МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МӘСЕЛЕСI ҚОЗҒАЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МӘСЕЛЕСI ҚОЗҒАЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МӘСЕЛЕСI ҚОЗҒАЛДЫ
ашық дереккөзі
374

Өткен аптада Алматы қаласы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен "Халықаралық ана тiлi күнiне" орай, "Тiл — татулық тiрегi" тақырыбында мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiндегi жұмыс тобының кеңейтiлген мәжiлiсi болды. Мәжiлiстi қала әкiмiнiң орынбасары С.Сейдуманов басқарды.

Күн тәртiбiнде қаламыздың жергiлiктi органдарындағы тiлдiк ахуал қайта сөз болды. Алматы қаласының "Тiлдердi дамыту басқармасының" бастығы К.Матыжановтың баяндамасындағы дәйектемелерiне сүйенсек, өткен жылы аудандардың көбiнде мемлекеттiк тiлдегi құжаттардың айналымы төмендегенi байқалып тұр. Сонымен қатар, жиында аудан әкiмдерi, департаменттер мен басқарма басшылары мемлекеттiк тiлдi үйренушiлерге, iс қағаздарын жүргiзушiлерге әлi де жеткiлiктi көңiл бөлiнбейтiндiгi, кейбiр жеке тұлғалардан орыс тiлiнде хат келетiндiгi, тiптi ол хаттардың iшiнен де Президент әкiмшiлiгiндегi жеке тұлғалардың жазбалары да табылатындығы жайында сөз қозғалды.

"Жеке тұлғалардан жөнелтiлген орыс тiлiндегi сол сансыз хаттарға сiз қазақ тiлiнде жауап бересiз бе?", – деген сауал журналистер тарапынан қойылғанда, С.Сейдуманов: "Жеке тұлғалар қай тiлде хат жазса, бiз сол тiлде хаттың жауабын жөнелтемiз, себебi Заң солай", – деп шындығын айтты.

Әттеген-ай, осындайда "Қазақ тiлi – менiң ана тiлiм" дегендердiң арқа сүйейтiн заңы болмаса, ол заң кiмдердiң кәдесiне жарап жатыр? Әрине, орыс тiлiн қолдайтындардың кәдесiне. Сондықтан да "Тiлге қатысы бар" заңдарымыздың қауқарын күшейтпесек, алдағы он жылда "қанымыз бен жанымызға сiңген орыстың тiлiнiң" асығы алшасынан түсейiн деп тұр. Бұған тағы бiр себеп, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн қайтсек те көтеремiз деп жүргендердiң дайындаған мемлекеттiк тiлдi тиiмдi меңгерудiң ең үздiк, инновациялық-әдiстемелiк, практикалық оқу-құралдарының, аудио-бейнематериалдарының кейбiреуi өте сауатсыз құрастырылған. Олар қазақ тiлiн үйренiп, бiлуге емес, ол тiлдi менсiнбей, кемсiтуге сөзсiз итермелейдi. Ал, Үш тұғырлы тiл саясаты ше? Бұл саясаттың өзi дүйiм жұртшылықтың iшiнде ағылшын тiлiне деген қажеттiлiктi арттыра түстi. Алматы қаласындағы №20 орта мектептiң қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмi Светлана Прокопенко да бұл саясатқа қарсылығын бiлдiрдi. Мәжiлiске қатысқан "Мемлекеттiк тiлге құрмет" бiрлестiгiнiң төрайымы Асылы Осман болса:"Адамның рухының, жан дүниесiнiң байлығы – тiл", – деп ағынан жарылған едi. Бiрақ Асылы апайымыздың "Үш тұғырлы тiл саясатын" қолдайтыны белгiлi болды. "Мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн әркiм өзiнен бастау керек. "Аюдың да тiл үйренетiн кезi жеттi" деп қадап айтқан жоқ па, Елбасымыз", – дедi Асылы Осман 21 ақпан күнгi тiл туралы әкiмшiлiктiң мәжiлiсiнде.

Ал, "Қазақ тiлi" қоғамының төрағасы мен "Қазақстан халықтар ассамблеясының" Жастар одағының төрағасы бiр жақтан шығып, қазақ тiлiндегi жарнама мәселесiн қозғады. Десе дегендей-ақ, бiр ғана Алматының өзiнде қазақ тiлiнде дайындалған жарнамалардың тiлi түсiнiксiз, жалпы, жарнама шет тiлiнде де жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап орын алған. "Mega center", "City center" деген жарнамалар көп-ақ, ал қазақ тiлiндегi жарнаманың сиқы Абай даңғылының бойындағы "Happy burger" жылдам қызмет рестораны делiнген, мейрамхана да емес… Бұл жарнама орысша ма, ағылшын тiлiнде ме, жоқ әлде қазақ тiлiнде ме? Сiрә, бұл дүбәраның тiлiндегi жарнама. Мiне, жарнамаларымыз осылай, қалай болса, солай дайындалған. Ал, жарнамалар шындығында еш тексерусiз құрастырлып, iлiнуде. Мұны қала әкiмшiлiгiндегiлер де растады.

Жансая ПЕРНЕБАЕВА

Серіктес жаңалықтары