АМЕРИКА ТУРАЛЫ БIЛГIҢIЗ КЕЛСЕ

АМЕРИКА ТУРАЛЫ БIЛГIҢIЗ КЕЛСЕ

АМЕРИКА ТУРАЛЫ БIЛГIҢIЗ КЕЛСЕ
ашық дереккөзі
385

Алматыдағы Ұлттық кiтапханада Америка мәдениетiнiң жаңа орталығы ашылды. Америка туралы бiлгiңiз келсе, тегiн қызмет көрсететiн орталықты бетке алыңыз.

Апта басында Алматыдағы Ұлттық кiтапхана ғимаратынан Американың тыныс-тiршiлiгiнен хабар беретiн Мәдени орталық ашылды. АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгi, Ұлттық кiтапхана мен "Шеврон" компаниясы бiрлесе отырып, жүзеге асырған бұл жоба америкалық қоғам жайлы бiлуге құмартатын отандастарымыз үшiн өте маңызды. Өйткенi, дүйсенбi мен жұма аралығында таңғы сағат 10-нан кешкi 6-ға дейiн келушiлерге қызмет көрсететiн орталық АҚШ жайлы сенiмдi ақпарат беретiн фильмдер көрсетiлiп, лекторлық семинарлар мен көрмелер ұйымдастырылатын орынға айналады. Мультимедиа топтамасына, кiтаптар мен америкалық мерзiмдi баспасөзге қол жеткiзу мұнда оңай әрi тегiн. Сонымен қатар тарихи дүниелер, көркем және деректi әдебиет құралдары, анықтамалық материалдар мен бейнематериалдарды да осы жерден табасыз. Орталықтың ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей, Ұлттық кiтапхананың басшысы Гүлиса Балабекова мен "Шеврон" компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң жетекшiсi Замира Қанапиянова қатысты.

"Америкалық бұрыштар" бағдарламасының бiр бөлiгi болып табылатын мұндай орталықтар бұған дейiн Өскемен, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Орал, Петропавл мен Ақтөбеде ашылған болатын.

"Шеврон" компаниясы мәдени орталыққа проектор, экран, жиһаз бен мұнай-газ саласына қатысты ақпараттық ресурстар топтамасын табыстап, келушiлердi тегiн Интернетпен қамтамасыз еттi. Былтыр компания Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапханадан мұнай мен газ саласына арналған электронды оқу залын ашқан болатын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары