу" арқылы өмiрге қыз әкелiп, содан кейiн, Шыңғысханды құтқаруға қолы жетедi. Әкесiн iздеген кiшкентай қызға "Сенiң әкең осы" деп таныстыруы да ерсi. Шығыс қызы өзiнiң намысының жолында басын бәйгеге тiкпеушi ме едi?! Әлде Сергей Бодровтың ұғымындағы шығыс қыздары мүлдем басқа ма?
Әйтеуiр, көп көңiлiнен шыға қоймаған фильмнiң "Оскарға" қол созуы бәрiмiздi таңдандырып отыр. Мүмкiн, расында да Михалковтың "12" атты фильмi де ұсынылып отырған соң, екi бiрдей орыс режиссерi байқауға қатыса алмайтындықтан, амал-жоқтықтан қазақстандық фильм болып шыға келген шығар. Қазақ ұғымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын "Моңғолдың" жасанды сюжеттерi көптiң көңiлiнде ұзақ сақталады дегенге де күмәнiм бар. Әлемдiк киногерлердiң "Моңғолға" iшi жылып, бiр бүйрегi бұрылып кетпесе, бұл фильмнiң жеңiп шығуы да неғайбыл. Әйтеуiр, әлiптiң артын бағамыз да. Тек, шетелдiктердiң алдында масқара болмасақ жарады.
Гүлзина Бектасова