БIЗ ОСЫЛАЙ ШЫҒЫП ЕДIК
БIЗ ОСЫЛАЙ ШЫҒЫП ЕДIК
Ақселеу СЕЙДIМБЕК, жазушы, публицист
— Сол жылдары мен желтоқсан оқиғасына байланысты "Бiлiм және еңбек" газетiнiң бас редакторлығынан және "Әлем" деген альманахтан қызметтен босағанмын. Содан қазақ диаспорасы, яғни шет елде жүрген қандастарымыздың мұң-мұқтажы, қайғысы мен қуанышы жайында, оларды ата кәсiпке үйрету, елiмiздегi туған – туыстарымен байланыстыру мақсатымен үлкен газет шығару ойымда жүрген. Тәуекел деп газет шығаруды қолға алдық. Газеттiң редколлегия мүшелерi қазақтың бiрыңғай мықты азаматтары болды. Мәселен, Асанәлi Әшiмов, А.Асқаров, С.Ақатаев, Ж.Бабалықов, Қ.Iлиясов, Қ.Жұмадiлов деген нар тұлғалы азаматтар. Дегенмен, газетiмiздi жарыққа шығару үшiн бiзде не қаржы жоқ, не баспаханамыз жоқ, не редакцияның орны жоқ.
Сол кезде бiзге "Түркiстан" газетi қол ұшын созды. Қалтай Мұхамеджановпен бiрлесiп төрт беттiк "Қоныс" қосымшасын шығардық. Бұл "Қоныс" қосымшасының өзге елдегi қандастарымыздың қалай келуi, олардың мәселелерiн жан-жақты жазуы игiлiктi iс болды деп санаймын. Газетiмiз жаман шыққан жоқ. Өкiнiшке орай, мен жұмыс бабымен қоныс аударуыма байланысты "Қоныстан" кiндiк үзуiме тура келдi. Әрине, мұндай газеттер қазiр көптiк етпес едi. Қазақ диаспорасының проблемасымен айналысатын арнайы баспасөз бүгiнгi күнге дейiн жоқ. Сондықтан осы "Қоныс" газетiн қайтадан жандандыру, елiм, жерiм деп жүрген қандастарымыздың жай-жапсарын ойлау менiңше, уақыттың кезек күттiрмейтiн проблемалары деп бiлемiн. Дүние жүзiнде әрбiр үш қазақтың бiреуi шетелдiк. Диаспорасының көптiгi жөнiнен қазақ халқы әлем халықтарының арасында алғашқы ондықтың iшiнде. Әлемнiң 30-дан астам елiнде шашырап жүр. Сондықтан да бұл "Қоныс" қосымшасын қайта шығару керек. Қосымша қайта жанданса, сол басылымның бетiнен шет жақтағы ағайындардың әлеуметтiк жағдайын, олардың рухани ахуалын, арман-аңсарын, ең бастысы елге қосылудың небiр тетiктерiн, дипломатиялық, ресми, экономикалық тетiктерiн көрсетiп беретiн мақалаларды күтемiн. Әлбетте қазақ халқының басын бiр арнаға тоғыстыру үшiн "Қоныс" қосымшасы аудай қажет.
Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ, жазушы, "Түркiстан" газетi редакторының орынбасары
Бұдан он үш жылдай бұрын төрт нөмiрi жарыққа шығып, кейiн қаржы т.б. мәселелерге байланысты жабылып қалған "Қоныс" қосымшасының қайта ашылуы менiңше өте құптарлық iс. Өйткенi, оралмандар проблемасы жуық арада шешiле қоятын мәселе емес. Оралман мәселесi — бұл жалпы қазақ мәселесiне қатысты, тек қана қазақтың демографиялық жағдайына ғана емес, оның тiлiне, мәдениетiне, өнерiне қатысты мәселе деп бiлемiн. Себебi, шетте жатқан, әсiресе, мынау Монғолия мен Қытайда жатқан қазақтар бiздiң тiл, мәдениет жағынан үлкен ресурсымыз болып табылады. Олардың алдағы уақытта бiртiндеп тарихи отандарына оралуы олар үшiн ғана емес, жалпы Қазақстанның мәдени, экономикалық, саяси өмiрiне үлкен үлес қосып, маңызды рөл атқаратын мәселе. Осы тұста "Қонысты" қайта шығаруға мүмкiндiк жасап, қол ұшын берейiн деп отырған банкке үлкен алғыс деймiз. Алайда сөз басында айтарымыз, бұл он үш жыл бұрынғы "Қоныс" сияқты жабылып қалып жатса ұят нәрсе, ол қазақтың өмiрiне, қазақ мәселесiне тағы да жүрдiм-бардым қарау болып табылады. Алайда, банк бұл бастаған iсiн орта жолда қалдырмайды деп сенгiмiз келедi.
Бұдан он үш жыл бұрынғы "Қоныстың" қалай жарыққа шыққанына тоқтала кетсем, осы қосымшаның өмiрге келуiне бiрден-бiр себепкер 60-жылдардың аяғында тарихи отанына аса қиыншылықпен оралған, кезiнде Қытай жерiнде көп қуғын көрген, қазақтың үлкен тұлғалы азаматы Айтан Нүсiпхан болатын. Қазақ үшiн жанын ауыртып, қиналып жүретiн Айтекеңмен ертеректен таныс болатынмын. Мақсатымыз да, идеямыз да үнемi бiр жерден шығып, үндесiп тұратын едi.1994 жылы "Түркiстан" газетiнiң бiрiншi нөмiрiн шығарғаннан кейiн де ол кiсiмен өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Өйткенi өзiнiң оралмандарға, шетте жүрген қандастарына қатысты ойларын бiздiң газет арқылы берiп жүрдi. Газеттiң бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамен де тым жақын қарым-қатынаста едi. Қалтай ағаның өзi де қазақ десе iшкен асын жерге қоятын адам едi ғой. Айтан ағамызды ылғи қолдап, қоштап отыратын. Ұмытпасам, 1994 жылдың қараша айында Айтан аға редакцияға келдi. Ол кезде газетте бiрiншi орынбасар болып iстейтiнмiн. Айтекең оралмандар жөнiнде газет ашылса деген ниетiн жеткiзiп және бұған түрткi боған бiр қалталы азамат екенiн де айтып өттi. Өкiнiшке орай, сол азаматтың аты – жөнiн ұмытып қалып отырмын, бiздi ол кiсi Ақселеу Сейдiмбековпен қоса арнайы қонаққа да шақырып едi. Ойымызды Қалтай ағаға жеткiзгенiмiзде, ол кiсi де қатты қуанды. Көмек қолын созған азаматтың мекен жайын Ақселеу аға тауып бердi. Содан қайтадан Қалтай ағамен бiрлесе отыра мәселеге нүкте қойылып, газет iшiнен үлкен төрт беттiк қосымшаны аштық. "Қоныс" желтоқсан айының аяғында дайындалып, қаңтар айының басында шықты. Мен әлi де ұмытпаймын, газет таза ұлтжандылықпен шыққан газет едi. Ол кезде республиканың жағдайы дәл қазiргiдей емес, қол қысқалау болатын. Сондай кездiң өзiнде де газет iшiнен қосымша ашылу, бұл жерде ерлiк iс болды деуге әбден болады.
Айтан ағамыздың рухына бас иемiз, мен ол кiсiмен бiраз жыл жақын араласып жүрген кезде байқағаным, сондай ұлтын сүйген азаматтарды көрген шығармын, бiрақ сирек, Айтекең сол қазақта сирек туатын азаматтардың бiрi едi. Марқұмның иманы өзiне серiк болып, жатқан жерi жайлы, топырағы торқа болсын деп отырамын. Ал, ендi айтарым, мына "Қоныстың" ғұмыры ұзақ болсын, бұрынғының кейпiн кешпесiн, шет жақта жүрген қандастарыма байланысты мәселелердi жұртшылыққа жиi берiп отырсын деймiн, сәт сапар!