КӨГIЛДIР КӨКТЕМДЕГI "МАХАББАТ МАУСЫМЫ"
КӨГIЛДIР КӨКТЕМДЕГI "МАХАББАТ МАУСЫМЫ"
Қыс тонын шешiп, ерке самал естi. Көңiл көктемге көштi. Бұл – әзiз аналар мен аяулы арулар мерекесi, махаббат маусымы, ән мен жыр айы. Дәл осы салтанатты мерекеге арналып ақын -сазгер Исраил Сапарбайдың 3-наурыз күнi Студенттер сарайында "Махаббат маусымы" атты ән мен жыр кешi өттi.
Лириканың жасыл жайлау, кең қойнауы емес, құзды да мұзды, қатпарлы да шатқалды шыңдары секiлдi махаббат пен сезiмнен өрiлген ақын өлеңдерi ән сарайына келген көрермен қауымның жан сарайын ғажайып ләззәтқа бөледi. Ғ.Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер драма театрының әртiстерi Күнсұлу Тұрғынбекқызы және Нұржан Әлiмжановтың жүргiзуiмен өрбiген кеш шымылдығын ақын И.Сапарбай өзi тәттi сезiмге көмкерiлген өлеңiмен ашты. "Бұл кешке мен өте ұзақ дайындалдым. Орындалатын әндердiң көпшiлiгi сиясы кеппеген жаңа әндер" дейдi ақын.
Эстрада жұлдыздары ақын сөзiне жазылған әндердi орындай отырып, кештi одан әрi әрлей түстi. Есет Сәдуақасов ("Анашым-әкем"), Шолпан мен Алтай ("Екеумiзде бiр бақыт"), Роза Әлғожа ("Сыған сазы"), "Жiгiттер" квартетi, Асқар Жүнiсбеков ("Жан анам"), осы кеште тұсауы кесiлген "Денар" триосы ("Анашым"), МұзАРТ тобы ("Бiр тамшы көздiң жасындай") т.б. махаббат әндерiн әуелеттi. Әнiн Лұқпан Жолдасов жазған "Махаббат маусымы" өлеңi (орындаған Алтынай Жорабаева) кеш сәнiн көрiктендiре түстi. Ақынның Арман Бексұлтанмен қосылып жазған "Қазақтың қара баласы" толғауын "Серпер" тобы нақышына келтiре орындап шықты.
"Таңдағаным өзiңсiң" әнiмен әнсүйер қауымның қошеметiне бөленген "Жiгiттер" квартетiнiң әншiсi Айдар жүрекжарды лебiзiн былайша бiлдiрдi:
— "Махаббат маусымы" деген керемет атпен аталған бұл кешке қатысудың өзi мен үшiн бақыт. Өте жақсы ұйымдастырылған. Орайы келiп тұрғанда аяулы аналар мен ару қыз-келiншектерге өз тiлегiмдi айтып қалсам деп едiм. Дүниедегi ең асыл жан – ана. "Анаңды үш рет меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың, сонымен қатар, "Анаңды сыйла, анаңды сыйла, содан кейiн барып, әкеңдi құрметте" дейдi. Сондықтан да ең бiрiншi, әлемдегi барлық аналарға шын жүрегiмнен бақыт тiлеймiн!"
Балжан ҮСЕЕВА