Ресей президентi В.ПУТИН: БИЛIКҚҰМАРЛЫҚТАН АСҚАН ДЕРТ ЖОҚ

Ресей президентi В.ПУТИН: БИЛIКҚҰМАРЛЫҚТАН АСҚАН ДЕРТ ЖОҚ

Ресей президентi В.ПУТИН: БИЛIКҚҰМАРЛЫҚТАН АСҚАН ДЕРТ ЖОҚ
ашық дереккөзі
244

Әр басшының сүйекке сiңбесе де, әдетке айналған iс-әрекетi болады. Путин жақсы көрген және өзiн жақсы көрсете алған шара — журналистер бас қосқан баспасөз мәслихаты едi. Оған шетелдiк iрi ақпарат құралдарының тiлшiлерiнiң қатысуы, әдетте Путиндi тiптi шабыттандырып, оны кейiн ауыздан-ауызға тарайтын, кейде ел басшысына жараспайтын сөз тiркестерiн қолдануға итермелейтiн сияқты болып көрiнетiн едi. Ендi, мiне, Путин заманы да тарих қойнауына кетiп барады.

1300 журналист қатысқан баспасөз мәслихатында Владмир Путин 80 сұраққа жауап берген. Ресей басшысы армансыз сөйлеген болуы керек, кездесу 4 сағат 40 минутқа созылған. Бұл былтырғы басқосудан бiр сағатқа көп.

Былтыр осы уақытта журналистердiң көкейiн тескен ең басты сұрақ — Путин саяси мерзiмi аяқталған соң президенттiктен кете ме жоқ үшiншi мерзiмге қайта сайлана ма деген сұрақ едi. Сонда оның "Сiздер менi неге тым ерте қуасыздар, уақыты келгенде, өзiм-ақ кетемiн" дегенi есте.

Ал ендi сегiз жылдық қызметiн қорытындылаған Владимир Путин: "Мен өз жұмысыма тәнтiмiн" деп мәлiмдедi. Бiрақ ол саяси сахнадан мүлде кетпейтiн шығар, "мен әлi де жұмыс iстегiм келедi, оған мүмкiндiк бар" дедi ол "үшiншi мерзiм" туралы журналист сұрағына жауап бере отырып.

Путиннiң үшiншi рет президенттiкке сайланудан өз еркiмен бас тартуы — журналистердiң көкейiн тескен өзектi сұрақ болды. "Үшiншi мерзiмге қалу туралы үгiттеулерден бас тарту қаншалықты қиын болды?" деген сұраққа Путин қысқа-нұсқа: "Адамдар әр түрлi нәрседен дерттi болады. Бiреу темекiқұмарлыққа бой алдырса, бiреу Құдай кешiрсiн, нашақорлыққа шалдығады, ал бiреу дүниеқоңыздыққа ұрынады. Бiрақ билiкқұмарлықтан асқан дерт жоқ деседi. Мен бұл дерттен аманмын" дедi.

Бұл жолы қойылған өткiр сұрақтардың бiрi – Ресей президенттiгiне үмiткер Дмитрий Медведевке қатысты болды. "Сiз не үшiн Медведевтi таңдадыңыз?" деген сұраққа Путин: "Ол шыншыл әрi адал адам, прогрессивтi, қазiргi заманға сай, теориялық жағынан жан-жақты дайындықтан өткен және астанада ұйымдық-ұйымдастыру жұмыстарына шыныққан жас. Оның жақсы президент, айтулы президент және жақсы басшы болатындығына сенiмдiмiн. Оның үстiне, мен оған сенемiн" дедi. "Мен оған сенемiн" деп және нығыздады.

Тағы бiр маңызды сұрақ — Путиннiң қандай қызметке баратындығы туралы. "Рейтер" "Сiз шынымен Медведевтiң басшылығында премьер-министр болуға дайынсыз ба?" деген сұрақ қойды. "Мен Ресей мемлекет басшысы болып жұмыс iстеу арқылы Ресей халқынан, Құдайдан бiр емес, екi бiрдей сый алдым. Егер Медведев президент болып сайланса, мен үкiмет басқаруға дайынмын" деп нақты жауап бердi.

"Ескi" сұрақтардың бiрi — Ресейге деген Батыстың көзқарасы туралы. Бұл жерде Путин әдеттегiсiнше өз стилiне сай "тұздықтап" жауап беруден қашқан жоқ. "Әрине, әлемдiк аренада, әсiресе, экономикада бiз бәсекелестiктiң өсе түскенiн байқап отырмыз. Әрине, жеке саяси немесе экономикалық мақсаттарына жету үшiн әртүрлi тәсiлдер пайдаланылуда. Әрине, бұл бағытта әртүрлi құралдар, оның iшiнде ақпарат құралдары да қолданылады. Ресейдегi демократия туралы. Мен бұрын да айтқанмын — Чайковскийдiң музыкасы туралы тiркеуде жоқ адам пiкiр айта алмай ма? Егер Ресейдiң өзi демократиялық ел болмаса, оның Косово туралы пiкiрiне неге құлақ асуымыз керек дейдi?! Бiз мұндай мәлiмдемелердiң не үшiн жасалатындығын түсiнуiмiз керек қой".

Тағы бiрде: "Сiздер неге шетелдiк баспасөздi қайталайсыздар? Олар өздерiнiң мәселелерiн шешiп алсын, семiздiкпен күрессiн, оларда нелерiңiз бар?" деп жекiп те тастады.

Косовоға қатысты бiрнеше сұрақ қойылды. Путин Ресей Косовоның "тәуелсiздiктiң бiржақты жариялауын демократиялық қадам деп санамайтындығын" қадап-қадап қайталады.

Баспасөз мәслихатындағы ең тұщымды әңгiме:

РИА "Новости":

— Мен сегiз жылдық жұмысыңыз туралы сұрайын деп едiм.

— Тағы да ма?

— Иә, қызық қой. Сегiз жылда сiздi ең қатты қажытқан не?

— Сыбайлас жемқорлық.

— Ал жұмыс кестесiндегi пункт?

— Пункт?

— Иә, таңертең тұрғанда тағы да алдыңыздан шығатын?!

— Тағы да жұмысқа бару керек.

— Ал жалпы жұмыс кестеңiз қандай?

— Жұмыс кестесiндегi тап осы бiр пункт қатты шаршатты дей алмаймын. Жұмыс кестем өте тығыз. Спорт, жұмыс және белгiлi бiр көңiл көтеру шаралары — жалпыға арналған музыка, кең тараған классикалық әуендердi жақсы көремiн. Мiне, менiң сегiз жылдық өмiрiм осындай. Бұл менi кәдiмгi адамның өмiрiнен тысқары алып кеткен ұзақ уақытқа созылған iссапар сияқты…".

Қызыл алаңда шеру өткiзу туралы әңгiме шыққалы бiраз болды. Бұл туралы француз баспасөзi "қырғи-қабақ соғыстың" елесiн оралту емес пе деген күдiгiн бiлдiрдi. Путин тағы да эмоциясын жасырмай отырып жауап бердi: "Әр елдiң өз дәстүрi бар — Ресейде Империя кезiнен қалыптасқан әскери шеру жасау дәстүрi бар. Бiз бар болғаны осы дәстүрдi жалғастырамыз, оның сыртқы әлемге агрессия бiлдiрумен еш байланысы жоқ… Бiрақ Ресейдiң қарқынды өсiп келе жатқан қуаты — экономикалық болсын, саяси болсын — бiзге ұлттық мүддемiздi саясатта да, экономикада да ашық қорғауымызға мүмкiндiк бередi. Қайталап айтамын, бiз конфронтацияға жол бермеймiз, бiрақ бiз өз мүддемiз үшiн бiздiң әрiптестерiмiз сияқты күресуге құқығымыз бар, бiз олардан әлi үйренуiмiз керек. Олардың не iстеп жатқанын қарамайсыз ба — бiздiкi олардiкiнiң қасында "баланың ойыны".

Путин Мемлекеттiк кеңесте сөйлеген сөзiнде "Кейбiр кикiлжiңдер мен дипломатиялық әрекеттердiң астарынан мұнай мен газдың иiсi шығады" деп мәлiмдеген болатын. Баспасөз мәслихатында осы мәлiмдеменi нақтылауға тура келдi. Путин тартынған жоқ: "Бiз Еуропада бiздiң америкалық әрiптестердiң келiссөздердi қалай жүргiзетiндiгiн бiлемiз. Олар бiр елдерге келедi де бiздiң шикiзатты алмауға үгiттейдi немесе энергоқуатты Ресей жерiнен тыс бағытта тасымалдаудың жолын iздейдi. Және сол елдерге белгiлi бiр қысым жасайды. Бұл – ендi саясаттың iсi. Менiңше, бұл — бұрыс саясат, ақымақтық, оның үстiне кәсiби саясатқа жатпайды, өйткенi қормен қамтамасыз ету мәселесi, есеп-қисапқа көңiл бөлiнбейдi. Мен мұны бұрын да айтқанмын — еуропалықтардың өздерi де жақсы бiледi: Ұлыбританияда қор қалған жоқ, Норвегияның қоры бiтуге жақын. Оны қайдан алмақ? Германияда атом станцияларын жабу туралы шешiм қабылдады, бiрақ көмiр өнеркәсiбiн де дамытқысы келмейдi: өте лас. Газ ғана қалып тұр. Оны қайдан алады? Еуропа үшiн Алжирдан, Катардан алуға болады, бiрақ ол рынок Солтүстiк Америкаға бейiмделген. Иранның жағдайы қандай болатыны белгiсiз, оның айналасында үнемi кикiлжiң. Жыл сайын Иран өзiнiң Түркияға тасымалын тоқтатады, ал бiз оның орнын толтырамыз. Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған суық болды — бiз бұл мәселенi де шештiк. Бiз мұны ешқандай у-шусыз, саяси байбаламсыз-ақ жасадық".

Баспасөз мәслихатында Путин халықаралық мәселелер жөнiнде бiраз ойларымен бөлiстi. Бiрақ ТМД, оның iшiнде Қазақстан туралы ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Неге? Орайы келмедi ме? Әлде екi елдiң арасында түйткiлдi мәселе жоқ па? Қазақстанның аты бiр ғана сауал тұсында, "Республика" газетiнiң тiлшiсi сұрақ қойған кезде ғана аталды. "Бiздiң, Орталық Азияның президенттерi, сiздi билiкте қалу жолдарын үйретуден қашпайды. Ал сiз оларға билiктен "әдемi" кету жөнiнде сабақ берiп көрген жоқсыз ба?" деген сұраққа Путин: "Мен ешкiмдi де үйретпеймiн және маған сабақ беруге жол бермеймiн… Ал басқа елдердегi билiк қалыптастыру туралы мәселеге келсек, ол — сол елдердiң жеке iсi. Басқа елдердегi әрiптестерiме дәрiс оқудан Құдай сақтасын" деп қысқа қайырды.

Бұл — президент Путиннiң журналистерге арнаған соңғы сөзi. Халыққа деген сөзiн ол әлi саптап жатыр. Дегенмен де саясаттанушылар Путиннiң сөзiнен бұрын өзiн, дәлiрек айтқанда, оның iшкi және сыртқы саясаттағы ұстанымдарын әлi бiраз уақыт талқылайтыны анық.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары