ПУТИННIҢ МҰРАГЕРI ЖЕҢЕДI-АУ
ПУТИННIҢ МҰРАГЕРI ЖЕҢЕДI-АУ
Екi күннен кейiн орыстар президентiн сайлайды. Ресейдегi саяси ахуалды жiтi бақылап отырған әлемдiк қауымдастық саяси додада Путиннiң "тақ мұрагерi" — Медведевтiң сөзсiз жеңiске жететiнiн айтады. Ал Қазақстан үшiн Кремльдiң қожайыны кiм болса да, бәрiбiр. Өйткенi, екi ел арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар өзгермейдi.
Алдағы жексенбiде, яғни, 2 наурызда Ресей Федерациясының халқы президентiн сайлайды. Ал өткен аптада сайлауды мерзiмiнен бұрын өткiзу басталды. Ресми деректер бойынша, Хабаровск аймағы, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияда, РФ-ның басқа да аумақтарында және әлемнiң 43 мемлекетiнде 200 мыңнан астам ресейлiк алдын ала дауыс бередi. Негiзiнен олар – ауа райын бақылайтын стансаларындағы қызметкерлер, бұғы өсiрушiлер мен алысқа сапар шегетiн теңiзшiлер. Орталықтан шалғай жатқан аудандарға сайлау комиссияларының өкiлдерi тiкұшақпен барды. Әр рейс шамамен 200 мың рубльге бағаланған көрiнедi. Ал мерзiмiнен бұрын ұйымдастырылған сайлаудағы жалпы шығын 100 млн. рубльдiң төңiрегiнде. Қызметiн аяқтауға санаулы күндер қалған қазiргi президент В.Путиннiң “тақ мұрагерi” Медведев сайлауалды кампаниясын қызу жүргiзуде. Штабқа келiп жатқан зейнеткерлер мен әлеуметтiк тұрмысы төмен отбасылардың зейнетақы, жәрдемақы, тұрғын үй мәселелерiне қатысты арыз-шағымдары мен өтiнiш, ұсыныстары толастар емес. Ал шетелдiк аймақтардан келген өтiнiштер РФ азаматтығын алуға қатысты. Саяси науқандағы жарнамалық және үгiт-насихаттық жұмыстарды жүргiзудегi қаржы жұмсауда Владимир Жириновский алдына жан салмапты. Вольфтiң ұлы Владимир қорына түскен 160 млн. рубльдiң 153 млн. да 349 мыңын ендiгi жаратып жiберген. Ал қорға түскен ең көлемдi де қомақты сома Медведевтiң үлесiнде — 190 млн. 241 мың рубль. Оның 29 млн. рубльден астамын Дмитрий Анатолийұлы үгiт-насихатқа жұмсапты. Андрей Богдановта — 4 млн. 850 мың, Геннадий Зюгановта – 59 млн. 189 мың. Жалпыресейлiк қоғамдық пiкiрдi зерттеу орталығының алдын ала жүргiзген сауалнама нәтижесiне сүйенсек, дауыс беруге сайлаушылардың 70 пайызға жуығы қатысатын көрiнедi. Олардың 73 пайызы Медведевтi жақтаса, Зюгановқа бүйрегi бұратындар – 15 пайыз, Жириновскийге – 10,9 пайыз, ал Богдановқа – 1 пайыз.
Медведев Ленинград қаласының шетiндегi жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Путиннiң жерлесi. Әкесi Ленинградтық технологиялық институттың профессоры болған. Шешесi – Герцен атындағы Педагогикалық институтта тәлiм берген филолог. Ленинградтағы мемлекеттiк университеттiң заң факультетiн бiтiрген. Заң ғылымдарының кандидаты. Ғылыми еңбегiн азаматтық құқық тақырыбына байланысты қорғаған. 9 жыл бойы университетте сабақ берген оны Путин әкiмдiкте жүргенде өзiне кеңесшi етiп алған. Бұл 1990 жылы болатын. 25 жастағы Медведев адалдығымен, iскерлiгiмен және табандылығымен Путиннiң көңiлiнен шыққан. 17 жылдан берi Путинмен қоян-қолтық араласып, саясатта иық тiрестiрiп қатар келе жатқан 42 жастағы заңгердiң президенттiк таққа отыруға мүмкiндiгi мол. Бiрiншiден, жас, екiншiден, қайратты, үшiншiден, сөзi өткiр. Ал ең бастысы, Путиннiң мұрагерi. Былтыр Путин Медведевтi өзiнiң тақ мұрагерi ретiнде таныстырған едi (Медведев те ұстазының алдында қарыздар боп қалмады, Путиндi президенттiк мерзiмi бiткеннен кейiн премьерлiкке қалуға шақырды). Сондықтан 2 наурыздағы саяси додада қарсыластары мен бәсекелестерiнен күшi басым түсетiндiгiне ешкiмнiң күмәнi жоқ. Қазiрдiң өзiнде оны жақтайтындар саны 81 пайыздан асып түскен көрiнедi. Бұған дейiн Дмитрий Медведев Виктор Зубков, Сергей Ивановпен бiрге Путиннiң сенiмдi өкiлi әрi президенттiкке үмiткер ретiнде аталып келген. Санкт-Петербург қаласының әкiмдiгiнен бiрге келе жатқан ол Путин сайлауға қатысарда сайлауалды штабын басқарып, 2 мерзiмге созылған президенттiк қызметiнде оң қолы болған. Ивановтан терекшелiгi әскери саладан хабарсыз, қауiпсiздiк қызметiнде жұмыс атқарып көрмеген. Есесiне, сыртқы және iшкi саясатта мығым Медведев Үкiмет басшысының орынбасары, Кремль әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болған. Шет елдерге Газпромның басшысы ретiнде танылған Д.Анатолийұлы – РФ-ға тиесiлi "көгiлдiр отынды" халықаралық нарыққа шығаруға мүдделi екендiгiн алғаш мәлiмдеген шенеунiктердiң бiрi. Компанияның шаруасын дөңгелетiп әкеткен Медведев Газпромның қаржы қорын 25 есеге дейiн өсiрiп, 2006 жылдың соңында 270 млрд. долларға жеткiзген.
Жуырда ғана Краснодарда бизнес элитаның басын қосқан ол өзiнiң кәсiпкерлер қауымын қашан да қолдайтынын және келешекке деген сенiмдi жоғалтпау керектiгiн ескерттi. Шет елдерден кәсiпорын ашам дегендерге "жасыл жарық" жанатынын, салық салмағын жеңiлдетудi қарастыратынын, жер сатуға қатысты реформаларды реттейтiнiн және жеткiздi. Табиғи ресурстарды игерiп жатқан компаниялар көкейiндегi "Газпром сияқты алып бiзге де кесiрiн тигiзбей ме?" деген қауiптiң бетiн қайтаруды да ұмытпады: "Мемлекеттiк компаниялар белгiлi бiр уақытқа дейiн ғана қажет". Демек, сөзiнiң астарында "ешкiмдi қудаламаймын" деген астар жатқаны анық. Дәл сол күнi қолдарында куәлiктерi бар қарулы адамдар "ИнжГео" компаниясына басып кiрiп, сейфтегi компания мен акционерлердiң құжаттарын алып кетiптi. Краснодардағы мұнай мен газ саласында қызмет ететiн "ИнжГеоның" жылдық тауар айналымы 200 млн. доллардан астам болатын. Кiм келдi, неге келдi деген сауалдарға ешкiм нақты жауап бере алмайды. Бiрақ компанияның қожайыны әрi басшысы Орест Кашараба "жергiлiктi әкiмшiлiк пен саясаткерлерге арқа сүйеген мәскеулiк үлкен бизнестi" кiнәлайды. Оның Медведевпен кездесiп, арыз-мұңымды айтсам деген үмiтi ақталмапты. Есесiне, болашақ президент "ешқандай қудалау мен қысымдар болмайтынын" айтып, кәсiпкерлердi сабырға шақырған. Бұған дейiн Ресейдегi тамыры тым тереңге кеткен сыбайлас жемқорлықты сынға алған Медведев коррупцияның кеңiнен етек алғанын мойындаған едi. Орыстар жерiндегi жемқорлық көпшiлiк үшiн таңсық тақырып емес. Осыдан екi апта бұрын журналистермен кездескен Путин өзiн жемқорлықтың әбден шаршатқанын айтып, ағынан жарылған. Оппозицияның "Путиннiң қолында заңсыз жинаған 45 миллиард доллары бар" деп айыптайтынын ескерсек, орыс басшысының коррупция туралы айтқандарына күдiкпен қарау – заңдылық. Атам қазақ жел тұрмаса шөптiң қимылдамайтынын әлдеқашан ескертiп кеткен. Өткен аптада Батыс елдерi жүргiзген сауалнама нәтижесiнде Үлкен жетiлiктiң АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция мен Жапония азаматтарының 56 пайызы "Путин Ресейдегi демократия мен адам құқығының сақталуына керi әсер етiп отыр" деген пiкiрге сүйенетiндiктерi анықталған. Адамдардың 47 пайызы путиндiк саясатқа наразы болса, 38 пайызы керiсiнше, жағымды баға берген. Сұраққа жауап бергендердiң 45 пайызы Путиндi өзге елдермен ара қатынасты жақсартты деп сенсе, 40 пайызы "кеменi суға кетiрдi" деген ұстанымда. Ал отандастары болса, президенттiң еңбегiне тәнтi: 86 пайыз ресейлiк Путиннiң президенттiк қызметiне көңiлдерi толатындықтарын жеткiзген. Есесiне, Медведевтiң бизнеске оң көзбен қарауы батыстықтардың көңiлiнен шығады. Үстiмiздегi жылдың қаңтарындағы Давоста өткен экономикалық форумда ресейлiк шенеунiк РФ-да табиғи ресурстарды игеретiн iрi корпорациялар құрып, әлемдiк нарыққа шығарытынын және шетелдiк инвесторлардың орыстар жерiнде кедергiсiз еңбек етуiне жағдай жасайтынын мәлiмдеген. Путинге қарағанда Медведев Еуропаға өшпендiлiк көзқараста емес. Қызы ағылшындар жерiндегi жоғарғы оқу орнында бiлiм алуда. АҚШ пен Батысты саяси бәсекелес ретiнде емес, стратегиялық серiктес ретiнде қабылдайды. Энергетикалық мәселелерде белсендiлiк танытқан Д.Медведев әлемдiк саясатқа ықпалды талаймен тiл табыса бiлдi. Сондықтан Батыстың бүйрегi Жириновский, Зюганов пен Богдановтан гөрi Медведевке көбiрек бұрады. Алайда Кремльдiң уысындағы монополист компания – Газпромның газ тасымалына қатысты мәселелерде солқылдақтық танытпай, қатаң талаптар қойғанын ескерсек, алдағы уақытта да мұнай мен газ тасымалына қатысты дауларда (украиндар мен орыстар, беларусьтар мен орыстар арасындағы даулар) Ресейдiң ұлттық мүдделерi бiрiншi кезекте тұратыны айқын. Путиннiң мансабына келгенде, сарапшылар пiкiрi сан-алуан. Саясаттанушылардың бiрi "премьер-министрлiкке қатысты айтылған ұсынысты қабыл алады, қажет жағдайда президенттiк таққа қайта отырады" десе, ендi бiрi Газпромның құлағын ұстайтынын айтады. Ендi бiреулерi керiсiнше, "саясаттан алыстап, жеке кәсiпкерлiгiн дамытады, саясаттан алшақ кетедi" дейдi. Қалай десе де, Путиннiң Кремльдегi рөлi әлсiремейдi. кәрi құрлықтағы кейбiр саясаткердiң: "Кремльдiң қожайыны кiм болса да, билiктiң тiзгiнi Путинде қалады" деуi сондықтан. Ал Қазақстан үшiн РФ президенттiгiне Медведевтiң сайлануынан ешқандай өзгерiс болмайды. Екi ел арасындағы дипломатиялық, саяси, экономикалық, сауда-саттық, мәдени байланыстар бұрынғысынша жалғасын таба бермек. Әсiресе, мұнай, газ тасымалы мен энергетикалық саладағы қарым-қатынаста қазақтар мен орыстар белсендiлiк танытуға мүдделi. Қай салада болса да, екi жақтың тек ұлттық мүдде тұрғысынан әрекет ететiнi белгiлi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ