ШIРКЕУ КӨСЕМIНЕ ШАРИҒАТТЫҢ КЕРЕГI НЕ?
ШIРКЕУ КӨСЕМIНЕ ШАРИҒАТТЫҢ КЕРЕГI НЕ?
Атам айтқандай, қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды, тiптi, қарағайды түп-тамырымен жұлып әкеткен заман болды. Кiшкентай кезiмде апаларымыз бiр өлеңде: "Қайғы жоқ шұқанаққа жел тұрғанда!" дейтұғын. Демек қайғы бар болмақ. Атам қазақ тарихында қайғысы көбiрек болғандықтан ба, кiм бiлсiн, өлеңiнде де, күйiнде де осы мұңлы, қайғылы жағын көбiрек бiлдiрсе керек. Қазiргi жиһанилестiру дәуiрiнде еш нәрсеге де таң қалуға болмайтынын ұққандаймыз.
Иракта мұсылманның қанын суша ағызған, өз елiнiң ғана емес, әлем экономикасын күйреу алдына сүйреген АҚШ президентi Буш қызыл қанға боянған Ақ сарайында, ислам әлемiн қаншалықты сыйлағанын (!) көрсетпекке, қарамағындағы мұсылман көсемдерiн ауызашар дастарқанына шақырып, күтедi. "Орыс ұлтшылымыз" деп, байбалам салатын, тiптi, еш жазығы жоқ қазақтың қызын бiр ғана қазақша сөйлегенi үшiн жауыздықпен өлтiрген құйқабастар (скинхедтер) орыс халқын қырған, миллиондаған Кеңес жұртшылығын жойған, Гитлердiң туған күнiн жылда тойлайды! Өткен жылы Израильдегi бiр топ ұлтшыл жастар құрған ағымның да Гитлердiң жанкүйерi екенi әлемдегi БАҚ-тарда таңданыспен берiлгенi есiмде. Бұрынғы "қызыл коммунистер" бүгiнгi "қызыл капиталистерге" айналғанына да таң қалмайсың. Қытайдың мұңғұлдың Шыңғысын дәрiптеуiн кейбiр қазақтар зор қошеметпен қарсы алды. Батыстың кейбiр дамыған елдерiнде еркек көрiнiстi мен еркек көрiнiстiнiң, әйел бейнелi мен әйел бейнелiнiң заңды неке қию арқылы үйленуiне рұқсат етiлдi…
Тiзiмдi жалғастыра берсек, бiтетiн түрi жоқ. Сондықтан, осы мақаланы жазуға итермелеген мәселеге көшелiк. Өткен аптада Англикан (ағылшын) шiркеуiнiң бас көсемi Роуан Уильямс жылына екi мәрте өтетiн шiркеу көсемдерiнiң мәжiлiсiнде жасаған баяндамасында және "ВВС 4" радиосына берген сұхбатында "шариғаттың кейбiр үкiмдерiн" Британия құқық жүйесiне енгiзудiң "амалсыз" жасалатынын бiлдiрдi. Роуан Уильямс әзiрше шариғаттың тек жанұя және неке мәселелерi мен қаржы қатынастары жөнiндегi үкiмдерiн ғана енгiзу керек дейдi. Оның ұсынысы бойынша Британия аралын мекендейтiн мұсылмандар аталмыш мәселелер бойынша құқықтық қатынастарын, дау-дамайларын, тiлек-талаптарын шариғат соттары яки зайырлы заңдарды басшылыққа алатын тәуелсiз соттардың iшiнен қалағанына арыздану арқылы шешу, таңдау құқығына ие болуы керек екен. Әлбетте, оның осы ұсыныстары ислам десе мыстан кемпiр көргендей болатын Британия жұртшылығын ғана емес, Еуропаның, тiптi мұсылман елдерiнiң саясаткерлерiн, дiн көсемдерi мен зиялыларын елең еткiзбей қойған жоқ. Британияда үкiмет жаршылары мен саяси партиялар түгелдей бұл ұсынысқа қарсы шықты. The Times, The Daily Telegraph, The Sun, The Financial Times сияқты газеттердiң анау-мынауы емес, бас редакторлары мақалалар жазып, шiркеу көсемiне: "Аузыңда жап!" дедi. Ағылшын шiркеуiнiң сақалы кiндiгiне түсетiн басқа басшылары да дардай наразы болып, Уильямсты "қасиеттi" орынтақты тастауға шақырып үлгердi.
Соңғы бiрнеше күннiң көлемiнде бiздегi кейбiр БАҚ тiлшiлерi алма-кезек хабарласып, Уильямстың мәлiмдемесi туралы пiкiрiмдi сұрап жатты. Осы мақала арқылы жұртшылыққа пiкiрiмдi жеткiзгiм келедi.
Алдымен, мәселенi салқынқандылықпен, байсалдылықпен талдап көрелiк. Нелiктен Британиядағы Ағылшын шiркеуiнiң басшысы осындай мәлiмдеме жасауды, осындай күрделi мәселенi күн тәртiбiне тастауды қажет деп тапты. Өйткенi, Британия Еуропа елдерi iшiнде ең көп мұсылман тұратын мемлекет емес. Бар жоғы 1,6 миллиондай дiндесiмiз осы патшалықтың халқының небары 2,7 пайызын құрайды екен. Германияда 3,5 миллион, ал Францияда одан да көп мұсылман тұратынына қарамастан, олардың шiркеу көсемдерi ондайды ұсынып отырған жоқ. АҚШ-та мұсылмандардың саны бәрiнен де көп. Бiрақ, ондағы англо-саксон көсемдерi де жақ ашпаған. Құранды "шайтанның аяттарына" теңеп, сүйiктi пайғамбарымызға және жанұясына жала жапқан Салман Рушдиге баспана болған, пана болып қана қоймай, жуырда ғана оған ақсүйек атағын берген, Хизбұт-тахрир, Ахмадия, Таблиғи жамағат сияқты көптеген дiни-идеологиялық ағымдардың байтағына айналған бұл елдiң дiн көсемiнiң осындай қиқарлыққа толы ұсынысты тектен текке жасамағаны мәлiм. Әлемдегi имперализмнiң ошағы – Британия. "Бөлшектеп биле" саясатын, "билей алмасаң иле" амалын ойлап тапқан да, жетiлдiрген де осылар емес пе?! Ирландиядағы католиктердi аяусыз қудалаған кiмдер? Лаңкестiктiң шыққан жерi қай жер? Анау бiр ғасырларды баптистер мен пуритандарды қуып салған, Америка мен Африкада, Австралия мен Шын-Машында қырғынның көкесiн көрсеткендер кiмдер едi? Қырғыншыларды желеп-жебеп жүргендер қай шiркеудiң дiнпаздары болатұғын? Африкадағы апартейдтiң ойшылдары қайдан шабыт алды? Қайсыбiрiн айтасың. Тарих қоржынында осыншама ауыр күнәларды арқалаған шiркеудiң көсемiнiң адамзат алдында кешiрiм сұрауының орнына (2003 жылы тек бiр мәселеге байланысты кешiрiм сұраған — М.Б.), Ирактағы қан теңiзiн тоқтатудың орнына, пайғамбарымызды қорлап, карикатураларды шығарған Дания, Англия газеттерiне "тәйт!" деудiң орнына, Палестинадағы мұсылмандардың трагедиясына көз жасын төгудiң орнына, зайырлы мемлекеттiң iсiне араласып, басқа дiннiң iшкi iстерiне қол сұғуын қоғамда дүрдараздық туғызуы деп бағалаймын. Осы Уильямс 2002 жылы Ағылшын шiркеуiнiң көсемi болып сайланған соң, 11 қыркүйек 2001 жылы лаңкестiгiн жасаған қанiшерлердiң "этикалық бiр себептерi болуы тиiс" деп мәлiмдеме жасап, сол кездiң өзiнде-ақ салиқалы шiркеу басшысынан гөрi саясаткерлiкке жақынырақ екенiн байқатқан едi. Уильямс басқаны былай қойғанда христиандықтың да доктриналарын белiнен басып, бiржынысты адамдардың некелесуiне қарсы еместiгiн жария еткен. Мен бұл өзi қандай дiнпаз екен деп бiраз iзденiп едiм, оның шiркеу қызметiне 1978 жылы 28 жасында кiрiскенi бiрден назарымды аударды. Христиан шiркеулерiндегi иерархияда өсу үшiн жастайынан шiркеу қызметiнде болмақ керек. Ал, бұл бұғанасы әбден қатып, атақты оқу орындарында оқып, тiптi, зайырлы университеттерде ғылыми жұмыстар қорғап, кәсiби аудармашылық жасап, өлеңдерi жарияланған ақын бола тұрып, қысқа мерзiмде шiркеу басшылығына көтерiледi. Орны келген соң айта кетейiн, Ағылшын шiркеуi Британия патшасының Ватиканмен байланысы нашарлаған соң Католик шiркеуiнен бөлiнiп, 1534 жылы өз отауын тiккен. Британия тарихында осы шiркеу патшалар мен патшайымдарды жарылқаушы, мемлекеттiң мүддесiн қорғаушы, отарлаушылықты ақтап-жақтаушы, құл саудасын ынталандырушы рөл атқарған. Ресейде православие шiркеуi қалай болса, Британиядағы Ағылшын шiркеуi де солай. Бұлар ұлттық-мемлекеттiк шiркеулер және қожайындарының мүддесiне қарсы әрекет жасай алмайды.
Роуан Уильямс шариғатты енгiзу туралы ұсынысын былайша ақтайды:
1 — Шариғат үкiмдерiнiң қолданылуы ағылшын қоғамындағы бiрлiктi күшейтедi.
2 — Бұл мұсылмандардың "мәдени тәуелдiлiк" пен "мемлекет тәуелдiлiгi" iшiнен бiрiн таңдап, өзiнiң кiм екенiн көрсетуiне жағдай жасайды.
Менiң ойымша, бұл екi мақсаттың екеуi де мұсылмандар үшiн зиянды. Уильямстың мақсатының мұсылмандарды одан ары оқшаулау және бөлшектеу екенi осы сөздерiнен-ақ көрiнiп тұр. Ол мұсылмандарды қай жаққа берiлгендерiн дәлелдеуге шақырып отыр.
Бiрiншiден, Британия патшалығы зайырлы, демократиялық мемлекет. Зайырлы, демократиялық һәм құқықтық мемлекеттерде бiр ғана құқық жүйесi қолданылады – зайырлы заңдар. Зайырлы заңдар ел көлемiндегi барлық азаматтарға бiрдей қолданылады. Бұл әркiмнiң заң алдындағы, мемлекет алдындағы тең құқықтылығын қамсыздандырады. Кейбiр дiни яки этникалық топтарға бөлек заң, жеке құқық қолдану заманауи зайырлы да демократиялық құқық жүйесiне оғаш. Бұл — тек отарланған, жаулап алынған елдерде ғана қолданылған қанаушы тәсiл. Өркениеттi зайырлы елдерде ел тұрғындарының барлығына бiрдей құқық беретiн, әдiл, мөлдiр заңдар қолданылады. Сөйтiп, адамдардың заң алдындағы теңдiгi мен әдiлеттi құқық жүйесi қоғамды бiрiктiретiн мықты күшке айналады. Ал, Уильямстың мұсылмандарға бөлек заң қолданылсын дегенiн "Ей, мұсылмандар! Сендер бiзден емессiңдер, өз заңдарың өздерiңе" дегенi деп түсiнiп отырмын. Егер бұл ұсыныс оқыс қабылданып қалса, мұсылмандардың Британия қоғамынан жiктелiп, бүгiнгiден де жабық қоғамға, "азшылық" статусына ұрынары сөзсiз. Заң қоғам мүшелерiн бiр-бiрiне қосатын желiм сияқты. Әркiм өз қалауынша заң, құқық таңдайтын болса, ондай елде ешбiр береке, тыныштық қалмайды. Сонымен қатар халықаралық құқықта "қысастық" қағидасы бар. Яғни, Британияда мұсылмандарға бөлек құқық жүйесi енгiзiлсе, олар мұсылман елдерiнен де ұқсас әрекеттi сұрауы мүмкiн.
Екiншiден, Уильямс нелiктен шариғаттың тек неке, жанұя және қаржы, сауда-саттыққа қатысты үкiмдерiн, оның да бәрiн емес, iшiнен сұрыпталғандарын ғана енгiзудi талап етiп отыр. Қабылдайтын болсаң, тұтастай қабылда. Неге шариғаттың iшiнен таңдаулы үкiмдердi ғана ұсынады? Оған кiм қарар қабылдамақ? Бүгiнгi күнi бүкiл әлем мұсылмандары келiскен стандарт шариғаттың жоқ екенiн ескерелiк. Шариғат заңдары мұсылман елдерiнiң көпшiлiгiнде қолданылмайды. Көпшiлiгi зайырлы құқық жүйесiне баяғыда көшкен. Ал шариғат заңдарын басшылыққа алатын Сауди Арабыстан, Иран қатарлы елдердегi шариғат нормалары бiркелкi емес. Бiр мәселе бойынша мәзһәбтердiң де түрлi, тiптi, бiрiне-бiрi қарама-қайшы үкiмдерi бар екенiн ескерелiк. Сонда, Уильямстың айтып отырғаны қай шариғат? Қайсы мұсылман елдiң шариғат жүйесiн үлгi етудi ұсынбақ? Оған Британиядағы мұсылмандар көне ме? Өйткенi, бұл елдегi мұсылмандардың барлығы да бiр елден барған адамдар емес. Африканың отарланған елдерiнен көшiп, қашып барғандар, құлдыққа сатылғандар, Үндiстан мен Пәкiстаннан барғандар, арабтар мен түрiктер, ирандықтар мен жергiлiктi мұсылмандар бар. Ал олардың әрқайсысына өздерi қалаған шариғаттың вариантын қолдануды ұсынса, бұның өзi мұсылмандарды өз iшiнде бөлу, қақтығыстыру емегенде не?!
Үшiншiден, шариғаттың қайсы қалыптары, қайсы үкiмдерi қабылданбақ? Неке және қаржы мәселелерi шым-шытырық мәселелер және жеке тұлғалардың өмiрiне, тiршiлiгiне бiрден әсер етедi. Уильямс мұсылмандардың өмiрiне қол сұғу үшiн бұлардан артық саланы таба алмас едi. Мәселе нақты түсiнiктi болуы үшiн кейбiр мысалдар берелiк. Мәселен, зайырлы заңдарда кәмелеттiк жасқа толмаған қыздардың үйленуiне болмайды, яғни қыз бала кемiнде 18 жаста болуы шарт. Ал, әһли сүннет шариғаты бойынша 6 жастағы қызға құда түсiп, 9 жастағы қыз баланы некелуге болады. Осы шариғат бойынша кәмелеттiкке жетпеген қыз баланы әкесi қыздың келiсiмiнсiз күйеуге бере алады (Ибн Һишам 4/321, Бұхари 6/134,139, Ибн Мажа 1877, Имам Шавкани, Нейл-ұл Аутар, 6/128-129, Ибн Құдама, Мұғни, 6-том, 487). Шариғат еркектерге төртке дейiн әйел алуға, күң ұстауға рұқсат етедi. Шариғаттың үкiмi бойынша зинақорлық жасаған үйлi-барандылар тас ату арқылы өлтiрiледi. Бiр ғажабы осы жазаға көбiнесе әйелдер тартылады. Шариғат заңдарының қазiргi зайырлы заңдармен салыстырғанда шектеуi мен тыйымының көптiгi, жазалардың ауырлығы бiрден байқалады. Әсiресе, әйелдердiң құқықтары көбiрек шектелген. Шариғат бойынша ажырасу құқығы негiзiнен еркекке берiлген. Сонда жоғарыда келтiрiлген нақты мысалдар мен тағы да жүздеген мәселелер бойынша Уильямстың шариғат соттары қандай үкiм шығармақ? Британияның неке актiсiн тiркейтiн ресми мекемесi кәмелетке жетпеген қыз баланың некесiн тiркей ала ма? Төртке дейiнгi әйелдердiң әрқайсысының некелерiн бекiте ала ма? Ұрылардың қолын кесу ше? Қаржы, сауда-саттық мәселелерi бойынша да жағдай солай. Шариғат қағидалары бүгiнгi экономикалық қарым-қатынастарда жасалатын көптеген мәселелерге рұқсат етпейдi. Ең әйгiлiсi пайыз мәселесi. Көптеген дiндар мұсылмандар тiптi банкiге ақша салудың өзiне қарсы. Олардың да өз фәтуалары бар. Кредит алу, ипотека, мұсылман еместермен жасалатын мәмiлелер, алтын мен жiбек т.т. сияқты мәселелерде шариғат нормалары көбiнесе шектеу, тыйым салу жағында, яки қазiргi қоғамда орындалуы қиын талаптарды алға тартуда. Жалпылап алғанда, Британия елiнде тұратын мұсылмандар аталмыш шариғат заңдары қолданылатын болса, ұтпақ па, ұтылмақ па, ағылшын қоғамындағы бәсекелестiкке төтеп бермек пе, осы жағын салиқалылықпен ойластырған жөн.
Төртiншiден, Уильямс ұсынған шариғат соттары туралы бiрауыз сөз. Британияда қазiргi күннiң өзiнде аз да болса (оншақты) шариғат соты iстеуде. Алғашқы шариғат соты 1982 жылы Бирмингем қаласында ашылған. Мұсылмандар бiр ғана қалада яки аймақта шоғырланбағандықтан әр елдi мекенде шариғат сотын ашу мүмкiн емес. Қазiргi шариғат соттары қоғамдық ұйым ретiнде ғана жұмыс iстейдi. Көпшiлiгi Ислам шариғаты Кеңесi қоғамына қарайды. Олардың шешiмдерiнiң ресми күшi жоқ. Тек өз ерiктерiмен жүгiнген мұсылмандардың көбiнесе ажырасу (талақ) және қарыз қайтару сияқты мүлiктiк дауларына араша болады. Аталмыш соттар азаматтардың сотқа дейiнгi қатынастарын анықтауда (досудебное разбирательство) яки жеке арбитраж (частный арбитраж) есебiнде қызмет көрсетуде. Осындай қызмет көрсету мүмкiндiгi Британияның ағымдағы заңдарында көзделген, оған жаңаша заң қабылдаудың қажетi жоқ. Британияда "Исламдық банкiлер" деп аталатын қаржы институттарының және кейбiр қаржы, сауда-саттық мәселелерiнде келiсушi тараптардың дәстүрлi дiннiң яки шариғаттың кейбiр үкiмдерiн басшылыққа алуларына рұқсат етiлген. Қазақстанда да жеке арбитраж және исламдық банкi жүйесiнiң зайырлы құқық шеңберiнде дамып келе жатқанын айтуға болады. Ал осындай кеңшiлiкте шiркеу көсемiнiң бүйректен сирақ шығарғаны несi? Ол алдымен өз елiнде Англикан соттарының ашылуын неге талап етпейдi? Британияда шариғат соттары сияқты йаһұдилердiң (еврейлердiң) де Бет Дин (Beth Din) деп аталатын соттары бар. Ғасырлар бойы Британияны мекен еткен ортодоксалды йаһұдилердiң қалағандары ғана осы сотқа жүгiнедi. Ол да қоғамдық ұйым. Бұдан тыс Британияда мұсылман емес африкалықтар, карибтiктер мен полшалықтар, сикхтер мен үндiлер бар. Осылардың барлығына бөлек сот, бөлек құқық берiлмек пе? Бұл қандай қисынға сияды. Неге Уильямс басқаларды емес, мұсылмандарды ғана сөзге тиек етедi?
Бесiншi мәселе – Уильямстың ұсынысын Британия мұсылмандарының көпшiлiгiнiң дұрыс қабылдамағандығында. Оның ұсынысын тек Хизбұт-тахрир, Таблиғи жамағат, салафия, Ахмадия, мұсылман бауырлар, хизбұллаһ сияқты әсiрешiл һәм догматшыл ағымдардың ғана қолпаштағаны бiраз нәрсенi аңғартса керек. Жоғарыда айттық – Британиядағы мұсылмандардың денi зайырлы құқық жүйесiн ұстанатын елдердiң тумалары. Сонымен қатар еркiндiгi мол өркениеттi елде тұрақтанып қалған соң олардың көпшiлiгiнiң шариғатқа деген көзқарасы дұрыс емес. Британиядағы саяси шиеленiстердi, экономикалық ахуалды, әлеуметтiк проблемаларды бес саусақтай бiлетiн мұсылман зиялылары Уильямстың түпкi мақсатын бiрден аңғарып, қарсы мәлiмдемелер жасады. Мәселен, Британия парламентiнiң мұсылман депутаты Халид Мұхаммед: "Шариғаттың қай бөлiгiн алмақшысыз? Асыра сiлтеулерден қалайша қорғанбақшысыз? Мұсылмандардың бөлек мәмiлеге мұқтаждығы жоқ!" деген. Консервативтi партияның уәкiлi, Парламент депутаты Саида Уарсиде: "Уильямсқа деген құрметiм зор, бiрақ мына сөздер мұсылмандардың басын қатырмақ. Әркiмнiң заңның алдындағы теңдiгi бiрдей болуы керек" деген. Сонымен қатар Лейсестер мешiтiнiң имамы және Британия мұсылмандар Кеңесiнiң дiнаралық қатынастар бойынша маманы Ибраһим Морга "The Times" газетiнiң 8 ақпан күнгi санында былай деген: "Архиепископтың сөздерiн исламофобиялық топтар мен нәсiлшiлдердiң өз мүдделерiне пайдаланатынынан қорқамын. Осы мәселе бойынша пiкiр алмасуды құптаймын. Бiрақ, мұсылмандардың басым көпшiлiгi бiздiң қоғамымызда мұсылмандар үшiн бөлек құқық жүйесiн көрудi қаламайды". Даудың осымен бiтетiн түрi жоқ. Болашақта Уильямстың ұсынысы жүзеге асса мұсылмандардың өзi кем дегенде екi топқа бөлiнбек: 1-Шариғатты, 2-Зайырлы заңдарды басшылыққа алатындар. Ал осындай бөлiнушiлiк жеке адамдардың өмiрiнен бастап, көптеген жанұяларды да дауға салатынын, мұсылмандар арасында келiспеушiлiктер мен зорлық-зомбылықтың пайда болатынын көру үшiн сәуегей болу шарт емес шығар.
Алтыншы мәселе – қызмет этикасы және дiнаралық қатынас жағы. Бұл жағынан алғанда да шiркеу көсемiнiң басқа дiннiң мәселесiне ауыз салуы дұрыс емес дер едiм. Британиядағы мұсылмандар әлемдегi дiндестерiмiздiң iшiнде ең мықты ұйымдасқан мұсылман қоғамының бiрi. Олардың Британияда көптеген қоғамдық ұйымдары, оқу орындары, бала бақшалары, баспасөз құралдары, кәсiпораныдары, тiптi партиялары бар. Жоғарыда айтқанымыздай Парламент мүшелерi, "Сэр", "Лорд" атағын алғандары да бар. Сондықтан, өз қотырын өзi қаситындай жағдайлары да, бiлiмдерi де жетерлiк. Олардың осындай талабы жоқтығына, 11 қыркүйек және Лондон жарылыстарынан кейiн мұсылмандардың қысымға ұшырауына қарамастан, Уильямстың бар мәселе шешiлiп, тек шариғат соты ғана қалғандай сөйлеуi отқа май құю ғана. Шиеленiскен жағдайды одан ары шиеленiстiру ғана. Әйтпесе, Уильямс өте зерек, өте бiлiмдi адам. Ол тастың қайда барып тиерiн әбден бiлiп тұр. Оның мұсылмандардың мәселелерiне араласу құқығын қайдан, кiмнен алғанын түсiнбедiм. Өз шiркеуi оның бұл қылығын қатты сынап отыр. Бiрақ, шiркеу аскетiнен гөрi саясаткерлiгi басым Уильямстың қазiргi үкiмет басшысымен етене қатынаста екенi баршаға белгiлi. Мұнда бiр саяси тапсырыс орындалып жатқан жоқ па? Уильямс шуылдағы мол мәлiмдемесiн неге Түркия парламентiнде хижабқа рұқсат беретiн конституциялық өзгерiстердi қабылдау туралы шетiн пiкiрталастар жүрiп жатқанда жасады? Оның "шариғат соты керек" деген сөздерiн Түркиядағы дiнпаздар мен саясилер iлiп алып кеткен жоқ па? Соңғы күндерi Түркияда жарияланған саяси-исламшыл газеттердiң тұрақты авторларының мақалаларына көз жүгiрттiм. Онда шариғатты көксейтiн һәм хижабты жақтайтын авторлардың шiркеу көсемiнiң ұсынысын материал ретiнде, дәлелдеме ретiнде пайдаланғандарын көрдiм. "Кәпiрдiң өзi шариғат сұрағанда, сендердiң…" деген мағынада жазылған. Жуырда Малайзияны құрайтын кейбiр уилаяттар шариғат заңына өту туралы қызу пiкiрталасқа түскен-дi. Малайзияның қазiргi бас уәзiрi де ұсыныстарды қолдап отыр. Иран, Сауди Арабыстан, Мысыр, Алжир, Пәкiстан сияқты елдерде фундаменталист ағымдардың күшi күн өткен сайын артуда. Сонда ойлаңызшы Уильямстың сөздерi бәрiнен бұрын кiмнiң олжасына тиюде? Уильямс мұсылмандарды соншалықты ойлайтын болса, олардың құқықтарына алаңдаса, нелiктен бiрiншi кезекте тұрған көкейтестi мәселелерге қол ұшын бермейдi де, шешендiкпен, арандатушылықпен шұғылданады? Шамасы келсе Ирактағы қанды неге тоқтатпайды? Гуантанамодағы қамақта 6 жыл бойы ешбiр айыптаусыз, соттың қарауынсыз, үкiмсiз азап көрiп отырған мұсылмандардың құқықтарын қорғауға неге атсалыспайды? Лаңкестiң де, қылмыскердiң де халықаралық заңнамаларда құқықтары бар. Кiнәсiздiк презумпциясы деген қағида бар. Әр адам өзiне тағылып жатқан айыпты бiлуге және өзiн заңды негiзде қорғау құқығына ие болуы керек. 2005 жылы Даниядағы бiр газет әлемдегi екi миллиард мұсылманның пайғамбарын келеке етiп карикатуралар жариялады. Сол газет кеше ғана жаңа карикатуралар берген екен. Уильямс осыларға неге үндемейдi?
Қорыта айтқанда, Роуан Уильямстың екi ұшты һәм екi ойлы ұсынысын саналы түрде жасалған мәлiмдеме деп санаймын. Әлемде 77 миллион мүшесi бар (оның 26 миллионы Британияда) Ағылшын шiркеуiндегi бассыздық пен рухани дағдарыстың анық көрiнiсi бұл. Америкадағы епископалян шiркеуi бөлiнуi мүмкiн екенiн хабарлаған-ды. Британияны көп жылдар басқарған Тони Блердың өзi премьерлiктен кеткеннен кейiн ресми түрде Ағылшын шiркеуiн тастап, католик шiркеуiне қосылғанын мәлiмдеген-дi. Демек, Уильямстiкi iшкi дағдарыстың назарын басқа жаққа аудару және мұсылман елдерiндегi схоластикалық догматшыл ағымдарға жанама қолдау көрсету. Мұсылмандарды iлгерiлеген қоғамнан орта ғасырға аттандыру саясаты. Мұсылмандардың iшiне iрiткi сала отырып, оларды бөлшектеп, билеу саясаты. Бұл саясатты әлемде ағылшындардан артық ешкiм бiлмесе керек. Сондықтан, мұсылман бауырларымыз осындай күрделi мәлiмдемелердi сезiмталдыққа берiлмей, ақыл таразысына салып, алды-артын өлшегенi жөн, арғы жағын болжағаны жөн дегiм келедi.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ