АЙТСАМ, АЙТАН АҒАДАН БАСТАҒЫМ КЕЛЕДI

АЙТСАМ, АЙТАН АҒАДАН БАСТАҒЫМ КЕЛЕДI

АЙТСАМ, АЙТАН АҒАДАН БАСТАҒЫМ КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
310

Ұлтымыздың қилы тарихында ноқтаға басы симайтын, тағдыры "тар жол, тайғақ кешулерге" толы күрескер тұлғалар аз болған жоқ.

Мен бұл мақаламда өмiрден озғанына бiраз жыл өтседе әрқашан орны ойсырап тұратын ұлтымыздың дегдар ұлдарының бiрi әз ағам Айтан Нүсiпханұлы туралы сыр шертсем деймiн.

Менiң бала кезiмде Қытай жерiнде "Мәдениет зор төңкерiсi" деп аталатын алапат апатты заман болған. Бiр елi ауызға екi елi қақпақ қойып, әрбiр сөзiңдi сүзiп сөйлейтiн сол бiр зобалаң жылдарда күштiк құрылымдардың қанша жерден тиым салғанына қарамастан, Айтан, Әлiмғазы (қытай қазақтары фамилиясын қосақтап айтуды әдетке айналдырмаған) есiмдерi аңыз болып тарап, сол бiр зұлматтан күндердiң күнiнде осы ерлер құтқарып алатындай елестетушi едiк.

Ақиық ақын Жаркен Бөдешұлының да құс ұшып өте алмайтын империялар шекарасын осы ағалармен бiрге бұзып өткендiгiн кейiн бiлдiк.

Әрине, аңыздың аты аңыз, ал аталғандардың шынайы тағдыры да ату мен асу, қудалау мен құқайдан көз ашпаған өз туған ұлтының тағдырымен бiте қайнасып жатқан, бiр дәуiрдiң айнасы iспеттi едi.

Мен 1993 жылы тамызда жазушы, тарихшы, аудармашы ағамыз Әлiмғазы Дәулетхановтың шақыртуымен елге оралған соң араға апта салып, Айтан ағамен жүздесудiң сәтi түстi. Алматыда өткен алқалы бiр бас қосуда Әлекең досына менi ерекше iлтипатпен таныстырды. Сәлемдесуден соң-ақ бiз бiрден ескi таныстардай шүйiркелесiп кеттiк. Арттағы елдiң хал-жағдайына қаныққан соң Қытайдағы қазақтардың да атамекенге оралуға қамданып жатқандығын, көзi ашық зиялы қауым өкiлдерiнiң әртүрлi жолдармен елге келе бастағандығын естiгенде ағаның артынан бiр тайпа ағайын көшiп келгендей ерекше толқып қуанғанын көрсең ғой! Содан бастап ол кiсi өмiрден өткенге дейiн дәм – тұзымыз жарасып, аға-iнi болып араласқан жылдар менi рухани биiктерге жетелеген ұмытылмас сәттер едi.

Қытайдың ұлы ойшылы Кұңфудзы: "адамды жақындастыратын – тумыс табиғат, алыстататын – болмыс, ғадет" деген болатын. Менiң Айтан, Әлiмғазы ағалармен рухани жақындығым жат жұртта туып өсiп, есейгенде елге оралған ортақ тағдырым емес, тумыс, табиғатымның ұқсастығы ғой деп ойлаймын.

Айтан аға да оның досы Әлiмғазы Дәулетханов та өз ұлтын шексiз сүйетiн, ұлт мүддесi мен ұлттық құндылықтарды қорғауды өмiрлiк мұрат тұтқан және сол жолда қалай күресудi бiлетiн тұлғалар екендiгiне ол кiсiлермен жақын жылдары толық көз жеткiздiм .

Тағдыры тарих ағаларымды, ешқандай аяушылықты бiлмейтiн, бет келгендi күлталқан етiп күйретуге дағдыланған "мәдениет зор төңкерiсiнiң" дүлей тасқынына қасқайып қарсы тұрғызған да осы ұлтқа деген ұлы сезiм екендiгi күмәнсiз едi .

Айтан ағамен 1995 жылдың күзi мен 1996 жылдың көктемiне дейiнгi уақытта күнде араласып, қоян-қолтық бiрге жұмыс iстеудiң сәтi түстi.

Сол кезде Ақселеу Сейдiмбеков, Қабдеш Жұмадiлов, Айтан Нүсiпқан, Жағда Бабалық ағалардың белсендiлiгi мен "Қоныс" көшi-қон орталығы атты қоғамдық ұйым құрылып, алыстағы ағайынды, әсiресе, Қытайдағы қандастарды қалай елге жеткiзу мақсатында бiраз тiрлiктер жасалды. Қазақ көшiнiң кейiнгi тағдырына терең ықпалын тигiзген аса құнды идеялар мен келелi кеңестер сол орталық аясында сан мәрте талқыланып, қоғам назарына ұсынылды. Елдегi экономикалық жағдай айтарлықтай ауыр едi. Халық шаруашылығын тұтас халыққа тиiмдi етiп әдiлеттi реформалар жүргiзудiң орнына, атқарушы билiк халық мүлкiн қанталапайға салып, ұлттың ортақ игiлiгi қазба байлықтарымызды жатжұрттықтарға жомарттықпен үлестiрiп жатқанда, алыстағы ағайынның да алар еншiсi бар емес пе, деп үкiметтiң алдына көшi-қон үрдiстерiн реттеуге байланысты ең түйткiлдi мәселелердi сан мәрте қоя алғандығы орталықтың ұлттық мүдденiң жоқшысы болғандығын айғақтайды. Әсiресе, марқұм Қалтай Мұқаметжанов ағамыздың қамқорлығымен "Түркiстан" газетiнен "Қоныс" атты қосымшаның шығарылуы, қоғамдық санада үлкен сiлкiнiс тудырды.Марғаулық, бойкүйездiкпен күн өткiзуге дағдыланған бюрократиялық билiк тармақтарына "Қоныс" қосымшасында жарық көрген өткiр материалдар аса жайсыз тигенi бiрден сезiлдi. Сынға, өз ойларымен үндеспейтiн пiкiрлерге үрке қарап үйренген құзырлы орындар шамырқанып, шаптықты. Тiптi Айтан ағаның өзiне құқай көрсетiп, қысым жасағандардың билiктiң биiк мiнбесiнде күнi бүгiнге дейiн мiзбақпай отырғандығын көргенде, ұлттық мүддемiздi кiмдердiң саудаға салып отырғандығын бiлу еш қиындық тудырмайды.

Бiз Айтан аға екеумiз "Қоныс" қосымшасына берiлетiн материалдарды көбiнде өзiмiз дайындайтынбыз. Ал осы еңбегiмiз үшiн еңбекақы не қаламақы алмадық және оны дәметкен де емеспiз. Кейбiр сүбелi материалдарды Нұрқасым Қазыбек, Серiк Қапшықбай, Жанат Ахмади қатарлы өздерi шекара асып келген, көшi-қонның арғы-бергi жағдайын бес саусағындай бiлетiн қаламгер ағалар өз басынан кешкендерi арқылы терең толғайтын. Әрине, олар да қаламақы үшiн емес, жас тәуелсiз елiмiздi шын мәнiндегi ұлттық мемлекет ретiнде қайта түлету жолында қалам тербеп жүргендiгiн жақсы түсiнетiн "Түркiстан" га¬зетiнiң сол кездегi бас редакторының бiрiншi орынбасары жазушы Дидахмет Әшiмханұлы ағамыздың еңбегi мен газет ұжымының белсендiлiгiн айтпай кету ағаттық болар едi. "Түркiстан" газетi алыстағы ағайынның мұң-зарын, қазақ көшiнiң күй жайын күнi бүгiнге дейiн айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келедi.

Аяқтан шалумен қоса, күрмеуге келмейтiн қысқа жiптей ауыр экономикалық жағдай да бiздiң жұмыс iстеуiмiзге мүмкiндiк бермедi. Ол жуан жiңiшкерiп, жiңiшке үзiлген шағы болатын.

Жасыратыны жоқ, осы мезгiл менiң отбасым үшiн отау көтергелi бергi ең қиын экономикалық тапшылық көрген кезең болды. Оның есесiне, өзiмнiң рухани есеюiмнiң де жұлдызды шағы болғандығын мақтанышпен еске алып отырамын.

Дәл содан бiр жыл өткенде парламент мәжiлiсiнiң депутаты, ұлтжанды азамат Әкiм Ысқақ тарапынан ұсынылған "Халықтың көшi-қоны туралы" заңның балама жобасында "Қоныс" көшi-қон орталығының хаттамасында жазылып, "Қоныс" қосымшасында жарық көрген құнды идеялардың көрiнiс табуы кездейсоқтық емес едi. Сол кезде Әкiм Ысқаққа қолқабыс етiп, қасында жүрген Қайрат Бодауханұлы, Алмас Ахметбекұлы, Бабақұмар Қинаятұлы, Абай Мауқара және осы жолдардың авторы мен де Айтан ағаны рухани ұстаз тұтқан идеялас, мұраттас iнiлерi болатынбыз. Аталған заң жобасы тоғыз ай бойы Парламент қабырғасында талқыланғанда заң жобасының тағдырына алаңдаушылық бiлдiрiп, келелi кеңестер айтып, зиялы қауым арасындағы биiк беделi арқылы үлкен қолдау көрсеттi.

Айтан Нүсiпханұлы өз ұлтының көкейкестi мәселелерiн терең бiлетiн дегдар дарын иесi, кемел саясаткер, ұшқыр ойлы публицист, майталман дипломат, шебер аудармашы, шыншыл ақын ретiнде әбден кемелденiп толысқан шағында сұм ажал арамыздан алып кеттi. Аға аманат қалдырған мол рухани мұра ұлтымыздың ортақ игiлiгi, ұрпақтарымыздың баға жетпес байлығы болары сөзсiз.

Рақым АЙЫПҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары