"АЗАТ" ЖАҢА ИМИДЖГЕ ИЕ БОЛДЫ

"АЗАТ" ЖАҢА ИМИДЖГЕ ИЕ БОЛДЫ

"АЗАТ" ЖАҢА ИМИДЖГЕ ИЕ БОЛДЫ
ашық дереккөзі
238

Бiрақ бұл жаңа бiр саяси қақтығысқа жол ашуы мүмкiн

Қазақстанның былтырғы Парламент сайлауынан кейiн елде саяси дағдарыс орын алғандай күйде едiк. Саяси партиялар, әсiресе, оппозициялық бағыттамыз дейтiн партиялар рухани күйзелiске ұшырады. Бiресе, бiрiнiң қолтығына бiрi жармасты, бiресе, ажырасып кеттi. Қайта қосылды. Әйтеуiр, былайғы жұрт түсiнбейтiндей халде болатын.

Парламент сайлауынан кейiн күрт көтерiлген баға, аяқасты орын алған инфляция қарапайым жұрттың елдiң саяси аренасында не болып жатқанын бағып-бағамдауына мүмкiндiк берген жоқ. Ал, саяси арена – жаңа идеяларды iздеумен шарқ ұруда едi. Оны тек оппозициялық бағыттағы партиялардың iсiнен ғана емес, сондай-ақ, Үкiметтiң де кадр тапшылығынан шенеунiктердi мидай араластырып, ауыстыра бергенiнен байқауға болады. Билiкте жақсы кадрларға деген сұраныс артты, оппозициялық кеңiстiкке жаңа идея қажет болды. Әзiрге, бұл вакуумның орнын толтыру жағы мүмкiн болмай тұр.

2005 жылдан екiге жарылған "Ақ жол" партиясының бұрынғы тең төрағалары бiрде "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" блогын құрса, ендi бiрде Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның қоластына барып ендi. Сайлау аяқталысымен одан бөлiнiп шыққан оларға халықтың сенiмi де азая бастады. Оның үстiне бұрынғы шенеунiктерден жасақталған оппозиционерлер халықтың мұң-мұқтажын түсiнiп, етене жақын болуға әрекет етпедi. Олар билiктi халықпен жасырынбақ ойнайды деп сынауға шебер. Алайда, өздерi халықпен қоян-қолтық араласа алмады. Мiне, жаңа Қазақстанның бүгiнгi оппозициясының сиқы осы.

Сонымен, басын тауға да, тасқа да ұрған оппозиционерлер 29 ақпанда тағы бiр жаңалықты паш еттi. "Нағыз Ақ жол" атынан бас тартқан олар жаңа бiрлестiктiң атын "Азат" деп атайтындықтарын жария еттi. Бұл аталған партияның IҮ съезiнде мәлiм болған ақпарат. Партия көсемдерi жаңа партияның атына конкурс жариялағандарын айтады. Конкурсқа келiп түскен 700 атаудан партия мүшелерiнiң көңiлiнен шыққаны – осы "Азат" болыпты.

"Азат" – өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ұлт-патриоттарының қозғалысы болғаны белгiлi. Желтоқсан оқиғасының iзi суымай-ақ, тәуелсiздiкке қол жеткiзген елiмiзде ұлттық қозғалыстардың дәуренi жүрiп тұрды. Сондай-ақ, жұрт оларға кәдiмгiдей арқа сүйедi. Сендi. Сол кездегi ұлттық қозғалыстардың беталысы күштi, ұйымдастырушылары ерек едi. Өйткенi, ол жылдарғы ұлт-азаттық идеясы азаттық аңсаған елдiң рухани сұранысына жауап беретiн. Бiрақ, жылдар өте келе ұлт-патриоттарының қозғалысы лидерлердiң қақтығысының құрбанына айналды да, соңынан қаржы табылмады ма, әйтеуiр үнсiз қалды. Сөйтiп, ел сенген "Азат" қозғалысының азаттық идеясы тек қағаз жүзiнде қалды. Билiкке ықпал етуге дейiн барған, баспанасыз 2000 отбасына Алматы қаласы маңынан жер телiмдерiн бөлуге мәжбүр еткiзген қозғалыстың бүгiн бар-жоғы белгiсiз. Оның бүгiнгi лидерлерi Дос Көшiм мен Хасен Қожахмет соңғы кезеңде "Ұлт тағдыры" атты ұлт-патриоттарының қоғамдық ұйымын құрғаны есiмiзде.

Бiрақ, "Азат" деген жаңа партияның өмiрге келгенi жайлы ақпарат оларды бейжай қалдыра алмаса керек. "Азат" қозғалысы жетекшiлерiнiң бiрi Хасен Қожахмет "Pozit.kz" интернет газетiне берген сұхбатында Әдiлет министрлiгiн бұндай қоғамдық ұйымның барлығы жайында ескертетiндiгi жайында айтқан.

Ал, бұл мәселеге өз көзқарастарын бiлдiрген саясаткерлер "Шаңырақ" қоғамдық қорының төрағасы Асылбек Қожахметов, Жалпы ұлттық социал демократиялық партия төрағасының орынбасары Әмiржан Қосанов пен бұрынғы мәжiлiсмен Амангелдi Айталы "Нағыз Ақ жол" партиясының "Азат" атауын алуында тұрған еш сөкеттiк жоқ екендiгiн айтады. Амангелдi Айталы: "бұл атау ұлт-патриоттарының қозғалысын еске түсiредi. Демек, олардың көтерер жүгi де жеңiл болмайды. Оппозицияның ендiгi алда тұрған мiндетi – қазақтың ұлттық құндылықтарын алға шығару" деген екен. Сондай-ақ, ол кiсi бүгiнде "Азат" қозғалысының бар-жоғын есiне түсiре алмаған. Қазiр ондай қоғамдық ұйым келмеске кеткен шығар дептi.

Асылбек Қожахметов "Азат" партиясын жасақтаушылардың саяси бағытын өзгерткендiгiн жақсылыққа балапты. Бұған дейiн партияны тең төрағалар басқарып келген болса, ендi тек бiр ғана лидер – Болат Әбiлов партия жетекшiлiгiне сайланды, Төлеген Жүкеев бас хатшылыққа лайық деп табылып, бiр ауыздан сайланған. А. Қожахметов партияның дәл осы бастамасын дұрыс көрiп отыр. Ә. Қосанов та; «Оппозиция лагерiнде жаңа саяси күштiң пайда болғаны қуантады» деген.

Наурыздың 4-күнi баспасөз мәслихатын өткiзген бұрынғы "азаттықтар" "Нағыз Ақ жол" партиясын саяси ұрылар партиясына теңеп отыр. Олардың айтуынша, аталмыш қозғалыс 2001 жылы қайта тiркеуден өткен екен. Демек, Әдiлет министрлiгi бұл атаумен екiншi саяси ұйымды тiркеуге құқы жоқ дейдi. Бұрынғы "азаттықтардың" бұл қоқан лоқысы жаңа атауға ие болған "Азат" партиясының төрағасы Болат Әбiловтiң қаперiне кiрер емес. Ол "Азат" атауының ешкiмнiң меншiгi емес екендiгiн айта отырып, "Азат" қозғалысының бүгiнгi жұмысы жоққа тән, егер, оның қызметi 90-шы жылдардың басындағыдай белсендi болған болса, бiз бұл атауға қызықпас едiк" дейдi.

Сөйтiп, оппозиция лагерiнде атауға бола жаңа дау пайда болды. Ал, оның елдiң саяси өмiрiнен бiр жаңалық дәметкен халыққа берерi не болатынын бiр Құдайдың өзi бiлсiн. Кез-келген iс-шараларда бiр үстелдiң басынан табылып, екiншi бiр саяси қарсыластарын жерiне жеткiзе жамандасып жататын идеяластардың атауға бола қызыл жiнiк болысып жатқандары кiм-кiмге де ұнамағаны анық.

Дегенмен, сарапшылар Болат Әбiловтiң саяси күрескер дәрежесiне жеткендiгiн айтып, оның бұл жолғы съездегi сөзiнiң бұрынғыларынан гөрi сенiмдi әрi нақты шыққанын сөз етiсiп жатты. Кейбiреулерi Б. Әбiловтiң қазақша сөйлеуi "Азат" сөзi артатын жауапкершiлiктi түсiнгендiгiнен болар деп алақайлады. Бiрақ, Б. Әбiловтiң жаңа партия құрып жатқанынан сескенушiлер де табылмай қалған жоқ. Оны билiктiң қолдан жасаған оппозиционерi деп жатқандар да баршылық. Қалай болса да, саясат сан құбылып тұр. Бiрақ, оның халыққа берерi шамалы.

Серіктес жаңалықтары