РЕСМИ АҚПАРАТ
РЕСМИ АҚПАРАТ
Бұл көшi-қон полициясы үшiн — "Мемлекеттiк құпия"
2007 жылдың миграциялық үрдiсiн қорытындылаған Iшкi iстер министрлiгiнiң ақпараттары депутаттарды Қазақстанға келiп жатқан шетелдiктердiң, соның iшiнде қытай ұлтының көптiгiмен елеңдеткен.
"Астана" телеарнасының "Апта" апталық-сараптамалық бағдарламасында тiлшi Торғын Мелсқызы екi түрлi қызық мәлiметтi көлденең тартты. Оның бiрi — "Көшi-қон полициясы Қазақстан азаматтығын 12 мың долларға сатады" деген қауесет болса, екiншiсi де, осы Көшi-қон полициясына қатысты, олар Қазақстанға келген қытайлардың нақты санын айтудан жалтарып, бұны "мемлекеттiк құпияға" жатқызып отыр. Екеуi де, мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiзге нұқсан келтiрер ақпарат. Жалпы, 2007 жылы Қазақстанға 1 миллионға жуық шетелдiк келген. Оның 250 мыңнан астамы Алматы қаласына тиесiлi. Алматыға келген шетелдiктердiң 12 мыңы қытай азаматтары көрiнедi. Бiрақ, Алматы қалалық Көшi-қон полициясының бөлiм бастығы Айткелдi Асановтың сөзiне сенсек, жоғарыдағы 12 мыңның 8570-сi өзiмiздiң қаракөздер көрiнедi. Егер, бұл ақпарат шындыққа жанасымды болса, депутаттар қазақтардың келгенiне үрке қарап отыр ма? Полковник Айткелдi Асанов Алматыға келген қытайлықтардың мыңнан астамы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi тарапынан еңбек етуге рұқсат алғандығын айтады. Яғни, заңды мигранттар.
Алматыға келген қытайлардың көбi ел арасында "Барахолка" атанып кеткен қара базарды сағалайды. "Барахолканы" аралап жүрiп, Қазақстанда да "Чайнатаунның" пайда болғанын ерiксiз мойындайсыз. Тағы бiр дәлелдеудi қажет етпейтiн ақиқат, олардың көпшiлiгiнiң қазақ қыздарына үйленiп жатқандығы. Бұның екi түрлi артықшылығы бар. Бiрiншi, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңiлдетiлген түрде, үш жылдың iшiнде алуына мүмкiндiк алады, екiншi, мұндай некеден туған балалар бiрден Қазақ елiнiң азаматы болуына ерiктi. Демек, ұлты қытай сәбилердiң қаншасы дүниеге келiп жатқаны бүгiнде беймәлiм. Яғни, депутаттардың алдын ала дабыл қағуы оңды. Бiрақ, халық қалаулылары әзiрге онымен қалай күресу қажеттiгiн айта алмауда.
"Қазақстан Республикасы аумағында 2008 жылы еңбек ету үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квотаны республика халқының экономикалық белсендi бөлiгiне шаққанда 1,60 процент көлемiнде, соның iшiнде: бiрiншi және екiншi санаттар бойынша (ұйымдардың басқарушы құрамы, жоғары және орта кәсiби бiлiктi мамандар) — 0,60 процент; үшiншi санатта (кәсiби жұмысшылар) — 0,93 процент; төртiншi санатта (маусымдық ауылшаруашылығы жұмыстарымен шұғылданатын жұмысшылар) — 0,07 процент болып белгiленсiн", делiнген қаулыда.
"Kazakhstan today".
Елбасы биылғы жылдың мемлекеттiк көшi-қон квотасын айқындайтын Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, 2008 жылдың 1 қаңтарынан оралмандарды квотаға енгiзудiң жаңа ережесi және Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетi жанынан оралмандарды интеграциялау және бейiмдеу орталықтары — мемлекеттiк мекемесiн құру туралы Қаулы өз күшiне ендi.
Жаңа Қаулы бойынша, көшi-қон квотасына ең көп балл жинаған отбасы ғана ене алады. Балл үш түрлi жүйе бойынша есептеледi: мамандығы мен кәсiбi; бiлiм деңгейi және кәмелетке жасы толмаған балаларының саны. Бiлiм деңгейi бойынша таң¬дау — техникалық орта, кәсiптiк орта, ортадан жоғары және жоғары бiлiмi барлығына орай жүзеге асырылады. Сондай-ақ, оралманның немесе отбасы мүшелерiнiң бiтiрген оқу орнының саны есепке алынады. Егер, сiз техникалық орта, кәсiптiк орта және ортадан жоғары оқу орнын тәмамдасаңыз — 2 баллға ие боласыз. Егер, отбасы мүшелерiнде екiден көп жоғары оқу орнының дипломы бар болса — 5 балл, бiр ғана жоғары оқу орнын бiтiргенi туралы куәлiкке — 3 балл қойылады. Отбасының әрбiр мүшесiне мамандығы мен кәсiбi үшiн — 10 балл, бiлiмi үшiн — 6 балл қойылады. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған бес немесе одан да көп баласы бар отбасы — 10 балға ие болса, 3 немесе 4 кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар — 5 балға, бiр немесе екi баласы барлары — 3 балға ие бола алады.Ұпай саны "Оралман" электронды базасындағы әрбiр отбасының мәлiметi бойынша анықталады.
Сондай-ақ, аталған Қаулы бойынша, оралмандарды интеграциялау және бейiмдеу орталықтарын құру жоспарланған. Ондай орталықтар Қарағанды, Шымкент қалаларында және Оңтүстiк Қазақстан облысының Ақсукент ауылында ашылмақ. Олар Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне бөлiнген мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын болады.
Елбасының Жарлығы бойынша, Оңтүстiк Қазақстан облысы 2765 отбасын немесе 14907 адамды квота бойынша қабылдауы тиiс болатын. Оңтүстiк Қазақстан облысының көшi-қон жөнiндегi басқармасының басшылары бұл жоспарды артығымен орындағандықтарын айтады. Квотамен келгендерге жол шығындары, жүк тасымалының шығыны төленiп, бiр жолғы жәрдемақы берiледi. Былтыр әр отбасы 715260 теңге жәрдемақыға ие болған.
1991 жылдан былтырға дейiн Оңтүстiк Қазақстан облысына 50 мыңдай қазақ келген. Олардың 88%-ы — Өзбекстаннан, 6%-ы — Тәжiкстаннан, 1,6%-ы — Түркiменстаннан, 1,8%-ы — Ираннан келген. Оралмандар негiзiнен Шымкент, Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарына орналасуға пейiлдi. Келгендердiң 80%-ы осы аудандарға қоныс тепкен.
ОҚО-ға орналасқан оралмандар баспанамен қамтамасыз етiлiп, шаруашылығын жүргiзуге көмектер алған. Көптеген отбасылар дайын баспананың орнына үймен бiрге шаруашылық iстерiмен айналысу үшiн дерге иелiк еткендi жөн көредi. Әлеуметтiк баспанаға 18 отбасы қол жеткiзсе, 764 отбасына жер телiмдерi бөлiнген. Жақын күндерi 987 отбасына үй салуына, қосымша шаруашылықпен айналысуына 101 гектар жер бөлу жоспарлануда. 261 фермерлiк шаруашылықты дамыту үшiн отбасына 906 гектар жер телiмi бөлiнбек.
Биыл ОҚО-ына бөлiнген мемлекеттiк көшi-қон квотасы бойынша 3162 отбасы оралмақ.
"inform.kz"